Асылжан МАМЫТБЕКОВ: НАРЫҚ – СҰРАНЫС ПЕН ҰСЫНЫСТЫҢ СӘЙКЕСТIГI

Асылжан МАМЫТБЕКОВ: НАРЫҚ – СҰРАНЫС ПЕН ҰСЫНЫСТЫҢ СӘЙКЕСТIГI

Асылжан МАМЫТБЕКОВ: НАРЫҚ – СҰРАНЫС ПЕН ҰСЫНЫСТЫҢ СӘЙКЕСТIГI
ашық дереккөзі
219

Өткен аптада Алматыда "Қазақстандағы шетелдiк инвестициялар: тәжiрибе, мiндет және келешек" атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өттi. Онда елiмiздiң бiрқатар министрлiктерi шетелден инвестиция тарту мәселесiн ортаға салып, егжей-тегжейлi талқылаған едi. Алқалы басқосудан кейiн ауылшаруашылығы саласына жаңадан тағайындалған министр Асылжан Мамытбековке сауал қоюдың сәтi түскен болатын.

– Бүгiнде ауылшаруашылық саласында шетелдiк инвестициялардың көлемi аз болып тұр. Осы жөнiнде шұғыл жұмыс iстеу керек. Шетелдiк инвестициялар тек қана қаржы ғана әкелiп қоймай, технология мен жаңа өндiрiстi басқару тетiктерiн әкелуде. Бұл жөнiнде Ауылшаруашылығы министрлiгiне қарайтын "ҚазАгро" холдингi көп жұмыс жасап жатыр. 2011 жылы ауылшаруашылығына небәрi 0,2 пайыз инвестиция келген. Бұл 200 мың долларды ғана құрайды. Тағы бiр мәселе – шетелдiң 30 мың бас малды бордақылау алаңында 10 адам жұмыс iстесе, бiзде қазiр 500 басты асырау үшiн 10 адам жұмыс iстеп отыр. Сондықтан жаңа басқару менеджментiнiң, технологияның келуiн қолдап, оған жағдай жасауымыз керек.

– Елiмiзде игерусiз жатқан аймақтарда егiн, мал шаруашылығын дамыту үшiн инвесторлар тартуға болмай ма?

– Бұл жерге жаңа технологияны әкелу керек. Қазiр бiздiң тауар өндiрушiлердiң мал кәсiбiмен айналысып жатқандары бар. Бiрақ одан пайда болмай отыр. Сондықтан басқа бiр елден, қаладан инвестор көшiп барып, шаруашылықпен айналыспайды. Онымен тек жергiлiктi тұрғындар ғана шұғылданады. Бiрақ та оларды жаңа технологияға үйретуiмiз керек.

– Жақында болған Үкiмет отырысында азық-түлiк бағасының әлi де қымбаттай беретiнiн айтқан едiңiз. Баға әлi шарықтай бере ме?

– Бағаның шарықтауы шартты нәрсе емес. Бағаның бiр деңгейде тұруы ашық экономикада мүмкiн де және дұрыс та емес. Нарық – сұраныс пен ұсыныстың келiсiмi. Сондықтан әлемдiк нарықтың өзгеруiне байланысты азық-түлiк бағасының өзгеруi мүмкiн деп айтқанымыз рас. Бiрақ бұл өзгерiстiң iшiнде бағаның негiзсiз өсуiне жол бермеуiмiз керек. Осыған дейiн бұл жұмысты жүргiзiлмедi деп айтуға болмайды. Дегенмен көбiнесе бұл шара әкiмшiлiк жолдармен жүргiзiлуде. Әрине, көкөнiс жәрмеңкелерi сияқты акциялар арзан бағамен ұйымдастырылып тұрады. Бiрақ оны жүйелi түрде жолға қойылды деуге де болмайды. Қазiр Елбасының тапсырмасы бойынша, iс-шаралар кешенi бекiтiлдi.

– Қазiр кей өңiрдегi шаруақожалықтары судың жетiспеушiлiгiнен өнiмнiң қурап жатқандығын алға тартуда. Бұл мәселенi қалай шешуге болады?

– Суармалы жерлердi бiз өзiнiң тиiстi бағытымен пайдалануымыз керек. Кейбiр суармалы жерлердiң тиiстi инфраструктурасы iстен шығып, жәй ғана жерге айналып кетуi үлкен мәселе болып отыр. Бiрақ бұл жерде жер пайдаланушылардың өздерi тiкелей қаржы жұмсауы керек. Қазiр көбi жекеменшiк. Әрине, соған қарамастан Үкiметтiң көмегi де керек.

– Былтыр қуаңшылықтың салдарынан астық ойдағыдай бiтiк шықпаған едi. Биыл жағдай қалай болады?

– Оны бiр Құдайдың өзi бiледi. Бiрақ қазiргi кезде ылғалдың мөлшерiне қарағанда, былтырғыдай қуаңшылық болмайтын сияқты.

– Жұртты дүрлiктiрген "Қытай экспансиясы" мәселесiне не дейсiз?

– Елiмiзге Қытайдың экспансиясы бар деген сөз бос әңгiме деуге болады. Өйткенi бiздiң тiкелей заңның нормалары оған жол бермейдi. Бiрақ та Қытайдың үлкен нарықтың, оның iшiнде ауылшаруашылық тауарларын сатып алатынын ұмытпауымыз керек. Қазiргi уақытта Қытай соя мен астықты көбiнесе басқа елдерден сатып алуда. Мәселен Қытай қазiр жыл сайын 42 миллион тонна соя өнiмiн сырттан сатып алады. Қытай нарығында да өзiмiздiң үлесiмiздi қосу қажеттiлiгi туындап тұр. Ресми деректерге сүйенсек, бүгiнде елiмiзде соя өсiруге лайық 1 миллион 300 мың гектар суармалы жер алқабы бар. Бiрақ жердiң бәрi жекеменшiк иелiгiнде. Қазiр министрлiк экономикалық инвестицияны тарту және дамыту бағдарламасына сәйкес, бос жерлердi тиiмдi пайдалану мәселесiн талқылау үстiнде.

Әңгiмелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары