ҰЛТ КАДРЛАРЫН – "ЭКСПОРТҚА"...

ҰЛТ КАДРЛАРЫН – "ЭКСПОРТҚА"...

ҰЛТ КАДРЛАРЫН – "ЭКСПОРТҚА"...
ашық дереккөзі
212

Бұған дейiн газетiмiздiң бетiнде ұлттық кадрлық саясат туралы бiрталай сыни мақала жарық көргенi белгiлi. Дегенмен осы жолы қазақ кадрларын мақтаудың (әлде олармен мақтанудың?) сәтi түскен сияқты. Бұлай деуiмiзге нақты себеп бар – қазақ кадрлары әлемдiк деңгейге шықты. Басқаша айтқанда, кәсiби маман қай жерде жүрсе де өзiн лайықты деңгейде көрсете алатындығының бiр дәлелi де бұл.

Оның үстiне, ЕҚЫҰ төрағалығы кезiнде қазақтың бiрталай дипломаттары Венадағы ЕҚЫҰ штаб-пәтерiнде халықаралық қызметтерге орналасқанын бұған дейiн жазғанбыз. Бiрнеше тiлде еркiн сөйлей алатын, өз iсiне жетiк қазақ кадрлары мойындарына жүктелген мiндеттi ойдағыдай атқарып шықты. Ендi мiне, сыртқы саясаттағы жемiстi келiссөздердiң бiр нәтижесi – Қасымжомарт Тоқаев өткен айдан бастап БҰҰ Бас хатшысы орынбасары қызметiне кiрiстi.

Қазақ кадрларының халықаралық қызметтерге тағайындалуының бұл басы ғана сияқты…

ТОҚАЕВ – ЖЕНЕВАДАҒЫ ЖАҢА ҚЫЗМЕТТЕ

Қазақ дипломаты мамыр айында Сенат төрағасы қызметiнен босаған соң, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Еуропалық бөлiмшенiң бас директоры қызметiне тағайындалғаны белгiлi. Бұған қоса Қасымжомарт Тоқаев 27 мамырдан бастап БҰҰ-ның Қарусыздану жөнiндегi конференциясының Бас хатшысы әрi БҰҰ Бас хатшысының жеке өкiлi қызметiн қоса атқаруға кiрiстi.

Тоқаевтың бұл жауапты қызметке тағайындалуына Қазақстанның сыртқы саясаттағы қарусыздану бағытындағы саясаты айтарлықтай ықпал еткенi анық. Тоқаевты жаңа қызметiмен құттықтаған Беларусь, Қытай, Корея, Ресей мемлекеттерiнiң ресми өкiлдерi Қазақстанның ядролық қарусыздану бағытындағы өзiндiк үлесiн айрықша атап өттi. Қазақстан Қарусыздану жөнiндегi конференцияға толықтай мүше ретiнде 1999 жылдан берi қатысып келедi. Жалпы, Конференцияның әлем мемлекеттерi арасында 66 мүшесi, 38 бақылаушысы бар. Ал Бас хатшы ретiнде Тоқаев Конференцияның ұйымдастыру жұмыстарына тiкелей жауапты. Сондай-ақ ол конференция мүшелерi арасындағы талқылау жұмыстарына белсене атсалысуы тиiс.

Тоқаевтың жаңа қызметте абыройлы болатындығына оның өмiрбаянымен таныс адамдардың ешқайсысы шүбә келтiре қоймас. Бiр дипломатиялық кездесу үстiнде қытайлық өкiл: "Сiздiң өмiрбаяныңыз сондай сүйкiмдi!" деген екен. Шындығында, ҚР Үкiметiн басқарып, елдiң сыртқы саясатын жүргiзген, Сенатты басқарып, ЕҚЫҰ төрағалығы тұсында белсене жұмыс iстеген Қасымжомарт Тоқаевтың қызмет сатысында өз абыройына нұқсан келтiрген, артынан сөз ерткен осал тұсын табу қиын-ақ. Сондықтан да алдағы бес-он жылда Қасымжомарт Тоқаевтың халықаралық қызметi жемiстi болатындығына, оның туған Отанына септiгiн тигiзетiндiгiне күмәнданғымыз келмейдi.

МАРЧЕНКОНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВАЛЮТА ҚОРЫНА ТӨРАҒА БОЛУЫ ЫҚТИМАЛ

Мамыр айында қазақ қаржы әлемiн елең еткiзген бiр жаңалық Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) төрағалығына ұсынылуы болды. Ең ғажабы, премьер-министрдiң осы қызметке өзiн ұсынғанын Марченко бұқаралық ақпарат өкiлдерiнен естiген-мыс. Сенiмсiздеу көрiнсе де, Марченконың өзi солай деп мәлiмдеген.

Мәсiмов бұл туралы 19 мамыр күнi интернетте "Твиттердегi" парақшасында: "Бүгiн ТМД Үкiмет басшылары кеңесiнде Халықаралық валюта қорына Марченконың кандидатурасын ұсынғым келедi", – деп жазды.

Ал келесi күнi (20 мамырда) Ұлыбританияның "The Financial Times" газетi "ХВҚ басшылығына қазақ банкiсiнiң төрағасын ұсынып отыр" атты мақала жариялап үлгердi. Басылым тiлшiсi Кәрiм Мәсiмовтен қысқаша сұхбат алған екен. Сөзбе-сөз келтiрсек: "Германия канцлерi Ангела Меркельдiң ХВҚ келесi төрағасы тағы бiр еуропалық болуы тиiс деген мәлiмдемесiне қалай қарайсыз" деген сұраққа Мәсiмов былай деп жауап бердi: "Егер мен Германия канцлерi болсам, мен де солай дер едiм деп ойлаймын". "Менiңше, еуроаймақтағы мәселелердi сол жүйеде өмiр сүретiн адамдар емес, тәуелсiз пiкiрi бар тұлға шешуi керек. – Егер бiз құрылымды қайта жасақтау немесе соған ұқсас өзгерiстер жасайтын болсақ, бiзге тәуелсiз көзқарас қажет".

Мамыр айының ортасында ХВҚ бұрынғы төрағасы Доминик Стросс-Кан Нью-Йоркте жыныстық әлiмжеттiк көрсеттi деген айыппен ұсталған болатын. Көп ұзамай ол қызметiнен босатылды.

Жалпы, әлемдiк қаржы әлемiндегi жазылмаған заң бойынша бұған дейiн Бүкiләлемдiк банк төрағалығына – америкалық, ал ХВҚ төрағалығына – батыс еуропалық тағайындалып келгенi белгiлi. Бiрақ соңғы жылдары дамушы елдердiң өкiлдерi ХВҚ төрағасы еуропалық болмасын деген ұсыныс айтып жүр. Бiрақ бұл ой жүзеге асу үшiн дамушы елдер ортақ кандидат ұсынуға келiсуi керек. Ал еуропалық мемлекеттердiң ортақ кандидат ұсынатындығына еш күмән жоқ. Сондықтан да көп нәрсе БРИКС елдерi Марченконың кандидатурасын қолдай ма, жоқ па деген мәселеге байланысты.

Марченконың кандидатурасын ұсыну ресми түрде 21 мамырда басталды. ТМД елдерi үкiмет басшыларының келiсiмiн алған соң, iле-шала Мәсiмовтiң командасы Бразилия, Ресей, Үндiстан, Қытай, Оңтүстiк Африка Республикасы үкiметтерiмен ортақ кандидат ұсынуға байланысты келiссөздер жүргiзуге бiлек сыбана кiрiстi. Бұған дейiн БРИКС елдерiнiң өкiлдерi "ХВҚ келесi төрағасы еуропалық нәсiлден болмасын" деген мәлiмдеме таратқанын ескерсек, ортақ кандидатура ретiнде қазақ үкiметi ұсынған тұлғаны қолдауы әбден мүмкiн сияқты. Егер қолдаса, онда Марченконың ХВҚ төрағасы болу ықтималдығы қазiргiге қарағанда кемi екi есеге артады. Қолдамаса, бұл ұсыныс көп идеяның бiрi болып қалуы мүмкiн.

Бiрақ Марченконың өзi бұл сайлауда жеңiске жететiндiгiне шүбәлi. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген бiр сұхбатында ол былай дедi: "Бәлкiм дамушы елдер бұл жолы жеңiске жете алмас… Әлбетте, еуропалықтар ХВҚ төрағалығы қызметiнен оңайлықпен бас тарта қоймайды".

Қазiргi таңда ХВҚ төрағалығына ұсынылған үмiткерлер тiзiмi белгiлi болды. Олар: Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрi Гордон Браун, Түркияның бұрынғы экономика министрi Кемаль Дервиш, Сингапур қаржы министрi Тарман Шанмугаратнам, Оңтүстiк Африка Республикасының бұрынғы қаржы министрi Тремор Мануэль, Франция қаржы министрi Кристин Лагард, Мексика қаржы министрi Агустин Карстенс.

Дегенмен ресми тiзiм 10 маусымға дейiн нақтылана бермек. Ал жаңа төрағаның есiмi 30 маусымда анықталады.

ҚҰЛЫБАЕВ "ГАЗПРОМ" ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСIНЕ МҮШЕ БОЛУҒА ДАЙЫН

Жақында ресейлiк "Ведомости" газетi "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев "Газпром" директорлар кеңесiнiң құрамына кiруi мүмкiн" деген мәлiмет таратты. Көп ұзамай-ақ жергiлiктi ақпарат көздерiнен бұл мәлiметтiң растығы анық болды.

Шындығында, Ресей президентi Дмитрий Медведевтiң тапсырмасымен 1 шiлдеден бастап "Газпромдағы" кеңес құрамынан министрлер Сергей Шматко мен Эльвира Набиуллина шығарылады. Ал 1 қазанда вице-премьер, кеңес төрағасы Виктор Зубков та бұл қызметтен босатылмақ. Осыған орай, 30 маусымда "Газпром" акционерлерi әуелi жылдық жиналыс өткiзбек, содан соң өтетiн кезектен тыс отырыс кеңес мүшелерiн қайта сайлау мәселелерiне арналады.

Тимур Құлыбаев Шматконың немесе Набиуллинаның орнына сайлануы мүмкiн. Ресей үкiметi бұл қызметтердi тәуелсiз шетелдiк директорға беруге тәуекел етпек ниетте көрiнедi.

44 жастағы Тимур Құлыбаевты бұл кеңес мүшелiгiне қабылдау туралы ұсыныстың оның "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағалығына тағайындалуынан кейiн iле-шала жасалуы тегiн емес сияқты. Осыдан бiр жыл бұрын, "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының сол кездегi басшысы Қайрат Келiмбетов ресейлiк "Сбербанктiң" тәуелсiз директоры қызметiне тағайындалған едi.

Оның үстiне, Тимур Құлыбаев "Самұрық-Қазына" басқарма басшылығымен қатар, "KAZENERGY" Қауымдастығы төрағасы және "Атамекен одағы" Ұлттық экономика палатасы президиумын басқарады.

Құлыбаевтың бұл қызметке ұсынылуының бiр себебi ретiнде ресейлiк мамандар қазақ-орыс қарым-қатынасында газ жөнiндегi келiсiссөздердi жүргiзудегi оның бiлiктiлiгiн айтады. Тимур Құлыбаев бұған дейiн "КазРосГаз" бiрлескен кәсiпорнын құруға тiкелей атсалысқан. Жақында "Қазмұнайгаз" топ-менеджерлерi мен "Газпром" кәсiпорнының қазақстандық өкiлдерi арасында келiссөздер жүргiзiлгенi белгiлi болды.

Тимур Құлыбаевтың өзi бұл қызметке кiрiсуге ынталы. "Мен келiсiмiмдi бердiм. Сондықтан да ендi сайлаудың қашан болатынын күтемiн", – дедi ол журналистерге.

Дегенмен Құлыбаевтың бәсекелесi де осал емес: Германияның 1998-2005 жылдардағы бұрынғы канцлерi Герхард Шредер Nord Stream акционерлерiнiң комитет басшысы қызметiн атқарып жүр. 67 жастағы Шредер 2005 жылы сайлаудан жеңiлiс тапқан соң, арнайы шақыртумен Ресейге келген едi. Оны ресейлiк шенеунiктер "Газпромның" халықаралық қатынастары бойынша бiлiктi маман санайды.

P.S. Жоғарыда айтылған мысалдар – жалпыға ортақ үлгi-қалып бола алмас. Өйткенi санның сапаға айналатыны анық болса да, сапаны санға айналдыру оңай емес. Мемлекеттiк қызметтi әкесiнен қалған "мұрадай" көретiн, жемқорлыққа белшесiнен батқан "кадрларымыз" осындай кәсiби мамандардан үлгi алса, қанекей?

Оның үстiне, үздiктерiмiздi "экспортқа" жiбергенде, өз iшiмiзде ұлттық мүддемiздi түгендеу қиынға соқпай ма деген күдiктiң басы қылтияды.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары