КЕНДI ӨҢIРДЕГI КӨРКЕМДIК ТОЙЫ

КЕНДI ӨҢIРДЕГI КӨРКЕМДIК ТОЙЫ

КЕНДI ӨҢIРДЕГI КӨРКЕМДIК ТОЙЫ
ашық дереккөзі
257

Жақында Қарағанды қаласында Қазақстан театр қайраткерлерi одағының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай театр суретшiлерiнiң "Қазiргi Қазақстан сценографиясындағы жаңашылдық пен дәстүр жалғастығы" атты I Республикалық Көрмесi және ғылыми-тәжiрибелiк конференциясы болып өттi. Мұның бес өнер ұжымы шоғырланған орталықта, көрме залдары мен мұражай үйлерi бар, жалпы өнерi мен мәдениетi дамыған iргелi қалада өтуiнiң өзiндiк маңызы бар.

Бұл – елiмiзде алғаш рет өткiзiлiп отырған iс-шара. Бүгiнге дейiн режиссура мен актерлiк ойынға ғана мән берiлiп, ұжымдық өнердiң көлеңкесiнде қалып келген театр суретшiлерiнiң еңбегiн көпшiлiкке танытуды мақсат еткен бұл көрме мен конференцияның тек сценограф-суретшiлер үшiн ғана емес, драматург, режиссер, актер және театр сыншыларына да айтарлықтай әсерi бар. Өйткенi ұжымдық еңбек саналатын спектакль қою барысында режиссермен бiрге пьесаны қолға алып, қойылым жарыққа шыққанға дейiн режиссермен бiрге жұмыс жасайтын суретшiлердiң театр сахнасындағы орны өте маңызды. Шымылдық ашылғанда ең алдымен көрерменге сахналық безендiру көрiнсе, суретшi – шығарманың көркемдiк деңгейiнiң жоғарылығына автор, режиссер, роль орындаушылармен тең дәрежедегi жауапты тұлға. Логикаға негiзделген сахналық детальдарды шынайы ойнату үшiн тапқырлықтың, суреткерлiк қиялдың қажеттiгi белгiлi. Сонысымен де бұл мамандық жалынан ұстатпайтын асау мамандықтар қатарында. Аталған iс-шараның қолға алынуы да сахна өнерiнiң өзiндiк талабына байланысты болып отыр.

Бас театрдан бастап барлық облыстық (қазақ, орыс) ұжымдардан жиналған елуден аса сценограф-суретшiлердiң драмалық шығармаларға жасаған эскиздерi мен макеттерi көпшiлiкке мағыналы ой салып, көркем өнердiң жұмбақ әлемiнен сыр шерткендей болды. Қарағанды облыстық бейнелеу өнерi мұражайының Көрме залына iлiнген бұл еңбектерде әрбiр суретшiнiң шығарма идеясына, оның мәнi мен мазмұнына лайықты шешiмдерi көрiнiс тапқан. Ұлттық театр өнерiне қосқан үлесi мол көркем дүниелер авторларының қажырлы еңбектерiн осылай насихаттау үрдiсi алдағы уақытта дәстүрге айналмақшы.

Абай атындағы опера және балет, сонымен қатар драмалық, музыкалық театрлардың сценограф-суретшiлерi Орынбасар Жаңбыршиев, Есенкелдi Тұяқов, Мәлiк Байкенов, Мұрат Мақсұтов, Бақыт Сраилов, Владимир Кужель, Владимир Пономарев, Ерiк Әдiсбек, Мұрат Сапаров т.б. өздерiнiң спектакль атмосферасына әдемi үн қосып, рухани-эстетикалық мән берудегi шығармашылық iзденiстерi арқылы өзара тәжiрибе бөлiсiп, сценографиялық өнердегi өзектi мәселелердi ортаға салуға мүмкiндiк алды.

Сахналық туындының идеясына, мақсаты мен мiндетiне аса жауапты сценография бүгiнгi күнде өзектi мәселеге айналып отырғандығы мәлiм. Осы тұрғыда сөз алған Қазақстан Театр қайраткерлерi одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов, театртану мен өнертану ғылымдарының кәсiби мамандары Сәния Қабдиева мен Дильяра Шариповалардың баяндамаларында көтерiлген күрделi мәселелер, суретшiлердiң еңбектерi жөнiнде маңызды ақпараттың аздығы және алдағы атқарылатын мiндеттi iс-шаралар көпке ой салды.

Қазiргi уақытта өз бетiнше шығармашылық iстер атқарып жатқан облыстық театрлардың да айтары бар екен. О.Жаңбыршиев, Е.Тұяқов, М.Нұрмақанов, Қ.Халықовтардың сөзiнен бұл мамандықтың қиындығы, немқұрайдылықты, жеңiлдiктi көтермейтiн өте нәзiк өнердiң қыры мен сырын, астарлы мәнiн ұғынудың оңай еместiгi аңғарылды.

Жалпы бұл мерекенi өткiзуге мұрындық болған Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театры ұжымының да еңбегi зор. Бұл театр өздерiнiң шығармашылық үлкен тарихында осындай мәдениет пен өнердiң үнемi жанашыры болып келедi. Қазақтың сахна өнерiне зор қолдау көрсетiп, халқымыздың руханияты, мәдениетi мен өнерiне ерекше ықылас танытатын Қарағанды облысының басшыларына театр суретшiлерi дән риза.

Зухра ИСЛАМБАЕВА, театртанушы

Серіктес жаңалықтары