Павел КАЗАРИН: "СЫЙҒА – СЫЙ..."
Павел КАЗАРИН: "СЫЙҒА – СЫЙ..."
Саяси шолушы, публицист Павел Казарин – Украинада тұратын этникалық орыстар және олардың қоғаммен бiртұтастығы жөнiнде бұрын да өз ойын ашық айтып жүргендердiң бiрi. Оның көзқарасы мен ұстанымы қырымдық "Орыс Әлемiн" көксеушiлердiң көңiлiнен шықпайды, әрине. Десе де Казарин бұрынғы айтып жүрген әңгiмесiнiң жалғасы ретiнде көпшiлiк назарына өзiнiң тағы бiр мақаласын ұсынып отыр.
Украинадағы орыстар өздерiнiң ұлтын биiк қоюды доғаруы керек. Украиналық орыстардың тiлi мен дiнiн сақтауға, жарқын болашағын қамтамасыз етуге ешкiм де мiндеттi емес. Ал мемлекеттi өзгерткiсi келетiндер алдымен сол елге құрметпен қарауды үйренуi тиiс. Украиндерден үрейлене тұрып, украин мемлекетiнiң сипатын өзгертуге тағдырдың жазуымен сонда тұрып жатқан орыстардың да, өзге ұлттардың да мүмкiндiгi де, құқығы да жоқ. Менiң өзiмнiң де ұлтым – орыс. Бiрақ ол – менiң құқығым емес, мiндетiм. Адам ретiнде барынша ақылды, мейлiнше мейiрiмдi әрi қайырымды болуға мiндеттiмiн. Өз-өзiме ұдайы сын көзбен қарауға тиiспiн. Ондай қасиеттi ешкiм де, ешқандай күш те кепiлдiкпен бере алмайды. Оған мен өзiм талпыныс жасауым керек. Басқа этнос өкiлдерiнiң өз ұлтына қатысты көзқарас-пайымының қандай екенiнде менiң шаруам жоқ. Мен тек өзiме және өзiмнiң ұлтыма қатысты айтып отырмын.
Иә, рас, менiң ата-бабаларым ерен ерлiктер жасап, ғаламат табыстарға қол жеткiзген. Алайда бұл артықшылық – атадан балаға мирас болып қалатын мұра емес. Орыс ұлтының соңғы жүзжылдықта жеткен жетiстiгi орасан зор. Алайда ол менiң жеке жетiстiгiм емес. Сол жетiстiктерге сай болуға тиiспiн, бiрақ оны иемденуге хақым жоқ. Ал бүгiнгi күнi соншалық дәрменсiз бола тұра, Үлкен Отанымыздың кешегi жеңiсi мен жетiстiгiн иемденгiсi келетiндер жиiркенiштi көрiнедi дер едiм. Тағы да қайталап айтамын, бiзге ешкiм де, ештеңе де мiндеттi емес. Керiсiнше, өткен тарихымыз, бүгiнiмiз бен болашағымыз алдында бiздiң мiндетiмiз үлкен.
Шовинистердi суқаным сүймейдi. Украиндерге үрейлене қарайтындар тар шеңбердiң iшiнде шырмалып қалған. Мен мұны зор қауiп деп есептеймiн. Тiптi, украиндердiң ұлтшылдығын қатерлi қауiп деп бiлемiн. Өйткенi менiң түсiнiгiмдегi "орысшылдық" деген ұғымда этникалық оқшаулануға орын жоқ. Тарихқа үңiлсек, кез келген уақытта орыс болудың мүмкiндiгi болғанын көремiз. Қалаған адамның американдық бола алатыны секiлдi кез келген адам орыс та бола алатын. Шындығы сол.
Менiң империям ұлттық шектеу негiзiнде қалыптасқан жоқ. Орыстардың бiртұтастығының кепiлi қашаннан-ақ аса жоғары мiндеттер мен асқақ ойлар болған, әлi де солай болып келедi. Әсiресе орысшылдықты ту етiп көтеруге деген талпыныс тек мен үшiн ғана емес, менiң отандастарым үшiн де русофобиядан әлдеқайда қатерлi, әлдеқайда қауiптi. Бiздiң Ұлы Идеямыз құртып-жоюға емес, жасампаздыққа негiзделген. Өкiнiшке қарай, дәл осы тұжырымдама соңғы жиырма жыл көлемiнде Украинада тұрып жатқан орыстардың бойынан табылмай отыр. Биiк мiндет пен асқақ ойдан айырылып қалғаны өз алдына.
Өшпендiлiкпен өмiр сүруден оңай ештеңе жоқ. Өкпе-ренiш – есiрткiнiң ең қуатты түрi. Өкпе-ренiш шынайы жағдаймен санасуға мұрша бермейдi, бар кiнәнi айналадағыларға жаба салатын озбыр азаптаушыға айналдырады. Менiң олай өмiр сүргiм келмейдi. Бiздiң буын Кеңестер Одағы тарих қойнауына кеткен уақытта өсiп-жетiлдi. Ержету кезеңiм Кеңестер Одағына сәйкес келмесе де, кейде сол алып империяны аңсайтын кездерiм болады. Алайда өткеннiң шырақшысы да болғым келмейдi. Өйткенi менiң өткенiм ғана емес, бүгiнiм де бар емес пе!
Шынын айту керек, Украинаның қазiргi мемлекеттiк жобаларының көпшiлiгi менiң көңiлiмнен шықпайды. Ұлттық мемлекет құру туралы естiгенде кiрпiдей жиырылатынымды да жасырмаймын. Өзiмнiң ұлттық сипатымнан бас тарту арқылы украиналық жобаға қатысқым келмейдi, ол менi қызықтырмайды да. Алайда, Қырымдағы және Украинадағы орыс интеллигенциясы Украина мемлекетiне наразылық бiлдiрген сайын мен қайран қаламын. Мемлекеттегi ұлттық тұжырымдаманы өзгерту жолында солардың өздерi не iстедi екен, соны сұрағым келедi. Олар өздерiнiң жеңiлгенiн мойындағысы келмейдi, бiрақ кiнәлiлердi алдын ала белгiлеп қойған. Олар нелiктен батысукраиналық пассионариямен бәсекеге түсуден қорқады? Нелiктен өздерi бастап заманауи әрi озық тарихи үлгiлердi ұсынбайды? Осы сұрақтарға жауап iздеген уақытта Украинаның батысында немесе орталығында тұратындардың өздерiн осы топырақтың иесi ретiнде сезiнетiнiне көзiм жете түседi. Ал украиналық орыстар өздерiн олай сезiнбейдi. Сезiнуiне кедергi келтiрiп жатқан да ешкiм жоқ. Тек оған ой-сана пiсiп-жетiлмей жатыр.
Құқық – үлестiрiлетiн нәрсе емес. Әркiм өз құқығын өзi иемденедi. Алайда бiр нәрсенi өзгерту үшiн оған моральдық хақың болуы керек. Өзгерiс жасауға туған елiне сый-құрметпен қарайтындардың ғана құқығы бар. Украина КСР-iн, Кiшi Ресейдi немесе Киевтiк Ресейдi емес, Украинаны жақсы көру керек. Бүгiнгi күнгi нақты шекара шегiндегi бiр басына жетерлiк қарама-қайшылығы мен шиеленiс-шырмауы бар, көпұлтты Украинаға құрметпен қараған адам ғана өзгерiс жасауға хақылы. Егер Украинаның бiздiң де елiмiз екенi рас болса, бiздiң жауапкершiлiгiмiз Львовта және Ужгородта, Полтавада және Киевте тұратындардан бiр де кем болмауға тиiс. Мұндайда қай ұлттың өкiлi екенiмiз маңызды емес.
Кремльде кейбiр отандастарымыз ресейшiл партиялар үшiн тiлемсектенiп ақша сұраған уақытта ұяттан жерге кiрiп кетуге аз қаласың. Олар солайша қол жаюға мәжбүр. Өйткенi шынайы өмiрлiк кеңiстiктi заманауи үлгiде қалыптастыру олардың қолынан келмейдi. Өз iшiмiзде тиiмдi құрылым қалыптастыруға олардың қабiлет-қарымы да, шама-шарқы да жетпейдi. Ондай деңгейдегi шаруамен айналысу үшiн алдымен бәсекеге төтеп бере алатын экономикалық бағдарламалар жасау керек, қаржылық және тарихи процестердiң қисынын бiлу қажет. Тым болмағанда жаңашыл идеялар ұсынып, заманға сай болуға тиiстiсiң. Олай болмағаннан кейiн, әрине, Кремльге жалтақтап, алақан жайғаннан басқа амал қалмайды. Алған ақшаның өзiн орнымен жұмсай алмайтындары туралы сөз мүлдем басқа.
Кремльдiң ақшасына құрылған партияның Украинаның мемлекеттiк, экономикалық мүддесiн қызғыштай қоритынына титтей де болсын кепiлдiк бар ма? Ең басты және ең негiзгi сұрақ осы болуы тиiс. Украинаның мемлекеттiк мүддесi дегенде әңгiме Украина мемлекетiнде тұратындардың мүддесi туралы ма, әлде олардың көздегенi Украинаның мемлекеттiк мүддесiн ресейлiк капиталға бұрып беру ме? Мұның да басын ашып алған жөн. Ресей олигархтары өз елiндегi орыстарды жарылқапты да, ендi украиналық орыстар қалып па?!
Орыс партиясы Украинаның өз iшiнде және тек Украина үшiн құрылуы керек. Ол "ресейшiл" болмауы керек, "украиналық" бағытты ұстануы қажет. Мұндай қозғалыстың бағдарламасы гуманитарлық шеңбермен шектелмеуi тиiс. Мемлекеттiк құрылыста мұнан гөрi маңызды мәселелер бар екенiн естен шығаруға болмайды. Атап айтқанда, қандай экономикалық құрылым құруды көздеймiз? Бәсекеге төтеп бере алатындай қандай артықшылықтар қалыптастыра аламыз? Бұл процестегi әкiмшiлiк аппараттың рөлi қандай болмақ? Басқаша айтқанда, экономикалық доктринаның қай үлгiсi жанымызға жақын екенiн анықтайтын мезгiл жеттi. Консерваторлық бағытты ұстанамыз ба, социал-демократиялық бағытқа бет бұрамыз ба немесе либералдық және авторитарлық бағыттың бiрiн таңдаймыз ба? Реттi-ретсiз шағым айтып, арыздана бергенше, осының басын ашып алуымыз керек. Бүгiнгi Украинаның мемлекеттiк жобасы көңiлiңiзден шықпайды екен, оны өзгертуге әрекет жасайық. Алайда ол үшiн алдымен тұтас мемлекеттiң жағдайын жақсарту қажет екенiн естен шығармайық.
"Украиналық ресейшiлдiктi" "украиналық орысшылдыққа" алмастыратын мезгiл жеттi. Кедендiк одаққа ену немесе Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiм-шарт ұйымына мүше болу секiлдi талаптардан бас тартып, келелi ой мен қисынды пiкiрге тоқтайтын уақыттың жеткенiн мойындау аса маңызды.
Айтары жоқ, Украина бiртектi емес. Алайда кедейшiлiк жайлаған елде ұлттық татулық пен келiсiм болуы мүмкiн бе? Сананы тұрмыс билейтiнi заңдылық. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ қоғам үшiн келiсiмге келу түк қиын емес. Ондай қоғамның ұрпақ болашағын дәл болжайтынына, мемлекеттiк мүдде тұрғысынан шешiм қабылдайтынына да күмән жоқ. Өткенге лағынет айтудан аулақпын, ол – менiң ата-бабамның тарихы. Алайда өткен күннен жауап iздеу, "дайын асқа – тiк қасық" болу маған жат. Мен жауапты өз бетiмше iздеп, өздiгiмнен тапқым келедi.
Көңiлiмiзден шығатын Украина мемлекетiн қалыптастыруға кiм кедергi? Осы мемлекетте тұрып жатқан басқа азаматтардың ойына ортақтасуға, тiзе қосып тiрлiк етуге не кедергi? Басыңнан өткерген ауыртпашылық пен басыңа түскен қасiрет үшiн өзгелерге кiнә артудың қажетi жоқ. Ең басты кiнәнi әр адам өзiнен iздеуi керек. Қарапайым тiлмен айтсақ, егер өзiңнiң тұрып жатқан үйiңдi ұнатпайтын болсаң, бiр шатырдың астында тұрып жатқан көршiлерiңе несiне ренжисiң? Өмiр сүрiп отырған қоғамды өзгерткiң келе ме, онда әрекет жаса. Өзгерiстi сен үшiн басқа бiреудiң жасап бермейтiнiн санаңа мықтап тоқып ал, жарқын болашақты армандап, босқа үмiттенудi доғар. Ең бастысы, сенiң жағдайыңды жасауға ешкiмнiң мiндеттi емес екенiн ұғын.
Егер Украинадағы орыстар оқшауланып қалатын болса, оған бiрiншi кезекте өздерi кiнәлi. Яғни, идеологиялық тығырықтан шығатын жолды таба алмағаны. Өз ұлтымның азаматы болуды маған берiлген артықшылық емес, мойныма жүктелген мiндет деп түсiнетiнiм де содан. Дәлiрек айтсам, өзара өкпе-ренiштiң қоламтасын қоздыра бермей, болашаққа бағдар жасау мiндет деп бiлемiн. Кiмнiң құқығының қай шеңберде екенiнде шаруам жоқ. Мен үшiн ең маңыздысы – өз ұрпағым өмiр сүретiн елдiң бүгiнiн қалыптастыруға атсалысу. Мен Украина мемлекетiнiң сәтсiздiгiне қуанбауым керек, керiсiнше оған жаным ауыруы тиiс. Бiз өз болашағымыз үшiн жауаптымыз. Одан басқа жол жоқ, болмайды да. Бәрi өз қолымызда. Өзiмнiң бүгiнiме де, болашағыма да өшпендiлiкпен күйе жаққым келмейдi.
Симферополь, Украина
(Материал Toiganbayev.kz сайтынан алынды)