ХИКАЯТ КЕЙIПКЕРЛЕРI – ҚАЗАҚ КЕЙУАНАЛАРЫ

ХИКАЯТ КЕЙIПКЕРЛЕРI – ҚАЗАҚ КЕЙУАНАЛАРЫ

ХИКАЯТ КЕЙIПКЕРЛЕРI – ҚАЗАҚ КЕЙУАНАЛАРЫ
ашық дереккөзі
283

Өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдары сыншы Төлеген Тоқбергенов Дулат Исабековтiң шығармаларын талдай келiп, күнi жарқырап тұрған Кеңес заманында жазушының өмiрдiң көлеңкелi жағына көбiрек үңiлетiнiне назар аударған екен. Осы ойын одан әрман тарата келiп: "Осы жер тiреп қалған жандарды неге төңiректей беремiз?" деген мағынада жазушының көркемдiк-идеялық ұстанымына сын айтқан болатын. Онысы рас, Д.Исабеков өзiнiң "Дермене", "Сүйекшi", "Тiршiлiк" және басқа шығармаларында көбiнесе қоғамда өмiрлiк мақсаттарына жете алмай жүрген кiшкентай адамдардың тақсiреттi тағдырларына қайта айналып соға беретiн. Кеңестiк идеология талаптары тұрғысынан алып қарағанда, мұның өзi кертартпалық болып көрiнуi әбден ықтимал едi.

Бiрақ реалист жазушылардың елеулi бөлiгi кiшкентай адамдарды жаза отырып-ақ, көркемдiгi кенеулi туындылар тудырып келгенi әдебиет тарихынан жақсы мәлiм. Қазақ прозасының алғашқы шығармаларының кейiпкерлерi кiшкентай адамдар болса, бұл үрдiс осынау жиырма бiрiншi ғасыр әдебиетiнде де тиiстi бағытта өзiндiк жалғасын табуда. Осы қатарды толықтыратын шығармалардың бiрi ретiнде Жанат Ахмадидың "Зар-Зарауқа" және Сейiтқұл Оспановтың "Екi дүниенiң абыройы" атты хикаяттарын атап өткен жөн. Бұл аталған шығармалардың кейiпкерлерi Зарауқа, Жанықыз, Қатша, Қарақыз сияқты үй айналасынан шыға алмай қалған, қоғамдағы құбылыстарды өзгертуге тiкелей ықпалы жоқ, қолдары қысқа мiскiн кемпiрлер. Сонымен бiрге Құсни сияқты сұлулар да қиындығы мен қырсығы жетiп артыларлық алмағайып заманда ие болар, жанашырлық жасар адамдардың жоқтығынан тақсiрет тартып, өмiрдiң соққысын жеп, тағдыр талайына ұшыраған кiшкене жандардың қатарында.

Ж.Ахмадидың хикаятындағы жастайынан жесiр қалған Зарауқа – өмiрдiң небiр өткелектерiнен өтiп келiп, тағдыр теперiшiн молынан көрген кейуана. Бiреуi өз пұшпағынан, ендi бiреуi ағайыннан бауырына салып алған екi бiрдей баласы майданда қаза тауып, қайғы жұтып жүрген заманда солардың артында қалған жалғыз тұяқ Құснидың жеке басына да қауiп төнедi. Өзiне көршi болып келетiн Кәдiрсiз сатушы мен оның сыбайласы Сәбетбай екеуi бiрiгiп, Құсниды әскерге кеткен күйеуiнен ажыратып жiберу қамымен әлек. Екi жақтың хатын бiр-бiрiне жiбермей, ақыр соңында әскерге кеткен Әзiмдi өлдi деп шығаратындар да солар. Армиядан қайтып елiне келе жатқан жiгiттi станса басынан қарсы алып, дереу көзiн жойып жiберуден де тартынатын емес. Сөйтiп, өздерiне тиесiлi ақы-пұлдарын алғаннан кейiн, басы босап қалуы тиiс сұлу келiншектi Кеңесбек деген ферма бастығына ұзатпақ.

Үйден ұзап шығып көрмеген аңқау Құсни қаскүнемдердiң құрған жоспары бойынша олар құрған торға келiп түсiп, тыпырлап қалады. Маңайда қолұшын бере қоятын адам жоқ. Бас пайдаларын ойлап, өзiне опасыздық жасаған Кәдiрсiз бен Сәбетбайдың тұтқыны. Аман құтылу үшiн өзiнiң жауларына у берiп өлтiруге шешiм қабылдауы да ашынғандықтан.

Көзiнiң қарашығындай көрiп жүрген қолындағы немере қызы Құснидың аяқ астынан жоқ болып кетуi – Зарауқа кемпiр үшiн трагедиялық жағдай. Қызын өлдiге жорыған ол психикалық аффектiнiң салдарынан есiнен алжасады. Сөйтiп ел iшi осылайша әлек болып жатқан заманда Құснидың мектептегi ұстазы Дариға мен құрбыларының арқасында күйеуi Әзiммен байланысқа шығуы, сөйтiп кездесiп, үйлерiне аман-есен бiрге оралуы – жанашыр жандар үшiн күтпеген қуаныш.

Өмiрде орын алған оқиғаның негiзiнде жазылған шығарма сюжетi оқырманның зейiнiн iлестiрiп, сергiтiп, өзiне тартып отырса, ол да автор шеберлiгiнiң бiр көрiнiсi. Өзiмен шамалас жазылған бiраз повестерге қарағанда, "Зар-Зарауқа" хикаяты оқиғасының тартымды шығуымен де ерекшеленедi. Бiрақ реалистiк талаптар тұрғысынан алып қарағанда, жауапсыз қалған түйiткiлдердiң де бар екендiгiн еске ала кеткен жөн болар. Мысалы Кәдiрсiз бен Сәбетбайға жасалған көпе-көрнеу қастандық заң орындары тарапынан зерттелiп, қудаланбай, елеусiз қалады. Күйеуi аяқ астынан қаза тапқан Жаңыл өз басында ештеңе болмағандай Зарауқа кемпiрдiң жағдайына, оның бала-шағасының тағдырына араласып, уақытын сонымен өткiзiп жатады. Кәдiрсiздiң жаназасыз, киiмшең қойылуына себеп болған мотив те ашылмай қалған.

Осы тақылеттес жекелеген сұрақтардың көлденеңдеп бой көрсеткенi болмаса, адам тағдырлары оқиға үстiнде ашылған. Повесть тiлiнiң құнарлы болуына қызмет етiп тұрған факторлардың бiрi – бейнелi тiркестер. Оқырман құлағына көп естiлмеген құнарлы тiркестер мен қанатты сөздер бiрсыпыра. Iшiнара айтатын болсақ, "Зарығып сұрағанға берсең, өзiңдi құрметтегенiң, немкеттi сұрағанға бергенiң, өзiңдi қорлағаның болады" (8-б.), "Иттiң жауы – диуана, келiн жауы – кейуана" (9-б.), "Ажар – алдамшы, бақыт – баянсыз" (51-б.) деген сипаттағы сирек мақалдар мен қанатты сөздер жиi кезедесе қоймайтын фразеологиялық тiркестердiң қатарында. Шығарма оқиғасы өткен кеңестiк дәуiрге автор кейiнгi ұрпақтың көзiмен қарау керектiгiн түсiне отырып, кеңестiк кезеңнiң жекелеген шындықтарын ашып көрсете алған.

Сейiтқұл Оспановтың "Екi дүниенiң абыройы" деп аталатын повесiнiң оқыған адамға тосындау көрiну себебi оның жазылу сипатында болса керек. Назар аудартатын жағдай сол – аталған шығарманы өмiрге келтiру барысында автордың негiзiнен бiрыңғай баяндау тәсiлiне сүйенуiнде. Мұнда да оқырманның алдынан шығатын әлеуметтiк түйiндер басқа емес, елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi уақыттағы өтпелi кезеңнiң қиындықтары. Бұл бағыттағы авторлық кредоны айқындайтын "Бiрақ қырсық шалғанда, ауылдың баяғы сүттей ұйыған тiршiлiгiнiң қиюы кетiп, ит күнкөрiс алқымнан алып, жұрт бiр жапырақ нанның қамымен тұрымтай тұсына, балапан басына кете бастады ғой… Ел қолы қысқарып, қуанышына құтты болсын, қазасына көңiл айта алмайтын халге жеткен едi" (7-б.) деген сөйлемдер.

Бiр кезде ел қатарлы өмiр сүрiп, тiптi жүрген ортасында жарқылдап көрiнiп жүретiн Қарағыз өмiрдiң түрлi шырғалаңдарынан өтiп келiп, ақыр соңында жалғыз қалған. Бiр замандарда өз ортасында беделдi әрi ептеп қайраткерлiгi де бар әйелдiң басындағы жекелеген қиыншылығы қартая бастаған кезде тiптi қоюлана түседi. Бiр ағайындарының (күйеуiнiң соғыста қаза тапқан iнiсiнiң) бауырына салып алған баласы Жақсыбай өзiнiң атына сәйкес Қарағыздың көзқуанышына айналып, шын мәнiнде жақсы болып өсiп келе жатқан. Момақан ғана естi жасөспiрiм асырап алған анасының қай жағынан болса да көңiлiнен шыға бiлетiн. Анасының да бар пейiлi, мейiрман жүрегi осы Жақсыбайдың үстiнде едi. Бұлардың қалыпты өмiрiнiң ырғағын бұзып кеткен бұрылысты кезең осы Жақсыбайдың үйленуiне байланысты болды.

Алғашында бiрге тұрған жас жұбайлардың өзара қарым-қатынасында бәлендей оқшау ештеңе байқала қоймаған сияқты едi. Бiрақ соған қарамастан, бiрер ай өткеннен кейiн, Қарағызды айран-асыр қалдырған әрi жүрегiн ауыртқан бiр тосын оқиға болды. Жақсыбай келiншегi Ағипа екеуi өздерi жұбайлық өмiрлерiн бастаған жылы ұяларынан астарынан су шыққандай бiр-ақ күнде көшiп, ауылдың басқа жағына қарай қоныс аударып кеттi. Мұндай күрт бетбұрыстың жалғызбасты кейуананың жан дүниесiнiң шат-шәлекейiн шығарып, жүрегiн ауыртуы психологиялық-моральдық тұрғыдан дәлелдi. "Осыншалықты тұра қашатындай не теперiш көрдi… Ауылдың үлкендерiнiң батасын алып, ризашылықпен шықпады ма, осыған милары жетпедi ме" (30-б.) деп қаншама бас қатырғанымен, ойдың ұшығына шыға алмайды. Мұндайда кiнәнi басқа бiреуден емес, адамның өзiнен iздеуi – ол адамның адамгершiлiк ұстанымының тиянақтылығын көрсетсе керек. Кеңқолтық қазақшылықты былай қойғанда, адами нормаларға сыйыса бермейтiн осындай оқыс жағдай жанын жаралап кеткен Қарағыздың ауыр күйзелiстi бастан кешiруi заңды да.

Таза пейiлдi ақ көңiл ананы себепсiз ренжiтудiң түбi ақыры жақсылыққа апармайтынын ары қарайғы оқиғалар тiзбегi көрсетедi. Әуелi ананың жылы мекенiнен қаша көшкен жастар ауыл шетiне де тұрақтап қала алмай, қалаға қоныс аударады. Олардың өз бетiнше жүрiп жасаған осындай шалыс қадамдарына кешiрiммен қараған Қарағыз шамасы келгенiнше өкпе арқаламаудың қамында. Тумаса да, туғандай болған Жақсыбайдың ел-жұрттан амандығын сұрастырып, артынан iздестiрiп жүруiнiң өзi қарт ананың адамгершiлiк деңгейiнен хабар беретiн штрихтар.

Iштей назаланып, iштей күйзелiске түссе де, ол шалыс басқан жас ұрпаққа жамандық тiлеуден алыс. Бiрақ Жақсыбай жақсылыққа жолыға алмай, өмiр жолында сүрiне бередi. Ең үлкен дертi маскүнемдiкке салынады, одан кейiн отбасында, қайын жұртының алдында бар беделiнен айырылып, ақыры жалғыз өзi қаңғырып қалады. Кiшкентай қызына да қолын жеткiзе алмай, пұшайман күйге түсуi – ер-азаматтың қасiретi екендiгi сөзсiз.

Қарағыздың басқа ұрпақтары да мейiрiмге молықтырып отырған жоқ. Қайтыс болған ұлы Сартбайдың артынан қалған балалары, яғни туған немерелерi де ат iзiн салмайтын қатiгез. Ақыр соңында осынау мүшкiл халде жүрiп, өмiрден озған Жақсыбайдың соңынан көп ұзамай Қарағыздың да көз жұмуы повестiң оқиғасын қоюлатып қана қоймай, ауырлатып та тұрған жағдаяттар. Өзi өлгелi жатып балаларының өзiн қалай жөнелтетiнiн ойлап, бас қатыруы да қарт ананың адамшылық қасиетi мен имандылығының негiзi тереңде жатқанын байқатады. Осы тұрғыдан алғанда повестiң тағылымдық мұраты, тәрбиелiк сипаты берiк.

Повесте мораль мәселесi қазақи қарым-қатынастың, ұлттық салт-дәстүр дәйектерiнiң негiзiнде көтерiлген.

Бiр сөзбен айтқанда, Жанат Ахмадидың "Зар-Зарауқа" және Сейiтқұл Оспановтың "Екi дүниенiң абыройы" атты повестерi қазақ аналарының адамгершiлiк тұғырларының биiк екендiгiн дәрiптеу бағытындағы айтары бар туындылар. Зарауқа да, Қарағыз да бауырларынан қалған ұрпақтарының жолына бүкiл ғұмырларын арнайды, солардың табанына кiрген шөгiр менiң маңдайыма кiрсiн дейтiн берiк аналық ұстанымның үлгiлерi.

Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы

Серіктес жаңалықтары