«Ұлттық құрамадағы орынды сатып алып нем бар?» – футболшы Дінмұхаммед Қашкеннің әкесі

«Ұлттық құрамадағы орынды сатып алып нем бар?» – футболшы Дінмұхаммед Қашкеннің әкесі
ҚФФ

«Жетісу» футбол клубының ойыншысы Дінмұхаммед Қашкеннің әкесі, Қазақстан Каратэ шинкиокушинкай федерациясының президенті Болат Бақтаев ұлының ұлттық құрамаға шақыртуына қатысты туындаған дауға жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

ASnews.kz-ке берген сұхбатында футболшының әкесі ел ішінде тараған «ұлттық құрамадағы орынды баласына сатып әперді» деген қауесетті жүрегіне жақын қабылдағанын айтады.

«Бұл әңгімелер көңіліме кірбің түсірді. Ұлттық құрамадағы орынды сатып алып нем бар? Бұл жабық спорт түрі емес қой – бәріне көрініп тұрады. Мұндай сандырақ идеяға ақша құртып, ұятқа қалғанның қажеті қанша? Оны бұрында да құрамаға шақырған, сол кезде де дау туындап, көңілі толмағандар болған. Бапкерлер қорқақтап, оны тізімнен алып тастады. Сондықтан оны шақырмай-ақ қою керек еді», – дейді Болат Бақтаев.

Сонымен қатар ол ұлына көзге артық түспе деп ақыл айтатынын алға тартады.

«Ол үлкендермен де, кішілермен де жақсы сыйласады. «Астана» клубында, енді «Жетісу» командасында жанкүйерлерді қуантуға тырысып жүр: жейде сыйлап, алаңда өзін көрсетіп жүр. Мен оны күншіл болмайтындай ғып тәрбиеледім. Әлібековтің бағдарламасынан соң жамандайтындар саны артып кетті. Алдын-ала білгенде ол бағдарламаға түсуіне қарсы болар едім. Мүлде әлеуметтік желіде отырмаймын. Федерация, жұмыс және үй.

Димашқа үнемі «Көзге артық түсуші болма» деп үнемі айтамын. Ол маған «Мен футбол көрсетіп жүрмін ғой» деп айтады. Алайда адамдарға бұл қызық емес, олар мүлде басқаға назар аударады», – дейді ойыншының әкесі.

Еске сала кетейік, 25 жастағы Дінмұхаммед Қашкеннің қазан айында Лихтенштейн және Солтүстік Македонияға қарсы ойындарға қатысу үшін ұлттық құрамаға шақыртылғаны көпшіліктің қызу талқысына түскен-тін. Тіпті, әлеуметтік желілерде оны басты командаға «ақша беріп кірді» деген әңгіме желдей есті. Ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов құрамаға шақыру себебі ретінде оның көрсеткіштері басқа үміткер ойыншылардан жоғары болғанын атап өткен болатын. Алайда футболшы екі ойында да негізгі құрамда алаңға шыққан жоқ. Одан кейін 15 қарашада “Астана” аренада Бельгиямен, 18 қараша сырт алаңда Фарер аралдарына өтетін ойындарға шақыртылған жоқ.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары