АРАЛАС НЕКЕНIҢ АСТАРЫ

АРАЛАС НЕКЕНIҢ АСТАРЫ

АРАЛАС НЕКЕНIҢ АСТАРЫ
ашық дереккөзі
358

Қоғамда аралас неке болмай тұрмайды. Бiрақ аралас неке қазақ ұлтының келешегiне пайдалы ма, зиянды ма? Сан жағынан аз ұлттар аралас некелердiң нәтижесiнде азулы ұлттардың кең көмейiне жұтылып кетуi әбден ықтимал. Мәселен кезiнде Ресейге түрлi себептермен барған көптеген түркi мырзаларының бүгiнгi ұрпақтары өздерiнiң арғы тегiн бiржола ұмытқан. Оған тарих куә.

1940 жылы Кеңес Одағы құрамында өмiр сүрiп жатқан ұлттарға зерттеу жүргiзiлiптi. Орыс қыздарына үйленген басқа ұлт өкiлдерi қанша екен деп, санап кеп жiбергенде, бiрiншi орынды Латвия, ал екiншi орынды Қазақстан иеленген. Сол кезде ел басқарған бiрқатар жағымпаз қазақ азаматтарының қуаныштан бөркi қазандай болып, бiрер жылда Латвияны басып озуға уәде берген екен.

1950 жылдары тың игеру деген желеумен елiмiзге түрлi ұлт өкiлдерi көптеп келген соң, аралас некенiң саны күрт өскенi белгiлi. Сөйтiп аралас некеге тұрғандардың саны 1940 жылдары 15 пайыз шамасында болса, 1950 жылдары 23 пайыз болған. 1980 жылы әрбiр бесiншi қазақ аралас некеге тұрған. Ең таңданарлығы орыс қызына үйленген қазақ азаматтарының бiразы тегiн пәтерлi болу, қызметiн өсiру, жалақысын жоғарылату және демалыс орындарына жiберу сияқты жеңiлдiктерге ие болғанын көпшiлiк бiледi.

Қазiргi таңда елiмiзде жылына шамамен 100 мың неке қиылады.

Осының 20 пайызы немесе 20 мыңы аралас неке екен. Құдай бұйыртса, кешiкпей Кеңес кезiндегi межеге жетiп жығылатын түрiмiз бар. Кейбiр қоғамдық ұйымдардың зерттеулерiне қарағанда, 18-20 жастағы қазақ қыздарының үштен бiрi шетелдiк жiгiтке күйеуге шыққысы келедi.

2007 жылы Астана қаласында азаматтығы жоқ өзге ұлт өкiлдерiмен 36 неке қиылса, 2009 жылы 48 неке, 2010 жылы 55 неке тiркелген. Бұл сан жыл сайын өсу үстiнде. Таяуда Астана қаласының әйгiлi Республика даңғылында екi африкалық жiгiттiң қолтығында екi жап-жас қазақ қыздары кетiп бара жатқанын көргенiм бар.

Екi жiгiт те күйеубала болайын деп жұтынып тұр. Өзге түгiл, дiнi бiр, тiлi бiр түркiтектес бауырларға қимайтын қазағымның қызы еш арланбастан шетелдiктiң жетегiнде кетуге құмар. Жақсы тұрмыс, жайлы төсек ұлттық намыстан, Отаннан артық болғаны ма? Осының бәрi қазақтардың өз қыздарына әуелi отбасында тәлiм-тәрбие бермей, бетiмен жiберуiнiң, екiншiден, қазақтың ұлттық тәрбиесiне мемлекеттiк деңгейде мән берiлмеуiнен орын алуда.

Шетелдiк азаматтар елiмiздiң еркесi болған аяулы бойжеткендердi бақытты ете ала ма? Ұлты, тiлi, дiнi, үрдiсi бөлек, өмiрлiк көзқарасы мен жалпы болмысы басқа-басқа адамдар қалай тату-тәттi өмiр сүрмек? Менiңше, өте қиын.

1970 жылдан бастап Қытайда жүргiзiлген адам өсiмiн шектеу туралы саясатқа байланысты ұлты қытай отбасыға бiр бала, қытай еместерге екi баладан асырмау заңдастырылды. Осыған байланысты қытай отбасылар бiр баланың ер бала болғанын қалады.

Жүктiлiк кезiнде қыз бала болса, ата-анасы өмiрге әкелуден бас тартып, түсiк жасату кең етек алған. Сөйтiп соңғы жылдары ұлдардың саны күрт өскен. Қазiр 20-30 жас шамасындағы қыз-жiгiттер арасында ұлдардың үлес салмағы 30 миллионға артық. “Бұл сан 2015 жылға қарай 90 миллионға жетедi”, – дейдi демограф Мақаш Тәтiмов. Ендi осы 90 миллион қытай еркегi қу тiзесiн құшақтап жүре бере ме? Жоқ! Олар да әйел алып, балалы болуды қалайды. Қатынды қайдан табады дейсiз ғой. Iргесiнде қолда барын ұсынатын, дiлi басқаның тiлiн үйренуге құмар, ұлан-байтақ жерi бар, өзге десе төрiн ұсынатын Қазақстан дейтiн ел бар. Онда және қыз көп. Ол қыздардың бiразы кiм көрiнгенге тие салады, үйi мен ақшасы болса болды. Өйткенi қыздарымыздың кейбiрi ұттық рухтан ада, өз тарихынан бейхабар.

Тiптi ресейлiк баспасөздерде тайгада орыс келiншектерiмен отасып үлгерген қытайдың қарасы 80 мыңға жетiптi-мыс деген ақпарат жүр. Бейресми мәлiметтер 30 мыңнан астам қытайлық азаматтар Қазақстанға да тастай батып, судай сiңгенiн алға тартады. Жуырда Ресейдiң интернет сайттарында алдағы 20-30 жылда Қазақстанда 20 миллион қытайлық мекендейтiн болады деген қорқынышты мәлiмет жарияланды.

Аралас некенiң шектен тыс көбеюiнiң салдарынан жеке ұлт немесе ұлттық мемлекеттiң жойылып кетуi мүмкiн бе? Әбден мүмкiн. Ондай мысалдар әлемде көптеп саналады. Мысалы өткен ғасырдың басында Испан отарынан азат болған Перу елiнде әртүрлi этникалық-әлеуметтiк топтар пайда болды. Бiрiншiсi, Перудiң негiзгi халқы – кечуалар. Бұлар барлық халықтың басым бөлiгiн құрады. Екiншiсi – отарлаушы испандық креолдар. Барлық билiк осылардың қолында болды. Үшiншiсi – перулiк пен испандық аралас некеден туған метистер.

Тәуелсiздiк алған соң Перудiң байырғы халқы дәстүрлi Инк мемлекетi – Тауантинсуйдi қайта қалпына келтiрiп, Инк империясын жаңғырту идеясын ұсынды. Қысқасы, билiктегi креолдар мен халықтың денiн құрайтын кечуалар арасында тартыс пайда болды. Осы тартыста аралас некеден туғандар (бiзше жиендер) отарлаушы креолдардың жағына шығып кеттi.

Метистер испан тiлi диалектiсiмен сөйлеседi. Олардың тек тұрмысында, киiмiнде, жүрiс-тұрысында ғана аздаған байырғы сипаттар болды. Ақыры бұл метистер бәрiн ығыстырып, билiктi өз қолдарына алды. Бұлардың ықпалының күшейгенi соншалық, Қытай мен Үндi елiнен, көршi елдерден келiп қоныстаған қауым метистердiң жағына шығып кеттi. Олар метистердiң тiлiнде сөйледi, солардың мәдениетiн қабылдады.

Шетелдiк алпауыттар аралас некеден туған метистердi Перу халқының болашағы, ұлттың асқақ рухы деп қолтықтарына су бүркiп қояды. Айналасы жүз жылға жетпей байырғы халық – перуандар (кечуалар) жер бетiнен жойылудың аз-ақ алдында тұр. Олардың ұрпақтары алыс-шалғай тау-тас, орман-тоғайға барып тығылды. Қалаға қоныстанғандары өздерiн кечуалықтармыз деп айтуға арланады. Мiне, бүтiндей бiр мемлекеттiң қысқаша тарихы осылай өрбiдi. Кеңес кезiнде орыстан әйел алған ардагер ағалардың балалары – жиендердiң айтарлықтай бөлiгi қазiр Қазақстанда тұрмайды. Алды Америка, Канада, одан қалды Еуропа елдерiнде. Көбiсi бiлiмiн, өз қабiлетiн басқалар үшiн жұмсауда. Қысқасы, "жиендерден" қайыр жоқ. Осындайда "Жылқыда өт болмас, жиен ел болмас" деген сөз ерiксiз ойға оралады.

Жұмамұрат Кеңесұлы, тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары