КҮНГЕЙДЕГI КЕЛЕЛI ЖИЫН

КҮНГЕЙДЕГI КЕЛЕЛI ЖИЫН

КҮНГЕЙДЕГI КЕЛЕЛI ЖИЫН
ашық дереккөзі
207

"Ырыс алды – ынтымақ" дәстүрлi жиыны Мақтаарал ауданында өттi

Көктем Оңтүстiктен басталады. Сондықтан да болар, Ұлыстың Ұлы күнi Наурызға оңтүстiк жұртшылығы үлкен дайындықпен келедi. Наурыз – жасарудың, жаңарудың, бiрлiк пен татулықтың нышаны. Ол барлық игi iстердiң бастауы. Осындай Ұлық мереке оңтүстiкте Мақтаарал ауданындағы "Ырыс алды – ынтымақ" дәстүрлi жиынымен басталды.

Елдi ынтымаққа шақырып, мемлекетiмiздегi жарасымды тiрлiктi паш еткен осынау жиын алғаш рет облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң бастамасымен киелi Түркiстан қаласында өткен болатын. Бұдан кейiн былтыр ол Наурызда адамзаттың алтын бесiгi, тiршiлiктiң бастауы – Қазығұртта, дала парламентi атанған Мәртөбеде, бiрлiктiң белгiсi Ордабасыда ұйымдастырылды. Онда тек бiрлiк пен татулық қана емес, елдiң iшкi жайы, өзектi мәселелер ортаға салынды. Облыстың зиялы қауым өкiлдерiн, халық қалаулыларын, ауыл билерiн, ақсақалдарды, ұлттық мәдени орталық жетекшiлерiн Жетiсайда қайта жинаған дәстүрлi шара бұл жолы "Бейбiтшiлiк пен жасампаздықтың 20 жылы" тақырыбы аясында өттi. Оны белгiлi жазушы Мархабат Байғұт жүргiзiп отырды.

Iшкi бiрлiк пен ұлтаралық келiсiм Тәуелсiз қазақ елiнiң қарыштап дамуы мен тұрақтылықтың кепiлi. Әсiресе бұл жаһандану дәуiрiнде, әлемде тыныштықтың тұнығы лайлана бастаған сәтте өте қажет-ақ. Жиында сөз алған азаматтардың пiкiрi осыған тоқайласты. Өзiнiң баяндамасында облыстық мәслихаттың хатшысы Әбiлқасым Досболов:

– Иманды болғың келсе инабатты бол, кiшiпейiл бол, үлкендi сыйла, елiңдi сүй. Шариғаттың шартын орындау үшiн бабалар дәстүрiн тәрк етудiң керегi жоқ. Ұятты жерiңдi жабу үшiн қазақтың кәмшат бөрiк, үкiлi сәукелесiн, қос етектi бүрмелi көйлегiн, ою-өрнекпен әрленген әсем киiмдерiн ки. Қазiргi қаракөздерiмiз қайда бара жатыр? Басқа дiннiң жетегiнде кетiп, ұлттық менталитеттен ажырап қалмайық. Қазақ қайғы-қасiрет, қаза көрсе де қара жамылмаған. "Қара жамылу" деген сөздiң мәнi – "екi дүниеден үмiт үзу" дегенге келедi. Мейiрiмi мол, рақымы шексiз Аллаға құлшылық жасау үшiн тiршiлiктен қол үзудiң қажетi жоқ екенiн жастарға түсiндiру ұстаздардың, ата-ананың, ел ағаларының парызы, – дедi ол.

Кейiнгi жылдары ауылдағы мал баққан ағайыннан тыныш кеттi. Дүние тiршiлiгiн адал еңбекпен емес, жыртқыштықпен тапқысы келетiн "екi аяқты" бөрiлер көбейдi. Оларды ауыздықтауға тәртiп сақшылары қауқарсыздық танытып отыр. Жиында сөз алғандар бар жауапкершiлiктi тек құқық қорғау органдарына ғана артып қоймай, барымташылармен бүкiл ел болып кiрiсу қажет дедi. Алдымен ел арасындағы мал ұрлығы жайттарының жабулы қазан жабулы күйiнде қалмауы, әрбiр жайт бойынша тиiстi шаралар қолға алынуы тиiс, екiншiден, ауылдарда қарапайым тұрғындардың көмегiмен халық жасақшыларының кезекшiлiгiн ұйымдастыру қажет. Оған ауыл әкiмдерi мұрындық болуы керек.

Жиында сондай-ақ, соңғы жылдары естiген адамның жағасын ұстатып жүрген жасөспiрiмдер арасындағы өз-өзiне қол салушылық, яғн суицид мәселесi де назардан тыс қалған жоқ. Бiр айта кетерi, жастар арасындағы өз-өзiне қол салушылық жайттарына жуырда прокуратура органдары алаңдатушылық бiлдiрген болатын. Облыстық прокуратураның берген мәлiметтерiне қарағанда, кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жайттарын тiркеген облыс әкiмдiгi, денсаулық сақтау басқармасы, iшкi iстер органдарының мәлiметтерi арасында жер мен көктей айырмашылықтың бары белгiлi болып отыр. Дәлiрегiн айтқанда, 2010 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы жасөспiрiмдер арасындағы суицидтiң 294 дерегiн, облыстық iшкi iстер департаментi – 64, облыстық бiлiм басқармасы мен балалардың құқығын қорғау департаментi 27 дерек тiркеген. Осы ала-құла деректерге зерттеу жүргiзген прокуратура былтыр облыста кәмелетке толмағандар арасында өз-өзiне қол жұмсаудың 91 фактiсi орын алған деген ресми мәлiмет таратты. Бұл – әрине, ойлантарлық жағдай.

– Суицидтiң алдын алу үшiн балалықтан жастық шаққа қадам басқан өтпелi кезеңдегi жастарға ерекше назар аудару, олардың жан-дүниесiне үңiлу қажет. Тұйықталған, қиындау балалармен психологтар, ата-ана, дiн өкiлдерi мен жасы үлкен, көптi көрген ақсақалдар да жұмыс iстеуi тиiс, – дедi жиында сөз алған халық қалаулылары.

Басқосуды қорытындылыған облыс әкiмi Асқар Мырзахметов:

– Бүгiн Мырзашөл жерiндегi жиын аса маңызды мәселелердi сөз еттi. Ел бiрлiгi мен ынтымағынан бастап, өзектi әлеуметтiк проблемалар қамтылды. "Ырыс алды – ынтымақ" шарасының мақсаты да осы,– деп, игi дәстүрдi одан әрi жандандыру үшiн "Ырыс алды – ынтымақ" атты қоғамдық форум құруды ұсынды.

Бұл форум екi бағытта жұмыс iстейдi. Бiрiншi бағыт жергiлiктi билiк өкiлдерi форум мүшелерiне бюджеттiң орындалуы, өндiрiстiң дамуы, әлеуметтiк мәселелердiң шешiлуi бойынша есеп берiп отырады. Екiншi бағыт – қоғамдағы өзектi мәселелердi талқылап, оларды шешу бойынша нақты шешiмдер қабылдайды. Форумға облыс, аудан, қала әкiмдерi, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен ауыл билерi, зиялы қауым өкiлдерi мүшелiкке енедi. Бұл азаматтық қоғам мен билiк арасында диалог орнатудың тиiмдi тәсiлi. Қоғамдық форумның алқалы жиыны жылына үш рет Наурыз мерекесi, Конституция күнiнде және Тәуелсiздiк меркесiнде өтетiн болады.

Бұл ұсынысты бiрауыздан қолдаған жиынға қатысушылар, облыстың, қалалар мен аудандардың басшылары, ел ағалары мен билер, ардагерлер, зиялы қауым, ұлттық-мәдени орталықтар мен дәстүрлi дiн, қоғамдық ұйымдар, жастар және БАҚ өкiлдерi облыс жұртшылығына өздерiнiң Үндеуiн жариялады.

Үндеуде: "Наурыз – Табиғат-анамыздың мерейлi мейрамы, жыл басы. Сондай-ақ бақытқа бастар береке, ырысқа апарар ынтымақ, табысты тасытар татулық мерекесi.

Тәуелсiздiк – тәттi сөз, қасиеттi, құтты ұғым. Егемендiк – ерекше қымбат, қастерлi дүние.

Биылғы жыл – Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдығы. Бұл – азат Қазақстанның ең қастерлi құндылығы, халқымыздың сан ғасырлық қаһармандық тарихының ажырамас асыл бөлiгi. Өткенге ой жүгiртiп, санамызбен зерделемей болашақты бағдарлау оңай болмайды.

Сондықтан да биылғы "Ырыс алды – ынтымақ" басқосу жиыны Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналып, "Бейбiтшiлiк пен жасампаздықтың 20 жылы" тақырыбымен өттi. Елiмiздiң 20 жылда қол жеткiзген жетiстiктерi, Тәуелсiздiк тұғырын берiктете түсудегi алдағы мiндеттер жан-жақты айтылды, осы орайдағы ой-пiкiрлер ортаға салынды.

"Ырыс алды – ынтымақ" атты қанатты қағида мызғымас бiрлiгiмiздi, берiк ауызбiршiлiгiмiздi, кiшiпейiл iзгiлiгiмiздi нығайта түссiн, игi iстердiң жалғасуына жол аша берсiн!" делiнген.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары