“БYГIНГI ЖАСТАР БЕЙБIТ ӨМIРДI БАҒАЛАЙ БIЛМЕЙДI”
“БYГIНГI ЖАСТАР БЕЙБIТ ӨМIРДI БАҒАЛАЙ БIЛМЕЙДI”
Соғыс… Адамзат баласының үрейiн ұшыратын осы бiр сөздi ауызға алудың өзi қорқынышты. Қаншама ана асыл жарынан, қаншама бала әкесiнен көз жазып қалды. Сол зұлмат соғысты кейбiреулер жадымыздан өшiргiсi келсе де, тарих өшiрмейдi. Өйткенi Отан үшiн отқа түскен ержүрек батыр ұл-қыздарымыздың ерлiгiн ешқашан ұмытуға болмайды.
Балғымбай Келменбетов – жаумен арпалысқан соғыстың ауыр күндерiн де, бейбiт заманның шуақты шақтарын да басынан өткерген бақытты жан. Кейiнгi ұрпаққа ертегiдей естiлетiн соғыс тақырыбы Балғымбай ата үшiн өмiрдiң көңiлге қаяу түсiретiн мұңлы парағы iспеттес. Ұлы Отан соғысының қарт ардагерi бүгiнгi жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу үшiн соғыс пен бейбiтшiлiктiң аражiгiн ажыратып, азаттық таңының қадiр-қасиетiн бағалауға қажымай атсалысып жүр. Бүгiнде 86 жасты еңсерген Балғымбай ата өмiрiнiң сол бiр қиын кезеңiн былайша еске алады.
– Ұлы Отан соғысына 1942 жылы, яғни 17 жасымда Жамбыл облысы, Қордай ауданынан аттандым. Ашхабад қаласындағы Орлов жаяу әскер училищесiне алындым. Мұнда осы жылдың қыркүйегiне дейiн болдық. Ашхабад – өте ыстық, құмы күйiп тұратын қала екен. Отардан 8 жiгiт барып едiк, бәрiмiз де ыстыққа шыдай алмай майданға сұрандық. Бiздi алдымен Москваның түбiндегi Орехово-Зуево деген қалаға апарды. 1942 жылдың қазанында майдан даласына енiп кеттiм. Калининград облысындағы 1-Белорусь майданына бөлiнiп, Старая Русь, Невель қаласын азат еттiк. Сол қалада жараланып, госпитальге түстiм. Волганың бойындағы автозауыттың бiр жағын госпиталь жасап қойған екен. Сонда үш ай жаттым. Әбден жазылған соң Москваның түбiнде жасақталған 48-гвардиялық полкке барып, майдан қолбасшысы, генерал Толбухиннiң қарамағындағы 2-Украина майданының "Катюша" реактивтi бөлiмiнде барлаушы, аға-сержант болдым. Бiз 1943-1944 жылдары Киев, Харьков, Тирасполь қалаларын жаудан азат еттiк. Полк командирiнiң бұйрығымен бiр ай бойы майдан алаңына "кукурузникпен" нан тастаушы да болдым. Ол нанды кiмнiң алып жатқаны да белгiсiз. Әйтеуiр түн уағында тастап шығамын. Содан не керек, 1-Белорусь майданының құрамында София, Вена, Прага, Югославияны, Албанияны азат еттiк" – дейдi қарт ардагер Балғымбай Құндақбайұлы.
Тiптi 1945 жылдың сәуiрiнде Сталиннiң өз атынан алғыс хат та алған екен. Онда Будапешт, Яссы, Мадьяровар, т.б. қалаларды азат етуде аса әскери дайындықпен көзге түскенi үшiн үлкен алғыс айтылған.
Ұлы Отан соғысы бiтiп, жеңiстiң туы желбiрегеннен кейiн Балғымбай Құндақбайұлы Алматы темiржол станциясына қызметке орналасады. Өз нәпақасын темiржолдан тапқан ардагер станция бастығы дәрежесiне дейiн көтерiлiп, 36 жыл аянбай тер төгедi. 3 ұл, 2 қызын бағып-қағып, оқытып, азамат қатарына қосады. Тек 1985 жылы ғана зейнет демалысына шыққан қарт майдангер бүгiнде сол күндердi есiне алса, көңiлi алабөтен күй кешедi. Өйткенi "Еңбек – ер атандырады", – дейдi ол. Осы тұрғыда Ұлы Отан соғысына қатысқандығы үшiн бiрнеше марапат пен медальға ие болған ардагер Балғымбай Құндақбайұлы бүгiнгi жастардың бейбiтшiлiк заманның қадiр-қасиетiн ұғына бермейтiндiгiне iштей қапаланады. "Жастар денсаулығы мықты болса да, жұмыс iстегiсi келмейдi. Әбден бойкүйездiкке салынған. Ауылды көркейтуге атсалыспайды. Олар бiздiң көргенiмiздi көрген жоқ. Көрмей-ақ та қойсын. Бiрақ та сырғып аққан уақыт пен тыныш өмiрдi уысынан жiбермей, өз мақсатына пайдалана бiлсе екен" дегендi ақылмен жеткiзедi. Сондай-ақ ардагер жыл сайын мереке қарсаңында қазақ мектептерiнен гөрi, №83 орыс мектебiнiң ұжымы құрмет көрсетiп, концерттiк бағдарлама қойып беретiндiгiн тебiрене айтты. "Оқушыларға медаль толы киiмiмдi көрудiң өзi қызық. Жан-жақты сұрақтар қояды. Бәрiне нақты жауап беремiн. Неге екенi белгiсiз, қазақ мектептерi шақырмайды да, көңiлiмiздi ауламайды да" дейдi қарт ардагер.
Елiмiз Ұлы Отан соғысы ардагерлерiне мүмкiндiгiнше көмегiн аямауда. "50 мың теңге зейнетақыны еңбек өтiлiммен алсам, 23 мың теңгенi Ұлы Отан соғысына қатысқандығым үшiн аламын" деген ардагер осының өзiне шүкiршiлiк етедi. Одан бөлек 9 мамыр – Жеңiс күнi қарсаңында Белоруссия президентi А.Лукашенкодан, Қазақстан президентi Н.Назарбаевтан, Алматы қаласының әкiмiнен құстай ұшып келген алғыс хаттар да ардагер мерейiн үстем ете түсетiнi анық.
Жәнiбек Әшiм