ҮКIМЕТТIҢ ҰЙҚЫСЫН ҚАШЫРҒАН ИНФЛЯЦИЯ

ҮКIМЕТТIҢ ҰЙҚЫСЫН ҚАШЫРҒАН ИНФЛЯЦИЯ

ҮКIМЕТТIҢ ҰЙҚЫСЫН ҚАШЫРҒАН ИНФЛЯЦИЯ
ашық дереккөзі

Елiмiздiң 2011-2015 жылдарға жоспарланған орташа экономикалық өсiмi 7 пайызды құрап, жалпы iшкi өнiмнiң (ЖIӨ) мөлшерi жан басына шаққанда 15 мың АҚШ долларына жетуi тиiс. Елбасы Н.Назарбаевтың Үкiметке жүктеген осы тапсырмасы бойынша министрлер кабинетi қызу жұмысқа кiрiскен сыңайлы.

Сейсенбiде өткен үкiмет отырысында Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов аталған тапсырманы жүзеге асыру бойынша алдағы уақытта атқарылатын шаралар жөнiнде баяндады. Оның айтуынша, меженi бағындыру жолында 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламаларда айқындалған бағыттарды дамыту көрсеткiштерi ескерiледi. Қазақ Үкiметi инвестициялық жобалардың есебiнен нақты секторды дамыту арқылы экономиканың өсiмiн қамтамасыз етпек. Сондай-ақ индустрияландыру картасында көрсетiлген инвестициялық жобаларды орындау мен жаңа өндiрiстердi енгiзу де назарға алынуда.

Қазiр мұнай бағасы бiрде аспандап, бiрде құлдырап тұр. Әуелгiде баррелi 127 долларға бағаланған мұнай бағасы 110 долларға дейiн төмендеп кеткен. Баға құлдыраса да, бұл Қазақстан экономикасының екпiнiн бәсеңдетпеуi қажет. Баға бей-берекетсiздiгiнiң керi әсерiнен сақтану үшiн Үкiмет шұғыл түрде балама жоспар жасауға мәжбүр болды. "Ең бастысы, нақты мiндеттердiң iшiнде елде ақша-несие саясатының тұрақтылығын қамтамасыз етiп, инфляция деңгейiн 10 пайыздан асырмау көзделiп отыр. Ал азық-түлiк тауарларына бағаның 9,5-10 пайыздан асуына жол берiлмеуi тиiс. Бұған арнайы бақылау болады", – дедi Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов. Нақтырақ айтсақ, 2015 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң өсiмi 4-5 пайызға, өнеркәсiп өндiрiсi 9,1 пайызға, ал өңдеушi саланың қарқыны 10 пайызға артуы тиiс. Сонымен қатар орта мерзiмде ел экономикасына тартылған инвестиция көлемi 7,6 триллион теңгеге дейiн еселенбек.

Министр сонымен қоса, бағдарлама бойынша 400-ден астам жобаның қолға алынғанын жеткiздi. "Соларды iске асырсақ, экономикалық өсiмдi 7 пайызға жеткiземiз. Ол бойынша бiз макроэкономикалық болжамды өзгерттiк. Бұрын ол 5 пайыз болса, қазiр бiз оны 7 пайызға арттырдық", – дедi.

Расында да, бүгiнгi баға ырыққа көнбеуде. Айталық, қаңтар мен сәуiр айлары арасында тұтыну тауарлары мен қызмет құны 4 пайыздан асқан. Әсiресе, азық-түлiк бағасын тұрақтандыру мәселесi әлi күнге өз деңгейiнде жүргiзiлмей отыр. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлiгiне азық-түлiк бағасын 10 пайыздан асырмау керектiгi жөнiнде тапсырма жүктелдi. Бұл жөнiнде аталмыш министрлiктiң тiзгiнiн ұстаған Асылжан Мамытбеков: "Мұндай iс-шаралардың орындалуы – оңай нәрсе емес. Өйткенi қазiргiдей ашық экономикалық жағдайда бағаны тек бiр мемлекеттiң iшiнде ғана ұстап тұру қиын. Неге десеңiз, әлемдегi нарықтық баға iшкi нарыққа үлкен әсерiн тигiзедi", – дегендi бiлдiрдi. Бұл сонда министрлiк тарапынан бағаны тұрақтандыруға ешқандай амал-әрекеттiң жоқ екендiгiн мойындау ма, әлде азық-түлiк бағасын 10 пайыздан асырмау керек деген Үкiметтiң тапсырмасын жiтi түсiнбеу ме? Бұл жағына көңiл бөлген ешкiм болмады.

ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚТАН ҚҰТЫЛАТЫН КҮН ТУАДЫ

Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов Үкiметке бизнеске арналған рұқсат берудiң жаңа түрлерiнiң ендiрiлуiне мораторий жариялау туралы ұсынысын айтты. Қайрат Нематұлы Қазақстанда бизнестi дамытуға бағытталған "жұмыстарды тиiмдi жүргiзу үшiн рұқсат берулердiң жаңа түрлерiне мораторий енгiзу бастамасын Елбасының алдына қоюды орынды" деп санайтынын мәлiмдедi.

Елбасының тапсырмасын орындауға бағытталған оң қадамның бiрi – өз iсiн ашып, кәсiбiн өрге домалатуға ниет бiлдiрушiлер табан тоздырып жинап жүрген лицензиялар мен рұқсат қағаздарының саны 30 пайызға қысқартылады! Осыған байланысты Экономикалық даму және сауда министрi Қ.Келiмбетов Премьер-Министрдiң өкiмiмен арнайы Сараптау тобы құрылғандығын хабарлады. "Осы Сараптау тобы өзiнiң кестесiне сәйкес, 10 мамырдан бастап, ендiгi мемлекеттiк органдардың рұқсат қағаздарды қысқарту бойынша ұсыныстарын қарауды бастады. Аталған жұмысты кәсiпкерлер бiрлестiктерiнiң қатысуымен, бiр айдың iшiнде аяқтау жоспарланып отыр, – дей келе, – мемлекеттiк органдардың назарын сапалы ұсыныстар беруге және Елбасының осы реттегi тапсырмаларын орындау қажеттiлiгiне аударамын!" – дегендi басқа да әрiптестерiне қарата айтты. Қайрат Нематұлы аймақтардағы дәл осы жұмыстың ұйымдастырылуын үйлестiру үшiн облыс әкiмдiктерiмен бiрге кеңес өткiзетiндiгiн жеткiзiп, Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтен тиiстi тапсырма беруiн сұрады.

Үкiметтiң алдындағы басты мiндет – инфляцияның өсуiне жол бермеу. Соған байланысты бұл отырыста бағаны тұрақтандыру, инфляция деңгейiн сақтап қалуға байланысты мәселе де қаралды. Бұдан былай билiк коммуналдық монополистердiң өз бетiнше бағаны өсiру әрекетiне шек қойып, арнайы баға дәлiзiн белгiлемекшi. Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов инфляцияның экономикаға тигiзер керi ықпалының жоғары екендiгiн ескере келе, өз министрлiгiнiң биылғы жыл үшiн "реттелетiн қызметтер тарифтерiнiң инфляцияға шектi үлесiн 1,58 пайыздық пункт деңгейiнде" белгiлегенiн мәлiм еттi. Министр мемлекеттiң "ақша-кредит саясатының бiрiншi кезекте бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталуы тиiстiгiн" шегеледi. "Жоғары инфляция шетелдiк инвестицияларды тартуға, өндiрiстердiң кеңеюi мен капиталдың қордалануы үшiн қажеттi қарыз ресурстарының құнын төмендетуге мүмкiндiк бермейдi! Мұнымен қоса жоғары инфляцияның кесiрiнен әлеуметтiк бағдарламалар тоқырауға ұшырайтын болады", – деген Қайрат Келiмбетов мырза инфляцияның жыл басынан бергi серпiнi биылғы жылдың айрықша қауiптi екендiгiн көрсетiп отырғандығын жеткiздi. Өйткенi ағымдағы жылдың басынан берi тұтыну тауарлары мен қызметтерге деген баға 4,2 пайызға өскен. Былтырғы жылдың сәуiрi мен биылғы жылдың сәуiрi аралығындағы инфляция деңгейi 8,4 пайызды құраған. Осы мақсатта министрлер мен әкiмдерге тапсырмалар жүктелдi. Атап айтқанда, мұнай өнiмдерi мен көмiр бағаларына бақылау жасау, олардың ағымдағы жылдың соңына дейiн одан әрi қымбаттауына жол бермеуiн қамтамасыз ету, бағаның негiзсiз жоғарылауын болдырмау мақсатында тиiстi органдар жанар-жағармайды бөлшек сауда желiсiндегi сату бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргiзiп отыру мiндеттелдi.

Сол сияқты Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң басшылығымен өткен отырыста мейлiнше артық қаржы қарастырып, одан туған қаржы тапшылығын шетелден алынатын қарызбен жауып, соңында қаншама қаражаттың игерiлмей қалып, әбiгерге түсетiн Үкiмет бұдан былай бюджет тапшылығын азайтуға бел шеше кiрiспекшi. Нақтырақ айтсақ, бюджет тапшылығын 2012 жылы 676,9 млрд теңгеден 2014 жылы 441,4 млрд теңгеге дейiн, ал ЖIӨ-дi тиiсiнше, 2,5 пайыздан 1,3 пайызға дейiн төмендету жоспарланып отыр. Демек мемлекеттiк шығыстар ЖIӨ-нiң 20-23 пайыздық деңгейiнен аспайтын болады. Сондай-ақ, Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов бұдан былай фискалдық саясаттың ағымдағы шығыстар мен мұнайдан, басқа салалардан түсетiн түсiмдер, Ұлттық қордан алынатын кепiлдендiрiлген трансферт пен даму бюджетi арасындағы теңгерiмдi қамтамасыз ету тұрғысынан қалыптастырылуы орынды екендiгiн мәлiмдедi.

Жәнiбек ӘШIМ