РЕСЕЙ ДУМАСЫН АЛАҢДАТҚАН РУСОФОБИЯ

РЕСЕЙ ДУМАСЫН АЛАҢДАТҚАН РУСОФОБИЯ

РЕСЕЙ ДУМАСЫН АЛАҢДАТҚАН РУСОФОБИЯ
ашық дереккөзі
230

"РиаНовости" агенттiгi РФ Мемлекеттiк Думасы Ресей билiгiн посткеңестiк елдерде орыстiлдi азаматтардың құқығын аяққа таптауға қатысты қандай да бiр iс-шаралар жүзеге асырылып жатса, оған қарсы шара қолдануға шақырғанын мәлiмдейдi.

Бұл жайында Ресей Мемлекеттiк Думасының 22 сәуiрдегi мәлiмдемесiнде: "Ресей халықтарына оң көзқарас танытпау және бұрынғы КСРО республикалары арасында бiртұтас тарихымызды жағымсыз етiп көрсетуге байланысты мәселелер" делiнген.

Ресей өз iшiндегi ұлы орыстық идеясын былай жиып қойып, бұрынғы ықпал ету аймағындағы елдерде орыс тiлiнiң аясын тарылтпау, орыс диаспорасының күнiн жоқтау жағынан алдына жан салмай келедi.

Ал Қазақ билiгi өз мемлекетiнде отырып, қазақ тiлiнiң төрге озуынан сескенедi. Бұндай қайшылық әлемнiң ешқандай мемлекетiнде болмаған шығар.

Жақында кезектен тыс өткен Қазақстан халқы ассамблеясында қазақ тiлiнiң мерейiн өсiруге кереғар мәлiмдеме жасалды. Сөз ләмiнен ұққанымыз, мемлекеттiк тiлдiң көсегесi алдағы он жылда да көгере қоймайтын секiлдi. Тiлдердi дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасында 2020 жылы халықтың 95 пайызы қазақша сөйлейдi деп жазылғанымен, оның нақты механизмдерi көрсетiлмеген едi. Бiздiң газет бұл жайында бiрнеше рет дабыл қаққанмен, ақпарат құралдарының пiкiрiне құлақ асарҮкiмет қайда?! Бағдарлама сол бойы қабылданып кеттi. Сол бағдарлама былайғы оқырманға қазақ тiлiнiң күйiн күйттегеннен гөрi, орыс тiлiнiң дәрежесiн сақтауға арналған секiлдi көрiнгенi рас. Былтыр Қазақстан халқы ассамблеясының кезектi сессиясында сол кездегi Мемлекеттiк хатшы-Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев та биiк мiнбеден "Орыс тiлiнiң мәртебесi сақталатын болады" деп кесiп айтқан едi. Биылғы Ассамблеяның кезектен тыс ХVII сессиясында да Ақорда қазақ тiлiнiң ешқашан басымдыққа ие болмайтындығын мәлiмдегендей сыңай танытты.

20 жыл бойы “тiл” деп қақсағанымызбен, тiлдiң алға жылжитын түрi байқалмайды. Қазақ қоғамындағы бiр қайшылық – мемлекеттiк тiлдi меңгерген көпшiлiк күн санап өсiп барады. Жоғары оқу орны түлектерiнiң 70 пайызы, мектеп түлектерiнiң 80 пайызы қазақ тiлiнде бiлiм алуда. Бiрақ бұл балалардың болашағын қазақ тiлiмен байланыстыруы қиынға соғып отыр. Өйткенi елдегi банк саласы, қаржы секторы, ресми билiк, ұлттық компаниялар тек қазақ тiлiн бiлетiн жастарды жұмысқа алудан бас тартады. Сол себептi де жоғары оқу орнын қазақ тiлiнде бiтiрген жастардың көбi бүгiнде жұмыссыз жүр деуге болады. Демек төменнен талап күшейе түсуде. Бiрақ билiк қазақша сөйлеуге асықпайды. Олай дейтiнiмiз, Елбасының сөйлейтiн сөздерi, баяндамалары Президент әкiмшiлiгi арқылы дайындалатыны әмбеге аян. Ал соңғы жылдардағы Президенттiң дәстүрлi халыққа Жолдауындағы қазақ тiлiндегi бөлiмi тым қысқарып кеттi. Айталық, 2006 жылғы Жолдаудағы қазақшаның үлес салмағы – 49,7 пайыз болса, 2008 жылы – 21,4 пайыз, 2009 жылы – 12,9 пайыз, 2010 жылы – 15,8 пайыз, 2011 жылы – 15,7 пайыз болған.

2009 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы сессиясында сөйлеген сөзiнде Елбасы "20 жылда аю да тiл үйренуге болатын уақыт" деп ендiгi жастың мемлекеттiк тiлдi бiлмей мемлекеттiк қызметке алынбайтынын шегелеген. 2010 жылы "Мемлекеттiк тiл – Қазақстан халқын бiрiктiрушi басты фактор" екенiн айтып, мемлекеттiк тiлдiң мерейiн асқақтатқан болса, биылғы Президент сайлауынан кейiнгi алғашқы жиында, Қазақстан халқы ассамблеясының кезектен тыс ХVII сессиясында ешбiр тiлдiң елiмiзде басымдыққа ие болмайтындығын мәлiмдедi. Алға демократиялық құндылықтар тартылып, адамдардың тiл бiлмейтiндiгi үшiн дискриминацияға ұшырамауы көзделген. Бiрақ әлемнiң барлық мемлекетiнде сол елдiң мемлекеттiк тiлiн бiлмесең – далада қалатының айдан анық. Жазылмаған қағида. Ендеше, өз елiнде сүтке тиген күшiктiң күнiн кешкен қазақ тiлiнiң көсегесiн кiм көгертер екен?!

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары