МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ РЕКТОР ГРАНТЫН ИЕЛЕНДI

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ РЕКТОР ГРАНТЫН ИЕЛЕНДI

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ РЕКТОР ГРАНТЫН ИЕЛЕНДI
ашық дереккөзі

Өткен аптада әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi журналистика факультетi баспа iсi және БАҚ дизайны кафедрасының ұйымдастыруымен, Алматы қалалық әкiмдiгiнiң және республикалық ақпарат құралдары мен баспалардың қолдауымен мектеп және колледж оқушылары арасында Республикалық "Болашақ баспагер-редактор" байқауы өттi. Байқауға республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен 70 оқушы қатысып, олар ҚазҰУ-да бiлiм алуға мүмкiндiк беретiн Ректор гранттарын сарапқа салды.

Байқаудың мақсаты – мектеп оқушыларына кәсiби бағдар беру, олардың баспа iсi жөнiндегi түсiнiк-танымын кеңейту, кiтап дайындау, шығару, тарату кәсiбiне баулу және баспа бизнесiмен айналысуға жол ашу. Байқауда мектеп оқушылары еркiн тақырыпқа шығарма жазып, шығармаға сәйкес кiтап мұқабасын безендiредi және редакторлық-корректорлық, әңгiмелесу сынақтары секiлдi күрделi төрт сынақтан өтiп, өз қабiлеттерiн бәске тiктi.

"Баспагер-редактор" мамандығына түсуге ниет танытқан 70 оқушының арасынан үздiктердi таңдау оңайға соққан жоқ. Нәтижесiнде ҚазҰУ-дiң ректоры Ғалымқайыр Мұтанов атындағы екi "Ректор грантына" Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Ерназар ауылының 11-сынып оқушысы Досжан Балабекұлы мен Қызылорда облысы, Шиелi ауданының 11-сынып оқушысы Ақшолпан Досболқызы ие болды. Сондай-ақ, демеушiлiк жасаған республикалық баспалар өз тараптарынан бiр жылдық шәкiртақы тағайындады. "Бiлiм" баспасы шәкiртақысын ОҚО, Төле би ауданы, Көксәйек елдiмекенi, Төле би атындағы орта мектеп оқушысы Заманбек Мансұров, "Қазақ энциклопедиясы" баспасының шәкiртақысын Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылы, М.Әуезов атындағы орта мектеп оқушысы Балнұр Жексенбекқызы, "Мектеп" баспасы шәкiртақысын Райымбек ауданы, Талас ауылының оқушысы Ернұр Нұрданбекұлы, "Атамұра" баспасы шәкiртақысын Алматы облысы, Ақсу ауданы, Арасан ауылының оқушысы Елдос Тоқтарбаев иелендi.

Сонымен қатар болашақ мектеп түлектерiне әртүрлi номинациялар: "Парасат", "Таным", "Кәсiби бiлiк", "Үздiк редактор", "Үздiк дизайнер", "Үздiк автор", "Жаңарым" аталымдары бойынша дипломдар табыс етiлдi. Болашақ баспагер-редакторларды анықтаған байқаудың ұйымдастырушылары оқушы талантына қолдау танытып, бiлiм нәрiмен сусындатып, байқауда басы-қасында жүрген мектеп ұстаздарын да алғыс хатпен марапаттады.

Салтанатты марапаттау соңы концертке ұласты. Халықаралық және республикалық конкурстар мен фестивальдердiң лауреаты "Тұран" этно-фольклорлық тобы, сондай-ақ эстрада саңлақтары мен өнерпаздардың өнерi жиналған көпшiлiктi тәнтi еттi.

Еңлiк АҚЖIГIТ