МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ – ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРУШЫ ФАКТОР
МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ – ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРУШЫ ФАКТОР
Кезiнде саяси жүйенiң пәрменiмен немесе тағдырдың айдауымен қазақ жерiне қоныс аударып, пана iздегендердi қазақ халқы жатсынбай қарсы алды. Орыс, немiс, ингуш, шешен, кәрiс, грек, поляк, т.б. көптеген этнос өкiлдерi қазақ жерiнде жаңа қоныс, шын Отанын тапты. Жүзден аса этнос өкiлдерi қазақ жерiнде өсiп-өнiп, салт-дәстүрiн, туған тiлiн сақтады, мәдениетiн жаңғыртты.
1991 жылы Қазақстан дербес тәуелсiз мемлекет екенiн жариялағаннан кейiн, республикадағы өзге этнос азаматтарының белгiлi бiр қобалжуға ұшырағаны рас. Бiрақ ұлтаралық татулыққа, ортақ келiсiмге үндеген мемлекеттiк саясат Қазақстанда тұрып жатқан әрбiр этносқа туған тiлi мен мәдениетiн ұмытпай, оны қайта жаңғыртуға, сонымен бiрге баршаға ортақ азаматтық құндылықтар қалыптастыруға мүмкiндiк бердi. Осы жылдары Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзiмен айтқанда, жүзден аса этностың басын бiрiктiретiн фактор мемлекеттiк тiл екенi анық болды. Тәуелсiздiктiң 20 жылдық тарихы бұл саладағы салиқалы саясаттың абзалдығын байқатты.
Соңғы жылдары Наурыз, Сабантой, Масленица мейрамдары орталық телеарналар арқылы насихатталып, мемлекеттiк маңыз бере тойланып жүр. Ал Қазақстан халқының бiрлiгiн әспеттейтiн 1 мамыр мерекесi түрлi ұлттар мен ұлыстардың мерекелiк концерттерi мен ұлттық тағамдары әр ұлттың өзiндiк мәдениетi мен дәстүрiн паш ететiн өнегелi мейрамға айналды.
Елбасы Ассамблеяның ХIII сессиясында сөйлеген сөзiнде былай дедi: "Бiз барлық қазақстандықтарды бiрiктiрушi фактор – мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға күш саламыз. Барша қазақстандықтардың орыс тiлiн бiлу деңгейi жоғары деңгейде қалуы үшiн бар жағдайды жасаймыз. Барлық ұлттардың өз тiлдерiн үйренуге деген құлшынысын қолдаймыз".
Қазiргi таңда елiмiздегi 1673 мектепте оқыту орыс тiлiнде жүргiзiледi. 81 мектепте таза өзбек, тәжiк, ұйғыр тiлдерiнде бiлiм берiледi. Ал 108 мектепте Қазақстандағы 22 этностың тiлi оқытылады. Сондай-ақ арнайы мамандандырылған 195 этнолингвистикалық орталық ашылып, оларда балалар мен ересектерге 30 этностың тiлi үйретiлiп жатыр. Басқа этнос өкiлдерiнiң тiлдерiн үйрету үшiн жексенбiлiк мектептер ашуға бюджеттен қаржы бөлiнедi.
Бұрын ұлттық мәдени орталықтардың жанынан ашылған 200-дей жексенбiлiк мектептерде басқа ұлттардың тiлдерi оқытылатын болса, ендi оларға қоса мемлекеттiк тiлдi үйрету сабақтары да өткiзiледi.
Бұл саясат ақпараттық салада да көрiнiс тапты. Қазақстанда ұлттық тiлдерде жарық көретiн 300-ден астам бұқаралық ақпарат құралы бар екен. Жалпы алғанда, республикада 15 тiлде газеттер мен журналдар шығады. 8 тiлде радиобағдарлама, 11 тiлде телебағдарламалар хабар таратады. Бұған қоса 19 этностық БАҚ-тарды қолдауға мемлекет қаржы бөлiп отыр.
Мәдениет саласында Қазақстанда ТМД бойынша бiрде-бiр ел қолына алмаған жұмыс атқарылған. Мысалы ТМД бойынша ұйғыр, немiс, кәрiс театрлары Қазақстанда ғана бар, ал күрд тiлiндегi оқулықтар тек Қазақстанда шығады.
Қазақстан билiгi жүзден аса этностың әрқайсысына туған тiлi мен мәдениетiн дамытуға жағдай жасауды өз мiндетiне ала отырып, соңғы жылдары мемлекеттiк тiлдi дамытуды, оның ұлтты ұйыстырушы ролiн күшейтудi қолға алды.
Бүгiнде елiмiзде 4000-ға жуық қазақ мектебi бар. Жалпы саны 25 мыңнан асатын өзге ұлт өкiлдерi қазақ мектептерiнде оқыса, 20 мың бүлдiршiн балабақшаларда қазақша тәрбие алуда. Сондай-ақ 3200-ге тарта жексенбiлiк мектептерде 7 мыңнан астам өзге ұлт балалары қазақ тiлiн үйренiп жүр.
Жалпы, 5800 мектепте қазақ тiлiнде және аралас тiлдерде бiлiм берiледi, бұл республикадағы барлық мектептердiң 76 пайызы. Ал салыстыру үшiн алғанда, 1991 жылы мұндай мектептердiң саны 50 пайыздан аспайтын едi. Тәуелсiздiк алған жылы республикадағы оқушылардың 30 пайызы ғана қазақ тiлiнде бiлiм алса, қазiр олардың саны 60 пайыздан асты.
Елбасы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында былай дедi: "Бүгiнде мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесi басым көпшiлiктi құрайды. Бұл – Тәуелсiздiктiң орасан зор жетiстiгi. Бiздiң мiндетiмiз – 2017 жылға қарай мемлекеттiк тiлдi бiлетiн қазақстандықтар санын 80 пайызға дейiн жеткiзу. Ал 2020 жылға қарай олар кемiнде 95 пайызды құрауы тиiс. Ендi он жылдан кейiн мектеп бiтiрушiлердiң 100 пайызы мемлекеттiк тiлдi бiлiп шығатын болады. Ол үшiн бiз бәрiн де жасап жатырмыз".
Қазақ тiлiн бiлетiндер санын 95 пайызға жеткiзу тапсырмасын орындау мақсатында Үкiмет "2011-2020 жылдарға арналған "Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы" аясында нақты шараларды қолға алды.
Байланыс және ақпарат министрлiгi 2015 жылы телевидениеде мемлекеттiк тiлде хабар тарату көлемiн 50 пайызға дейiн жеткiзудi ұсынып отыр. Ақпарат және мұрағат комитетiнiң төрағасы Болат Берсенбаевтың айтуынша, "Телерадио хабарын тарату туралы" заң жобасы "2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттiк тiлдегi теле және радиохабарлардың көлемi барлық хабарлардың жиынтық көлемiнiң 25 пайызынан кем болмауы керек, ал 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап 50 пайыздан кем болмауы тиiс". Қазiргi таңда мемлекеттiк тiлдегi хабар тарату көлемi 10 пайыз шамасында.
Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов ақпан айының соңында ресейлiк "Эхо Москвы" радиостанциясына берген сұхбатында мемлекеттiк тiл саясаты туралы былай дедi: "Менiңше, бұл салада өктемшiлдiк жасау орынсыз. Яғни шектен шығуға болмайды. Бiрақ тiлдi үйренуге деген ынта-ықыластың күшеюi үшiн жұмыс iстеу керек. Екiншi жағынан, мен Қазақстанда қазақ тiлiнде сөйлеу мiндеттi болуы қалыпты жағдай деп санаймын. Менiңше, посткеңестiк мемлекеттер арасында тұрғын халықтың 95 пайызы жергiлiктi тiлде сөйлемейтiн ел бiз ғанамыз.
Бұл қалыпты жағдай, яғни бiз бiрте-бiрте осыған келуiмiз керек. Бұл жерде үлкен сақтық керек. Яғни басты назар – жастарға. Ең әуелi мектеп бiтiрушiлерге, жас ұрпаққа. Басты назарды соларға аударуымыз керек. Яғни жасы 50-ден асқан адамға өмiрiңдi күрт өзгерт деп қинай алмайсың. Ал жастар – басқа әңгiме".
Бұдан әрi Кәрiм Мәсiмов мемлекеттiк тiлдi дамыту саясаты елiмiздегi тұрақтылық пен татулықты сақтау бағытымен үндес екенiн атап көрсеттi. "Менiңше, тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылында, бiздiң Президенттiң жетекшiлiгiмен Қазақстанның бұл мәселеге көзқарасы әрдайым салиқалы болды. Сiздер осы уақыт аралығында елдегi орыстiлдi тұрғындардың наразылығын тудыратындай үстiрт әрекет жасалғанын естiген жоқсыздар ғой. Керiсiнше, мен тағы да қайталап айтайын, бiздегi түйткiл бiздiң орысша сөйлемейтiндiгiмiзде емес, қазақша нашар сөйлейтiндiгiмiзде болып тұр".
Нұрсұлтан Назарбаев бiр сөзiнде "Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде" деген едi. Мемлекеттiк тiлдiң ролi жыл санап арта бермек. Шындығында, қазақ тiлi – барша қазақстандықтарға ортақ мемлекеттiк тiл. Мемлекеттiк тiлдi бiлу – өзiн Қазақстан Республикасының азаматымын деп есептейтiн әрбiр адамның парызы.
Гүлбиғаш Омарова