“ӘЛЕМДI АҚШ, ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ЕУРООДАҚ БИЛЕМЕК”

“ӘЛЕМДI АҚШ, ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ЕУРООДАҚ БИЛЕМЕК”

“ӘЛЕМДI АҚШ, ҚЫТАЙ  ЖӘНЕ ЕУРООДАҚ БИЛЕМЕК”
ашық дереккөзі

Экономикалық сараптау мен болжамдар

Таяуда Алматыда "Еуразия" сақтандыру компаниясының Тәуекел менеджментi жөнiндегi 7-шi халықаралық конференциясы өз жұмысын аяқтады. Жетi жыл қатарынан өтiп келе жатқан бұл басқосу тек сақтандыру саласы ғана емес, сонымен қатар қазiргi таңдағы ғаламдық экономикадағы түрлi бағыттағы үдерiстер мен ағымдарды жоғары деңгейде сараптап, сүзгiден өткiзетiн ауқымды пiкiрсайыс алаңы әрi ол республикамыздан тыс Достастық елдерiне де кеңiнен танымал, тартымдылығы жоғары жиынға айналып үлгердi. Биылғы басқосуға 40 шақты елден 300-ге жуық маман келдi. Конференцияға бас қонақ болып әрi негiзгi баяндамашы ретiнде АҚШ президентi Барак Обаманың экономика жөнiндегi кеңесшiсi, Нью-Йорк университетiнiң профессоры, әлемдiк дағдарысты дер шағында болжай бiлген, әлемге танымал экономист Нуриэль Рубинидiң келуiн айрықша атап өтуге болар.

Жиын қорытындысы бойынша екшелген пiкiр-тұжырымдарға назар салсақ, әлемдiк экономикадағы көп жайттарға қанығарымыз сөзсiз. Мысалы "Еуразия" сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Борис Уманов: "адамзатты апаттар салдарынан дұрыс ойластырылып жүргiзiлген Тәуекел менеджментi ғана сақтай алмақ", – деп тұжырымдады. Оның айтуынша, өткен 2010 жыл сарапшылар тарапынан ғаламдық дағдарыстың аяқталу жылы делiнгенiмен, барлық елдерде бiрдей экономикалық тұрғыда қарқынды даму болды деп айту қате. Бұл ең алдымен фискалды дағдарысқа нарықтың әлсiздiгi мен әлеуметтiк ауыртпалық сияқты жайттар ұшыратып отырған Еуропа елдерiне байланысты. Оның үстiне бұған Таяу Шығыстағы саяси-экономикалық дағдарыстар мен Жапониядағы табиғат апаттарын қоссақ, таяу болашақтағы әлемдiк экономиканың бейнесiнiң қандай сипатқа ие болатынын аңғару қиын емес. Алысқа бармай-ақ, Жапониядағы орасан апатты алсақ, оның бiр өзi әлемдiк сақтандыру саласының қоржынын 40-50 миллиард долларға "қағып" отыр. Осы жайттарды сараласақ, адамзатты ересен апаттардың салдарынан дұрыс та жүйелi қабылданған техникалық-инженерлiк және қаржылық шешiмдер мен мемлекетаралық диалогтар ғана қорғай алатынын көрсетедi.

Ғаламдық экономикадағы игi үдерiстер мен айналып соғуы ықтимал қатерлердi саралаушылардың бiрi, Қазақстан қаржыгерлерi қауымдастығының төрағасы Серiк Аханов елiмiздегi қаржы саласын електен өткiзе келiп: "бұл сала постиндустриалдық кезеңде өмiр сүрiп жатыр", – деп түйдi. Елдiң экономикасы мен қаржылық секторының өткенi мен қазiргiсiн салыстыра отырып, қысқа да нұсқа шолу жасап, жақын келешектегi ықтимал жайттарға өз болжамын ұсынған төраға ел экономикасының ұтымды және әлсiз жақтарын, мүмкiндiктерi мен төнер қауiптерiн талдап бердi. Оның уәжiне сенсек, экономикамыздағы оң бағыттардың қатарына 2015, 2020, 2030 жылдарға арналған даму стратегиялары, Үдемелi индустриялық-инновациялық даму, Тұрғын үй, Еңбек өнiмдiлiгi-2020, бизнестiң жол картасы, халықтық IРО сияқты бағдарламалар, корпоративтi көшбасшылардың дамуы, әлемдiк шикiзат нарығындағы жоғары баға, мемлекеттiк шығындардың тиiмдiлiгiне қол жеткiзу, фискалды және монетарлы саясатты тиiмдi түрде үйлестiру сияқты шаралар кешендерiн жатқызуға болады.

Ал отандық экономикамызға төнер қатерлер ретiнде әлемдiк нарықтағы шикiзат бағасының құлдырауын, инвестициялардың азаюы мен мемлекеттiк шығындардың, сондай-ақ құнсызданудың артуын, теңге девальвациясы мен ревальвациясын, экономикамыздың жаһандану үрдiсiне қарсы тұра алу қабiлетiнiң әлсiздiгiн атап көрсеттi.

Белгiлi ресейлiк экономист, академик, РҒА экономика институтының директоры Руслан Гринбергтiң уәжiне назар аударсақ, ол "әлемдi АҚШ, Қытай және Еуроодақ билейтiн болады" деген тұжырым жасап отыр. Р. Гринберг өзiне "Қазiргi ғаламдық экономика туралы не айтуға болады? Өткен дағдарыстан сабақ алып, қорытынды шығара алдық па?" деп сұрақтар қойып, олардың басын ашық қалдырды. Оның айтуынша, "жалпы дағдарысты жеңгенiмен, адамзаттың қаржылық дағдарысқа келгендегi қам-қарекетiн өрттен есi шығып, оның үстiне жанармай құйып сөндiруге әрекеттенген адамның жанталасына ұқсатады. Яғни қаржы дағдарысын ақша құю арқылы жеңгендей болып мәзбiз, алайда, оның негiзгi, фундаментальдi себептерi сол күйiнде қалып қойды" дейдi. Ол "әлемдi АҚШ, Қытай және Еуроодақ билейтiн болады" деген тұжырымын былай тарқатады. Болашақ ағымдарды саралайтын болсақ, келешекте әлемдi сөз басында аталған үш күш иесi билейтiн болады. Әсiресе қазiргi таңдағы экономикалық күш-қуаттың шығысқа жылжи бастауы – Қытайдың әлеуетiнiң арта түсетiнiнiң дәлелi дейдi. Солай дей тұрып, Р.Гринберг мырза: "Американың экономикасы туралы қаншалықты терiс болжам жасасақ та, ол ХХI ғасырдың көшбасшысы болып қала бередi" деп түйедi. Сондай-ақ Еуроодаққа қатысты былай дейдi: "Бұл тұрғыда одақтарға бiрiгу, ынтымақтасу – әрқашанда тиiмдi. Бұл тұрғыдан алғанда бiздiң елдерiмiз үшiн басқа балама жол жоқ. Өз басым Кедендiк одақтан көп үмiт күтемiн, алғаш рет бiз тек қол қойылған құжаттардың жинағын емес, толық одақ құруға қол жеткiздiк. Байыптап қарасақ, осы одақта түбiнде, әйтеуiр бiр нәрсеге қол жеткiзе алатын сияқтымыз. Ғаламдық экономиканың болашағына келсек, көптеген теорияларды сүзгiден өткiзгенде анықтағанымыз қазiргi өркениеттiң болашағы нарықтық экономика мен жоспарлаудың үйлесiмдiлiгiне қаншалықты дәрежеде қол жеткiзе алуымызға байланысты", – деген пiкiрiн ортаға тастады.

Сөз болып отырған жиынның негiзгi баяндамашысы ретiнде ерекше аталған танымал экономист Нуриэль Рубини әлемдiк экономикаға төнуi мүмкiн қауiптi жетi жағдайды таратып бердi. Дегенмен оның тұжырымдарына қарағанда, Қазақстан қуантарлықтай нәтижелерге қол жеткiзе алатын қабiлетi бар. Рубинидiң айтуынша, дағдарыстан кейiнгi әлемде ғаламдық экономиканы ескiсi бар, жаңасы бар бiрқатар қауiп-қатерлер күтiп тұрған көрiнедi. Әрине, оның уәжi абсолюттi аксиома емес. Десек те, саланың бiлiктi маманының айтқандарына қарап, бiраз болжам жасауға болатын сыңайлы. Рубиниге сенсек, ең алдымен дамыған елдердегi экономикалық дамудың төмен деңгейi әлемнiң жетекшi экономика саласында кедергi болуы ықтимал. Сонан соң Еуроодақтың бiрқатар елдерiндегi экономикалық қиыншылықтар, мемлекеттiк қарыздардың шамадан тыс көп болуы тұрса, үшiншi орында АҚШ-тың мемлекеттiк қарызының 15 триллион долларға жетiп, федералды бюджет зәрулiгiнiң 1,5 триллион долларды құрауы және дамушы елдердiң даму қарқынының бәсеңдеуi мен инфляцияның артуы да қосымша қатерлер қатарына жатқызылады. Сонымен қатар әйгiлi экономист Таяу Шығыстағы саяси-экономикалық дағдарыстың өршуiнiң салдарынан мұнай бағасының баррелiне 140 доллардан асып кетуiнен де қауiптенiп отыр. "Өйткенi, – дейдi ол мұндай жағдай жаппай экономикалық коллапсқа әкелiп соғуы әбден мүмкiн". Ал Жапонияның әлемдiк нарыққа тигiзер әсерi жөнiнде Рубини мырза тек ондағы табиғат апаттарына ғана емес, сонымен қатар елдiң сыртқы қарызының көптiгi мен әлемдiк экономикадағы рөлiне де байланысты деген тұжырымды алға тартып отыр. Бұл тұрғыда Жапонияның әлемдiк экономикадағы орнын дүниежүзiнiң барлық дерлiк түпкiрiндегi жоғары технологиялы зауыттардың Жапониядан келетiн жоғары сапалы бөлшектердiң жоқтығы себептi тоқтап қалуы да өте айшықты түрде айқындап берiп отыр.

Нуриэль Рубини мырзаның ендiгi бiр "қауiп еткеннен айтып отырған" нәрсесi – "дағдарысты жоюға бағытталған қаржы тасқыны тоқтаған кезде жергiлiктi экономика өзiнiң өмiршең қалпын сақтап қала ала ма?". Яғни монетарлы стимулдар деп отырған мол ақша ғайып болғанымен, қазiргi таңда бiр өршiп, бiр басылып тұрған қатерлер мен әсiресе геосаяси тұрақсыздықтар қала беретiн түрi бар. Басқаша айтқанда, көп нәрсе ғаламдық деңгейдегi тиiмдi саяси шешiмдердiң, макроэкономикалық тұрақтанудың, фискалды саясат пен ақша-қаржы саясатының өзара үйлесiмiне тiкелей тәуелдi болмақ. Жалпы, әлем бойынша алғанда, қалыптасып, бой тiктеп келе жатқан бiрқатар нарықтар жақсы экономикалық өсiм үдерiсiн көрсетiп келедi. Мұндағы басты мәселе – осы әсерлi дамудың ұзақ мерзiмде сақталуы мен тиiмдi түрде жалғастық табуында.

"Аталған нарықтар қатарына Азия елдерiн ғана емес, дағдарыстан соң тез қалпына келетiн Латын Америкасы елдерiн де қосуға болады. Ал Қазақстан сияқты орасан табиғи байлыққа ие мемлекет мол инвестициялар тарта отырып, жақын келешекте жақсы экономикалық нәтижелерге қол жеткiзуге тиiс", – деп түйдi сөзiн АҚШ президентiнiң экономика жөнiндегi бейресми кеңесшiсi.

Өз тарапымыздан бiз ғаламдық экономикада өзiндiк орнын айшықтап келе жатқан мемлекетiмiздiң әлi де болса инвестициялық тартымдылығының арта түсуiне, аймақтағы көшбасшылық жағдайын нығайта беруiне тiлектестiгiмiздi аңғартқымыз келедi.

Бейбiт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, журналист