АДАМТАНУ СУРЕТКЕРI

АДАМТАНУ СУРЕТКЕРI

АДАМТАНУ СУРЕТКЕРI
ашық дереккөзі
331

Ұзақбай Доспанбетов – қазiргi ұлттық сөз өнерiндегi белгiлi қаламгерлердiң бiрi. Оның повестерi лирикалық-сыршыл, психологиялық драматизмге толы поэтикалық сипатымен ерекшеленедi.

"Гауһар тас" повесiнiң мазмұны мен пiшiнi желiсiнде поэтикалық шарттылыққа негiзделген көркемдiк жинақтау аясында адамдар арасындағы адамгершiлiк-имандылық қасиеттер кейiпкерлердiң көркем шындықпен жинақталуы арқылы түсiндiрiлген. Повестiң басты кейiпкерi – Әбен ақсақал. Ескiше де, жаңаша да сауатты, мұсылмандық бiлiмi тиянақты, оқу-ағарту жүйесiнде ұстаздық қызмет те атқарған Әбеннiң көркем бейнесi – қазақтың дәстүрлi абыз – ақсақал келбетiн танытады. Повестiң лирикалық-психологиялық сарындылығы шығарманы бiрiншi жақпен эпикалық баяндауларымен байқалатын баяндаушы кейiпкер арқылы айқындалады. Баяндаушы кейiпкер – шығарманың сюжеттiк-композициялық құрылысындағы оқиғалар ортасында бастан-аяқ болады. Повесть композициясындағы сюжеттiк байланыс дәнекерi – баяндаушы-кейiпкерге шығарманың басты оқиғаларын айтушы Әбен ақсақал сандығына салып қойған гауһар тас. "Қалай төңкерсең де нұрын шашып, бiр өзiнен сан түрлi сәулелер тарап, нәзiк құбылып дiрiл қағады. Қолыма алып ықтиятпен қызыға қарадым. Қайта бергенiмде қарт оны қастерлеп орап, бөлме түкпiрiндегi көне заманның көзi iспеттес әшекейлi сандықшаға салып қойды". Повестiң басты кейiпкерi Әбен ақсақалдың баяндаулары бойынша халық тарихының XVII-XVIII ғғ. және ХХ ғ. кезеңдерi оқиғалары қамтылған. Қалмақ шапқыншылығы кезiнде ел қорғаған қолбасы батырын қызғанышпен, опасыздықпен өлтiрген Жәңгiр хан – ел билеушiлердiң көркем шындықпен жинақталған реалистiк бейнесi. Кәукен атты ел ортасындағы құрметтi адамның бойжеткен бес қызын ерiксiз алып кеткен, Тарғақ қарияның баласын атып өлтiрген зорлықшылар, оларды жұмсаған Жолдыбек бай – бәрi надандық, топастық, тағылық-жабайылық дағдыларынан арылмаған далалық тұрпайылықтың жинақталған болмысын көрсетедi. Ал кедей Қаспақбайдың пiсiп тұрған егiнiн өртегендер – бұрынғы зорлықшыл дәулеттiлер (Жолдыбек, Күнбол) "… итаршыларының қайтадан бас қоспақ етi тiрiлерi…", "Кедейлер егiнге ауып, әлденiп кетсе, байды да, Құдайды да ұмытады, сөйтiп бой бермей кетедi!" деген ой бұларды ушықтырады" (41-бет). Повестiң негiзi поэтикалық-идеялық түйiнi – халықтың ортақ бақыты – тыныштық, бейбiтшiлiк аясындағы шынайы еңбек зейнетi, адамгершiлiк-имандылық қасиет ұлылығын ұлықтау. Повестiң басты кейiпкерi Әбеннiң баяндап әңгiмелеуi арқылы қарапайым халық ортасындағы адал, ержүрек, еңбексүйгiш адамдардың сол жақсылығын қызғанатын, өзiмшiл, өркөкiрек, пасық пиғылдылар айыпталып, әшкереленедi. Повестiң басты кейiпкерлерiнiң бiрi Кәукеннiң ел азаматы Әбендi төнiп келген қанқұйлы жендеттерден құтқару үшiн жасаған әрекетi, яғни Әбеннiң жұртқа танымал ала шапанын киiп ("Қарагер атқа мiнген Кәукен бiздiң үйдi бiр айналып өтiп күнбатыс жаққа қарай шаба жөнелдi. Оның ат үстiндегi ала шапан киiп, мен болып қашқан ұсқынын есiктiң жабығынан бiр көрiп қалдым. Өзiм үшiн өлермендiк еткен ағайынның осы қылығы менi ерiксiз жылатардай бiр сезiм қылғындырды", 43-бет). Повестегi Кәукен – Алла берген бес қыз перзенттерiн, маңындағы ағайынын, атамекенiн, ата-бабаларымыздың ғасырлардан жеткен асыл мiнез қасиеттерiн (әкелiк, азаматтық махаббат, достық, жолдастық мәрттiк, т.б.) көркем шындықпен жинақтаған кейiпкер. Повесть композициясының басталуында қарау, тар пейiлдi, қызғаншақ Жәңгiр ханның өзiне ерген, елге қорған батырын аңда жүргенде қапыда өлтiрiп, бiрақ сол батыр көз жұмарда жауыз ханға аманаттаған гауһар тас ("Әй, Жәңгiр хан, Жәңгiр хан, күн қарайса күйерсiң, түн айналса түнерсiң. Ту сыртымнан оқ аттың, мен өлмегенде кiм өлсiн. Адамнан туған әбжылан, кеудең толы жылан уы болса да, ана сүтiн емiп өскен шiркiн ең, ақтық айтар арызымның шын мәнiсiн түсiнерсiң, бiлерсiң. Саған айтар өсиет: адамдағы ең ардақты қасиет – ел қорғаған батырлық, ақ жүрекке тiл бiтiрген ақындық, қара жерге нәр берген ақыл-құт. Бұл қасиеттiң ақиқат қой өлмесi, көкiрегiмде ақ шүберекке ораулы гауһар тас – солардың қас бейнесi", 8-бет) шығарма желiсiнiң идеялық-поэтикалық арқауын құраған. Қызғаныштың құрбаны болып өз ханының қолынан өлген батырдың iнiсi Ерәлi де батыр болып, басқыншы қалмақтардан елдi құтқарғанда жауыз хан Жәңгiр жылап, сол гауһар тасты iнiсi Ерәлiге табыс етедi. Ал повестiң сюжеттiк желiсiндегi перзенттерiн, ағайынын, досын ардақтаған iс-әрекеттерiмен дараланған Кәукен – сол батырлардың ұрпағы ("Олар осы Кәукеннiң арғы аталары болып шықты, ұрпақтан-ұрпаққа сырғып, гауһар тас Кәукенге тиiптi. Жазушының "Ғарыш әнi" повесiнде тұрмыстық– әлеуметтiк қарым-қатынастары жүйесiндегi күрделi тағдырлы адамдардың мiнез-құлық психологиясындағы ерекшелiктер поэтикалық-психологиялық жолмен сараланған. Шығарманың композициясын құрап тұрған негiзгi желi – басты кейiпкерлер – Жазира мен Досбол қарым-қатынастары. Балалық шақтан бiрге өскен, көршi тұрған екеуiнiң мәңгiлiк жұп болатыны повестiң басталуындағы екеуiнiң бозбала мен бойжеткен кезiндегi махаббат сезiмдерiн өзара ашық бiлдiрiп жүрген сәттерiндегi диалогтарымен де, кейiпкер баяндауларымен де айқындалған: "Сондағы Жазираның қарағай басынан сыңғырап төгiлген күлкiсi құлағымда әлi тұр. Ал одан бергi уақытта бiр-бiрiмiзге деген ыстық ықыласпен балқып жанған қаншама күндер болды. Анда-санда бұрқ етiп шаң беретiн тәкаппарлығы демесең, өзi ден қойған адамға Жазирада ұстаның көрiгiндей қызу барын мен ерте-ақ байқағанмын. Оқып жүргенде, тiптi қазiргi еңбекке араласқан күндерiмде де екеумiз киноға барсақ, не әлдеқалай қолымыз қалт етiп қырға шықсақ, қыс айларында алысқа ұзап кетiп екеуден екеу шаңғы тепсек, ешкiм таңырқамаушы едi. Сөзуар ауыл әйелдерi бiз жөнiнде, тiптi қыңқ деген дыбыс шығармайтын. Жазира туғанда-ақ мiнез пешенеме жазылғанын жариялағандай бiздiң жүрiс-тұрысымыз баршаға үйреншiктi жағдай едi", 55-бет). Шығарма сюжетiнiң шарықтау шегiнде уақыт пен кеңiстiк әлемiндегi тағдыр талқысына түскен адамдар қарым-қатынастарының тоғысуы жағдайын реалистiкпен бейнелеген жазушының кейiпкердiң iшкi толғаныстарымен жеткiзген психологиялық тәсiлiн оқимыз: "Мен бiр сәт саруайымға түсiп, өмiр өз дегенiн жасап, жалғасып бара жатқанын, машина мен ат үстiнде сарсылған өз тiрлiгiмдi, кәрiлiкке бiр жола көндiгiп, көңiлдерi көншiген қарт әке-шешемдi ойладым. Көз алдымда алабұртып, жастық жалыны аспанға атқан, ертеден қара кешке дейiн күнсiп, қызылша сиретiп, шөбiн шапса да мұқалмас тұлғасымен құлпырған Жазираға қараймын. Жас ғұмырын музыкаға, биiк мәртебеге арнаған кеудесi кең, бiрақ қарабайыр тiрлiкке келгенде орашолақ, iстi неден бастап немен аяқтау керек екенiне ой жеткiзе алмай әуре-сарсаңға түсетiн, көңiлi ұйқы-тұйқы, денсаулығы нашар Дәлелханға қараймын", 89-бет).

Жазушының романдары қазақ прозасының әлем әдебиетiндегi классикалық үрдiстер деңгейiндегi поэтикалық сипатын айғақтайды. Қаламгердiң "Қызыл жолбарыс" (екi кiтап), "Абылайдың ақ туы" (екi кiтап) атты төрт томдық эпопеялық шығармасы – тәуелсiз Қазақстанның жаңа әдебиетiндегi көрнектi көрсеткiшi. Екi роман-дилогиядан құралған эпопея-тетралогияда Қазақ Елi тарихының XVIII ғасырдағы кезең оқиғалары тарихи шындық пен көркем шындық поэтикасы тұтастығымен бейнеленген.

Жазушының төрт кiтаптан тұратын бұл эпопеясы – қаламгердiң тарихи тақырыптағы көркем прозалық шығарманы зерттеу деректерi негiзiнде жазған туындысы "Қызыл жолбарыс" роман-дилогиясы он сегiз тараудан тұрады. Ал осы романдардың жалғасы болып саналатын "Абылайдың ақ туы" роман-дилогиясы он сегiз тараудан құралған. Төрт кiтаптан тұратын тетралогиялық роман-эпопеяның тақырыбы – XVIII ғасырдағы Қазақ даласын басып алған жоңғар қалмақтары шапқыншылығы кезеңiнiң тарихи шындығы, идеясы – басқыншылық-шапқыншылық аласапыранынан тез арада естерiн жиып, жатжерлiктердi атамекендерден аластап қуған қазақ халқының қаһармандық-елдiк тұлғасының қуаттылығын дәлелдеу. Тарихи тұлғалар Ескелдi би Жылгелдiұлының, Балпық би Дербiсәлiұлының, Қабан жырау (Қабылиса) Асанұлының, Қазақ хандығы мемлекетiн қалыптастыруға, сақтауға, нығайтуға зор үлес қосқан Абылай ханның, Төле би Әлiбекұлының, Қожаберген Толыбайұлының, Бұқар жырау Қалқаманұлының және т.б. ел ағаларының халықтың басына түскен қиын-қыстау жылдардағы абыздық-даналық, көсемдiк, батырлық тұлғалары дараланған. XVIII ғасырдағы Қазақ тарихының аса қасiреттi оқиғасы – жоңғар қалмақтары шапқыншылығының зардаптары, басқыншылыққа, қырғынға халықтың әйгiлi "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" аталған зобалаңға ұшыраған кезең шындығы романдарда тарихилық поэтикасы аясында бейнеленген. "Қызыл жолбарыс" роман-дилогиясында жоңғар қалмақтарының шапқыншылығына ұшыраған қазақ даласындағы, оның iшiнде сол кездегi Қазақ хандығы құрамындағы Қазақстанның қазiргi Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда облыстары орналасқан өңiрлердегi қазақ халқының тұрмыстық-әлеуметтiк хал-ахуалы қамтылған.

