НӘУБЕТ

НӘУБЕТ

НӘУБЕТ
ашық дереккөзі
2970

Кеңес өкiметi тұсында қазақ халқы үш дүркiн жасанды ашаршылықты бастан кешiп, бұрын-соңды болмаған ұлттық апатқа ұрынған болатын: 1917-1919, 1921-1923, 1931-1933 жылдары адам шығыны 4 миллион, ықтимал табиғи өсiмдi есептегенде 10 миллион жаннан асты. Қазақ халқы өз елiнде ұлттық азшылыққа айналып, өткен ғасырдың елуiншi жылдары барлық тұрғындардың үштен бiрiне де жетпей қалды. Босап қалған кеңiстiкке сырттан көшiп келген миллиондаған адам солардың сүйегi үстiнде социалистiк құрылыс көрiгiн қыздырды.

Тарихшы Тiлеу Көлбаевтың зерттеуiне арқау болып отырған тақырып әрине, жан ауыртады, зейiн мен зердеге салмақ салады. Өткен ғасырдың алғашқы отыз жылдығының өзекжарды ащы шындығы қаншалықты қасiреттi болғанын бiлуiмiз, тұтас болмыс-бiтiмiмiзбен ұғынуымыз, тұтас ұлтты қасiретке ұрындырған кеңестiк жүйенiң барша қылмысын әшкерелеуiмiз керек. Сонда ғана тарихымыз түгел, тәуелсiздiгiмiз баянды болатыны сөзсiз.
ОТАРШЫЛДЫҚ ОЗБЫРЛЫҒЫ
 

ХIХ ғасырдың басында Еуропадағы Наполеон жорығынан атақ-абыройы үстем тартып, "әлемдiк жандармға" айналып шыққан Ресей көп ұзамай қазақ елiндегi тоқтап қалған жаугершiлiгiн қарқынды жүргiзуге кiрiстi. Патшалық отарлау саясатының көздеген ең басты мақсаттарының бiрi – жерге ие болу едi. Бұл көбiнесе орыс мұжықтарын Ресейден көшiрiп әкелiп, қазақ жерiне қоныстандыру арқылы жүргiзiлдi. Ұлан-байтақ қазақ жерiн Ресейдiң төрт генерал-губернаторлығына бөлiп берiп, жергiлiктi халықтың тiлектерiмен санаспай отарлау саясатының неше түрлi қанқұйлы әдiс-тәсiлдерiн қолданумен болды. Отарлау саясаты күш алған кезеңде қазақтар өз жерiнде "бұратана", "туземцы" деп атала бастады. Патша өкiметi қазақ халқының бiртұтастығын жойып, атышулы "бөлiп ал да, билей бер" саясатын ашық iске асыруға құлшына кiрiстi.

1890 жылдан 1917 жылға дейiн Ресейден миллионнан астам адам көшiрiлiп, 500-ден астам жаңа мекендерге (селениелерге) орналастырылды. Сөйтiп бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстың алдында қазақ жерiне екi миллиондай адамы бар, мыңға жуық казак-орыс станицалары мен шаруалардың мекен-жайы орналастырылды. Қара шекпендерге жергiлiктi халықтың 40-45 миллион десятина шұрайлы жерлерi тартып алынып берiлдi. Отар елдi басқару жүйесi жетiлдiрiлдi. Ең адымен бұратана елдiң тiлiн, салт-дәстүрiн, мәдениетiн, ауыз әдебиетiн, тарихы мен этнографиясын, географиясын, кәсiп-шаруашылығын бiлiп алу үшiн, жер-жерге әскери чиновниктер, ориенталистер, миссионерлер мен саудагерлер, саяхатшылар, тұтас экспедициялар шығарылды. Бұл қазақ жерiн жөн-жосықсыз тартып алу iшкi Ресейдегi iрi жер иеленушiлерiнiң мүддесiн қорғаған Столыпин реформасы жылдарында одан әрi қарқынмен жүргiзiлдi. Столыпин сол кезде-ақ Мемлекеттiк Думаның мiнбесiнен "қырғыз даласын игеру" жөнiнде ұран тастап, Қазақстан мен Түркiстанның жерiнде жергiлiктi халықтың талабын аяққа басып, патшалық әкiмшiлiктiң тiрегi болып табылатын кулак шаруашылықтарын құра бастады. 1904 жылы орыс-жапон соғысының алдында қабылданған Сенаттың қаулысы бойынша, Ертiс өзенiнiң сол жағындағы құнарлы жер Сiбiр казактарына берiлдi. Ал қазақтар ата жұртынан айрылып, казактарға жалданып, сiңiрi шыққан кедейге айналды. Жергiлiктi халық арасында өлiм-жiтiм көбейдi. Сол сияқты Каспий теңiзiнiң солтүстiк жағы Жайық казактарына берiлдi, алайда ол жердегi казактар атақонысынан кетпей қойды. "Едiлдiң бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едiм…" деген Махамбеттiң шерлi жыры сол жағдайға байланысты айтылған. 1957 жылы Алматыда "Рабочее и аграрное движене в Казахстане в 1907-1914 г.г." деген кiтап шығарылғаны белгiлi. Түркiстан генерал-губернаторының сол кiтаптағы нұсқау хатында: "В программу вообще нашей всей служебной работы следует положить тот простой взгляд, что мы живем не в Азии… в русской области, где временно еще доживают старые азиатские обычаи и нравы, судьба коих может быть только одна: или слиться с общеимперской гражданственностью или исчезнуть. Туземцы нас должны интересовать только как материал… Те из них, кто вздумает этому не подчиниться, испытают, несомненно, печальную судьбу: они или останутся безземельными нищими или перемрут, или Россия с ним расстанется. Все это надо иметь на уме и без лишних разговоров на эту тему", – делiнген. Қазақтың белгiлi тарихшысы, академик Р.Сүлейменов өзiнiң бiр мақаласында Түркiстанның соңғы генерал-губернаторы Куропаткиннiң өз күнделiгiнде: "Киргизов (т.е.казахов) последние 40 лет точно безмолвно согласились стереть с лица земли" деп жазғанын мысалға келтiредi. Торғай генерал-губернаторы Барабаттың өзi де мүшелтойында: "Өзiме бағынышты қазақ халқына православиялық дiн мәдениетiн таратып үлгермедiм", – деп өкiнгенi белгiлi. Қысқартып айтқанда, қазақ даласының қожалары – генерал-губернаторлардың ұстаған ресми саясаттарының негiзгi мазмұны осындай едi. Шоқан Уәлиханов өзiнiң "Қазақтардың көшi-қоны туралы" деген еңбегiнде отарлықтың салдарынан деп көзге түртiп айтпағанмен, өзi өмiр сүрiп отырған заманда, яки патшалық Ресейдiң отарлап алған дәуiрiнде қазақтардың тұрмыс-тiршiлiгiнiң тiптi нашарлап кеткенiн нақты тарихи мәлiметтермен дәлелдейдi. Ол: "Бұрынғы, ескi замандарда жойқын соғыстар мен барымташылар болса да қазақтар қазiргiден әлдеқайда бай тұратын едi" – деп жаны жапа шеге жазады. Оның басты себебi Шоқан қазақ жерiн округтарға бөлiп жiберiп, жерсiз қалғанынан, өйткенi жердi мемлекет қарауына алғандықтан қазақтар жазда жайылатын, қыста қыстайтын жерiнен айрылды", – деп атап көрсетедi. Ш.Ш.Уәлиханов. Бес томдық шығ.жинағы, 4-т., Алматы, 1985, 106-108-беттер). Сол кездегi тарихи жағдайларды зерттеп талдай келе және өз халқының тұрмыс-тiршiлiгiн жетiк бiлген Шоқан Ресей үкiметiнiң назарын қазақ елiнiң мәселелерiне аударуға көп күш салады. Сол мақсатпен ол: "Ресей империясының қарамағындағы бүкiл бұратана елдердiң iшiнде сан жағынан және, сiрә, болашақта өркендеуi жағынан да бiрiншi орын алатын бiздiң қазақтар… бiздiң халқымыз орыстардың көпшiлiгiнiң ойлағанындай соншалықты тағы және соншалықты дөрекi емес. Дұрысын айтқанда, қазақ халқы орыс патшалығының өте-мөте бейбiтшiлiк сүйгiш, демек, тағылығы неғұрлым кем бұратаналарының бiрi", – деп қазақ елiне өзiнiң тарихи орнына қарай лайықты, дұрыс қарау қажеттiгiн айтады. (Бұл да сонда, 49-бет). Халқымыздың iрi ойшылы, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин "Оренбургский листок" журналында 1880 жылы жарияланған "Қазақ қырындағы жұт туралы" мақаласында қазақ тарихына "жалпақ қоян" деген атпен енген, кей жерде тiгерге тұяқ қалдырмай, малын түгел қырып кеткен сұрапыл жұттың кесапатын суреттейдi. Оны оқығанда ұлыған жел, ұйытқыған бораннан шаңырағы шайқалып, керегесi сықырлап, уықтары сытырлап әрең тұрған киiз үйдiң iшiнде екi қолын жеңiне тығып, жабағы күпi, жарғақ тонның өзiмен бүрсең қаққан жандардың ортасында отырғандай боласың. Немесе алай-түлей ақтүтек боранда ыққан жылқыны қайыра алмай, даусы қарлыққанша құраулап, болдырған атын қайта-қайта тебiнiп, тепең қаққан жылқышының қасында жүргендей сезiнесiң. Ондай алапаттан қанша мал аман қалады дейсiң. "Арнайы iрiктелген екi жүз елу асыл тұқымды жылқым түгел дерлiк қырылып қалды",– деп жазады Ыбыкең. Ол кiсiнiң: "…Бiз Батыс Сiбiр әкiмшiлiгiнiң қазақтар арасындағы отарлауға қандай мәдени үмiт артатынын түсiнбей-ақ қойдық. Оның үстiне отарлаушылар қоныстандырған шаруалардың ой өрiсi мен сауаты жөнiнен қазақтардан аса артық ештеңесi де жоқ. Жалпы, Ресей халықтарын зордың күшiмен жасанды жақындастырудың күнi осы уақытқа дейiн айта қаларлықтай жемiстi нәтижеге жеткiзбегенi белгiлi. Оны орыстардың ортасында бiрнеше ғасыр бойы өмiр кешiп келе жатқан татарлардың, башқұрттардың және басқа бұратана халықтардың мысалынан көрiп отырмыз. Сол себептi орыстар мен қазақтардың жақындасуын табиғи жолмен өрiстеткен әлдеқайда артық болмас па екен. Өйткенi қазақтың болмыс-бiтiмiнiң өзiнде бұл ретте бiраз жақсы нышандар бар ғой…" , – дегенi де ойда. Сөз жоқ, бұл мақала – сол кездегi қазақ ауылының өткенiн де, өркенiн де, ертеңiн де терең толғап, кең қамтыған шындық шежiресi, кәдiмгi тiрi тарих. Зер салып, зерделей оқыған адам одан ұлы ағартушының туған халқым деп аттай тулаған жүрегiнiң дүрсiлiн естiп, тiлегiнiң дұрыстығына тәнтi болмай тұра алмайды. Көшерiн жел, қонарын сай бiлген малдың бабымен қысы-жазы көшiп, тұрақ таппай жүрген жұртты тығырықтан шығарудың бiрден-бiр жолы отырықшылану деп бiледi Ы.Алтынсарин. Алаш көсемдерiнiң бiрi Мiржақып Дулатов 1910 жылы "Сибирские вопросы" басылымында жарияланған жақындап келе жатқан жұт алдында елi үшiн бозторғайдай шырылдап жазған мақаласында: "…Жұтқа қарсы күрес мұндай күлдiргi ойын-сауық шаралары арқылы жүргiзiлмеуге тиiс. Мұнда басқа, анағұрлым тиiмдi ынталы шаралар керек, ең алдымен жергiлiктi күштердiң өз сана-сезiмiмен, өз iскерлiгiмен ұштастырылған, бiрлескен белсендiлiк қимылы, iс-әрекетi керек. Тек сонда ғана кейбiр земстволарда апатқа қарсы ұйымдастырылып жатқан күрес жүзеге асырыла алады; тек сонда ғана қазақтар да, келiмсектер де егiн-шөптiң шықпай, өнбей қалуын бетi қайтпайтын, жеңiстiк бермейтiн табиғат апаты деп санамайтын болады. Миллиондаған адамдары бар халыққа қамқоршы болуды өз мiндетiне алған консул мырзалар "Жұт төнiп келе жатыр!" деп дабыл қақты. Кейiннен, 1917 жылы "Қазақ" газетiнiң 2 маусымдағы санында Дулатов былай дейдi: "Оқушыларға мағлұмат "Оян, қазақ!" өлең кiтабымды ескi өкiмет шам көрiп, "Қазақ оянып кетедi" деп қорқып, 1911 жылы менi сотқа бердi, со себептi жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. "Оян, қазақ!" халық арасында тарамасын деп, үкiмет үкiм салды". Мiржақып Дулатов – алты Алашқа аты жайылған ақын ғана емес, өз заманында қоңыраудай күмбiрлеп, өз халқын бiлiмге, ғылымға, оянуға шақырған ардагер азамат едi. Ақынның алғашқы "Оян, қазақ!" жинағы халықтық күреске үндеген жоғары революциялық әуенге толы болды. Ол ұранға, үндеуге пара-пар өлеңдерiмен қазақ халқының отарлық езгiге, қараңғылыққа қарсы күрес отына шоқ тастады. Көңiлдерiн оятып, көздерiн ашты, өздерiн өздерi танып, ескiлiктен арылып, жаңалыққа ұмтылуға шақырды. 1916 жылғы жазалаудан қашып, босып, жоқтық пен аштықтан жапа шеккен халқына Мiржақып жанын сала көмектеседi. Қызылжар қаласында босқындарға көмектесу үшiн бiрiншi рет қазақ тарихында жәрдем қорын ұйымдастырады. "Бұл бейшара бауырларымызды ескеру, өлiмнен, қырғыннан құтқару – Алаш азаматының адамшылық борышы" дей отырып, ол iске өзi бас болды. "Сондықтан сақтаулы мың дана "Оян, қазақ!" ақшасын әлгi босқындар жүрген жетiм-жесiрлердiң пайдасына бағыштадым" деп жазуы соның дәлелi.
ТӨҢКЕРIС ӘКЕЛГЕН АПАТ
 

1921-1922 жылдардағы ашаршылық 1916 жылғы дүрбелеңнен бастау алды. 1916 жылғы 25 маусымда бұратана халықтардың ер азаматтарын майдан тылындағы қара жұмысқа алу жөнiндегi патша жарлығы қалың қазақ iшiндегi дүрбелеңнiң басталуына себеп болды. Жер-жердегi бас көтерулерде көпшiлiк: "Жiгiттерiмiздi майданға жiбермеймiз!" деп пәтуаласты. Ақырында бұл қозғалыстың дүмпуi бүкiл қазақ даласын шарпыды.

Қаншеңгел қарақшылар мен қанiшер жазалаушылар қарусыз халыққа, ұлт-азаттығы жолындағы күрескерлерге қырғидай тидi. Мәселен Верный уезiндегi алғашқылардың бiрi болып атқа қонған Ботбай болысында хорунжий Александровтың қара жүздiгi үш ауылдың адамын түгелдей қырып салды. Олардың күллi қоныстарын өртеп, бар малын айдап әкеттi. Мiне, нақ осындай жазалау операциялары бүкiл қазақ жерiнде асқан қатыгездiкпен жүрiп жатты. Аз ғана уақыттың iшiнде Түркiстан өлкесiнде 347 адам өлiм жазасына кесiлсе, Торғай облысының түрмелерiне 3 мыңнан астам адам қамалды. Белгiлi қазақ қаламгерi Қошке Кемеңгерұлының 1925 жылы Мәскеуден шыққан "Бұрынғы езiлген ұлттар" деген еңбегiнде: "Түркiстанда қазақ – 1.577341 жан. Мұндағы қазақтар Ұлы жүз бен Орта жүз. 1916 жылғы патша өкiметiнiң қырғынынан Жетiсудағы 1.125000 қазақтан 500 мыңдайы ғана қалды" – деп көрсетедi. 1917 жылғы ақпан төңкерiсiн қазақтар қуанышпен қарсы алды. Өйткенi олар патша үкiметi тұсындағы бодандықтың бұғауынан бiржолата құтыламыз деп үмiттендi. Сондықтан қазақ зиялылары Уақытша үкiметтi қолдап, өздерiнiң Алашорда партиясын құруға қол жеткiздi. Солардың бiрi тамаша ақын, талантты жазушы, ойлы публицист Жүсiпбек Аймауытов болатын. Ол Мәскеу баспаханасында басылып шыққан "Кәсiп таңдау психологиясы" деген кiтабында 1917 жылғы қос революция туралы: "Соғыс және төңкерiс, тонаушылық, аштық, ұлттық бостандық, автономия… мұның бәрi де қазақ-қырғыз халықтарының тiптен түсiне кiрмеген нәрселерi, мұның бәрi де қазақ-қырғыз халықтарын қайыршылық пен таусылмас жоқшылықтың тұңғиығына тастады" – деп ашына жазды. Iрi саяси қайраткер Мұстафа Шоқай шетелде жүрiп Ресейде болып жатқан әрбiр өзгерiстi жiтi бақылап отырды. Ол ресми деректер мен құжаттарға сүйене отырып, Қазан төңкерiсiнiң алғашқы кезеңiнде-ақ Түркiстанда саяси-әлеуметтiк ахуалдың бұрынғыдан бетер шиеленiсiп кеткенiн, бұрынғы отарлық саясаттың жалғасын тауып жатқанын сипаттайды. Мәселен 1917 жылғы 19 қазанда Кеңестердiң III Түркiстандық құрылтайының қарарында: "Қазiргi уақытта өлкелiк төңкерiсiнiң жоғары өкiмет органдарына мұсылмандарды енгiзудiң қисыны жоқ!" деген шовинистiк бағыттағы тұжырымына қарсы шықты. Қазан төңкерiсiнiң Түркiстан халықтарына еркiндiк, әлеуметтiк жеңiлдiк әкелмей, қайта азап әкелгенiн дәлелдеу үшiн М.Шоқай көбiне өкiмет басындағы ресми адамдардың белгiлi мәлiмдемелерiн келтiрiп отырады. Елдегi нақты әлеуметтiк жағдайды кейбiр өкiмет басшылары өз еңбектерiнде ашып жазды. РСФСР Халық комиссарлары Кеңесiнiң орынбасары Тұрар Рысқұловтың "Төңкерiс және Түркiстанның жергiлiктi халқы" (1925 ж.) деген кiтабындағы фактiлердi де, Түркiстан халық комиссарлары Кеңесiнiң төрағасы большевик Сорокиннiң жазбаларын да орынды пайдаланған. Сорокин "Кеңес солдаттары мұсылмандардан бәрiн тартып алады, сөйтiп қана қоймай, оларды өлтiрiп те тастайды. Бiздiң солдаттарымыз қорғаудың орнына тонаумен және өлтiрумен айналысады. Мұсылман ұлтшылдары тек қана қорлауды көре тұрып, бiзге қалайша