ҮНДIСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР

ҮНДIСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР

ҮНДIСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР
ашық дереккөзі
279

Үндiстанға қазақтардың келуiн Ұлы Моғолдар империясының негiзiн қалаған Бабырмен және сол Үндiстанның Кашмир аймағын билеген Мұхаммед Хайдар Дулатимен байланыстыруға болады. Ал шындығында, бiздiң арғы ата-бабаларымыз, яғни далалықтар есте жоқ ерте дәуiрден берi Үндiстанмен тығыз қарым-қатынас жасап, көп уақыт бойы бағындырып, өз билiгiне де алып отырған. Өз заманындағы қуатты империя болған ежелгi Кушан мемлекетi мен эфталиттердiң (ақ ғұндардың) Үндiстан тарихындағы орнын еске алсақ, көп жайтқа қанық боламыз. Үндiстанда пайда болған буддизм дiнi сауда-саттық, қарым-қатынас арқылы Тибет немесе Үндiқытай арқылы емес, Ұлы Жiбек жолын бойлай отырып, қазiргi қазақ жерi арқылы Қытайға жеткен болатын. Буддизм нелiктен Тибет немесе Үндiқытай арқылы жетпедi? Әрине, оған табиғи тосқауыл – асқар таулар мен шексiз шөлдер кедергi жасаған едi.

Қытайдағы ұлттық езгiден қашқан қазақтардың алдыңғы толқынын (саны 5000 адам) Бөке батыр бастаған болатын. Ол 1903 жылы Тибет арқылы Үндiстанға жетуге тырысты, бiрақ өкiнiшке қарай, жол бойында бәрi де қырғынға ұшырады. Бiр ғажабы, Қытайдың Тибетiнде сол алғашқы толқыннан қалған қазақтар әлi де бар деген ақпарат бар.

1930-1940 жылдары Шығыс Түркiстандағы қазақтардың жерлерi елдiң iшкi аумақтарынан келген қытайлықтарға тартып алынып берiлдi. Ежелгi ата-бабасының қонысы үшiн қазақтар жан алысып, жан берiстi. Шыңжаңдағы қазақтардың бiр бөлiгi Баркөлге, ендi бiрi Цинхайға, тағы бiр бөлiгi Гансю мен Моңғолияға қашуға мәжбүр болды. Қайда қашса да қазақтарды «Қорқыттың көрi» күтiп тұрды. Дiндестерiмiз деп сағалап барған қазақтарды дұнғандардың әскер басшысы Ма Бофан қойша қырып салды, мыңдаған қазақтан тiрi қалғаны 34 қана қазақ отбасы болды. Мiне, осындай жағдайдан кейiн Қытай қазақтары ел аумағынан сыртқа кету керек деген тоқтамға келдi.

Қытай Үкiметiне қарсы көтерiлiске шыққан қазақтардың бес мыңдық бiр бөлiгi Тибет арқылы өтiп, Үндiстанда орнығуға бел буды. 1940 жылдың қыркүйегiнде олар бес мың шақырымдық жол жүрiп, Лобнор және Тақламақан шөлдерi мен әлемдегi ең биiк таулар – Тибет пен Гималайдан асып, жолда жабайы Тибет тайпаларымен соғыса жүрiп, арып-ашып Үндiстанға да жеттi. Аштықтан, суықтан, қар көшкiндерiнен, тибеттiктердiң шабуылынан жолға шыққан 5 000 қазақтың 2 мыңы опат болды. 1941 жылдың қыркүйегiнде Елiсхан тайшы бастаған 3039 қазақ Үндiстанның шекарасына келдi. Үндiстан – Британия империясының отары, қазiргi Үндiстан, Пәкiстан, Непал, Бангладеш, Шри-ланка Ұлыбританияның қол астындағы тұтас бiр ел.

Британ әскерлерi шекарадан өтпекшi болған қазақты атып өлтiредi, өлген адам кiм екенiн зерттегенде, мойнына салып жүрген тұмарынан мұсылман екенi бiлiнедi. Британ үкiметi ұзақ келiссөздерден кейiн қазақтарға шекарадан өтуге рұқсат етедi, алайда қазақтардың барлық қару-жарағын тәркiлеп, Кашмир маңына, Мұзафар Абад деген босқындар лагерiнде орналастырады.

Емiн-еркiн жүрiп қалған қыр қазағын ешқайда аттап бастырмайды, жұмыс жоқ, жерлерi ыстық. Мұзафар Абадтағы қазақтардың күнiне 10-15-i әртүрлi iндеттерден қайтыс болып жатады. Жем-шөпсiз мал түгел қырылады. 1942 жылдың сәуiрiнде Британ билiгi қазақтарды Равалпинди маңындағы Тернава деген ауылға жүк машиналарына тиеп алып келедi. Тернаваға келген олардың жағдайы одан сайын нашарлап, ендi күнiне 15-20 адам әртүрлi аурулардан қайтыс болып жатты. Бiр жылдың iшiнде 3 мың қазақтан 1200 адам ғана қалады.

1943 жылдың наурызында қазақтарға Тернаваны тастауға рұқсат берiледi. 450 қазақ Орталық Үндiстандағы Бхопал деген қалаға кетедi. Оның жартысы қаланың өзiнде қалады да, өзгелерi Матар деген жерге орналасады. Жергiлiктi билiк олар үшiн 1943 жылдың шiлдесiнде арнайы ауыл да салып бередi. Аз ғана уақытта 100 қазақ тағы да өледi. Одан өзге, елдiң солтүстiгiне орналаспақшы болған қазақтардың да басына осындай күн туады. Мұнда да жүздеген қазақ қайтыс болады.

Бхопалда босқын қазақтар Қазақабад деген ауданда шамамен 2 жыл тұрады және бiртiндеп киiм-кешек пен бас киiм тiгумен айналыса бастайды. Бхопалдағы қазақтарға «Қазақ орталығын» құруға рұқсат берiледi, қазақ мектебi ашылып, онда қазақ, урду және араб тiлдерi оқытыла бастайды. 1944 жылдан бастап қазақтар Бхопалды тастап, Лахор, Дели мен Калькуттаға көшiп келе бастайды. Үндiстан екi мемлекетке бөлiнген кезде Делидегi, Калькуттадағы қазақтар орныққан жерлерiн тастап, жаңа мемлекетке – Пәкiстанға кетуге мәжбүр болды. Аздаған бөлiгi ғана Үндiстанда қалып қойды. Пәкiстанға келген қазақтар шашырай орналасты. Қазақтар әртүрлi кәсiпшiлiктермен айналысты, негiзiнен, терiден бас киiм мен киiм тiктi, кейбiреулерi тiгiн машиналарын сатып алып, өз iстерiн жолға қоя бастады, өз дүкендерiн ашты. Қазақтар Пәкiстан Үкiметiнен азаматтық берулерiн өтiнедi, алайда тiлектерi қанағаттандырылған жоқ. Сондықтан балалардың болашағын ойлағандықтан басқа елге кетудi ойлай бастайды.

Ал бұл уақытта Шығыс Түркiстанда қалған қазақтардың жағдайы да оңып тұрған жоқ едi. Одан сайын күшейген езгiге қарсы 50-жылдары қазақтардың тағы бiр бөлiгi атамекенiн тастап кетуге мәжбүр болды. 1943 жылдың шiлдесiнде Алтай қазақтарын күштеп Шыңжаңның оңтүстiгiне көшiру туралы шешiм шығады. Қытай әскерлерi iзiне түскен қазақтар Моңғолия жерiне қашады. Елiм деп еңiреген көтерiлiсшiлердi Оспан батыр бастайды. Мiне, осы кезеңде тағы да 20 отбасы Тұңғышбай, Қобдабай батырлардың бастауымен Тибет арқылы Үндiстанға кетедi.

1944 жылы Iле көтерiлiсi мен Шығыс Түркiстан Республикасын (ШТР) құруға қатысқан қазақтар жаппай қуғын-сүргiнге ұшырағандықтан, 1950 жылдары қазақтардың тағы бiр бөлiгi Пәкiстанға қашуға мәжбүр болды. 1944-1945 жылдары қазақтардың табысты жүргiзген көтерiлiстерiнiң нәтижесiнде Алтайдағы, Тарбағатайдағы, Құлжадағы, Тянь-Шаньның солтүстiк жағындағы қазақ жерлерi отаршылдардан толық тазартылып, қытай әскерлерiнен азат етiлдi. 1945 жылы Шығыс Түркiстан Республикасының армиясы құрылып, оны Оспан батыр басқарды. Бұл армия Iле-Тарбағатай-Алтай аудандары қорғап тұрған қазақ әскерлерi едi.

1949 жылдың 27 тамызында Шығыс Түркiстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерi әуе апатынан қайғылы жағдайда опат болды.

Ал 1950 жылдың сәуiрiнде Оспан батыр мен Жанымхан қожа бастаған қазақтар келiссөздерден кейiн Қытай коммунистерiнiң ұсыныстарынан бас тартты. Iле-шала Қытай өкiметi қазақтарға қарсы танкiлердi, авиацияны және артиллерияны қоса қалың әскер жiбердi. Қырғын соғыстан кейiн 1950 жылдың 15 желтоқсанында шамамен 200-300 қазақ отбасы Тибет арқылы Үндiстанға бет алып, 234 адамнан тұратын тағы бiр топ та Үндiстанға жол тартты. Қыс-көктем кезiндегi Тибеттiң қарлы шыңдарынан өткенде екi топ та өз адамдарының жартысынан айырылды.

Әлiбек Хәкiм бастаған бiрiншi топ алты айдан кейiн, 1951 жылдың 18 тамызында Кашмир шекарасына жетедi. Пәкiстан шекарасына тақап келген оларды iшкерi жаққа өткiзбейдi, сондықтан шекара бойына топтасып, тұйықталып тұрып қалады. Одан кейiн iшiнде артта қалған басқа да қазақтар алдыңғы топқа қосылады. 1951 жылдың қыркүйегiнде Пәкiстан шекарасына Құсайын тайшының, Сұлтаншәрiп тайшының және Дәлелхан Жаналтайдың тобы келедi. Пәкiстан аумағына тек 1951 жылдың 10 қазанында өтуге мүмкiндiк алады, осы 52 күн iшiнде шекараның Тибет жағында қытай әскерлерiнiң шабуылдарына тойтарыс берiп отырды.

Пәкiстан мен Үндiстандағы жергiлiктi билiктiң азаматтық беруге деген қарсылығына тап болған қазақ ақсақалдары Сринагар қаласында басқа мемлекетке кету мүмкiндiктерiн талқыға салады. Түрлi ұсыныс айтылды:

1) халқы ислам дiнiн ұстанатын Сауд Арабиясына кету;

2) кейбiр қазақ басшылары бiрге жұмыс iстеген Чан Кайши орналасқан Тайваньға кету;

3) Калифорния мен Техасқа көшуге ұсыныс берген АҚШ-қа кету;

4) Үндiстан мен Пәкiстанда қалу;

5) Түркияға кету.

Ақсақалдар ақылдаса келе, алдыңғы төрт ұсыныстан бас тартады. Түрiк тiлi мен қазақ тiлiнiң жақындығы, мәдени-тарихи ұқсастығы мен дiн бiрлiгi де ескерiлдi.

Сөйтiп 1951 жылғы 17 қазанда Пешаварда Түркияға Елiсхан батырдың тобындағы қазақтардың көшi-қонын ұйымдастырған «Қазақ босқындарының Шығыс Түркiстан қауымдастығы» құрылды. Қауымдастық қызметiнiң арқасында 1400 қазақ есепке алынды, оның iшiнде 1150 ересек және 12 жыл бойы Үндiстан мен Пәкiстанда өмiр сүрген уақытта тiрi қалған 400-дей бала да болды.

1952 жылдың 13 наурызында Түркияның Министрлер Кабинетi Үндiстаннан, Пәкiстаннан және Сауд Арабиясынан Шығыс Түркiстан және қазақ босқындарының Түркияға қоныс аударуына рұқсат беру туралы № 3/14595 шешiмiн қабылдайды. Түркияның президентi Жәлел Баяр және премьер-министрi Аднан Мендерес бастаған Түрiк Үкiметiнiң 16 министрi арнайы құжатқа қол қояды. 1952 жылғы 24 қыркүйекте ресми қоныс аударушы ретiнде Түркияға тұрақты орнығу үшiн Түрiк Үкiметiнiң шақыруымен 102 қазақ босқынының алғашқы тiзiмi жасалды.

«Еуропадағы қазақ түркiлерi бюллетенiнiң» мәлiметтерi бойынша 1953 жылы Үндiстан мен Пәкiстаннан 1450 қазақ Түркияға көшiп келдi.

Public Records Office Британ мұрағатының құжаттарына және Нью-Йорктегi БҰҰ-ның қорларынан алынған материалдарға сәйкес Пәкiстаннан қазақ босқындарын көшiру кезiндегi iс-шараларды қаржыландыруда Кашмир және Үндiстан үкiметтерi, бiрнеше халықаралық ұйымдар қатысты. Өз кезегiнде Түрiк Үкiметi мұсылман «мұхаджирлерi», яғни босқындары болып табылатын қазақ саяси босқындарын өз елiнде орнықтыру жөнiндегi барлық шығындарды өз мойнына алды.

Ал қазiргi уақыттағы Үндiстандағы қазақтардың саны – 300-500 адам төңiрегiнде. Үндiстанда Қазақстанға, қазақтарға деген қызығушылық әлi де зор. Оған айқын дәлел – Делидегi Джамий Миллий Исламия Университетiнде Қазақ тiлi және зерттеулер орталығының ашылуы.

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ, тарихшы

Серіктес жаңалықтары