Төрт томдық эпопеядағы басты кейiпкерлер қазақ тарихындағы көрнектi тұлғалардың прототиптiк негiзiнде сомдалған Қазақ Елiнiң XVIII ғасырдағы қиын-қыстау жағдайға ұшыраған кезеңiндегi халықтың аман сақталуы жолында қайраткерлiк-күрескерлiк, ұлттық-отаншылдық қажырлы iс-әрекеттерiмен орасан күш-жiгер жұмсаған көрнектi тарихи тұлғалар даралана бейнеленген.

Роман-эпопеядағы тарихи тұлғалардың басты назарға алынғандары – Абылай хан, Әбiлхайыр хан, Барақ сұлтан, Төле би Әлiбекұлы, Қаз дауысты Қазыбек би, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Ақтамбердi жырау Сарыұлы, Қожаберген жырау, Толыбайұлы, Ескелдi би Жылгелдiұлы, Балпық батыр Дербiсәлiұлы, Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы және т.б. Тарихи тұлғалардың өмiр шындығы деректерiне негiзделе жазылған әдеби бейнелерiнен қаламгердiң көркем шындық поэтикасын меңгерген суреткерлiк шеберлiгi танылады. Хандар тұлғаларындай болуды мұрат тұтқан өршiл ой әлемiн де табиғи, тарихи болмысымен баяндаған: "… Сабалақтың осы жасында-ақ әр заманда қылыштың күшiмен әлемнiң жартысын өздерiне қаратқан Ескендiр Зұлқарнайын, Шыңғыс хан, Жошы хан, Бату хан, Ақсақ Темiр секiлдi тау тұлғалар төңiрегiндегi аңыз, қисса-жырларға ықыласы бөлек едi. Ендi аныз, қисса-жыр емес, солар қалдырған iздердiң нақтылы бiрiн көруден бас тартуы тиiс!"

Тарихи тұлға – халықтың тағдырын өзiндiк ой әлемiмен бiртұтас санайтын адам. Абылайдың осы он екi жасынан бастап Төле бидiң ұстаздық ұлағатымен қалыптасқаны жоңғар шапқыншылығы кезiнде Төле бидiң ордасына келген Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Ақтамбердi Сарыұлы, Үмбетей Тiлеуұлы, Қожаберген жырау Толыбайұлын, Алғазы ақын шығармаларын тыңдап, өнеге тұтқаны, сөз өнерiн ардақ тұтқан ұлылық ұстанымы болғаны дәйектелген. Төле бидiң тәрбиесiмен қалыптаса жүрiп, оның қазақ батырлары Қанжығалы Бөгенбаймен, Албан Хангелдiмен, Қаракерей Қабанбаймен, Шақшақұлы Жәнiбекпен, Саңырақпен Саурықпен, Шапырашты Наурызбаймен, Сатаймен, Өтеген батыр Өтеғұлымен, Қойгелдiмен, Есетпен, Кiшi жүздiң бас сардары Тайлақпен, сонымен бiрге қазақ елiнiң барлық атыраптарындағы аталықтардың әулеттердiң басшылары би-шешендер Қаздауысты Қазыбек бимен, Балпық батыр Дербiсәлiұлымен, Ақсуат бимен, Ескелдi би Жылгердiұлымен және т.б. ел ағаларымен дидарласа, сұхбаттаса жүрiп, толысқан тұлға тұғырына жеткендiгi көркем шындықпен баяндала қамтылған.

"Абылайдың ақ туы" атауының айрықша киелi қасиетi бар тұлғаның даралығы екендiгi де тарихнамалық-дерекнамалық сипатымен дәлелденген. Романның сюжеттiк-композициялық желiсiнде жоңғар қалмақтарын жеңгеннен кейiнгi үлкен жиында Сабалақтың өз аузынан айтылған ататек-әулет дерегiнен кейiн, оның ендi атасының атын ұран етiп жауға шапқандағы есiммен Абылай болып аталуын Төле би де, Қазыбек би де, Әйтеке бидiң жолын жалғастырушы Ақсуат би де мақұлдайды. Шығарманың осы бөлiгiндегi оқиғадан кейiн Ескелдi бидiң Абылайға берген батасы ("Әне, менiң кием-ақ бурам екеумiздiң шүйiркелесуiмiздi көрiп, қуанышы қойнына сыймаған жас баладай асыр салып, ойнақтап жүр. Әне, ол қара бураға кезiктi. Екеуi ауыз жаласа бастады. Қарабура – сенiң киең! Осы киең не хикметтен де өзiңдi аман әкетiп, асқар шыңға көтерсiн! Әумин!"

Роман-эпопеяның төртiншi кiтабында Абылай сұлтанның қазақ пен жоңғар қарым-қатынастары ортасындағы Елбасшысына лайықты ақылды қайраткерлiк қызметi көрiнедi. Роман-эпопея кiтаптарындағы тарихи тұлғалар (хандар, би-шешендер, ақын-жыраулар, батырлар, т.б.), қарапайым халық өкiлдерi – уақыт пен кеңiстiктегi қазақ халқының ұлттық-этнографиялық ерекшелiктерiн жинақтаған күрделi кешендi сипатымен ерекшеленедi.

Роман-эпопеядағы өмiр шындығы деректерi негiзiнде ұлан-байтақ қазақ даласы аймақтарының (Жетiсу, Жоңғар Алатауы, Хантау, Көкшетеңiз, Iле, Қаратал, Ақсу, Бақанас, Балқаш көлi, Ташкент, Түркiстан, Самарқан, Қазығұрт, Шу, Едiл, Ыстықкөл, Тұзкөл, Кетпен жотасы, Текес, Талқы асуы, Арал теңiзi, Сырдария, Жаңадария, Қуаңдария, Шiрiк-Рабат, Қорқыт ата мазары, Қазалы, Тереңөзек, Шиелiдегi Оқшы ата мазары, Сырлытам), шет елдердiң (Қытай, Пекин, Тибет, Халха, т.б.) атауларының толық қамтылғаны – жазушының деректердi көркем шындықпен бейнелеуiндегi реалистiк ұстанымының тиянақтылығын танытады.

Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтiң әдеби-сын мақалалары, зерттеулерi жинақталған "Тiл өнерi дертпен тең" (2006) атты кiтабы да әдеби үдерiстегi жанрлар табиғатын сыншылдық көркемдiк-эстетикалық талғам, таным тұрғысынан бағалауымен ерекшеленедi. Кiтаптағы "Ағынан жарылып сөйлесек…" (Кейбiр қазақ әңгiмелерi мен повестерi төңiрегiндегi ойлар), "Поэзия туралы ойлар", "Жас прозаиктер және сын", "Болбыр тiл, боркемiк дүниелер", "Әр туынды өз жүгiн көтеретiн болсын!", "Жоқтан" "бар" жасағанды қойсақ, шiркiн!", "Толғағы жеткен сөз" және т.б. әдеби сын тұрғысында жазылған мақалаларында қаламгер поэзиялық, прозалық шығармаларды табиғи талант пен көркемдiк шеберлiк тұтастығы тұрғысында жазу талаптарын поэтикалық заңдылықтар бойынша талдаған. Көптеген мақалалар қаламгердiң бiлiктi зерттеушi-әдебиетшi тұғырындағы талдауларының теориялық байыптылығын, тұжырымдарының дәйектiлiгiн танытады.

Прозадағы көркем шығармаларымен де, әдеби сындағы шыншыл тағылымды мақалаларымен де, әдеби-мәдени танымдық мәндi зерттеулерiмен де жұртшылықтың жылы ықыласына ие болған көрнектi қаламгердiң ұлттық рухани мәдениетiмiздегi биiк тұғырлы тұлғасы айқын танылады.

Жазушы Ұзақбай Доспанбетов – ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап, қазiргi ХХI ғасырдағы әдеби үдерiстегi елеулi шығармашылық тұлғасымен ұлт мәдениетiне қосқан қомақты үлестерiмен халқымызға танымал суреткер қаламгер.

Қорыта айтқанда, жетi ондық белесiне елеулi шығармашылық еңбек жемiстерiмен жеткен көрнектi қаламгер, адамтану суреткерi Ұзақбай аға Доспанбетов тәуелсiз Қазақстанның жаңа тарихындағы азаматтық-қайраткерлiк тұлғасымен туған халқымен бiрге жаңа белестерге өрлей бередi.

Темiрхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының

докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары