ӘЛЕМГЕ ӘЙГIЛI ТҰЛҒАЛАР: СОИТИРО ХОНДА

ӘЛЕМГЕ ӘЙГIЛI ТҰЛҒАЛАР: СОИТИРО ХОНДА

ӘЛЕМГЕ ӘЙГIЛI ТҰЛҒАЛАР: СОИТИРО ХОНДА
ашық дереккөзі
230

Екiншi дүниежүзiлiк соғыста Америка Жапонияға атом бомбасын екi рет қолданған едi. Хиросима мен Нагасаки қалалары жермен-жексен болды. Әскери күшi жеңiлiс тауып қана қойған жоқ, экономикасы қатты күйредi. Халықаралық экономиканы болжағыштар Жапония ендi еңсесiн көтере алмай, алпауыт елдердiң ықпалында қалатын ел болып қалады деген тұжырымға келген болатын. Алайда соғыста тiзе бүккенiмен, Жапония басқаларға еңсесiн бастыра қоймады. Еңбекқор халқы жаппай экономиканы көтеруге жұмылып, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары-ақ соғыста қираған қалаларын қайта тұрғызып, жаңадан өндiрiс орындарын ашып, адам таңғаларлықтай ең қуатты елге айналды. Мұнда инженерлiк ойлау жүйесi артты. Әлемдiк сұранысқа ие техниканың жаңа түрлерiн шығарып, оларды жыл өткен сайын жаңартып отырды. Сондай iрi тұлғалардың бiрi – Соитиро Хонда. Ол: "Өмiр – қысқа. Осы шектеулi өмiрде ойымыздағыны жүзеге асыру үшiн жылдамдық керек" деген екен. Ол түрi көз тартатын мотоцикл жасап, оны жылдамдықты байқайтын жолдан өзi сынақтан өткiзiп, кем-кетiгiн жетiлдiрумен болды. Ол өзiнiң жаңа идеяларын батыл енгiзiп, моторлы техниканың бiрiнен соң бiрiн шығарды. Әлемде мотоцикл мен автомобиль жасаудан Жапонияны алдыңғы қатарлы елге айналдырды.

Соитиро Хонда 1906 жылы 17 қарашада Хамамацу қаласына жақын жердегi Ямахигаси елдi мекенiнде өмiрге келген. Сидзуока өзенi сол елдi мекеннiң жанынан өтедi. Бұл кезде Жапония әлемдiк даму үрдiсiнен оқшауланып қалмай, алдыңғы қатарлы елдер санатына кiру үшiн жанталасып жатты. Экономиканы жаңарту мемлекеттiк қатаң бақылаумен жүргiзiлдi. Алайда жан-жақты даму, үлкен өзгерiстер iрi қалаларда ғана жүрiп жатты. Ал шағын елдi мекендер көзге көрiне бермейтiн. Бiр күнi күтпеген жай болды. Ямахигасаның көшесiнде автомобиль пайда болып, көшемен жәй жүрiп бара жатты. Бала Соитиро оны қуып жетiп, есiгiнiң тұтқасынан ұстап, қосарлана жүгiрiп отырды. Соған қуанғаны соншалық көше бойы тұрғандарға айқайлап, әлдененi айтып жатты. Сол кезде ол небәрi он жаста ғана едi. Автомобиль оған ерекше әсер етiп, тағдырына жаңа жол салды.

Соитироның әкесi Гихей Хонда қолынан өнер тамған ұста едi. Ал анасы тiгiншiлiкпен айналысқан. Кәсiптерiмен нәсiптерiн тауып, балалары жоқшылықтың ащы дәмiн татқан жоқ. Соитиро да бала кезiнен еңбекқор болып өстi. Мектепте жақсы оқыды. Өз қиялымен әртүрлi нәрселер жасауға бейiм едi.

Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн 1916 жылы Жапонияға әр елдерден түрлi ұлт өкiлдерi келе бастады. Солардың бiрi американдық ұшқыш Арт Смит ұшақпен келiп, жапондықтарға алғашқы қос қанатты ұшақты көрсеттi. Техниканың аспанға көтерiлуi жапондар үшiн таңғаларлық жай болды. Соитиро да ұшқыштың батылдылығына және ұшақ моторының осынша ауыр техниканы аспанға көтерген қуатына қызыға қарады. Ол сол кезден бастап, осындай бiр машина түрiн ойлап шығаруды армандады.

Жапонияда велосипед негiзгi көлiкке саналатын. Елге "Велосипед өндiрiсi әлемi" деп аталынған журнал таралатын. Соитиро мектеп бiтiрiп ұстаханада әкесiне көмектесiп жүрген. Бiр жолы ол әлгi аталмыш журналдан Токиодағы негiзiнен велосипед өндiрiсiмен айналысатын "Арт секай" фирмасы жұмысшылар iздестiрiп жатқаны туралы хабарды оқиды да, ата-анасынан жасырын түрде фирмаға хат жiбередi. Көп кешiкпей шақыру қағазын алып, ата-анасына сонда барып жұмыс iстегiсi келетiнiн айтады. Олар баласының алғырлығын және алған бетiнен қайтпайтын мiнезiн жақсы бiлгендiктен қарсылық бiлдiрмей еркiне жiберген. Бұл кезде Жапонияда автомобиль өндiрiсi жоқ едi. Тек санаулы ғана шетелдiк "Форд" автомобильдерiн жөндеуге қызмет көрсететiн шеберханалар жұмыс iстеп жатты. "Арт секай" фирмасының бiр цехы сондай автомобильдердi жөндеумен айналысты. Фирма басшысы оны бiрден жөндеу шеберханасына жұмысқа алған жоқ. Әуелi өз үйiнiң шаруашылығын атқаруға қойды. Балаларына қарап, ауланы сыпырып, бақшасын күттi. Ал Соитироның бар арманы жөндеу шеберханасында жұмыс iстеп, автомобильдердiң қыры мен сырына жiтi үңiлу болатын. Ол әлi де үй шаруашылығында жүре берер ме едi егер қыста қар қалың түсiп, шеберханаға моторларынан ақауы шыққан "Форд" автомобильдерi көп түспегенде. Қол күшi жетпей жатқан соң фирма бастығы оны шаруашылық қызметтен босатып, шеберханаға жұмысшы етiп қояды. Ол келген бойда жөндеу шеберiнiң айтқандарын тап-тұйнақтай етiп орындап қана қоймай, бұзылған бөлшектерге аса мән берiп, жөндеудiң тиiмдi тәсiлдерiн ойлап таба бастайды. Оның техника жөндеуге зеректiгiн байқаған шеберхана бастығы өзгелерге үлгi тұтып жүрген. Соитиро сол кезде небәрi он бес жаста ғана едi. Автомобиль бөлшектерiн қайта-қайта жөндеу барысында ол техника сырына әбден қанығып, алты жылдан соң қаладағы ең бiлiктi механикке айналған. Соитиро 1928 жылы Токиодан өз ауылына жақын жердегi Хамамацу қаласына келiп, өзiнiң "Арт секай" жөндеу шеберханасын ашады. Бiлiктi механиктiң көмегiне зәрулер жан-жақтан ағылып келе бастайды. Тiптен Токионың өзiнен адамдар ақаулы автомобильдерiн алып келiп, жөндетiп алып кетiп жатты.

Соитиро автомобильдер доңғалақтарының қатты ағаштан жасалынған дискiлерi мен кейбiр бөлшектерiн металдан құйдырып, өзгерiстер енгiздi. Содан автомобильдердiң сапасы едәуiр артып, өзi патент алған. Көп уақыт өтпей жатып-ақ бұл техникалық жаңалықты басқа елдер де қолдана бастайды.

Жапония мен Қытай арасындағы соғыс өршiп тұрған шақта Соитиро шеберханасына "Зеро" истребителiнiң қосалқы бөлшектерiн жасау жөнiнде көптеген тапсырыстар түскен. Бұл да оның шеберханасының экономикалық әлеуетiн бұрынғыдан да арттыра түседi.

1935 жылы Соитиро жергiлiктi мектеп мұғалiмi Сатиге үйлендi. Арада бiр жыл өткен соң олар қызды болады. Шеберхананың жұмысы өрлеп, қаражат қоры молайған сайын ол басқа да игiлiктi iстердi ойластыра бастайды. 1937 жылы ол "Токай сейки дзюкоге" (Токионың ауыр өндiрiс компаниясын) құрып, сол кездегi "Тойото мотормен" автомобильдердiң қосалқы бөлшектерiн өндiруге келiсiм шарт жасасқан. Бұл Соитироның арнайы техникалық бiлiмi болмаса да өздiгiнен инженерлiк ойлау қабiлетiн арттырады. Олар жасаған қосалқы бөлшектер сапасы жағынан жоғары бағаланған. Алайда екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн Жапония экономикалық құлдырау кезеңiне ұшырайды. Көптеген iрi өндiрiс орындары бомбадан қирап, шаруашылық мүлдем күйреген. Бұл күйзелiс Соитиро басқарған фирмаға да керi әсерiн тигiзедi. Ол "Токой сейки дзюкогенi" "Тойотоға" сатып, қиын кезеңнiң ақырын күтедi. Бiрақ қарап отыра алмай техникалық спирттен шараптың жаңа түрiн шығарады. Сондай-ақ электр қуаты арқылы теңiз суынан тұз өндiрудiң жаңа тәсiлiн ойлап тауып, айтарлықтай сұранысқа ие болған. Соның арқасында оның тұралаған қаржылық әлеуетi қайта көтерiлiп, өзiнiң бұрынғы сүйiктi iсiне қайта оралуына мүмкiндiк туады.

1946 жылдың жазы болатын. Жайма шуақ күндердiң бiрiнде Соитироның танысы қираған зауыттан табылған кiшiгiрiм моторды алып келiп: "Соитиро, мынадан не жасап шығаруға болады. Сенiң ойлау қабiлетiң күштi едi ғой. Бiр қажетiңе жаратарсың", – дейдi. Ол моторды аударып, төңкерiп қарап: "Ойластырып көрейiн", – дейдi. Содан моторды қайда қолдансам екен деп ары ойлап, берi ойлаумен жүрген. Елде жолаушылар таситын көлiктер өте аз едi. Жұрттың көбiсi велосипедпен жүрген кез. Соитиро "Мен неге осы моторды велосипедке пайдаланбаймын?" деген ойға келедi де соны жүзеге асыруға кiрiседi. Мотор құрылымына бiраз өзгерiстер енгiзiп, велосипедке орнатады. Алғашқы моторлы велосипедтi әйелiне сыйға тартады. Мұны қала халқы да ұнатып, сатып ала бастайды. Табысы айтарлықтай ұлғайып, соғыста жартылай қираған әскери зауытты сатып алып, сол жылдың қазан айында маңдайшасына "Техникалық зерттеу институты "Хонда" деген атауды iледi. Болашақ "Хонда" атты әлемге әйгiлi компанияның негiзi солай қаланады. Ол шағын мотордың үлкен бөлiгiн сатып алып, моторлы велосипедтер (мопедтер) шығаруды түбегейлi қолға алған. Дегенмен ол бұл жетiстiкпен тоқтап қалмай, өнiмiн жетiлдiре түсуге ұмтылады. Мопедтен де тез жүретiн, қуатты техника жасауды ойластырып, соны iс жүзiне асыруға жедел кiрiседi. Содан велосипед түрiн мотоциклге айналдырып, қуатты мотор орнатқан. Оған қажеттi көптеген бөлшектердi өзi жасап шығарады. Бұл жаңа өнiмге ол екi жыл уақытын жұмсаған екен. 1949 жылы дүниеге алғаш рет "Хонда" маркасымен жаңа мотоцикл келедi. Алғашқы мотоциклдi жасаушы механиктердiң бiрi қуанғаны соншалық, оған "Арманыңыз орындалды!" десе керек. Соитиро сол мезетте оған "Арман" деген ат қояды. Мотоцикл жапон халқына ұнайды. Соитиро мотоциклдi халықаралық байқаудан өткiзу мақсатымен 1953 жылы Бразилияның Сан-Паулуда өткен мотоциклдер жарысына екi өкiлiн жiбередi. Жарысқа әр елдiң осындай 25 мотоциклi қатысқан. "Хонда" Жапонияның iшкi ұлттық жарысында жеңiс тұғырынан көрiнгенмен, мұнда 13-шi болып мәреге жеткен. Шетелдiктер мотоциклге аса мән бермейдi. Соитиро мотоциклiн басқалармен салыстыра отырып, әлi де жетiлдiре түсу керек деген ойға келедi. Ол алдына қалай болғанда да дүниежүзiнде ең күштi әрi сапалы мотоцикл жасап шығаруды мақсат етiп қойып, сол үшiн аянбай тер төктi. Ол мотоциклдiң жетiлдiрiлген түрiн қайта шығарады. Бұл қуаттылығы жағынан алдыңғысынан әлдеқайда күштi едi. Зауыттан күнiне 130 мотоцикл шықса да тұтынушыларға жетпей жатты. Соитиро зауыт көлемiн ұлғайтып, өнiмдiлiктi арттырды. Жаңа өнiмi Англияда өтетiн "Tourist Nropһu" (ТТ) жарысына қатысады. Бұл жолы жарысқа өзi келген. Алайда Еуропа елдерiнiң мотоциклдерi мотор көлемi бiрдей болғанымен түрi мен қуаттылығы жағынан әлi де озық екен. Соитиро бiрнеше мотоциклдi сатып алып, бөлшектеп, өзiнiкiнен артықшылықтарын анықтайды. Сөйтiп өзi жаңа мотоциклдiң үлгiсiн жасайды. 1959 жылы сол мотоцикл ТТ жарысында мәре сызығын 6-шы болып кесiп өтедi. Оның мотор көлемi – 125 шаршы сантиметр. Арада екi жыл өткен соң, яғни 1961 жылы "Хонда" маркасымен шыққан мотор көлемi 125 пен 250 шаршы сантиметрлiк екi су жаңа мотоциклдер ТТ халықаралық жарыста бiрiншi орынды иемденедi. "Хонданың" бұл маркалары әлемдiк деңгейде шығарылып жатқан кез едi. Олар жылына 500000 мотоциклдi өндiрiстен шығарып, әлемге таратып жатқан. Бұл жетiстiк 1960 жылдары Жапония экономикасының күрт дамуына өз үлестерiн қосты. Жанар-жағармайды аз жейтiн ұшқыр көлiкке әлем елдерiнiң сұранысы бiрден өстi. 1964 жылы Жапония халқының тұрмысы өсiп, автомобиль сатып алуға қолдары жеттi. Соны байқаған "Хонда" компаниясы автомобиль өндiрiсiн қолға алып, халықтың сатып алуға толық мүмкiндiгi жететiндей өте ыңғайлы әрi сәндi етiп шығаруды алдарына принцип етiп қойды. Алғашқыда жапон үкiметi сенiмсiздiк бiлдiрiп, автомобиль шығаруларына қарсы болғаны бар. "Honda-5500" және "Honda T-360" дүниеге келiп, жұрттың сұранысына ие бола бастаған соң, үкiмет өз қарсылықтарынан бас тартты.

Соитиро Хонда жапон автомобилi мен мотоцикл өндiрiсi әлемiнде ерекше тұлға болды. Хонда өзiнiң Токиодағы бас кеңсесiнде өте сирек отырады екен. Уақытын көбiне өндiрiс орындарында өткiзген. Ұтымды инженерлiк шешiмдi тез қабылдайды. Соның арқасында мотоцикл мен автомобильдердiң өз моделiн жасап, әлемдiк технологияға үлкен өзгерiстер жасаған жан. Оның басқалардан тағы бiр өзгешелiгi, жоғары бiлiмдi мамандарға аса сене бермеген. Есесiне, өз бетiнше үйренгендердi жұмысқа көп алған. Ол дипломды мамандар оқығандарымен тұйықталып қалған, ал өз бетiнше үйренгендер үздiксiз iзденiс үстiнде болады деп санаған. Хонда олар үшiн қол жетпейтiн жан емес. Күнде жұмысшылармен, мамандармен сөйлесiп, еркiн пiкiр алысады. Кейде шарт кететiн мiнезi де бар. "Хонда" компаниясында басқарма пирамидасы болған емес. Хонданың бюрократияға жаны қас едi. Басшылық орындарға тек таланттылар мен еңбегi сiңгендердi ғана көтерiп отырған. Тiптен өз балаларын өзiнiң орнын басады деп те санамаса керек. Экономикалық мәселелерде ол өзiнiң бас менеджерi Такео Фудзисавуға қатты сенiм артты. Хонда автомобиль мен мотоцикл шығарумен айналысса, Фудзисава соларды сатумен айналысты. Ол "Формула-I" жарыс машинасының моторын да жасап, әлемдiк инженерлердi таңғалдырған. Ол 1973 жылы компаниядағы өз орнын жас талантқа берiп, демалысқа шықты. 1991 жылы 5 тамызда 84 жасында өмiрден озды.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары