ӘЛЕМДIК АПАТТЫҢ АЙЫҚПАС ҚАСIРЕТI

ӘЛЕМДIК АПАТТЫҢ АЙЫҚПАС ҚАСIРЕТI

ӘЛЕМДIК АПАТТЫҢ АЙЫҚПАС ҚАСIРЕТI
ашық дереккөзі
353

Чернобыльдiң жазықсыз құрбандарына ескерткiш керек

26 сәуiрде бүкiл адамзаттың жүрегiне ауыр жара салып, орны толмас қасiретке әкелген Чернобыль апатына 25 жыл толғалы отыр. Осыған байланысты Ұлттық кiтапханада "Чернобыль АЭС-дегi ядролық апатқа 25 жыл" атты халықаралық дөңгелек үстел болып өттi.

Украинадағы Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардабын жоюға бұрынғы Кеңес республикаларынан 600 мыңға жуық адам жұмылдырылған болса, соның 31743-i қазақстандықтар едi. Ал бiр Алматы қаласының өзiнен 5118 адам аттанған. Олар осынау апатты аймақтағы радиоактивтi қалдықтардың аса қауiптiлiгiне қарамастан, бастарын бәйгеге тiктi. Бiр өкiнiштiсi, қазiр елiмiзден аттанған 31743 чернобыльдiктерден небәрi 4519-ы ғана тiрi жүр. Олардың өзi ағзаға әбден сiңiп алған уытты жеңе алмай, арпалыспен өмiр сүруде.

Чернобыль және аймақтық соғыс ардагерлерi одағының президентi Рахым қажы Әбдiкәрiмовтiң айтуынша, әлемдiк техногендiк апатқа қатысқан чернобыльдiктердiң жанайқайын құлаққа iлетiн жан болмай тұр. "Ресми дерек бойынша, бiр жарым жылда апаттың зардабын жоюға қатысқан 508 адам көз жұмса, 1 500 адам мүгедек болып қалған. Ал бiздiң ресми емес мәлiмет бойынша, бiр жарым жылда 150 мың адам ажал құшса, 200 мыңы мүгедектiк жағдайға түскен. Екi дерек – екi түрлi. Мемлекет бiздiң ауыр еңбегiмiздi, жан күйзелiсiмiздi дұрыс бағаламайды. Мәселен Ұлы Отан соғысы, Ауғанстан соғысына қатысып, аяқ-қолсыз қалған мүгедектер салауатты өмiр салтын ұстанса, 70-80 жыл өмiр сүре алады. Ал радиацияны бойына сiңiрген I-II топтағы мүгедектер 50 жас та өмiр сүре алмайды", – дейдi ол.

Сондай-ақ, Рахым қажы Әбдiкәрiмов Қазақстандағы чернобыльдiктердiң әлеуметтiк ахуалы басқа ТМД елдерiмен салыстырғанда айтарлықтай төмен екендiгiн мына деректермен дәлелдей түседi: "Бiзде мүгедектiк жөнiндегi зейнетақы өте төмен. Қырғызстанның өзiнде жеңiлдiктер Кеңес одағынан сақталған. Чернобыльге қатысқандар барлық жерде құжатын көрсетiп, тегiн жүредi. Алатын зейнетақысы – 350 доллар. Ал бiзге 27 мың теңге ғана бередi. Менiңше, Қазақстан үкiметi мүгедектiк бойынша зейнетақыны қайта қарауы керек. Мәселен Украинадағы чернобыльдiктер 800 АҚШ долларын алғанымен қоймай, тегiн емделiп, қоғамдық көлiкте тегiн жүредi. Ресейде 1000 АҚШ долларына жете-қабыл. Оған президенттiк, губернаторлық үстеме қосылады. Ал бiздiң жағдай қиын. Бұл мәселе туралы Президентке, Парламентке талай уақыттан берi жазып келемiз", – дейдi.

Бүгiнде чернобыльдiктердiң ең негiзгi арманы – Чернобыль құрбандарына арнап ескерткiш ашу. Шынында да, қазiр Қызылорда, Астана, Шымкент, Қызылжарда құлпытас тақта ғана болғанымен, ескерткiш жоқ екен. Чернобыль және аймақтық соғыс ардагерлерi одағының президентi Рахым қажы Әбдiкәрiмовтiң айтуынша, ескерткiшке бар-жоғы 70 мың доллар қажет. "Бұл – бiздiң мемлекет үшiн тиын-тебен. Өкiнiшке қарай, бiздiң шенеунiктер мұны түсiнбейдi. Үнемi ақша жоқ деген сылтаумен келедi. Бiз бұл мәселенi әлi де көтеремiз. Бұл – келешек ұрпақ үшiн керек дүние", – деп ашынады.

Халықаралық дөңгелек үстелге арнайы қатысып, баяндама жасаған Украинаның Қазақстандағы Бас консулы Людмила Протасова: "Чернобыль апаты ХХ ғасырдағы ең үлкен техногендiк апат ретiнде тiркелдi. Бұл дүниежүзiн есеңгiретiп тастады" дей келе, қазақстандық чернобыльдiктердiң да орасан еңбегiн жоғары бағалады. Бiз Бас консул Людмила Протасова ханымды әңгiмеге тартқан едiк.

– Людмила ханым, Чернобыль аймағы қазiргi уақытта ғылыми-өндiрiстiк кешенге айналыпты. Сонда қазiр залалдық деңгейi төмендедi ме?

