763
ТОРҒАЙ ДАТҚАДАН МҰСТАФА ШОҚАЙҒА ДЕЙIН...
ТОРҒАЙ ДАТҚАДАН МҰСТАФА ШОҚАЙҒА ДЕЙIН...
Атақты Мансұр Бекежанов (Нартайдың ағасы) ақын "Иманжүсiпке хат" деген жырында Торғай датқа хақында:
"Екiншi болған екен Торғай датқа, Адам жоқ кеңес тапқан ондай жұртта. Ел қамын сондай ерлер ойлап өткен, Мастанып, әуелемей қонған баққа" – деп жырлаған. Ақын жыры Торғай бидiң ел iшiндегi беделi мен билiгiн көрсетсе керек. Торғай Қуатбайұлы (Қуатбаев) Қарақыпшақтың Торы аталығынан тараған. Шаштыдан – Бошай туады. Осы күнi Бошаймыз дейтiн аталық бар. Бошайдан – Арыс – одан Қолдау. Қолдаудан – Жанай – одан Темiр тараған. Темiрден Қуатбай. Бiз әңгiмелеп отырған Торғай би (датқа) Қуатбай бабадан тарамдалады. Торғайдан – Шоқай, Қалымбет, Әлiш, Оспан өсiп-өнген. Шоқайдан – Сыздық, Мұстафа, Нұртаза туған. Ел аузындағы айтылып жүрген әңгiмелерде Торғай Қуатбайұлы есейген кезiнде Арқа жақтан Сыр елiне келiп қоныстанып, осында үйленедi. Сол тұста көп жыл баласыз жүрген Торғай: "Баламның атын өзiм қояйын, қатынмен екеумiз шоқайып отырушы едiк, баламның аты Шоқай болсын" – дептi-мiс. Торғай бидiң (датқа деген – Қоқан хандығындағы полковник, генерал дәрежесiндегi әскери атақ) туған және өмiрден өткен жылдары әртүрлi жазылып келедi. Бiр зерттеушi 1851 жылы, ендi бiрi 1872 жыл дегендi айтады. Алайда тарихи кiтаптар мен мұрағаттарда оның есiмi 1853 жылдың 23 шiлдесiнде кездестi. Онда орыстардың Ақмешiт бекiнiсiн алғаннан кейiн Жөлек қорғанындағы бейбiт тұрғындардың қорғаннан кетуiне Торғай датқаның беделi себепшi болған. Қорғанда көп мүлiк қалады және қыран бүркiт болыпты. Шенi жоғары басшыларының айтуымен капитан Макшеев осы бүркiттi арнайы тарту ретiнде Торғай биге сыйлапты. Осы кезеңнен бастап Торғай датқа орыс әкiмшiлiгi мен жергiлiктi халықтар арасында саясаткер ретiнде танылады. Кейбiр ауызша деректер мен жазбаларда Торғайдың қажылыққа барғаны да айтылып жүр. Жалпы мақаламыздың басында жазғандай, Торғай бидiң (датқаның) туған жылын анықтау үшiн ата-тек шежiрелiк есеппен есептеуге тура келедi. Шоқай би 1846-1850 жылдарда, ал оның әкесi Торғай би XIX ғасырдың басында туған болып шығады. Ал ол 1882-1883 жылдары қайтыс болса керек. Өйткенi Сырдария желiсiнiң бастығы болған генерал Н.И.Гродеков өзiнiң 1889 жылы Ташкентте басып шығарған: "Киргизи и каракиргизи (Сырдаринская область)" атты кiтабында бiрнеше би, сұлтандармен қатар Торғай биден қазақ халқының тұрмыс-тiршiлiгi, билiк, шешiм-кесiмдер түрiн алғанын жазған және осы кiтапқа Торғай және Шоқай билердiң суреттерiн басқан. Ресей тарихында фотосуретке түсiрудiң пайда болғаны 1850-1853 жылдар болса, ендi Сыр елiндегi ескерткiштерi мен қалаларын түсiру 1866-1867 жылдары басталған. Олай болса, генерал Гродеков Торғай бимен кездескен деуге негiз бар. Дегенмен Торғай бидiң орысша, арабша сауатты болғанын ескерсек патша генералымен өзi тiкелей әңгiмелескен сияқты. Торғай бабамыздың артында тарихи жазбалар қалды, Торғай би айтты деген қазақ халқының билiк шешiмдерi мен кесiмдерi жазылып алынған. Торғай кейiнгi ұрпағына өз халқының мол мұрасын қалдырды десе болғандай. Торғай би ру, аталықтардың ұрандары мен таңбалары, олжа, ноқта ағасы, той басталуы, сыйлы қонақтарға берiлетiн сый-сыбаға, шариғат, әдет, жетi атадан кейiн үйлену шарты, балалардың өгей шешесiне үйленбеуi, оқытушысына үйленбеуi, еншiлес бала, достар сыйластығы, дос-тамырлық қасиеттерi, балаларына еншi берудiң жолдары, қалың мал төлеудiң нормалары, жын-шайтан хақында, жылу жинау жайлы, еншi басы, қалыңдық айттырып, қыз ұзату сияқты қағидаларын айқын айтқан. Сондай-ақ Торғай би мал сату мен сатып алудың үш шарты барын: 1) малды сатып аларда малдың кемшiлiгi болса, келiсiп 3-4 күннен кейiн егесiне қайтару; 2) сатушы малының кемшiлiгiн бiле тұрып, алушыны қыстамайды; 3) малда кемшiлiк болса, сатушы керi қайтарып алатынын айтыпты. Ат-тон айып, билiк айту, куәлiкке тарту, ант қабылдау, қызды зорлағанға үш тоғыз айып тағу сияқты қазақ жұртшылығында қолданып жүрген билiк түрлерiн атап көрсетiп, өзiнiң қабырғалы би екенiн iсiмен де, сөзiмнен де көрсете бiлген. Торғай демекпiз. Торғай бидiң қанатты сөздерi: …Алдиярға мас болған жаман төре. Жаман өз туған жерiн ұмытады. Ит өзiнiң қыңсылаған жерiн ұмытпаса, Ер өзiнiң туған жерiн ұмытпайды. Үйлену жетi атадан кейiн, Әдет пен Шариғат жолы екi басқа. Тамыр дос, құрдас төбе дос. Қызға мал бергенмен, Келiншекке – мал бергенiм жоқ. Қатын ақылсыз, бақа құйрықсыз. Қой жаман болса, айып төле. Алдыңа келгенi – намысыңның бiткенi, Алдыңа келгенде, атаңның құнын кеш. Мойнына қосақ, көтiне тiреу. Торғай бидiң бұдан басқа да айтқан ақыл, нақылдары бар дейдi. Торғай би (датқа) айбынды да, қабырғалы би болған. Бiрде ағайындас екi би Әжiбай мен Торғай араздасып қалыпты. Осы араздықтың салқыны жұртшылыққа әсер еткенiн сезген Досбол би Торғайға арнап: Әй, Торғай! Ақ тоныңды жамандап, Мақпалды қайдан табарсың? Ағайынды жамандап, Жақынды қайдан табарсың? Әдiл болсаң жұртыңа Ұзақ жылға шабарсың! – деп екi бидi татуластырып жiберiптi. Торғайдың үлкенi Шоқай шамамен 1850-1852 жылдары туып, 1912 жылы өзi туып өскен Сарышығанақта қайтыс болған. Шоқай жасынан билер сөзiн тыңдап, жұртшылықпен тiл табыса бiледi. Шен-шекпенi болмағанмен Шоқай ел билiгiне араласады. Сөйтiп Шоқай би атанған. Сарышығанақтағы 2 сыныптық мектептiң салынуына үлес қосады. Егiн егу және мал шаруашылығымен айналысып, орта шаруа болыпты. Шоқайдың үш ұлы, екi қызы болған. Шоқайдың – Сыздық, Мұстафа, Нұртаза атты ұлдары сол кезеңдегi елдiк iстерге белсене араласқан жастар болады. Ел аузында мынандай әңгiме бар. Шоқайдың қартайған кезi екен деседi. Құдашасына Шоқай қалжындап: Уа, құдашам, сегiзде тiсiм түстi, Сексенде саған iсiм түстi. Дүние өтер-кетер, Құдаша көрпеңдi көтер. Маған келген кәрiлiк, Ертең сенi де қуып жетер. Бидiң сөзiн тыңдап болған құдаша: Сексендегi серi шал, Қайратың болса көрiп қал. Қамданып қасыма келген екенсiң, Бауырыма қысып, басыңнан сипайын Кеуiлiң кең болса, Көрпе ашық, – дептi. Екеуi де ұтырлы сөзге тоқтапты. Шоқайдың туған iнiсi Әлiш орыс мектебiнде оқыған кiсi. Әлiш Торғаев 1857-1860 жылдар шамасында қазiргi Шиелi ауданындағы "Наршоқыда", қазiргi Мұстафа Шоқай ауылында туып, осында қайтыс болған. Ол Перовскiде, Ташкентте оқыған. Ол 1891 жылы ауылдастарына жаңадан мектеп үйiн өз қаражатына салып бередi. 1903 жылы Сарышығанақтағы мектептiң басқарушысы әрi мұғалiмi болған. Орыс-қазақ қатынас құжаттарынан (Перовск уездiк) Торғайұлы Әлiштiң "Құрметтi қазақ" атағы барын, әрi би, әрi бай болғанын бiлемiз. Осы мектептiң қамқоршысы және Жөлектегi әскерилерге отын, шөп және күш-көлiкпен көмектесiп отырған. Оны патша генералдары Станиславскi лентасы, халат, қанжармен марапаттаған. Шоқай Торғайұлының үлкенi Сыздық 1874 жылы туған. Мұстафамен жас айырмашылығы – 15-16 жас. Сыздық бәйге ат ұстайтын, атбегi (атсейiс) болыпты. Үнемi асыл тұқымды екi ат ұстап, баптаған. Сыздық 1905-1908 жылдар аралығында Гродевский болысын басқарған. Мұстафа Шоқай Мұстафа Шоқайұлы Наршоқыдағы Тораңғылда туған. Ал туған жылы әртүрлi жинақтарда 1889, 1890, 1891 жыл деп жазылып жүр. Соңғы жылдары шыққан кiтаптарда 1886 және 1890 жыл деп жазылған. Мұстафа атақты Торғай датқаның (бидiң) немересi. Ақмешiт, Ташкентте, соңынан Санкт-Петербордағы университеттiң заң факультетiн бiтiрген сауатты да саналы қазақ жастарының бiрi бола бiлдi. Ақмешiт, Ташкент, Орынбордағы қазақ жиындарына және Ресей мемлекеттiк думасында сөз сөйлеген. Түркi әлемiнiң бiрiгуi жолында аянбай, қажырлы күрес жүргiзiп, Қоқан автономиясын басқарғаны белгiлi. Орта Азиядан шығып, есiмi танымал болған, көрнектi саяси қайраткер, Алаштың арысы, аса бiлiктi дипломат. Соңғы жылдарда Қазақ елi Мұстафа Шоқайға кеңiнен ден қойып, шетелдегi көп мұраларын елге әкелуде. Көптеген зерттеушi-жазушылар өз шығармаларын арнады. Оның еңбектерiн жиыстырып кiтап етiп бастырды. Елiмiздiң көптеген қалалары мен елдiмекендерiндегi көшелерге Мұстафа Шоқай есiмi берiлiп, ескерткiштер орнатылуда. Мұндай игiлiктi шаралар бүгiнде жалғасын тауып отыр. Мұстафа бiраз зерттелсе де, оның арғы бабалары мен аға-iнiлерi жайлы оқырман қауым терең бiле бермейдi. Ендi соларды жете зерттеу тарихшы ғалымдардың мiндетi. Осы мақалаға қосымша ретiнде Мұстафа Шоқайдың Ташкенттегi оқығаны туралы мұрағат деректерi және Мұстафаның арғы бабасы Торғай би мен өз әкесi Шоқай, Ахмет Торғаев және Шақаман Ескеновтiң билiк жасап отырған суреттерi берiлiп отыр. Осындағы би Ахмет Торғаев Торғай бидiң ұрпағы болуы да мүмкiн.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi, этнограф