достарша қарасын? Оларды бiздiң өзiмiз ұлтшыл жасаймыз", – деп сол кездегi Түркiстанның әлеуметтiк ахуалын дәл сипаттаған. Осы сияқты жаңа отаршылдық әрекеттердiң ауыр зардаптары халыққа қасiрет әкелген. Айталық, бiр ғана Перовск (қазiргi Қызылорда) аймағында большевиктердiң оспадарлығы салдарынан 1 миллионға жуық адам өлген (сонда, 75-бет). Бұл фактiнi Мұстафа "Правданың" 1920 жылғы 20 маусымдағы санынан алғандығын айтады. Мұндай бұлтартпас фактiлер М.Шоқайдың: "Түркiстандағы Кеңес өкiметi "түркiстандық әйелдер мен балалардың өлiгiнiң үстiне орныққан". Яки "қазан төңкерiсi бұрынғы бұратана халықтарға әлеуметтiк прогресс әкелмей, қайта жаңа отарлық бұғау әкелдi" деген тұжырымдарын растай түседi. Патшалық тұсында басталған құрту саясаты одан әрi жалғастырылып, кәдiмгiдей жоспарлы түрде мыңдап, миллиондап халықтың көзiн жойып жатты. Әлбетте, аштық пен азамат соғысының орыстардың да, украиндардың да, Ресей мен оның шет аймақтарының халықтарының да өмiрiн миллиондап қиғаны рас. Алайда дәл осындай "маркстiк тұрғыдан" … "теориялық жағынан негiзделген" – құрып кетуге тиiс дейтiн қатыгез тарихқа қас, адамзатқа қас, сыңаржақ, саналы түрде қасақана ойластырылған үкiмдi тұтас бiр халыққа ешкiм шығарған емес. Өркениет тарихынан мұндай мысалды табу қиын. "Правда" газетiнiң 1922 жылғы 20 мамырдағы №11 санында жазылғандай: "1917, 1918, 1919 жылдарда жерлерiн тартып алу үшiн қырғыздарды (қазақтарды) тiрiдей өртедi!"… "оларды аң аулағандай аулады. Олар өз-өзiнен құрып кететiндей күйге жеткiзiлдi". "Олардың мал айдауына кедергi келтiру үшiн көптеген жер учаскелерi басып алынды. Мал айдап өтушiлерден айып-анжы үшiн көш жолдарына әдейi омарталар қойылды". Совет баспасөзiнiң беттерiнен тек 1919 жылдың өзiнде ғана "1 миллион 114 мың қазақтың" қырғынға ұшыратылғанын бiлген. (Рысқұлов Т. "Төңкерiс және Түркiстанның жергiлiктi халқы", Мембаспа, Ташкент, 1925 ж. 77-бет). Қазақ халқының ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезiндегi тағдыр-талайын сөз еткенде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов секiлдi көптеген тұлғалар ауызға алынады. Солардың қатарынан өз кезеңiнiң көрнектi қоғам қайраткерi, үлкен ағартушы әрi публицист Қалжан Қоңыратбаевтың да алатын өзiндiк орны бар. Төменде оның "Бiрлiк туы" газетiнде бұдан 90 жылдай бұрын жарық көрген "Түркiстан қазақтарының жәйi" атты мақаласынан үзiндiлер келтiремiз. "Төрт жылға созылған кесiрлi соғыстың лаңымен қымбатшылықтың зардабын тартқан Түркiстан халқына былтырдан берi табиғат та қосымша "жығылғанның үстiне жұдырық" болып тұр. Өткен жыл құрғақшылықтан жерге түк шықпады. Түркiстан халқы астықсыз қалды. Жалпы Түркiстанның басына келген бұл ауырлықтың айрықша салмағы бiздiң қазаққа түсiп, бұл оған "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан" кейiнгi бiр әйдiк апат болды. Әулие Ата, Шымкент, Ташкент пен Түркiстан уездерi, әлде қалай жерлерi болмаса, теп-тегiс малдан қол жуғандай көрiнедi. …Бұл елдерде айрықша болған бiр жаман жұмыс – малсыз қалған сорлылар жиналып барып, малы барлардың қолындағы малын бас салып тартып жеп жатыр екен. Осы күн әр жерде-ақ жарлы халық арасында өлiм көбейiп, күннен күнге қорқыныш үдеп барады. …Ақкемер, Жұрын стансасынан бастап Тұзтөбеге шейiн термiржолмен жүрген адам "Түркiстанда ешбiр қазақ қалмаған шығар" деген пiкiрдi ерiксiз ойлайды. …Сатуға нәрсесi қалмағандар аштан өле бастады. Арықтан арам өлiп қалған малдардың өлiмiтiгiн жеп, бiр күнге болса да жан сақтап тұрғандары да жоқ емес. …Ал ендi тамағы тоқ, иығы бүтiн ағайынның ол сорлыларға көрсетiп жатқан аз ғана да қайыры жоқ. Шаруасы тәуiр ауқатты адамдар өзiнiң арықтап өлген малының жасығын кедейге сатып пайда қылады. Бейшара аштар қайтсын… амалсыздан өлiп бара жатқан соң байдың сұрағанына көнiп ала бередi. …Бұл не деген мейiрiмсiздiк? Бұл не деген мұсылманшылық? …Мiнеки, аштан өлейiн деп жатқан ағайынның халiн бiлiп, оған жәрдем қылудың орнына ауқатты ағайынның iстеп жатқан iстерi осы. Бұл қалай? Қырық ру халықты бiр кiсiнiң баласындай қылып, бiр тудың астына жиған "өз басың сүйгендi басқа мұсылман ағайындарыңа да iстемесең, мұсылман емессiң" деген дiн бiздiң тұтынған ислам дiнiмiз емес пе? …Жұрт иесi қариялар! Ел ағасы мырзалар! Дiн бастығы ғұлама һәм ишандар! Қарындастық, мұсылманшылық борыштарыңызды шынымен-ақ ұмытып кеттiңiздер ме? Алаш балалары қаны бiр бауыр емес пе едiк? "Ағайын бiр өлiде, бiр тiрiде" деген қайда? Ағайын өлсе, өп-өтiрiк өкiрiп келiп, жылаған боламыз. Тiрiде керек қылмаған ағайынның өлгенiне жылауымыз рия болмай ма? Жұрттың жайы осы. Ендi мұның үстiне қошемет кеш болып тұрған қазiргi хүкiметтiң қосымшылықтары өз алдына бiр бап”.
Қалжан Қоңыратбаев ("Бiрлiк туы" газетi, 14 сәуiр, 1918 жыл)

Алты алаштың еркiндiгiн, бақытты болашағын аңсаған қайраткер К.Қоңыратбаев алашордашылар ретiнде тұтқындалып, кеңестер тұсындағы жаппай репрессияның құрбаны болған. 1937 жылдың 30 қараша күнi ұсталып, 1940 жылдың 23 шiлдесiнде Советская Гавань әскери портының маңындағы концлагерьде көз жұмды.

Осылайша жазықсыз жазаланған азаматтың есiмi жетпiс жылдан соң қайта оралып отыр. Кешегi "Айқап", "Қазақ", "Ақ жол" басылымдарының Сыр бойындағы тiлшiсi, халық соты, халық мұрасының қамқоршысы, ағартушы Қалжан Қоңыратбаевтың тағдыр-талайы туралы айтылар сөз әлi алда деп бiлу керек. Патшалық Ресей қазақтарды "бұратана" есебiнде, ақтар қызылдарға болыстың деп, қызылдар ақтарға болыстың деп, коммунистер – байсың деп, алашордашылсың деп, ұлтшылсың, халық жауысың деп қырды. Азамат соғысы және шетел интервенциясы жылдарында Қазақстан орасан адам және шаруашылық шығындарына ұшырады. Екi жылдың iшiнде соғыстан және ашаршылықтан 800 мыңға жуық жергiлiктi халық қаза болды. (Ресей Федер. Мемл.мұр-ы 5451-қор, 25-тiзе, 12-iс, 42-бет). 1918 жылдың жазында шетелдiк интервенттер мен iшкi контрреволюциялық күштер Қазақстанның Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарының көптеген жерлерiн басып алды. Халықаралық империалистердiң қолшоқпары болған ақ гвардияшылар бұл аймақтарда контрреволюциялық диктатура орнатты. Жергiлiктi халықты асып-атып, түрмелерге тоғытты. Құлақ естiп, көз көрмеген озбырлықтар жасалып, қазақ жерi қан сасыған мүрделерге толды. Орал өңiрiнде 1918 жылдың күзiнде зұлмат пен лаңкестiк жайылып, жазалаушы отрядтар өршiп кеттi. Орал қаласындағы 255 коммунистiң бiр бөлiгiн ақ қазақтар аса жауыздықпен өлтiрдi. Бейбiт жергiлiктi тұрғындар қамшы астына алынып, жазаланды. Өзiнiң естелiгiнде Бақытжан Қаратаев былай деп жазады: "Түрмеден эвакуацияға шығарылған 37 адамның 1919 жылы 24 қаңтар күнi Қызылқоға мен Гурьев аралығында ақтар 34 большевиктi атып тастады. Елек қаласында 400 адамды айуандықпен қинап, өлтiрдi. Қараоба, Бөрлi, Борбашевка болыстары, Федоровка, Алмазное, Лубянка және басқа поселкiлердiң халықтарын тонап, оларға ауыр салық салды". (ҚР Президентiнiң мұрағаты, 139-қор, 1-тiзбе, 29-iс, 142-бет). Азамат соғысы жылдарында қазақ жерiн қанға бояған атаман Анненков болатын. Осыған орай "Қазақ тiлi" газетiнде жарияланған "Айуандық пен жауыздықтың туы" деген мақалада: "Анненковшылар кiсi өлтiрiп, қинаудың екi түрлi тәсiлiн ойлап шығарған. Оның бiрi – Кеңес өкiметiне тiлектес деп күдiктенген адамдарды бiрден шауып өлтiрмей, әуелi қолын кескен, сонан соң iшек-қарнын ақтарып, көзiн ойған. Ал екiншi тәсiл бұдан да қорқынышты. Бесiктегi нәрестенi мылтықтың найзасына түйреп, пештегi отқа тастаған" – деп баскесерлердiң зұлымдықтарын көрсетедi. ("Қазақ тiлi", 1927 жыл, 2 шiлде). Осылайша Қазан төңкерiсiнiң алғашқы жылдарында-ақ большевиктер де революция мүддесi үшiн көшпелi халықты құрбандыққа шалудан тартынбады. Түркiстан өлкесiн жайлаған ашаршылық жылдарында қазақтарды сақтап қалуға барын салған Тұрар Рысқұловқа қарсы тұрған Түркiстан большевиктерiнiң саяси басшылары қазақтардың ашаршылықтан, соғыс коммунизмiнен қырылуын заңды құбылыс деп таныған едi. Орыс жазушысы Николай Анастасьев Мұхтар Әуезов туралы жазған кiтабында: "Для ясности: Федор Колесов и Иван Тоболин – большевики, занимавшие сразу после революции видные позиции в Туркестанском крае. Последний, по свидетельствам очевидцев, откровенно публично заявлял, что киргизы, то есть казахи как народ… с точки зрения марксистов, экономически слабый, все равно должен будет вымереть…” (И.Анастасьев, "Мұхтар Ауэзов", Москва, 2006, стр.130) – деп келтiрген айғақты пiкiрi жан дүниеңдi өртше шарпиды емес пе? 1920 жылдың көктемiнде бүкiл дала өңiрiнде астықты, малды, киiм-кешектi күштеп тәркiлеу басталды. Жеңiске қолы жеткеннен соң, большевиктер қазақтарға кеңестiк үстемдiктiң сабақтарын күшпен "үйрете" бастады. Соғыстан соң, халық шаруашылығын қалпына келтiру жылдарында, жер мен малды жаппай национализациялау, көшпелi халықты отырықшылыққа ауыстыру саясаты да мал басын азайтып қана қоймай, адамдарды да жаңа қырғынға ұшыратты.
Тiлеу Көлбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор
(Жалғасы бар)

Серіктес жаңалықтары