– Чернобыльге ғылым мамандары келiп, зерттеу жүргiзуiн тоқтатқан емес. Арнайы нұсқау бойынша оған жағдай да жасалған. Барлық нысандар жабық болғанмен, мамандар вахталық әдiспен жұмыс iстейдi. Бiрақ Чернобыль маңайындағы зиянды қалдықтар түп-тамырымен жойылған жоқ. Негiзi мұнда өзiн-өзi сақтап қалған елдi мекендер бар. Бiрақ та бұл аймақта адамдар тұрмайды. 26 сәуiрде Қазақ ұлттық мемлекеттiк музейiнде өтетiн көрмеде Чернобыль аймағындағы елдi мекендерге қатысты карта көрсетiледi.

– Демек радиация деңгейi сақталып тұр ғой…

– Әрине. Украинаның радиацияға жақын елдi мекен тұрғындары қазiрге дейiн таза жемiс-жидек, тазартылған су тұтынуды қатты назарда ұстайды. Олар не iстеу керектiгiн, қайда аяқ басуға болмайтынын бiледi. Оны көрсетiп, белгiлеп берген карта бар. Ғалымдардың болжамына сенсек, Чернобыльдың 30 шақырымдай аймағы өлi дала күйiнде 350 жылдай сақталып қалады екен.

– Сiздiңше, Жапонияның "Фукусима" АЭС-дегi апат пен Чернобыль АЭС-дегi жарылыстың зардабы бiрдей ме?

– Нақты бiрдеңе деу қиын. Аумағы жағынан Жапониядағы жойқын апат Чернобыльге қарағанда едәуiр төмен деп үмiттенемiн. 26 сәуiр күнгi оқиға әлi есiмнен кеткен жоқ. Бiз демалу үшiн саяжайға бара жатқанымызда, 40 шақырым жерден қара түнек түтiн көрдiк. Көк аспанды қою қара бұлт торлап кеттi. Ол – Чернобыль АЭС-дегi апат едi. Сол кезде мұндай қайғылы апаттың екiншi мәрте қайталанбауын Құдайдан тiледiм. Әрине, "Фукусиманың" зардабы да ауқымды. Дегенмен осы уақытқа дейiн өңделген жаңа технологияның арқасында залалсыздандыруға болады. Қандай заманауи технология болсын, жаңа ғылыми жаңалық болсын, адам әркез қауiпсiздiк мәселесiн ойлау керек.

– Украинадағы Чернобыль құрбандары өз бағасын алды ма?

– 1992 жылы Киев қаласында чернобыльдiктерге арналған музей ашылды. Онда апатқа қатысты түрлi құжаттар сақтаулы. Тiптi, Чернобыль АЭС-iн салу жұмысын да белгiлеп қойғандығы туралы деректер бар. Алапат жарылыс кезiнде ешбiр маман ақпараттандырылмаған, дайын болмаған. Бұл үшiн мамандарды кiнәлау дұрыс емес. Сол уақытта қазiргiдей заманауи технология да болған жоқ қой.

– Украина жағынан апаттың зардабын жоюға қатысқан қазақстандықтарға қандай көмек бар?

– Аймаққа бұрынғы Кеңестер одағынан 600 мың адам қатысты. Қазақстаннан барған чернобыльдiктерге материалдық көмек берген жоқпыз. Бiрақ арагiдiк мақтау, құрмет қағазы, медальдар, марапаттаулар жасап тұрамыз. Украинада арнайы медициналық сауықтыру мекемесi мен ғылыми-зерттеу институттары бар. Сосын тек Чернобыль апатының қасiретiн шеккендердi емдейтiн, психологиялық тұрғыдан көмек беретiн орталықтар бар. Бiр қорқыныштысы, мутацияға ұшыраған балалар да көбейiп кеттi. Украинада балалар мен жасөспiрiмдер арасында қалқан безi iсiгi белең алып тұр.

Түйiн: Киевте өткен Чернобыль апатының 25 жылдығына арналған Ядролық энергияны қауiпсiздiк және инновациялық тұрғыдан пайдалану атты халықаралық саммитте әлемнiң бақуатты мемлекеттерiнiң басшылары Чернобыль апатының зардабын жоюға арналған қаржы қорын молайту мәселелерiн талқылады. Чернобыль АЭС-iнiң қираған реакторларын сенiмдi шатырмен жабуға және ондағы радиациялық қалдықтарды сақтайтын қойма салуға әлi 740 миллион еуро қажет екен. Еуропа Чернобыль АЭС-i үшiн жаңа саркофаг салып, Украинаға көмек беруге ниет бiлдiруде. Саммитте Еурокомиссиясының төрағасы Жозе Мануэл Баррозу Чернобыль жобасына 110 миллион еуро беруге уәде еттi.

Алқалы жиынға қазақ елiнiң Президентi Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, халықаралық қауымдастықты алаңдатқан тақырып жөнiнде баяндама жасады. Елбасы болашақта бұндай олқылықтарды болдырмаудың амалы туралы айта келе, “алдағы жарты ғасырдың iшiнде әлемнiң елу елi өздерiнде атом электр стансаларын салуды жоспарлап отыр. Ал бұлардың барлығы Жапонияның "Фукусима" атом электр стансасының кейпiн кимеу үшiн, оларды пайдаға бермес бұрын қатаң тексерулер жүргiзу керек", – дедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары