Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ: «ЗӘУРЕШТI» НҰРМҰХАН АҒАДАЙ ШЫРҚАҒАН ЕШКIМ ЖОҚ

Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ: «ЗӘУРЕШТI» НҰРМҰХАН АҒАДАЙ ШЫРҚАҒАН ЕШКIМ ЖОҚ

Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ: «ЗӘУРЕШТI» НҰРМҰХАН АҒАДАЙ ШЫРҚАҒАН ЕШКIМ ЖОҚ
ашық дереккөзі
384

Нұржұман аға – қазақ киносының көшiн бастаған кешегi топтың бүгiнгi заңды жалғасы. Сол көштiң басында жүрген кино ардагерлерiнiң көзiн көрдi, тәрбиесiн алды. Кино саласында қандай да бiр iз қалдырса, сол кешегi көштiң басында жүрген аға-апаларынан үйренгенi, көңiлге түйгенi. Аға-iнi болып қатар жүрген қазақ киносының алыптарының iзi қалған киностудия, кино саласы Нұржұман Ықтымбаев үшiн ерекше ыстық, ерекше қасиеттi. Бүгiнде өзi де қариялардың қатарына қосылған Нұржұман ағаның кино туралы, кинодағы әрiптестерi туралы айтар естелiгi, жазар сыры жетерлiк.

– Нұржұман аға, жуырда ғана мерейтойыңызды атап өттiңiз. Кино саласында жүрген ардагер ағаларымыздың бiрiсiз. Талай-талай кино тарландарымен дәм-тұздас болдыңыз. Қазақ киносының алтын қорына енген фильмдерде қаншама кино майталмандарымен бiрге әрiптес болдыңыз. Қазақтың мықты-мықты режиссерлерiнiң көзiн көрдiңiз. Ендi мiне, жетпiске келген шағыңызда сол кiсiлердi жиi еске аласыз ба? Жалпы, өткенге көз салсаңыз, ойыңызға не түседi? Ненi жиi еске аласыз? – "Өткенге қарасам" дейсiң бе? Жетпiс жасқа келгенiмде кейде менiң бiр өкiнетiнiм бар. Бiрiншi – Алла Тағалам сыйлаған, екiншi – бабаларым тастап кеткен жерiнiң барлық сүтi, қаймағы, шет елге кетiп жатқаны жанымды ауыртады. Соның бәрi өзiмiзде қалып, өзiмiз қызығын көргенде, алдыңғы қатарлы мемлекеттердiң көбiн артқа тастап кететiн едiк. Әлде де ештен кеш жақсы деймiн. Тәубәлiк қылып, халқым аман болсын, елiм аман болсын деймiн iштей. Өкiнгенмен еш пайда жоқ. Қазiр ендi тек алға баса беру керек. Ұрпақтарыма айтатыным да сол. Ал ендi өнерге келетiн болсақ, өнер деген – адамға Алла Тағаладан келетiн дүние. Орысы, қазағы, қырғызы, өзбегi, американдығы болсын, өнер адамының да қоғамға қатысы көп. Қоғам оларды сыйласа, оларды құрметтесе, жақсы болады. Олар ұлтқа Алла Тағаланың сыйлаған адамдары. Сол менi жұбатады, сол менi қуантады. Менiң өмiрiмде жақсы адамдардың кездескенiнiң өзi көңiлге жұбаныш. Өткен өмiрiмнiң бәрi жақсы адамдардың қамқорлығының арқасында өттi десем де болады. 14-тен асып, 15 жасқа жеткенiмде музыкалық училищеге оқуға тапсырмақ болдым. Басқа бiр оқу орнына түсiп кетiп, содан құжаттарымды қайта алдым. Табиғатым солай ма, Аллам солай жаратты ма, кiм бiлсiн, әйтеуiр тамаша жандардың арқасында алғашқы қадамымды сәттi бастадым. Маған Алла Дүнгенбай Ботбаевты жолықтырды. Жеделдетiлген екi жылдық курс бар екен. Дүнгенбай аға менi сонда оқуға алып келдi. "Түссең түстiң, түспесең ауылыңа кетесiң" деп бiрден айтты. Сол жолы бағым жанып, оқуға түсiп кеттiм. Домбыра бөлiмiне қабылдандым. Лұқпан Құбышев деген талантты күйшi сабақ бердi. Солақай едi. Сол кiсiнiң класында оқып жүргенiмде, бiр күнi көзi қып-қызыл бiр кiсi кiрiп келдi. Кiрiп келдi де менi көрiп: "Мына құлағы қалқиған балаң кiм?" демесi бар ма? Лұқпан атамыз "бұл менiң шәкiртiм" деп жатыр. Ол кезде оның кiм екенiн бiлмеймiз. Кейiн естiсем, Ғарифолла Құрманғалиев екен. Сөйтсем, көршi бөлмеде Ғарекеңнiң де курсы бар екен. Оның класында екi жiгiт оқитын. Олардың айтатын әндерiн бұрыннан бiлетiн едiм. Үнемi "Нұржамалды", "Боз жорғаны" айтады. Ол әндер маған бұрыннан жақсы таныс. Сол әндердi домбыраға салып, ақырын айтып отыр едiм, Ғарекең кiрiп келдi. "Қайта айтшы" дедi. "Нұржамалды" қайта айтып бердiм. Үш күннен кейiн, қайта келдi де: "Сен көршi бөлмеге келiп жүр. Менiң дәрiсiмдi ал", – дедi. Үш айдан кейiн әлгi екi жiгiт жарамсыз болып шықты да, мен Ғарекеңнiң бiрiншi шәкiртi болып қала бердiм. Бiр жарым жылдай оқып, жарты жыл қалған кезде әкем қайтыс болды да, елге кетiп қалдым. Тауда өскен адамбыз ғой. Бiздiң жақта Алтынемел деген тау бар. Сол жерде Гвардия ауданы болатын. Қазiр Кербұлақ ауданы деп аталады. Сонда бiр жарым жасқа дейiн тұрдық та, әкемдi қызмет бабымен Киров ауданына ауыстырып жiбердi. Ол жақта көл бар, қамыс көп. Маса деген сұмдық. Сол масадан безгек деген ауру шықты. Ол кезде бұл ауру туралы көп жазыла бермейдi. Сол безгектен қырылды менiң бауырларым. Менiң өзiм әупiрiммен әрең аман қалдым. Ленинградтан келген Измаилов деген дәрiгер бар едi. Сол кiсi менi емдеп жазды. Бауырым болса, табиғаттың күшiмен аман қалды. Есiк алдында қалшылдап-дiрiлдеп отырған бауырымның мойнына биiк дөңбектiң үстiнен өрмелеп, жылан түсiптi. Жыланнан шошыған бауырым орнынан қарғып кетедi. Содан безгек ауруынан жазылып кетiптi. Үйде екеумiз ғана аман қалдық. Бауырым ауыл шаруашылығында оқитын. Екеумiз бiрдей оқуда жүрсек, ауылдағы жалғыз шешемiзге қиын болған соң, мен оқуымды тастап, ауылға кеттiм. Ауылға барып, төрт айлық тракторшының оқуын бiтiрiп алдым. Тракторшы болып, елде жұмыс iстедiк. Шоферлiктiң оқуын қосымша оқыдым. 19-20 жасымызда бөрi сияқты өзiмiздiң күшiмiздi байқаймыз. Қасқыр алты айлығында өзiнiң күшiн байқайды екен. Бiзде күш сынасамыз. Төбелесемiз. Ауыл, стансаға атым шыға бастады. – Балуандық атыңыздың шыға бастағаны сол кез ғой?.. – Иә. Өзiм аздап тентектеу де болдым. Бiздiң ауылда әртүрлi ұлттың өкiлдерi көп болды. Немiстер, кәрiстер бар. Солардың арасында өскеннен кейiн, тайталасып өсесiң ғой. Атаман болып алдыңғы қатарда жүрдiм. Елдiң бәрi бауырыма келiп шағым айтады. Баяхмет Құсайынов деген ағайым бар едi. Бiр күнi сол кiсi келiп, атынан түстi де отырмастан: "Сен қашанғы өстiп жүре бересiң?" – дедi. Тұтқиылдан тура шабуыл жасады сөзбен. "Жай ма, аға?" – деп едiм, "Әкең сенi осылай бұзық болады деп ойлаған жоқ болатын. "Менiң мына кiшкентайыма ие болыңдар. Осыдан бiрнәрсе шығады" деп кеттi. Сенiң шығарғаның осы ма?" – дедi. Сөйттi де атына мiнiп, кетiп қалды. Ол кiсiнiң бұл сөздерi маған ауыр тидi. Ауылдағы мектептi жаңадан бiтiргелi жатқан жетiншi-сегiзiншi сыныптың балаларын жиып аламын да, машинама тиеп алып, сыртқа алып кетем. Оларға шопырлықты үйреткен болам. Өзiм солардың кiтабын алып, емтиханға дайындала бастадым. Ол кезде институтқа шамам келмейтiнiн бiлем. Жаркенттiң педагогикалық училищесi бар. 1962 жылы соған барып түстiм. Нұрмақ Шегебаев деген директоры менiң құжаттарымды қарап отырды да, әр жылдары алған дипломдарымды қарап: "Мынау не диплом?" деп сұрай бастады. "Әншiлiктен алған дипломдарым ғой", – деп қоям. Содан менi училищенiң акт залына алып келдi. "Ал баста, бала", – дедi. Шопыр болып жүрiп те талай байқауларға қатысып, жүлде алып жүргем. Репертуарым көбейген. Әндi бiрiнен кейiн бiрiн шырқай жөнелдiм.
“МЕНI КИНОҒА АЛЫП КЕЛГЕН САРА АПАМ БОЛАТЫН”
 

– Өзiңiзге "әншi болам" деп мақсат қойып жүрсiз…

– Мақсатым – әншi де болу емес, актерлiк те емес. Елдiң алдына шығып ән салсам, жұрттың батасын алсам болды деп жүрген кезiм ғой. Әндi бастап кеттiк. Әндi айтқанда, екi көзiмдi тарс жұмып алам. Ғарекеңнiң бұл әдетi маған да жұққан. Көзiмдi ашсам, алдымда ешкiм жоқ сияқты едi, зал толып кетiптi. Студенттердiң бәрi кiрiп алған. Әншiге керегi көрермен ғой. Содан бiр әннен кейiн бiр әндi шырқай жөнелдiм. Бiр сағаттай концерт берген шығармын. Ақырында: "Ағалар, мен шаршадым. Жол жүрiп келгем. Кiшкене демалып алайыншы", – дедiм. Барлығы қол соғып жатыр. Нұрмақ аға менi жетелеп, кабинетiне алып келдi де: "Тағы қалған құжаттарың бар ма?" – деп сұрады. Бүкiл құжаттарымды бердiм. "Бұл құжаттарды осы училищенi бiтiрмей алмайсың", – дедi. Аласа бойлы, сұп-сұр кiсi болатын. Даусында жұмсақтық басым болғанымен, түрi тым суық көрiнедi. Сөйтiп оқуға түстiм. Жатақханадан орын бердi. Көп ұзамай артымнан бауырым iздеп келiп тұр. Ауылға айтпай кеткем. "Қалай жағдайың?" – дейдi. "Оқуға түстiм", – дедiм. Өзi де мән-жайды мұғалiмдерден анықтап бiлiп алыпты. Осылай мұғалiмдердiң сенiмiн ақтайын деп, бiрiншi курсты үздiк бiтiрдiм. Мұғалiмдерiм де риза болды. Училищенiң оркестрiн қолға алдым. Оқып жүрiп, спектакль де дайындадық. Мұхтар Әуезовтiң "Қарагөзiн" қойып, мен Сырымды ойнадым. Училище ғана емес, аудан бойынша көзге түсе бастадым. Училищенi бiтiрген жылы Клара Сыздықова деген апамыз директор болып келдi. "Оқуды бiтiрдiң, ендi жоғары оқу орнына сырттай түсiп алсаң болады. Өзiң осы жерде мұғалiм болып қал", – дедi. Бұйрық шығарып, менi мұғалiм етiп қалдырды. Алты айдай училищеде мұғалiм болдым. Оған қосымша тренерлiгiм тағы бар. Ол кезде спорттың екi-ақ түрiмен айналысамыз. Бокспен және күреспен. Бокстан менiң кандидаттығым болды. Бiрде үйде демалып жатқам. "Жылдам училищеге кел. Сенi iздеп жатыр", – дейдi. Келсем, училищеге кино түсiрушiлер тобы келiптi. 1962 жылы Бүкiлодақтық байқауға қатысып, Мәскеуден гран при алып қайтқам. Филармонияда есеп беру концертi өттi. Сол концертке мен де қатыстым. Сара апаммен алғаш осы концертте таныстым. Ол кiсiнiң өңi қазаққа онша ұқсамайтын, орысқа да келмейдi. Өте сұлу кiсi болатын. Сара Жорабаева сол жолы маған: "Киноға түсесiң бе?" деп, менi ескi киностудияға алып келген. Мәжит Бегалин деген режиссермен таныстырды. Киностудияның адамдары онша ұнамаған соң, ебiн тауып қашып кеттiм. Сол кiсiлер тағы iздеп келген екен деп ойлап қалдым. Сөйтсем, менiң дайындап жүрген балаларым кино алаңында төбелесiп қалыпты. Балаларды кино түсiру алаңына алып барыпты. Сол жердегi киноға қатысатын адамдармен менiң балаларым iлiнiсе кетедi. "Мұның бастықтары кiм?" деп, менi iздей бастаған ғой. Балалардың мәселесiн шешейiн деп кино алаңына келсем, баяғы Сара апам жүр. Ол кiсi де менi көре салып, маған қарай жүрдi. Сондағы ол кiсiнiң маған айтқан сөзi әлi есiмде: "Сен ендi құтылмайсың. Сенiң өмiрiңдi киномен өткiзетiн қылам", – дедi. Сол күнi кешкiсiн Құрманбек Жандарбековтiң туған күнi екен. Абдолла ағаның бiр жақсы әдетi болатын. Кино алаңына ылғи қартайған адамдарды жинайтын. – Абдолла аға деп отырғаныңыз Қарсақбаев па? – Иә. Қартайған актерлердi жинайтынының себебiн кейiн бiлдiм. Ол кiсi осылай үлкен актерлердi жинап алып, түсiру алаңында екi-үш ай демалдырады екен. – Қартайған адамдар дегенiңiз кiмдер? – Құрманбек Жандарбеков, Қапан Бадыров, Байдiлда Қалтаев сияқты ағаларымыз ғой. Ол кезде Мәкiл Құланбаев, Мұхтар Бақтыгереевтер жiгiт ағасы. Ыдырыс Ноғайбаев басты рольде ойнайды. Әнуар Молдабеков қызыл әскердiң бiрi. Елге танымал ұлы актерлердiң көбiн сонда көрдiм. Қонақтардың бәрiн екi қазақ үйге жинапты. Жастары бөлек, үлкен кiсiлер бiр бөлек. Отырысты Сара апамыз басқарып отыр. Алматыдан келген актерлер ән айтты. Сара апа бiр кезде: "Елдiң алты ауызын естиiк. Мына ауылдағы мұғалiм жiгiтке де сөз берейiк те", – дедi. Өзiм де зорға тұрғам. Қолыма домбыра тигеннен кейiн, әуелi "Боз жорғаны" шырқадым. Құрманбек ағаның жақсы көретiн әнi ғой. Халық әндерiн бiрiнен соң бiрiн шырқай бердiм. Қанабек Байсейiтов: "Әй, Абдолла! Сен екi-үш күн бұрын бiр актер iздеп едiң ғой. Мынау деген жанып тұрған жiгiт қой. Осыны көрсеңшi", – дедi. Абдолла дегенiне қарасам, шашын тықырлап алған, өзi қараторы кiсi екен. Бадырайған көзi тура маған қадалып қалды. – Абдолла ағаның жасы нешелерде едi ол кезде? – Отыз беске келген кезi ғой деймiн. Абдолла онша кәрi көрiнбейдi. "Өзiм де байқап отырмын, Қанеке! Ертең көремiз", – дедi. Ертесiне Абдолла аға шақырып алып: "Атқа мiне бiлесiң бе?", – дедi. Сценарийiн оқып отырсам, менiң сомдайтыным құлдың ролi екен. Атты ерттеп алып келдi. "Аға, бұл құл болатын болса, мұнда ер-тоқым қайдан болсын?! Бұл тоқым салып, жайдақ мiнiп жүрген қу ғой", – дедiм. "Е-е, мынау дұрыс айтып тұр-ей" деп, ер-тоқымды алдыртып тастады. Жайдақ атқа қарғып мiндiм. Абдолла аға мәз-мәйрам болып жүр. Сценасын ойнап, шауып келiп, айтатын сөзiн айтып бердiм. Тоқтағаным сол едi, бүкiл тұрған елдiң бәрi қол соқты. Сол күнi түсiру алаңы бiттi. Ең бiрiншi рет екi дубльге түскен мен екем. Бүгiнгi күнге дейiн сол. Менде екi дубльден артық ойын болмайды. Содан кино түсiрушiлер фильмдi Алматыға алып кеттi. Алматыға кеткеннен кейiн, ауылда бiр жетiдей күттiк. Бiр жетiден соң, Абдолла аға шақыртты. Алматыдан Камал Смаилов келiп жатыр екен. Камал ағаға менi таныстырды. Камал аға маған: "Мына түсiрiлген дубльдердiң iшiнде сен үздiгi болып шықтың. Құттықтаймыз", – дедi. Онда бұл сөздiң мәнiсiн онша түсiне қойғам жоқ. Үйге келiп едiм, артымнан үйге Ыдырыс аға да келдi. Қасында Әнуар Молдабеков бар. – Ыдырыс аға мен Әнуар аға бiр-бiрiмен нағыз дос болды ма? – Ағалы-iнiлi болып қатты араласты ғой. Ол кезде актерлердiң бәрi сондай болатын. Кейiнгi кезде ғой, кәкiр-шүкiр актерлердiң есейген актерлерге тиiсiп жүргенi. Өздерiн көрсеткiсi келедi. Мен мұны әдепсiздiк, тексiздiк дер едiм. Ол кезде актерлер бiрiн-бiрi қатты сыйлайтын. Үлкендер келе жатқанда жас актерлер жол берiп, құрметтейтiн. Мұның өзi әдептi бiлдiредi. Қазақы ғұрыпты сыйлағанымыз. Жаңа мен не айтып отыр едiм?.. – Екi ағаңыз үйiңiзге келдi… – Екеуi үйге кiрiп келдi. Отырдық. Шай iштiк. Ағалық ақылдарын айтып, құттықтап жатыр. "Сен ендi актер болдың. Достарың да, дұшпандарың да көбейедi. Ең бастысы, арақтан сақ бол", – дедi. Екi үлкен ағамнан алған алғашқы батам едi бұл. Сонымен түсiру бiттi. Кино түсiрушiлер де, актерлер де Алматыға қайтты. Камал аға сол жолы маған: "Бiз сенi Алматыға шақырамыз", – дедi. Ол кiсiлер кеткеннен кейiн, менiң жүрегiмнiң жартысы бiрге кеттi. Онда отбасым бар. Тұңғышымыз дүниеге келдi. Үйге сыймаймын. Ендi маған бiреу күлсе болды, маған сол дұшпан сияқты көрiнiп тұрады. Бұрынғы қалпыма қайта түстiм. Жаркентке "тентек, бұзық" деген атым қайта шыға бастады. Досымның ағасы милицияда iстейдi. Сол кiсi үнемi құтқарып алады. Сөйтiп жүргенiмде Алматыдан телеграмма келдi. Әйелiме айттым: "Сен маған рұқсат бер", – дедiм. Киностудияға келсем, Камал ағалар Мәскеуге жиналысқа кетiп қалыпты. Содан не керек, тұратын жерiм жоқ. Киностудияның алдындағы қарауылдар жататын будкада түнеп жүрдiм. Соның iшiнде екi диван бар екен. Бiреуiн мен алдым. Күнде таңертең бетiм гүп болып iсiп кетедi. Түнiмен қандала шағады. Сақал-мұрт болса, өсiп кеткен. Iшетiнiм газды су. Басқа түк жоқ. Бiр күнi көкбазарды жағалап келе жатсам, "Мемлекеттiк қуыршақ театрына актерлер қабылдайды" деген жарнама iлiнiп тұр. Театрды iздеп, тауып бардым. Түрiм қорқынышты болып кеткен. Сақал-мұрт алынбаған, киiмiм мыж-мыж. "Не бiлесiң?" дедi. "Өлең айта аламын" дедiм. Даусым да шықпай қалыпты. Қырылдап-сырылдап әрең ән айттым. Сонымен сол күнi әлгiлер менi қабылдамады. "Базарыңа барып, жұмысыңды iстесеңшi" деп шығарып салды. Менi көшеде тентiреп жүрген бiреу деп қабылдаған болу керек. Ол сөзге намыстанып, iшiм күйiп барады. Вокзалға барып, екi күн түнедiм. Ол жердегi милиционерлер де танып алды. Әкемнiң бiр танысы болатын Алматыда. Әкем үнемi "күйеу бала" деп отыратын едi. Сексеуiлдi базда тұратынын бiлем. Соны жұрттан сұрастырып жүрiп, тауып алдым. Үйде үлкен анамыз бар екен. Менi құшақтап, көзiнiң жасын бiр сығып алды. Шабаданымды қойып, жағдайымды айттым. Баласын шақырып алып, тапсырма бердi. Баласы менi моншаға апарып, жуындырып, киiм бердi. Үш-төрт күн жан шақырып алғаннан кейiн, қуыршақ театрына қайта бардым. Намыстанып қалғам ғой. Қалайда сол жерге жұмысқа тұрамын деп ойладым. Әлгiлер менi тiптен таныған да жоқ. Менiмен "сiз" деп сөйлесе бастады. Сөйтiп, сол жолы театрға актер болып қабылдандым.
“ШӘКЕН АҒА ОЛ КIСIНI "ГҮЖIЛДЕК" ДЕЙТIН”
 

– Әуелгi еңбек жолыңыз Қуыршақ театрынан басталды ма, сонда?

– Қуыршақ театрынан басталғанымен, мен онда көп жұмыс iстей қойғаным жоқ. Бiр ай өткен жоқ, киностудиядағылар шақырып жатыр дедi. Бiреулерден естiген болуы керек. Бардым. "Балалық шаққа саяхат" деген фильмге менi басты рольге бекiтiптi. Болат Қалымбетов кiшкентай баланың ролiн ойнайды. Мен мұғалiм Сағатбайдың ролiн ойнаймын. Осы фильмдi түсiрiп жүргенiмiзде, "Қызылтастағы застава" деген фильм түсiрiле бастады. Бұл фильмдi Шәрiп Бейсенбаев түсiрдi. Сол фильмге менi де бекiтiптi. Қызығы онда емес. Ең қызығы, театрдан актер шақырса, актердi пайдаланғаны үшiн, театрға ақша төлейдi екен. Менi киноға түсiргенi үшiн, киностудияға қуыршақ театры пәлен сом салық салыпты. Бiр күнi Камал аға шақырып алды. Мәншүктiң фильмi басталайын деп жатқан. Камал аға: "Саған бiз мұнша ақша төлеп жатырмыз. Сен ол театрды тастап, киностудияға бiржолата кел. Бiз штат ашамыз", – дедi. Сөйтiп жүргенде бiреулер маған: "Сенi Шәкен аға iздеп жатыр. Сол кiсiге бар" дедi. Шәкен ағаны естiгенiм болмаса, бұрын өзiн дұрыстап көрмегем. Шәкен аға маған: "Бiз штат ашып жатырмыз. Бiр актер қабылданды. Қазiр сол актермен таныстырамын. Сен де осында кел. Екеуiң бiрге жүресiңдер", – дедi. Арада көп уақыт өткен жоқ. Әлгi айтқан актерi келдi. "Әй, гүжiлдек, келдiң бе?" – дедi Шәкен аға. "Саған iнi тауып бердiм", – дедi. Қарасам, өзiмнiң Қодарым, яғни Нұрмұхан Жантөрин. "Махаббат туралы аңыз" деген фильм шықты. Қозы Көрпеш-Баян сұлу жөнiнде. Жұрттың бәрi Қозыға, Баянға жылап жатқанда, мен Қодарға жаным ашып жылаған едiм. Оған менiң жолдастарымның жата кеп ренжiгенi бар. Сонда Нұрмұхан ағаның әбден сенiмдi қып ойнағанының арқасында ғой, Қодарды аяп жүргенiм. Сөйткен Қодарым алдымда тұр. Нұрмұхан аға екеумiз, ол кiсi аға, мен iнi боп, ол кiсi ұстаз, мен шәкiрт болып, өле-өлгенше бiрге жүрдiк. Қатты сыйластық. Нұрмұхан ағаның көп дүниесiн менен артық бiлетiн адам жоқ. Нұрмұхан ағадай "Зәурештi" шырқаған адамды көргенiм жоқ. Актерлiк шеберлiкпен айтатын едi. Ол кiсi айтқанда сай-сүйегiңдi сырқыратып жiберетiн. – Нұрмұхан ағаның театрдан кеткендiгi туралы да алуан-алуан пiкiрлер айтылады. Мәмбетовпен екеуiнiң арасы дұрыс болмаған деген сөздер де бар. Ақиқаты қалай? – Өнерлi адамдардың арасында мұндай дүние болады. Бiрақ екеуi бiрiн-бiрi сағынып жүретiн. Жұрт айта берсiн. Мысалы Нұрмұхан ағаның қасында өте жақын жүргенiме қарамастан, Әзекең менi театрға шақырды. Шәкен аға жiбермей алып қалды. Егер Әзекең Нұрмұханды жау көретiн болса, дұшпан санаса, олай жасамайтын едi ғой. Өнер адамдарының өзiне тән мiнезi болады. Мiнезсiз өнер де болмайды. Сондықтан Әзекең менi көрiп қалғанда: "Гүжiлдек ағаң қалай? Аман ба?" деп сұрап жататын. Жау болса, олай сұрамас едi ғой. Нұрмұхан аға да: "Әзекең қалай екен? Денсаулығы қалай екен?" деп сұрайтын менен театрға барып келсем. Туған бауырлардың арасында да өкпе болады. Сондықтан олай әңгiме айтудың жөнi жоқ. Екеуi де дарынды адамдар. Екеуiн де өнердiң жаялығына орап тастаған адамдар. Олай қарауға болмайды. Бiрiн-бiрi аңсап, бiрiн-бiрi сағынып жүрдi. – Кененбай Қожабековпен ше? Ол кiсiмен де жиi араластыңыз ба? – Ол кiсiмен де бiрге жүрдiк. Бiрге тұрдық. Ол кiсi туралы да әңгiмелер жиi айтылады. Нұрмұхан аға, Кененбай аға, Ыдырыс аға туралы айтып жүрген әңгiменiң бәрi өтiрiк. Өздерiне сөз келтiрмеу үшiн ойлап тапқан әдiстерi. Өмiрден өтерiнде бұлар бiр-бiрiмен тату өттi. Бұлардың өздерi сол өсектен арыла алмай қалды. Төбелес болған кезде бiреуi көмек шақыруға кеткен, екiншiсi жедел жәрдемге жүгiрген. Ал оны жұрттар сан-саққа жүгiртедi. Бiрге бас қосқандарында үшеуi де осыны айтты. Үшеуiнiң арасын жасанды өсек бұзды. – "Атаманның ақырында" ойнаған кезде неше жаста едiңiз? Сiздiң кейiпкерiңiзге көрiн өзiне қаздыртып, ақтардың ататын тұсы бар. Сол көрiнiске көрермен бей-жай қарай алмайды. – 27-28-дегi кезiм. Кинода бiрге түскен ағаларымның бәрiмен бiрге жүрдiк. Қатар өстiк. Ондай адамдардың арасында ешқандай жамандықтың болмағанын менiң сезетiнiмдi ол кiсiлер бiлдi. Үшеуi де өмiрден өтерiнiң алдында менi iздептi. Оның өзi бiр тарих. Кененбай аға ауруханада жатқанда мен бардым. Биiк төсекте жатыр екен. Екi күн бойы ес-түсiн бiлмей жатқан. Сонда ұлы Iлияс: "Әке, Нұржұман аға келдi" – деп күбiрлеп едi. Есiнен айрылып жатқан Кененбай аға көзiн ашып: "Қайсы? Нүкең қайсы, қайсы?" деп, басын көтерiп алды. "Мен мұндамын" деп қасына жақындадым. "Аман болыңдар" дедi де, қолымды жiбере салды. Есiктiң алдына шыққанымда, ұлы Iлияс: "Екi сөтке есiн бiлмей жатыр едi. Қараңызшы, сiздi таныды" дедi. Ыдырыс аға өмiрден өтерден он бес күн бұрын менi алып шықты көлiгiмен. Қаскелен жақты бiрге аралап қайттық. Ауырып жүр екен ғой. – Қатты ауыратын ба едi? – Ауырғанда, iсiк омыртқадан миға шауып бара жатқан кезi екен. Екеумiз бiрге жүрiп, кинодағы кездердi айтып, ананы-мынаны айтып, әңгiмелестiк. Содан кейiн мен Мәскеуге кетiп қалдым. Мәскеуге кеткеннен кейiн, көп ұзамай Ыдырыс аға қайтыс болды. Сөйтсем, ағамның өзi сезiп жүрiптi. Соңғы рет болса да, бой жазғаны екен. Жерлеуiне ғана үлгердiм. – Нұрмұхан аға ше? – Нұрмұхан аға дүниеден өтетiн күнi, яғни 1 мамыр күнi түнде телефон шалды маған. "Әй, опасыз, келмейсiң бе?", – дедi. Ол кiсi жақсы көрген адамын "айналайын" деп емес, "опасыз" деп айтатын. "Аға, түн iшiнде, он екiде қайда барам?" – дедiм. "Келмейсiң бе? Отырамыз, әңгiме айтамыз", – дедi. "Қойшы, аға. Ертең барайыншы", – дедiм еркелеп. "Әй, жарайды" дедi де тұтқаны қойды. Сол күнi түнгi сағат төртте инфаркт алады. Күнi бүгiнге дейiн өкiнем. Егер сонда барсам, мүмкiн ойын басқа жаққа аударар ма едiм, мүмкiн жазылып та кетер ме едi деп ойлаймын. Таңғы сағат жетiде ауруханаға апарады. Есiк алдындағы дәрiгерлер "Екiншi қабатқа шығып, диванға отыра берiңiз" дейдi. Инфаркт алған адамды жаяу жүргiзуге болмайды ғой. Нұрмұхан аға жаяу көтерiледi. Палатаға жатқаннан кейiн-ақ, жүрiп кетiптi. Шығарып салғанда, Щербаков деген досы екеумiз таң атқанша қасында отырдық. Ағаларымның қуанышында да, ренiшiнде де қастарында болдым. Олар туралы таңды таңға соғып, әңгiме айтуға болады. 1968 жылы "Камал аға шақырып жатыр" дедi. Келсем, Камал ағаның кабинетiнде ығай мен сығайдың бәрi отыр. Ғабит Мүсiрепов те бар екен. Амандасып едiм, Камал аға маған: "Сенi Мәскеудегi әйелiң шақырып жатыр", – дедi. Түк түсiнер емеспiн. Миымда пленка жүрiп жатыр. Мәскеуде кiммен кездесiп едiм деп ойлап жатырмын ғой. Сосын Камал ағаға: "Менiң ешқандай әйелiм жоқ", – дедiм. Камал аға күлдi де: "Московская жена" деген фильм түсiрiлейiн деп жатыр екен. Соған сенi шақырып жатыр", – дедi. Ол кезде киноның бәрi Мәскеу арқылы өткiзiледi ғой. Режиссерлер көредi. Эдуард Бачаров деген режиссер менiң ойнағанымды көрiп, ұнатып, өзiнiң фильмiне шақырған ғой. Мәскеуге кеттiм. Келсем, кабинетiнде атақты Коля Рыбников отыр. Қасында Алла Ларионова бар. Оны онша бiлмеймiн, ал Коляны жақсы танимыз.
“БҰЛ АТАҚТАР КИНОДА ШЫҚҚАН БЕЛЕСIҢНIҢ БIР БЕЛГIСI БОЛЫП ҚАЛДЫ”
 

– Коля Рыбников дегенiңiз "Весна на Заречной улице" деген фильмде ойнаған атақты актер емес пе?

– Иә. Оның "Высота" деген фильмiнiң өзi керемет емес пе? "Жетiншi аспан" фильмiнде менiң әрiптесiм Ольга Сошникова деген актриса болды. Басты рольде төртеумiз. Кино басталып кеттi. Соның арасында "Атаманның ақырына" түсiп болғам. Шәкен аға ол фильмдi Мәскеуге өткiзуге алып келдi. Кино өттi. Тойлап жүрмiз. Коля Рыбников Шәкен ағаның досы болатын. Шәкен ағаны Мәскеуде танымайтын адам жоқ. Шәкен ағаның маңайында бәрi топырлап жүредi. Ертесiне бiз басқа қалаға ұшатын болдық та, сол күнi түнде Коляның үйiнде бас қостық. Қуат Әбусейiтов бар. Ертеңiне бiз Донецкiге ұшып кеттiк. Үш күннен кейiн "Коля шақырып жатыр" дедi. Бардым. Қарасам, түрi өзгерiп кеткен. "Нурик, мы Шакена потеряли" дедi. "Как потеряли?" деппiн. "Да, вот, случилось трагедия" дедi. Бiз жиналып, Мәскеуге жеткенше, Шәкен ағаны елге алып кетiптi. – Шәкен ағаның өлiмiне байланысты да күмәндi пiкiрлер жиi айтылады… – Әркiм әртүрлi әңгiмелер айтып жүр. Оның өлiмiнiң құпия ештеңесi жоқ. Эльдар Оразбаевтың әпкесi Элеонора Оразбаева деген әншi апамыз болды. Сол кiсi өз көзiмен көрiптi. Үкiметтiң адамдары жүретiн үлкен көшелер бар. Сол көшелердiң астымен жер асты жолдары өтедi. Шәкен ағаның жердiң астымен жүретiн әдетi жоқ. Ол кiсi үнемi үстiмен өтедi. Ол кiсi өтiп келе жатқанда үкiметтiң арнайы көлiгi келе жатады ғой. Олардың бiр әдетi бiр машина бiр машинаны алмастырып отырады. Сол арқылы үкiметтiң адамы қай машинада отырғаны бiлiнбейдi. Төрт-бес машина бiрiнен кейiн бiрi ауысып келе жатқанда, соның бiрi Шәкен ағаны қағып кетедi. Негiзi, жаңағыдай әңгiменiң өзi сол жақтан шықты. Менiң ойымша, үкiметтiң адамы басып кеттi деген сөз болмасын деген оймен әдейi ойлап табуы да мүмкiн. Бiз Шәкен ағаның жерлеуiне кешiгiп келдiк. "Жетiншi аспан" ("Мәскеулiк әйел") фильмi бiткен соң да, Мәскеуде бiраз фильмдерге түстiм. Құдайға шүкiр, кинода жүрiп, пәтерлi де болдық. Содан киноға түсудi әрi қарай жалғастыра бердiм. Кинодан тұңғыш рет Мемлекеттiк сыйлықты да алдым. – Алдыңыздағы ағалардың ешқайсысы кино саласында Мемлекеттiк сыйлық алмаған ба? – Ыдырыс аға сол жолы менiмен бiрге алды. Ол кiсiнiң театрдан алған сыйлығы болды. Нұрмұхан ағаның атағы болмады. Кененбай ағада да болған жоқ. КСРО-ның Еңбек сiңiрген әртiсiне Наталья Орынбасарова екеумiздi бiрге ұсынды. Олжас Сүлейменов киностудияның бастығы. Олжас құжаттарды қарамай ма? "Мынаусы несi, Қазақстаннан еңбек сiңiрген деген атақ алмаған ба?" деп шошып кетедi ғой. Бiр күнде құжаттарымды әзiрлеп, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi деген атақ алып бердi. Бiр жылда екi сыйлыққа қатар ұсына алмайды ғой. Наташа болса, КСРО-ның еңбек сiңiрген әртiсiн сол жолы алып кеттi. – Сiздiң алған осы атақтарыңыз бүгiнгi күнi көмектесе ме? – Жоқ. Ешқандай көмегi жоқ. Жалғыз маған ғана емес, өзге актерлерге де көмегi тиiп жатқаны шамалы. – Зейнетақыңызға да қосылмай ма? – Жоқ. Қазiр солай болып қалды ғой. Бұрын қосылып жататын, қазiр ол да жоқ. Бұл атақ шыққан белесiңнiң белгiсi болып қалды. Бiздiң басымыздан не өтпедi? Сонау жылдардағы өтпелi кезеңдi де бастан кешiрдiк. Нарық заманы басталған алғашқы жылдары актерлердiң де жағдайы өте қиын болды. Қатты күйзелген кездерiм де болды. 1989 жылы киностудияға бардым. Барсам, тау-тау қар. Кiшкентай соқпақ қана бар. Қарын ешкiм тазаламаған. Он бес шақты жабайы ит жүр. Соның бәрiн көрiп, киностудиядан шығып алып, алғаш рет сонда жыладым. Құдайға шүкiр, қазiр кино көшi түзелдi. Елбасы өзi көңiл бөлiп, киностудияға көмек бере бастады. Қазiр киностудия қарқынды жұмыс iстеп жатыр. Аппараттардың бәрi жаңарды. Соңғы үлгiдегi техника киностудияға көшiп келдi десек те болады. Студияның жағдайы жаман емес. Талантты актерлер де, талантты режиссерлер өсiп келедi.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары