ПРЕЗИДЕНТТIҢ СҰРАҒЫ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛДЫ НЕМЕСЕ КӨЗ ҮЙРЕНГЕН "ЖАҢА" КАДРЛАР ТУРАЛЫ

ПРЕЗИДЕНТТIҢ СҰРАҒЫ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛДЫ НЕМЕСЕ КӨЗ ҮЙРЕНГЕН "ЖАҢА" КАДРЛАР ТУРАЛЫ

ПРЕЗИДЕНТТIҢ СҰРАҒЫ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛДЫ НЕМЕСЕ КӨЗ ҮЙРЕНГЕН "ЖАҢА" КАДРЛАР ТУРАЛЫ
ашық дереккөзі
254

Тәуелсiздiктiң 20 жылында қазақ ұлттық кадрлары қалыптасып болған жоқ. Өзiңiз қараңыз: атқарушы билiк – Үкiмет сегiз рет ауысты, заң шығарушы билiк – Парламент төрт рет шақырылды… Осы жылдарда билiктегi басты тетiктi қолына ұстаған кадрлардың негiзгi құрамы өзгерген жоқ.

Тiптi соңғы Үкiметтiң құрамындағы лауазымды шенеунiктердiң басым көпшiлiгi – бұрыннан таныс бейнелер. Жетi бiрдей облыс әкiмiнiң өз қызметiнде қалғаны көп жайтты аңғартса керек.

Бұл ненiң белгiсi? Бiрiншiден, Президент айтпақшы, елдегi кадр дайындау iсi сын көтермейдi.

Екiншiден, Президенттiң "Қазiр жұмыс iстеп жүрген адамдар жұмыс iстей алады. Оларды өзгерткеннен не ұтамыз?" деген сөздерi кадрлық саясатта "көзiр ауыстыру" тәсiлiнiң күнi бiткенiн бiлдiрсе керек.

Дегенмен Президент осы құрамдағы Үкiмет жұмысына риза екенiн бiлдiрдi. "Үкiмет құрамы негiзiнен бұрынғысынша қалды. Олар шынымен де бiр команда болып жұмыс iстедi. Мен оны қолдаймын", – дедi Президент.

Мәсiмов 2007 жылы премьер-министрлiкке алғаш тағайындалған кезде кейбiр сарапшылар "бұл үкiметтiң ғұмыры қысқа болады" деп болжағаны есiмiзде. Содан берi… бес жыл өттi, Мәсiмов тағы да Үкiмет басшылығына тағайындалып отыр. Бiрақ қос палаталы Парламенттiң барлық мүшесi бiрауыздан оны қолдап дауыс бергенiн – бүгiнгi Үкiметтiң бiлiктiлiгiнен гөрi, қазiргi Парламенттiң дәрменсiздiгiнiң белгiсi сияқты бағалайды баз бiреулер.

"Мен 95 пайыз алып едiм, мiне, сен 100 пайыз дауысқа ие болдың", – дедi Президент әзiлдеп.

Жалпы, Президент бейнесi бүгiнге дейiн қоғамдағы тұрақтылықтың кепiлi ретiнде қалыптасса, Үкiмет мүшелерi – орындалмаған мемлекеттiк бағдарламалардың, көк тамырға шапқан сыбайлас жемқорлықтың, мемлекеттiк саясаттағы көптеген кемшiлiктер мен қателiктердiң бар "жауапкершiлiгiне" тойтарыс берер қалқанның ролiн атқарды.

Бiрақ Мәсiмовтiң орынтағын сақтап қалуы – осы команданың мүлтiксiз жұмысының көрiнiсi ме?

Осы орайда, Президенттiң 2010 жылы Кәрiм Мәсiмовке айтқан мына сөзi еске түсiп отыр: "Көбiне лентаны қиямыз, кейде оған менi де қатыстырасыздар, ал бұл нысанның бiр жылдан соң ғана iске қосылғаны кейiннен анықталып жатады. Кәрiм Қажымқанұлы, сен менi былтыр Астанадағы тепловоздардың (зауыттың – ред.) ашылуына апарып едiң, ол биыл ғана жұмыс iстей бастады! Бұл көзбояушылық пен профанация кiмге керек?! Мұндай нысандардың ашылуына ендi мен бармаймын!".

Былтырғы жылдан берi Үкiмет дәлiздерiнде дағдарыстан кейiнгi даму жайында әңгiме қозғалған едi. Бiрақ президент сайлауына дейiн-ақ Мәсiмов мырза әлемдiк экономикалық дағдарыстың әлде 2-шi, әлде 3-шi толқыны болады деп мәлiмдедi. Дағдарыс тұсында билiкке келген команданың "бiз атқарар әлi талай шаруа бар" деген меңзеуi сияқты әсер қалдырды.

Ендi Мәсiмовтiң өзi "ұлттық идеяға" балаған үдемелi индустриялық-инновациялық бағдарламаның қалай жүзеге асатыны – осы команда үшiн нағыз сын болмақ.

Президент Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында облыс әкiмдерiнiң кадрмен жұмысын қатты сынға алды: "Бүгiнде кадр саясатына айрықша мән беру керек. Естерiңiзде болса, мен тәуелсiздiгiмiздiң алғашқы жылдарында-ақ бiздiң бастамаларымызды кiм жалғастырып, кiм жүзеге асырады деген мәселенi ойлайтынмын. Сондықтан да сәйкесiнше, өздерiңiзге белгiлi шаралар жасалды. Ал осы бағытта бiздiң әкiмдер, министрлер нақты не бiтiрдi? Аймақтарда басшылардың жаңа толқыны неге дайындалмайды? Неге сiздер сiздердiң корпоративтi мүдделерiңiздi қорғап, сiздерге ғана адал, тағысын тағы кiсiлерге ғана сенiм көрсетесiздер?", – дедi Елбасы.

Президенттiң бұл сұрағы жуапсыз қалды…

Бұл жолы Мемлекеттiк қызмет жөнiндегi агенттiктiң атына сын-ескертпе көп айтылды. Бұл заңды да.

1999 жылы мемлекеттiк қызметкерлердi байқау нәтижесiнде жұмысқа алу туралы өзгерiс енгiзiлгеннен кейiн бұл салада енгiзiлген жаңалық аз. Мемлекеттiк қызметкерлердi жұмысқа қабылдау әлдеқашан компьютерлiк тестiлеуге көшсе де, бұл жерде әзiр "бармақ басты, көз қыстының" дәуренi жүрiп тұр.

Ал 2010 жылдан бастап мемлекеттiк қызметкерлердi iрiктеудiң екi сатысы енгiзiлдi: әуелi олар тест тапсырып, одан соң бос қызмет орындарына шақыруды күтедi. Яғни тестiлеуден өткен мамандар ғана кадр резервiне кiргiзiлмек. Сондай-ақ тестiлеудiң жаңаша үлгiсi жасалған. Маманның тек кәсiбилiгi ғана емес, жеке адами қасиеттерi де сыналмақ. Бiрақ бұл жүйенiң нақты нәтижесi әлi байқалған жоқ.

Сонымен Нұрсұлтан Назарбаев ескi де жаңа кадрларға бұдан былай кадр мәселесiнде "жаңа" саясат ұстануға шақырды.

Серiк Үмбетовтi Алматы облысының әкiмдiгiнен Президент iс басқарушысы қызметiне тағайындау барысында оның орнына қоятын лайықты шенеунiк табу қиынға соққан көрiнедi.

"Мұндайға төзуге болмайды, бұл тек өз iсiнiң емес, мемлекеттiң де жағдайын ойлау керек қой", – дедi Президент.

"Кадрлердi бұлайша екшеу қағидасы өте зиян; менiң зор өмiрлiк тәжiрибеме сенiңiздер олар бiрiншi болып сiздердi сатып кетедi және алғашқы бұрылыста-ақ сатып жiбередi. Жек көрген адам – қыбыңызға жағуға тырысады, сiздi мақтаған адам – орныңыздан дәмелi. Кадрды iсiне қарап таңдаңыздар. Бiр адамды қызметке тағайындадың ба – оған лайық тапсырма бер. Орындалды ма, нәтижесi болды ма – осындай адамды өмiр бойы жаныңда ұстау керек, ол қандай болса да, тiптi оның кейбiр кемшiлiктерiн де кешiре бiлу керек", – дедi Президент.

Жалпы, Елбасының облыс әкiмдерiне саяси "ликбез" өткiзуi бiр бұл емес. Тәуелсiздiктiң он жылдығында Президент облыс әкiмдерiн ғана емес, аймақтағы одан да төмен шендi қызметкерлердiң басын қосып, саяси дәрiс "оқыған" едi. Президент сол кезде көптеген әкiмдердi аймақтарды өз меншiгiндегi қожалық сияқты қарайды деп сынады. Соның алдында ғана, 2000 жылы аймақтардағы 28 қала мен аудан басшылары сыбайлас жемқорлықпен iстi болғаны есте. Араны ашылған әкiмдердi жерден алып, жерге салған Президент бұл бейбастақтықты тыюды талап еткен едi. Осыдан соң Қазақстанда ауыл, аудан әкiмдерiн сайлау тәжiрибесi енгiзiле бастады…

Ал 2007 жылы Үкiмет жасақталған соң, Президент облыс әкiмдерiн қабылдап, кезектi рет қатты сынға алды. Ол кезде басты мәселе кейбiр аймақ басшыларының СПК құрылуына кедергi болуы әңгiме болған едi. Сол кезде Президенттiң "Зиян келтiргендерiңiздi бiлсем, билiкке қайтып келмейтiндей етiп қызметтен қуамын" дегенi де есте…

Осыдан бiр жарым жыл бұрын Елбасы жас әкiм-қараның тiрлiгiн жерге алып, жерге салды. "Жас кадрларды таңдау, оларды жақсы қызметтерге орналастыру арқылы үйрету, тәрбиелеуге қатысты ұстанған бұрынғы саясатымыз ендiгi таңда бюрократияға тiрелдi, бұл айтылғандардың iшiнде бiрiншiсi мен соңғысы ғана орындалған: жас маманды тауып, оған жақсы қызмет беру. Ал тәрбиелеу дегенiмiз қызметтiң барлық сатысынан өту емес пе? Нәтижесiнде, бiздiң ведомстволарда, тәп-тәуiр қызметтерде өздерiнiң отырғанын бiлмейтiн жап-жас балалар отыр, олардың бар ойлағаны бұдан да қоңдырақ қызметке ауысудың жайы ғана", – дедi Президент.

Облыс әкiмдерiнiң, тiптi кейбiр министрлердiң бiр қызметтен екiншi қызметке ауысқанда өзiмен бiрге топ адамды алып жүруi әлдеқашан саяси анекдотқа айналған. Ақыры бұл мәселеге Президент те назар аударды. "Облысқа жаңадан келген әкiм не iстейдi? Ол жергiлiктi әкiмдердi өсiрмейдi, ол өзiмен бiрге командасын алып келедi… Әрбiр орын, қызмет ауыстырған сайын ұжымдық орын ауыстырудың қажетi жоқ", – дедi Президент.

Осы мәселеге байланысты президент арнайы комиссия жасақтауды тапсырды. Бұл мәселенi бiз де алдағы уақытта жiтi назарда ұстайтын боламыз.

Президент жаңа Үкiметтiң және барлық мемлекеттiк органдардың алдына нақты мiндет қойды: алдағы бес жылда Қазақстан табысы жоғары елдер қатарына енуi керек. 2016 жылы жан басына шаққандағы табыс кемiнде 15 мың АҚШ долларын құрауы тиiс. Бұл үшiн экономика жылына 7 пайыз өсiп отыруы керек.

Атқарушы билiктiң алдында тұрған асқаралы iстердi тындыру үшiн кадрлар керек. Кадр болғанда, iс тетiгiн бiлетiн бiлiктi кадрлар. Президент мұның да шешiмiн айтты: "президенттiк "Болашақ" стипендиясы түлектерiнiң қабiлетiн пайдаланатын жерiмiз осы".

Шындығында, осы жылдарда ұлттық кадр жасақтаудың ең озық үлгiсi – "Болашақ" болуға тиiс едi. Тәуелсiздiк алғанымызға биыл 20 жыл болса, бұл бағдарламаның қабылданып, жұмыс iстеп жатқанына – 16 жыл. Бiрақ бұл бағдарламаның анық жемiсi әлi көзге көрiнген емес. Неге? Өйткенi бұған дейiн жалпы шамасы 4000-нан астам түлек оқу бiтiрiп келсе, олардың үштен бiрi жұмыссыз жүр.

Ал жұмысқа кiрiскендердiң жартысынан астамы өз мамандығынан басқа кәсiппен нан тауып жүрген көрiнедi. Онда Бiлiм және ғылым министрлiгi осы бағдарламаға арнап жыл сайын жариялайтын "басым мамандықтар тiзбесi" не үшiн керек?

"Болашақ" бағдарламасымен оқу бiтiрiп келген жастардың денi Алматы, Астана қалаларында қалуға құштар. Олардың 15 пайызы ғана аймақтарға барады екен. Бiздiң есебiмiзше, онда да ауылға аттанғандардың көпшiлiгi – әу бастан стипендияға ауылдық квота бойынша ие болғандар.

Президенттiң айтуынша, қазiр мемлекеттiк қызметтерде 3000-ға тарта бос орын бар, оның iшiнде 500-i – орталық әкiмшiлiк органдарында. Елбасының айтуынша, талантты жастарды осы қызметтерге тарту мәселесi жақын арада қолға алынбақ.

Кадрды ақсататын бiр жайт – сыбайлас жемқорлыққа бейiмдiлiк болса керек. Бұл дертке жаңаша қарау туралы ұсыныс айтылды. "Ендi орынбасарларыңыз, департамент, комитет директорлары арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген оқиға сiздердiң дереу қызметтен кетулерiңiзге түрткi болады, Жоғарғы сот төрағасының жағдайы нешiк болғанын көрдiңiздер ғой. Ашығын айтқанда, iскер әрi адал қызметкерлердi жұмысқа алыңыздар", – дедi Президент министрлердiң көз үйренген "жаңа" құрамына қаратып.

Ал соңғы кезде кәнiгi блоггерге айналған Кәрiм Мәсiмов осы оқиғадан соң өзiнiң твиттерiнде былай деп жазды: "Жек көрген адам – қыбыңызға жағуға тырысады, сiздi мақтаған адам – орныңыздан дәмелi. Кадрды iсiне қарап таңдаңыздар"…

Бiрақ "Неге?" деген сұрақ әлi жауапсыз…

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары