АҚБОТАНЫҢ ОН БЕСIНШI КӨКТЕМI

АҚБОТАНЫҢ ОН БЕСIНШI КӨКТЕМI

АҚБОТАНЫҢ ОН БЕСIНШI КӨКТЕМI
ашық дереккөзі

Ақбота Керiмбекованың ән әлемiнде жүргенiне он бес жылға жуықтапты. Тұлымшағы желбiреген кiшкентай қызды сахнаға анасы Бибiжар Маханбетова алып шығып едi. Талантты қызының жолын байлағысы келмеген әншi ана өзiнiң өнерiн баласының жолында құрбан етiп, Ақботаның өнер әлемiнде еркiн жүзуiне қолынан келгенше мүмкiндiк жасады. Күнi кеше ғана едi-ау Ақботаның "Аппақ гүлдер" деп ән салғаны. Күнi кеше ғана едi оның "Бегiмайдың жырын" сызылтқаны. Әнi-мiне дегенше, көздi ашып-жұмғанша, он бес жыл да өте шығыпты.

Ақботаға мерейтойлық кешiнiң алдында "Он бес жыл бұрынғы Ақботамен бүгiнгi Ақботаның айырмашылығы қандай?" деп сауал тастаған едiк.

– Пендемiз ғой. Көп нәрсеге қол жеткiзгiмiз келедi, – деп бастады әңгiмесiн Ақбота. – Арманымыз көп. Әншi болған соң, өнерде жүргеннен кейiн көп нәрсенi армандайсың, көп нәрсеге қолым жетсе дейсiң. Iшiмде бұлқан-талқан болып жатқан дүниелер әлi көп. "Болдым-толдым" дей алмаймын. Алла амандығын берсе, "жасасам" деген арманым әлi көп. Қазақ сахнасында қазақтың ән өнерiн шарықтатсам, жастарды тәрбиелеп, соларға бiлгенiмдi үйретсем деймiн. Қазiр ендi орта буын болып қалдық қой. Өзiмнен кейiнгi iлесiп келе жатқан жас дарындарға дұрыс жол көрсетсем деген ойым бар. Ал сiздiң сұрағыңызға келсем, адам әр күн сайын өзгередi. Адамның әр күн сайын ой-санасы толыса түседi. Кешегi жiберген кемшiлiктерiңдi, өткен қателiктерiңдi ертең қайталағың келмейтiн сәттер болады. Адам баласында қиыншылықтар болады, кемшiлiктер болады, бақытты сәттер болады. Он бес жыл бұрын бойжеткен, ару болсақ, бүгiнде үш ұлдың анасымын. Мұны мен өзiмнiң жеткен ең үлкен жетiстiгiм деп бiлем. Ары қарай ұлдарым үшiн өмiр сүрем. Соларға дұрыс тәрбие берсем, солардың қазақтың жақсы азаматы болып өсуiне жол көрсетсем, менiң Ана ретiндегi үлкен парызым деп бiлем. Өнер адамы ретiнде он бес жыл iшiнде өскен шығармын, ән таңдауда ерекшелiктерiм болған шығар деп ойлаймын.

– Әншi ретiнде осы он бес жылда талай қиындықтар болған шығар, талай асулардан өткен шығарсыз. Қиналған да тұсыңыз болды, марқайған да кездер өттi. Сол сындардан сүрiнбей, қиналмай өтуiңiзге қолұшын берген адамдар бар ма?

– Әуелi бiр Аллам жар болған шығар. Алла Тағала маған қайтпас-қайсар мiнез берiптi. Қиындыққа қаймықпай қарсы жүзетiн, турашыл, қайсар мiнезiм бар. Әйел болғаннан кейiн, көз жасыңа ерiк бермей тұра алмайсың. Көздiң жасын бiр сығып аласың да, ары қарай өмiр сүре бересiң. Екiншi үйдегi Анам үнемi қолұшын созып, көмегiн аяған жоқ. Балаларымды бағып-қағып отырған да сол кiсi. Менiң өнерде қиындық көрмей, емiн-еркiн жүруiме де жағдай жасап отырған Анам. Ал жеке өмiрiме ешкiмдi араластыруға тырыспаймын. Әркiм өзi үшiн жауап беруге тырысу керек. Жас кезiңде жастық қателiктер болады. Балалық кезде балалық қателiктер болатын шығар. Мұндай қателiктер кез келген адамның басында кездеседi деп ойлаймын. Он бес жыл бойы өнерде келе жатқаным, ол – Анамның арқасы деп айтар едiм.

– Өнерде жүрген адамға, жұртшылықтың көз алдында жүретiн әншiге ең басты қажеттiлiк не деп ойлайсыз?

– Ең бiрiншi, өнер адамына қажеттi нәрсе – дарын. Дарының жоқ болса, қанша тыраштанғаныңмен, сахна төрiнде ұзақ жүре алмайсың. Дарынсыз қалпыңмен көпшiлiктi де алдай алмайсың ғой. Әншiлiк қабiлет керек. Одан ары қарай дарынға iздену қажет. Кез келген нәрсе үлкен iзденiспен, еңбекпен келедi. Iзденбеген, еңбектенбеген адам ұзақ шаба алмайды.

– Он бес жыл бойы қиындықтың бәрiн жалғыз арқалап келесiз бе? Әлде көмек беретiн продюсерiңiз бар ма?

– Былтырғы жылға дейiн барлығын да жалғыз өзiм атқарып келдiм. Өзiммен-өзiм жүрген адаммын. Қаржыны өзiм табам. Өзiм ән жаздыртам, өзiм ән таңдаймын. Бiр жыл болды, қазiр өзiме қолұшын берiп жүрген азамат бар. Ол – Жан Мұқанов. Өнер адамының мiндетi көп қой. Әндерiмдi жаздыртуға, гастрольдiк сапарларға шығуыма Жанның көмегi көп тиiп жатыр.

– "Екi жұлдыз" байқауы сенi өзгеше қырыңнан танытты. Фонограммасыз ән салып, көпшiлiктiң алдына шықтың. Сахнада да солай етуге мүмкiндiк неге жоқ?

– Фонограммасыз ән айтуға болады. Бiрақ оған бiздiң залдарымыздың акустикасы келе бермейдi. Концерт өткiзетiн сарайларымыз тiрi дауысқа сәйкес келмейдi. Шыны керек, техника бiзде дамымаған. Сенiң даусыңды сахнаға лайықтап, реттеп отыратын техникалық режиссерлер де жоқтың қасы. Сахнаға шығып, емiн-еркiн ән салуыңа, мүмкiндiк жасайтын аппараттар болса, режиссерлер болса, неге ән салмасқа?! Тiрi дауыста айтқаннан кейiн, сапалы концерт бергiң келедi. Сапалы концерт жасау үшiн сапалы аппараттар қажет. Оны жасауға қаржымыз жетiспейдi. Оның бәрiн сырттан әкелдiру керек.

– Белгiлi бiр жерде қызмет орның бар ма?

– Жоқ.

– Қаржыны қайдан табасың? Тойдан ба?

– Тойға барамыз. Гастрольдiк сапарларға шығамыз. Қырып-жойып таппасақ та, шүкiр, өзiмiзге жетiп артылады.

– Өзiңiздi қаншалықты баймын деп ойлайсыз?

– Өте бай адаммын деп есептеймiн. Менiң ұғымымдағы байлық деген қара нанды уайымсыз жесем, қара суды қиналмай iшсем, бұдан артық байлық жоқ. Өмiрдегi ең жаман нәрсе – бiреуге мiндет жасау.

– Бүгiнгi қазақ эстрадасында бәсекелестiк бар ма?

– Бәсекелестiк жоқ деп ойлаймын. Бұл – менiң ойым. Әркiм өзiмен-өзi, өз тiршiлiгiн жасап жатыр.

– Қазақ әншiлерiнiң басын бiрiктiретiн, бiр арнаға тоғыстыратын ұйым ба немесе белгiлi бiр орта қажет деп ойламайсыз ба?

– Орта жоқ. Сол ортаны жасасақ па деп жүрмiз. Өнер адамын басқару өте қиын ғой. Әркiм өзiнше "жұлдыз". Сондықтан өнер адамын бiрiктiретiн, басын қосатын арнайы орта қажет.

– Досыңыз көп пе, дұшпаныңыз ба?

– Бiлмеймiн. Бәрiн өзiме дос деп санаймын. Дос па, дұшпан ба деп ойламаймын.

Он бес жыл бойы сахнада жүрген Ақбота Керiмбекова жуырда "Бақыттымын" деген ән кешiн өткiздi. Әншiнiң мерейтойлық кешiне өнердегi достары да жиналды. Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына жиналған қауым да әншiнiң өнерiне тәнтi боп қайтты. Кеште әншiнiң репертуарындағы бұрынғы әндер де, жаңадан жазылған әндер де шырқалды. Анасы Бибiжар Маханбетова да қызының тойына әннен шашу шашты. Сол мерейлi кеште Ақботаның кiшкентай ұлы өзiнiң тұсауын кестi. Сахна төрiндегi он бес жыл әншi үшiн аз да, көп те уақыт емес. Әншi бағындырған биiктер де, асулар да аз емес. Ендiгi мақсаты – көпшiлiктiң берген "Ән әлемiнiң Ақботасы" деген әдемi атын сақтап қалу. Сол биiктен төмендемеудi, аласармауды ойлайды әншi.

Гүлзина Бектасова