АРЫСТАН ЖҮРЕК СҰРАНШЫ

АРЫСТАН ЖҮРЕК СҰРАНШЫ

АРЫСТАН ЖҮРЕК СҰРАНШЫ
ашық дереккөзі
813

"Сұраншы батыр" дастанындағы патриоттық рух

Жамбылдың "Сұраншы батыр" атты шығармасы – қазақтың ұлттық азаттығы жайында тарихтан сыр тербеген қаһармандық дастаны. Оның өзегiне Құдияр хан бастаған Қоқан басқыншыларына Ұлы жүз қазақтарының қалай тойтарыс бергендiгi туралы тарихи оқиға негiз болған. Қазақ жерiне қайта-қайта шабуыл жасап, әбден дәндеп алған басқыншылардың еркiнсiп алғандары сондай – шұрайлы аймақтарына ауыз сала отырып, Жетiсу өңiрiнiң шығысы жағына дейiн жетедi. Оған дәлел Құдияр ханның жырдағы:

Соғыспақ боп патшамен

Қапалдан тосып бiр шықты (204-б) – деп баяндалатын әрекетi дәлел. Сонау батыстан келген жау Алматыдан асып, Қапал өңiрiне жеткенiн осыдан байқаймыз. Бұл жағынан алғанда дастанның танымдық та мәнi зор екендiгi көрiнедi. Оның қорғансыз елге жасап келе жатқаны – көпе-көрнеу зорлық-зомбылық.

Орыс әскерлерiнiң зеңбiрегiнен жеңiлiс тапқан Құдияр хан қайтар жолда қазақ ауылдарын талқандап, бiлгенiн iстейдi. Киiз үйлердi өртеп, мал-мүлiктерiн тонап әкетедi. Қыз-келiншектерiн зорлап, бесiктегi балаға дейiн өлтiрiп тастаудан тайынбайды. Сөйтiп олардың қазақтарға көрсеткен зорлық-зомбылығы тiптi шектен тыс асып кеткен.

Осындай жағдайда ен өлкеде бет-бетiмен жүрген көшпелi жұрттың басқыншы жауға қалай қарсы тұрамыз деп жанталасуы заңды. Сөйтiп қоқандықтар бер жақтағы ауылдарға кезектi бiр зобалаң әкелген кезде, жәбiр көрушi жұрттың есiне алыстағы Сұраншы түседi де, тау баурайындағы жас батырға дереу хабар жiбертедi.

Арыстан жүрек Сұраншы

Шыңда жатыр алыста.

Оны шыңға шығарған –

Қонысы жоқ, қол қысқа (208-б). Бұл шумақтан жас батырдың қолы қысқа екендiгi, бiрақ соған қарамай, атағы атырапқа жайылып үлгергенi байқалады. Әйтпесе оны шабылған елдiң адамдары iздеп әлекке түспес едi.

Күшi өздерiне қарағанда әлдеқайда басым жауға қарсы шығып, жеңiске жету – оңай шаруа емес. Өзi ұйымдастырған жасақтың бетке ұстар азаматтарын жинап алып, ақылдасқан кезде, Сұраншының естiгенi – қолдау емес, қаймығу рәуiштi сөздер едi. Бұндай солқылдақ пiкiр жолбарыстай жүректi жас батырды қайдан қанағаттандырсын? Оның ер рухты шешiмтал адам екендiгiн сездiретiн деталь – қасындағы ақыл айтушылардың солқылдақ сөздерiне құлақ салмай, бiрден жауға шабуыл жасауды қолға алуы. Сұраншының шын мәнiндегi батыр екендiгiн бiлдiретiн шабуыл әрекеттерi – дастандағы бояуы жарқылға толы айшықты эпизодтар.

Көп заманнан бергi тыңдарман мен оқырманның жадында қалғаны – басқа емес, Жамбылдың суреттеуiндегi Сұраншы. Аз сипаттаумен-ақ батырдың бейнесi мүмкiндiгiнше толық ашылған деуге болады. Ол қандай жағдайда да шапшаң шешiм қабылдайтын шалымды, ойлағанын дереу жүзеге асырып тастайтын оралымды әрi сол әрекеттерiнiң қай-қайсысы да ақылға негiзделген естi адам. Ырғалып-жырғалып өмiр сүретiн көшпелi қазақтың жайбарақаттығы оған жат. Өйтпесе және болмайды. Өйткенi айналаны өрт қаптаған жаугершiлiк заман. Қыр елiнiң самарқаулық дендеген психологиясы, шарасыз хал-ахуалы мұндай уақыттарда жеңiске жетелейтiн фактор ретiнде көрiне алмайтындығын Жамбыл жақсы сезiне отырып, батырдың бейнесiн уақыт шындығына сай өз деңгейiнде әсерлi сомдауға мән берген. Осы арада ақынның фантазиясының мықтылығымен бiрге суреткерлiк қабiлетiнiң де қуаты айқын көрiнедi.

Өмiрде болған шынайы оқиғаларды суреттей отырып, ақын өзiне дейiнгi халық поэзиясының көркемдiк тұрғыда жинақталған тәжiрибесiн ұтымды түрде пайдаланады. Тарихи хронологиялық жағынан алып қарағанда, "Сұраншы батыр" батырлық жырының оқиғасы "Қобыланды", "Алпамыс" немесе "Қамбар батыр" жырларында айтылатын оқиғалардан көп берiде өткенi белгiлi. Әрине, жырдың өмiрге келу уақыты да он тоғызыншы ғасырдың екiншi жартысында. Сондықтан ауыз әдебиетiнiң дәстүрлi пiшiнi пайдаланылып, ауызша шығарылғанымен, жырдың көркемдiк-композициялық құрылымы, салыстырмалы түрде реалистiк поэзияның үлгiсi басым. Мұнда алдыдағы айтылған батырлар жырында кездесетiн гипербола, литота немесе анахронизм нышандары жоққа тән.

Жамбылдың өзiнен бұрынғы ауыз әдебиетiнiң ұнасымды тұстарын орнымен пайдаланып отырғанын дәлелдейтiн мысалдар жырда баршылық, байқалады. Солай болуға тиiстi де едi. Бас қаһарман Сұраншының шабуыл алдындағы көңiл-күйiн ақын былайша сипаттайды:

Батыр тұрып толғанды,

Терең-терең ойланды,

Теңiзден тұрған желдейiн,

Күтiрлеп кеткен сеңдейiн,

От шашқан биiк таудайын,

Айбарланып қозғалды (220-б.) – деген шумақтағы теңеулер қазақтың ауыз әдебиетiне, оның iшiнде поэзиясына тән көркемдiк үлгiлерi екендiгi анық.

Өйткенi жыр авторының өзi үйренген, үлгi алған бағдаршамы ең алдымен қазақтың ауыз әдебиетi, халық ақындарының туындылары болды. Сондықтан да батырлар жырларына тән болып келетiн жалпы сыртқы формалық қалыпты, мазмұндық рухты, жекелеген көркемдiк өлшемдердi пайдалана отырып, шығарылған бұл дастан сол заманның көзқарасы тұрғысынан алып қарағанда, жаңа үлгiдегi туынды едi. Сөйтiп дарынды ақын өз заманының тыңдаушылары үшiн соны әсерге бөлейтiн батырлық дастанын өмiрге келтiрдi.

Ақын қазақ сөзiн үйлестiрiп, көркемдiкпен екпiндете сiлтеген кезде нағыз батылар жырына лайықты сөз өрнегi төгiледi. Сұраншының жауды тықсыра қуып, жеңiске жетуiн суреттеген сәттегi жоғары пафос тыңдаушыға да қуанышты көңiл-күй сыйлайды:

Елге келген бүлiктi

Дауылдай тиiп айдады.

Жалынның бетiн қайтарып,

Қасқырдан елдi айырып,

Көтерiп көңiл жайлады (226-б)

Бас қаһарманның образын әсерлi шығару үшiн ақын оның жалт-жұлт еткен динамикалы мiнез-құлқын, қарапайым жай адамның қолынан келе бермейтiн батырлық қимылдарын және соғыс тактикасын шебер ұйымдастыра алатын әскери стратег екендiгiн көрсете бiлген.

Жеке-дара тұлғаға тән болып келетiн осындай адамдық факторлар Сұраншыны шын мәнiндегi қаһармандық деңгейге көтередi. Бiрақ оның нағыз қаһармандығы – елiн сүйген патриот батыр және сол сүйiктi жұртын қорғау барысындағы көзсiз ер болып шығуына байланысты. Осынау көркемдiк-идеялық мақсат ақынның шеберлiгiнiң арқасында қисынды түрде жүзеге асып, шығарманы сол замандағы халық әдебиетi үлгiлерiнiң алдыңғы қатарына шығарды. Сұраншының Отан алдындағы ерлiк парызын көзсiздiкпен жүзеге асыруы тыңдаушылардың сандаған ұрпақтарына тағылым болып қалғаны сөзсiз.

Жырда елдi, жердi сүюге байланысты уағыз сипатында көрiнiс тауып отыратын дидактикалық сарын да сезiлiп отырады. Бiрақ бұл – ақынның тыңдаушысына қаратып айтқан құрғақ ақылы, кезектi насихаты емес, қаһарманның iс-қимылымен, уағыздық ұстанымымен астасып жатқан, негiзгi сюжетпен органикалық байланыста туындаған көркемдiк тұтастық. Жырдың өзiне тән эстетикалық бiтiмiн бiлдiретiн осындай ақындық үрдiс шеберлiктiң тағы бiр нышаны болып табылады.

Бiр ауыз сөзбен айтқанда, Жамбылдың "Сұраншы батыр" дастаны – поэзия тарихында үнемi еске салынып отыруды қалайтын биiк көркемдiк өлшемдегi патриоттық шығарма.

Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы, әдебиеттанушы

Серіктес жаңалықтары