ТАҒЫЛЫМЫ – ТӘРБИЕ

ТАҒЫЛЫМЫ – ТӘРБИЕ

ТАҒЫЛЫМЫ – ТӘРБИЕ
ашық дереккөзі

Д.Қонаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында шаралар басталды.

Қонаев атындағы университеттiң құрылғанына 20 жылға жақындады. Осы жылдар бедерiнде жоғары оқу орнынан мыңдаған жас бiлiм алып, қазiр олар әр салада қызмет етедi. Бiлiктi заңгерлер даярлайтын белгiлi оқу орындарының бiрi биылғы жаңа оқу жылында жаңа оқу ғимаратына көштi. 12 қабатты оқу ғимараты Димекеңнiң 100 жылдық мерейтойы қарсаңында студенттерге есiгiн айқара ашты.

Оқу орнында бiлiммен қатар тәрбиеге ерекше мән берiледi. Өйткенi ұлы данышпан әл-Фараби бабамыз тәрбиесiз бiлiмнiң зияны жөнiнде көп айтқан ғой. Мұндағы тәрбие халық әулие, кемеңгер атаған Қонаевтың өмiрi мен өнегесiн жастарға үлгi ету мақсатында жүргiзiледi. Университеттегi Қонаев мұражайы ұлттық және имандылық тәрбиенiң нағыз орталығы болып отыр. Мұражайда елiмiзге белгiлi тұлғалармен кездесулер және мәслихаттар жиi өтедi. Жақсы тәрбиелiк мәнi бар тағы бiр шара жақында өте әсерлi өттi. Димекеңнiң өнер адамдарына жасаған қамқорлығы жөнiндегi шараға тiптi қала мектептерiнен оқушылар келдi. Ұлы сазгер Шәмшi Қалдаяқовқа деген Димекеңнiң құрметi мен оған тигiзген шарапатын үлгi еткен студенттер жиын-кештi әсерлiлiгiмен есте қалды. Сондай-ақ болашақ заңгерлер даярлайтын оқу орнындағы "Ашық есiк күндерi" кездесуiнде құқықтық бiлiм мен тәрбиеге байланысты белгiлi оқытушылар мен профессорлар сөйлеп, жастарға ақыл-кеңестерiн айтты. Айтпақшы, халықаралық құқық бойынша бiлiктi мамандар осында даярланып, ғылыми диссертациялар Қазақстанда тек осы оқу орнында қорғалады.

Университеттiң жаңа оқу ғимаратына көшуiне байланысты бiлiм беру iсi құрылымында оң өзгерiстер болып, жаңа мамандықтар кафедрасы ашылды. Солардың бiрi "Жалпы бiлiм беру пәндерi" кафедрасы деп аталады. Жақында осы кафедраның "Ашық есiк күндерi" кездесуi өттi. Қонаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында өткен шарада АҚШ-тан келген профессор Нама және қытайтанушы А.Кенжебаев, оқытушы Мереке Төлекова, университет ректоры Өмiрәлi Қопабаев сөз сөйлеп, университетте бiлiм беру қазiргi заман талабына сай екенiн айтып, атқарылып жатқан жақсы iстер жайында баяндады.

Ораз АЙ