АЛАШ РУХЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

АЛАШ РУХЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

АЛАШ РУХЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ
ашық дереккөзі
253

Редакциядан: Оқырмандарымыздың назарына ұсынылып отырған төмендегi екi мақаланың авторлары дiнге, руханиятқа, тарихи шындыққа өз көзқарастарын бүкпелемей жеткiзудi мақсат тұтқан екен. Әлбетте, олардың кейбiр пiкiрлерiнде қарама-қайшылық, қалыптасқан шындыққа iштей қарсылық аңғарылады. Көзiқарақты оқырмандарымыз даулы мәселелерге жiтi назар аударып, дұрыс түйiн жасайды деп сенемiз.

Еуразияның кiндiк ортасындағы ұлан-ғайыр Ұлы Дала төсiнде көшпендiлер өркениетiн дүниеге келтiрген халқымыздың дүниетанымы, сол даланың таңғажайып табиғатымен үндес сұлулығымен де, даналығымен де қайран қалдырады.

Жетпiс жыл бойы атеизмнiң құрсауында болған қазақ халқы тәуелсiздiк алысымен өз тегiн, тiлi мен дiлiн, дiнiн iздей бастады. Футуролог Самюэль Хантингтон: "ХХI ғасыр дiннiң жаңғыру дәуiрi болмақшы", – деп айтқандай, Жер бетiндегi барлық адам баласы, Батыс Еуропаны атамағанда, дiнге оралып жатыр. Олар дiнге үмiт, жұбаныш, ақыл және де ұлттық негiзiн iздеу мақсатымен келуде. Жиль Кеппельдiң айтуынша, "Құдай реваншы" әлемдiк деңгейде өтуде". Жоғарыда С.Хантингтонның айтып отырған мәселесi Қазақстанды да айналып өтпедi.

Көшпендiлер арасында Темiрқазық пен Жетiқарақшы жұлдыздарына байланысты мынадай аңыз бар. Темiрқазықты бiр ақбоз ат айналып жүредi екен. Ал Жетiқарақшы сол ақбоз атты ұрлап кеткiсi келедi. Аңыздың айтарына сенсек, ақбоз ат ұрланған уақытта қиямет-қайым, яғни ақырзаман орнайды-мыс. Бүгiнгi күнi ақбоз ат деп қазақ халқын алар болсақ, Жетiқарақшымыз – сырттағы бiзге жат түрлi идеологиялар.

Рухани өзегiнен ажырап, әлсiреген, руханиятқа аш елдiң "асқазанына" жымысқы пиғылын iшiне бүккен түрлi идеологиялар iлiмдерiн төге бастады. Атынан адам жаңылатын түрлi дiни ағымдармен, оның iшiнде христиандық секталарды айтпағанда, ислам атын жамылған жалған ағымдар да көптеп келiп, ел iшiне өз дүниетанымдарын сiңiруге әрекет жасап жатыр. Ал көне өркениеттiң мұрагерi, данышпан аталардың қазiргi ұрпағы – дәрменсiз бiздiң халқымыз "жылтырағанның бәрi алтын емес" деген қазақтың аталы сөзiне зейiн қояр емес. "Жылтырағы" сол – "ислам" атауы едi, сондықтан ел жат пейiл, арамза мүддемен келген дiни ислами ағымдарды талғамай сiмiре бастады. Бұл жайында Қазақстан тарих ғылымының қалыптасуына еңбек сiңiрген академик М.Қозыбаев: "Бұл күнi қазақ дiнiне ықпал жасаушы факторлар көбейдi. Ол араб факторы, ол парсы факторы, ол Индия факторы, ол қытай факторы, түрiк факторы", – дейдi. Осы жерде: "Бұл аталмыш факторлар қайдан пайда болды?" "Ол факторлар бiздердi аранға жығып кетпей ме?" деген сұрақтар туындайды. Ол заңды да.

Ғасыр бойы атеизмнiң көзге көрiнбес "темiр құрсауында" тұншыққан он бес мемлекеттiң барлығы өз тәуелсiздiгiн алып, ендiгi жерде қақпалары дүниежүзiне айқара ашылды. Егемендiктiң байрағын көтергеннен кейiн, жетпiс жыл бойы дiннен ажырап қалған қазақ қоғамы, рухани аштықтан, iшкi сұраныстан өзiнiң ұлттық негiзiн, тегiн iздеуге кiрiстi. Халық өз тамырын қайдан iздедi? Iшкi рухани аштығын немен толтыруға тырысты? Оған жауабымыз, тамырын – тарихтан iздесе, рухани аштығын басатын – дiн деп бiлдi. Осы кезде сыртта бақылап отырған түрлi идеологиялық күштер Қасиеттi қазақ топырағына келiп, дiндi қалай ұстау керек екенiн үйрете бастады. Сан ғасырлар бойы жалғасып келген қазақ руханиятының негiзi жетпiс жыл iшiнде жұтап, жұрдай болғандықтан қазақ елi кiмге сенерiн бiлмей, көш бастаған бұзықтардың соңынан кете барды. Кейбiрi "Құран арабша, Мұхаммед пайғамбар – араб, дiн – арабта" деп араб мемлекеттерiнде оқып, қазақтың дүниетанымына жат насихаттар жүргiзе бастаса, бiреулерi "түбi бiр түркiмiз, дiн түрiктерде" деп түрiктерден тәлiм алды. Бiрақ көп кешiкпей-ақ олардың айтқан уағыз-насихаттары қазақтың дүниетанымына қарсы екендiгi, сол себептi iшкi сұранысын қанағаттандырмайтындығы бiлiне бастады. Қазақстан үшiн осы рухани дағдарыс жайын тарихшы ғалым, дiнтанушы Назира Нұртазина: "Дағдарысқа ұшыраған дәстүрге әдетте сыртқы фактордың, басқа мәдени, рухани, саяси күштердiң әсерi күрт өседi (айталық, өз тарихымызға жақындасақ, арабтар, Шыңғыс хан, орыстар). Сыртқы мәдени шабуылдың табандылығына төтеп беру үшiн жергiлiктi мәдениет қатты қиналады, қоғамның iшiнде талас-тартыс, идеялық iзденiстер басталады, бұрынғы хаос одан әрi күшейедi," – дейдi. Бiз қазiр тура ғалымның айтқан рухани "хаос" кезеңiнде отырмыз. Қазiр идеялық iзденiстердiң көптiгi соншалық – халық кiмге сенерiн бiлмей, дағдаруда.

Сайын далада көшпелi өмiр сүрген бабаларымыз ислам дiнi келмей тұрып-ақ көктегi бiр тәңiрге табынып, Дала өркениетiнiң негiзiн қалаған. Ислам дiнiн қабылдағаннан соң барлық салт-дәстүрлердiң негiзiне Құран мен хадистiң мағынасын салып, мешiтiн жүрегiне орнатып, әлемге әл-Фараби, М.Қашқари, Ж. Баласағұни, А. Иүгнеки, Қ.А.Ясауи сынды сансыз әулиелердi сыйлаған осы қазақ топырағы. Ендеше сондай ғұламаларды тудырған ел қалайша дiндi дұрыс ұстанбаған болып шығады?!

Серiкбол Қондыбайдың "Арғы қазақ мифологиясы" атты еңбегiнде: "Қай халықтың болмасын, қандай да бiр өзiндiк рухани орталығы (кiндiгi) болады немесе болуы тиiстi. Халықтың өмiр сүруi де осындай рухани орталықтың күш-қуатына тiкелей тәуелдi, егер әлгiндей кiндiктiң күш-қуаты пәрмендi болса, халықтың да өзiн-өзi сақтап қалу қабiлетi, қиыншылықтар мен сыртқы ықпалға қарсы иммунитетi де жоғары болады, ал егер рухани кiндiк әлсiресе, халық та әлсiрейдi, жойылса, рухани орталықсыз, рухани бағдарсыз қалған халық бiрте-бiрте өз сипатынан айрыла отырып жойылып кетедi, не басқаға сiңiп кетедi", – дейдi. Ол "рухани орталық" деген сөздi және "төретам" сөзiмен алмастырады. Ал ендi қазақ халқының басты төретамы яғни темiрқазығы не болып табылады деген сұраққа С.Қондыбай: "Түркiстандағы Йассауи кесенесiнiң, сол кесенедегi тайқазанның қазақтар (және мұсылман түркiлер) үшiн рухани орталық болғандығын айтар едiк", – деп жауап бередi.

Рухани орталыққа, яғни темiрқазыққа байланысты ойын жалғастыра отырып, ол: "Қасиеттi, киелi деп есептелген немесе ежелгi арутамдар (святилище) орналасқан алқап, тау, орман, тоғай, өсiп тұрған жеке ағаш немесе топ ағаш, құдық, бұлақ, үңгiр, әулиелi бейiт, әулиенiң мүрдесi, мешiт немесе кез келген дiни ғимарат, ғибадатхана, т. б. жатады," – дейдi. Бiз бұл оймен толық келiсемiз. Яғни әр халықтың, тiптi әр заттың бiрiктiретiн элементi, күшi болады, ал қазақ халқында ол орынды ең бiрiншi Әзiрет Сұлтан алады. Ол жайында Елбасымыз Н.Назарбаев та "Тарих толқынында" атты еңбегiнде былай деп жазады: "Йассауидың ұстазы Арыстанбабтың Отырардағы кесенесi мен Қожа Ахмет Йассауидiң Түркiстандағы кесенелерi – қазақтың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары, – дей келе, – сондықтан осынау тамаша ескерткiштi қалпына келтiрiп, бас бiрiктiрер ортақ кiндiкке бүкiл ұлттың назарын аударып отырғанымыз дұрыс," – дейдi. Осы жерде Құнанбай қажының мына сөздерi ойға келедi:

Құм жиналып тас болады,

Iлiктiрер ылай болса.

Құл жиналып бас болады,

Бiрiктiрер Құдай болса.

Қазақ халқын бiрiктiретiн күшi өзiнiң ата-бабасынан мұра болып қалған рухани орталықтары – басқаша айтқанда темiрқазығы, яғни руханияты. Темiрқазығымыз ұлтты бiрiктiрушi, ұлтты сақтаушы этностың "жаны". Бұл "жан" туралы, дәлiрек айтсақ ұлттың рухы туралы Самюэль Хантингтон "Кто мы?" деген еңбегiнде мынадай тамаша анықтама бередi: "Душа существует в святых, богах и демонах. У нации, как, например у американцев, может существовать кредо, но душа нации – это не кредо, это нечто иное, и она определяется общей историей, традицией, культурой, общими героями и злодеями, победами и поражениями, воплощенными в "мистических аккордах памяти" дейдi. Ендi осыдан қорыта келе ұлттың рухы ол ортақ тарихы, салт-дәстүрi, мәдениетi, батырлары мен жауыздары, жеңiстерi мен жеңiлiстерi.

Адамның iшiнде де өзiнiң темiрқазығы болады. Ол қазақ халқы үшiн iшкi темiрқазығы – "қазақ" сөзi мен iшкi дүниесiнде ойнап тұратын қара домбыраның қоңыр үнi, ұлттық рухымен дарыған, жусанның иiсiмен, бозжорғаның сұлу желiсiн көргенде тамсанып, Сардаланың сағыныш саз-самалымен санамызға сiңген осындай ортақ нәрселер қай түкпiрде жүрсек те ұмытылмайды. Бұл сезiмдер әр қазақтың бойында сақталып тұрғанда, мейлi ол Қазақстан территориясында я шетелде жүрсе де өз ұлтынан бөлiнбейдi. Яғни өзiн қазақ ұлты мен түрiк өркениетiнiң бiр бөлшегi ретiнде сезiну қасиетi жоғалмайынша Халқымыз ешқашан жойылмайды, бiрақ сыртқы темiрқазықтан айрылып, iшкi темiрқазық сақтап қалғанның өзiнде толыққанды ұлт ретiнде сезiнуден айрылатынымызды ескерген жөн.

Сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дүниетанымымыздың тамырына балта шапқысы келiп жүрген түрлi топтардың бар екендiгi, ондай топтардың бiздiң ұлтымызға үлкен қауiп туғызып отырғаны анық. Сондықтан халқымыз ақ пен қараны айыруы қажет. Оларға қарсы тұрудың жолын да Ақжан әл-Машани атамыз айтып кеткен. Яғни шығыс рухы мен даналығын бойына жинаған Абай мен Шәкәрiм даналарымыздың бiзге жеткен мұраларын ел арасында кеңiнен насихаттау. "Жақсы әкенiң аты, жаман балаға қырық жыл азық" дейдi қазақ халқы. Ата-бабамыздың мұрасын сақтап қалсақ ол бiзге қырық жыл емес, қияметке дейiн азық болары кәмiл. Оны да Ақжан атамыз: "…рухани жолда ислам ғалымдарының адамдық, имандылық жолы ғана ғаламды сақтап қалады деген қорытынды туады. Әл-Фараби мен Абай жолы – тура жол. Тура өлшеуiш осында". Қайта оралған баққа бекем болсақ, алқалы жерде сөзден, ордалы жерде орыннан құр қалмасымыз, әлемнiң алдыңғы қатарлы мемлекеттер арасынан ойып орын аларымыз сөзсiз.

Саят Баймұратұлы, тарихшы

Серіктес жаңалықтары