ПЕНДЕНIҢ ҚАС ЖАУЫ

ПЕНДЕНIҢ ҚАС ЖАУЫ

ПЕНДЕНIҢ ҚАС ЖАУЫ
ашық дереккөзі
233

Бүгiнде қазақта не көп, жау көп. Ал дос жоққа тән. Кейде қақылдап: "Қазақтың жауы – қазақ" деп те қоятынымыз бар. Ал осы қазақты қазаққа жауықтыратын себептердiң бiрi болса да бiрегейi – маскүнемдiк!

Маскүнемдiктi ешқандай әкiмшiлiк шаралармен жеңу, тоқтату мүмкiн емес. Осынау әлеуметтiк дертке қарсы бұрынғы Кеңес Одағында 1985 жылы басталған мемлекеттiк шаралардың немен аяқталғаны белгiлi. Алайда одан берi де қазақ арақ-шарап iшуiн қояр емес. Әсiресе аға және орта ұрпақ өкiлдерi. Бұл екi топты неге бөлiп алғаным да түсiнiктi болар. Жастарға келсек, оның жәйi бөлек және оған кейiн тоқталармыз…

Қазақ қалай маскүнем болды? Қазақ неге "қара орыс" деп атанды?

Қазақтың арақ-шарапқа үйiр болуы мынадай себептерден туындайтын сыңайлы. Соған өзiмiзше сараптама жасап көрелiк. Ең бiрiншi орыс патшасының отарлауы күшейген (ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы) шақта қазақ "отты судың" әлегiн там-тұмдап сезе бастады. Рас, бұл әлеуметтiк дерт сол жылдары кеңiнен етек жайып кете алмады. Өйткенi онда ұлттық салт-дәстүрiмiздiң қаймағы онша бұзыла қойған жоқ, оның үстiне ислам дiнiнiң де елеулi ықпалы болды. Ресей патшасының отаршылдығын қаншама жексұрын, қаншама қанқұйлы десек те, ол Кеңес өкiметiнiң тұсындағы Голощекин, Хрушевтiң қазақ ұлтына жасаған қиянатының ширегiне де келмейдi. Отаршыл шенеунiктер әрi кеткенде Ахмет Байтұрсынов сынды боздағымызды абақтыға жапты. Ал одан кейiнгi коммунистiк кезеңде Ахмет, Мағжан, Әлихан, Хамза сияқты боздақтарымыздың тағдырының қандай болғаны бәрiмiзге мәлiм.

Сөзге шешен, ойға жүйрiк, жаны жомарт, өнерге бейiм, ержүрек те қаһарман халықты құрту үшiн алғашқыда отаршылдар қаруын да, арағын да, айласын да, тiптi миссионерiн де қолданып бақты. Бiрақ қазақтың сағын сындыра алмады.

Құқайдың көкесiн қазақ "қызыл" қырғыннан көрдi. Қорғансыз, кең даласында қамсыз отырған момын елдi "ақ" та, "қызыл" да аяған жоқ, жусатып салды. 1921 жылдың аштығында тағы бiр миллион бауырымыз шетiнедi. Одан соң, Голощекиннiң қанды қасабының кесiрiнен 2,6 млн. қандасымыздан тағы айрылдық. Нәтижесiнде қырыла-қырыла ұлтымыз әлсiредi. 1937-1938 жылдары және одан бұрын да, кейiн де тектiлерiмiз атылды, итжеккенге айдалды, қала бердi қапаста тұншықты. Физиканың заңы бойынша "мүлдем бос кеңiстiк болмайды", олардың орнын басқан тексiздер төрге шығып тайраңдады.

Нәтижесiнде елде өскелең ұрпаққа өнеге боларлық, аталық ақыл-өсиет айтатын, иманжүздi, салиқалы жан қалмады десек те боларлық. Тегi жарымаған, әлiптi "таяқ" деп бiлмейтiн, өңшең шала сауатты, "шолақ белсендiлер" неге өресi жетiп, кiмге өнеге бере алатын едi? Арақ-шарапты тоя iшу, "ащы сусыз" дастарқан жаймау да солардан бастау алып, сол дәуiрден қазақ арасына дендеп енiп, өзге өнегелi салт-дәстүрiмiздiң бәрiн босағадан бiр-ақ шығарды. Түрлi дәрежедегi басшылар жаппай iштi, "шолақ белсендiлер" де соларға елiктеп, "қатардан" қалған жоқ. Себебi сонау "биiктегi" И.Сталин де, оның iзбасары, "ақымақ және маскүнем" (Пастернактың айтуынша) Н. Хрущев те спирттi iшiмдiктерден кетәрi емес едi…

Iшiмдiктi мүлдем аузына алмайтындар және елдi имандылыққа үгiттеген санаулы жандар сонау жылдары "күдiктi" атанып, соған орай ату не айдаумен аяқталатын "қорытынды" шығарылса, онан кейiн "елден бөлiнген", "ақылы ауысқандардың" қатарына қосылды…

Ұлы Отан соғысы басқа да саны аз ұлттармен қатар қазақты да ерекше ойсыратып кеттi. Аштық пен жаппай жазалаудан там-тұм тiрi қалғандар немiстiң оғына ұшты. Ғалымдардың айтуынша, соғыста бiрiншi кезекте жастар мен жайсаң жандар құрбан болып кетедi екен. Талай шаңырақ қара жамылып, талай қатын жесiр, талай бала жетiм қалды. Яғни арқа сүйер азаматсыз, асқар таудай әкесiз күн кештi. Әке өнегесi мен қатқыл емеурiнiн көрiп өспеген қаншама (бәрi бiрдей болмаса да!) қазақ баласының кейiн шөлмекке үйiр болғанына таңырқау қиын, түсiну одан да ауыр.

Соғыстан оралған кейбiр майдангерлер де арақ-шараптан жерiнiп, кейiнгiлерге үлгi берудiң орнына, кезiнде бойлары үйренген "наркомның жүз грамын" жұтқыншағынан әрi өткiзудi ар санаған жоқ. Ол да терiс "өнеге" емес деп кiм айта алады?!

Әрине, мұның бәрi де қазақ арасында маскүнемдiктiң орнығуына сырттай әсер еткен себептер (соның бiреуi – кәдiмгi елiктеушiлiк) ғана. Ендi оның сана-сезiмдiк (психологиялық) бiр себебiн өзiмiзше пайымдап көрейiк…

…Әуелде қазақтың кiм болғанын жоғарыда айтып өттiк қой. Қайсар да қаһарман ақын Махамбет:

Хан емессiң, қасқырсың,

Қас албасты басқырсың.

Достарың келiп табалап,

Дұшпаның сенi басқа ұрсын! – деп жер-жебiрiне жете, ханға бар ашуын, тiлiнiң зәрiн төгiп салған емес пе?! Жәңгiр хан да батыр ақынның сөзiн бiрден ауырсынып, қылышын ала жүгiрмептi ғой. Әдiл де тым ащы айыпты үндемей көтерiптi. Сiз күнi кешегi партияның дәурендеп тұрған шағында бiрiншi хатшыға немесе аупарткомның кез келген қызметкерiне "қасқырсың" демек түгiл (Құдай сақтасын!), бiр ауыз сын не шындық сөзiңiздi айта алдыңыз ба? Әрине, жоқ. Батылы барып айтқандардың да кезiнде ненiң кебiн кигенi белгiлi. Ең ауыры – жындыхана, ең жеңiлi – жұмыстан қуылу. Қашанда ақиқатты айтатындар өмiр бойы өксiп өтедi емес пе?!

Еркiн де өрелi ой, әдiл сын, байыпты пiкiр жетпiс төрт жыл бойы аяусыз қудаланып, тұншықтырылған жағдайда бүгiнгi қазақтың шешендiк былай тұрсын, екi сөздiң басын құрап, сөйлей алмауы ендi түсiнiктi шығар. Жұмыста сәл "артық" кетсе, аузына ұрса, үйiне келгенде, шайпау қатыны шарылдап, көзiне көк шыбын үймелетсе, ер-азаматтың сонда арақтан сүйенiш, рухани жұбаныш iздемесiне не шара?! Ол қатынға "мынауың – жөн", "мынауың – бұрыс" десе, аупартком, партком, милицияға дейiн отбасының iшкi iсiне арсыздықпен араласып, әлгi көкдолыны жақтады, сонда ол кiмнен әдiлдiк тапсын?! Қазiргi қояр да қоймай қазаққа тықпаланып жатқан гендерлiк саясаттың және құқық қорғау орындарына кез келген отбасының iшкi iсiне өктемдiкпен қайта араласуына мүмкiндiк беретiн заңдардың қабылдануы баяғыдағы "таз кепешiмiзге" қайта оралтпасына кiм кепiлдiк бередi?! Сiрә, ұлы Баукеңнiң келiнi Зейнеп Ахметова "Айқын" газетiне берген сұхбатында былай деп бекер айтпаса керек: "Күйеуiнен жәбiр көрген әйелдiң құқығын қорғайтын заң шығарды. Осының өзi адам күлетiн нәрсе. Сонда кез келген ақымақ, адуынды әйел күйеуi маңдайынан шертiп қалса, соттасуы керек пе?!.". ("Айқын" газетi, 2008 жыл, 10 маусым, 3-бет).

Менiңше, соңымыздан қалмай келе жатқан әйелге (ол – ана, ол – жар, ол – ұлттың дiңгегi) спирттi iшiмдiк ұсыну қылығы-барып тұрған жауыздық. Мәселен, ұлы Шығыстың халықтары (араб, үндi, иран, т.б.) мұны күпiрлiк санаса, тiптi христиандық Еуропаның кейбiр ұлттарында әйелдi спирттi iшiмдiкке мәжбүрлеу-әдепсiздiктiң қатарына жатады. Демек бүгiнде қазақтың қыз-келiншектерi арақ-шарапқа үйiр немесе белгiлi бiр бөлiгi маскүнем (бұл – ащы шындық!) болса, оған кезiнде харам "суды" ұсынған немесе соған немқұрайлы қарайтын ерлер де кiнәлi. Тiптi кiнәлi де емес-ау, айыпты…

Жоғарыда көрсетiлген жағдаяттар бiзбен бiрге кезiнде отарланудың қамытын киген өзбек, әзiрбайжан, түрiкмен, тағы басқа бауырларымыздың басында болды ма?! Әрине. Алайда бiр жақсысы сол, оларда маскүнемдiк қазақтағыдай апатты күйде емес. Тәуелсiздiк жолына түскеннен кейiн, бiрден есiн жинап алған жоғарыда аталған қандастарымыздың бiздi басып озатын түрi бар. Неге? Өйткенi түркiлер әлiмсақтан бiзден гөрi ұйымшыл, еңбекқор, бауырмал, ең бастысы – дiнi де, дiлi де берiк…

Ұзын сөздiң қысқасы, қырсықты "қысқартатын" уақыт жеттi, ағайын! Егер бiрте-бiрте арақ-шарапқа құштарлықты азайтып маскүнемдiктi жеңе алсақ, қазақ үшiн алынбас асу жоқ. "Ойбай, сыра жеңiлдеу ғой" деп, өзiмiздi-өзiмiз алдарқатудың қажетi шамалы. Сыра алкоголизмiнiң спирт мен арақ-шараптың "көкесiндей" қауiптi екенiн бүгiнде жазып та, айтып та жатыр. Сондықтан (с.ғ.с.) Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерiнде: "Адамды мас қылатын iшiмдiктердi тiптi аз мөлшерде де пайдалануға тыйым саламыз" деп, мұсылмандарға өсиет қалдыруы тегiннен тегiн емес…

…Егер бәрiмiз бiрiгiп, маскүнемдiктi жеңе алсақ, бiр-бiрiмiзге қадiрiмiз артады, өмiрдi, айнала қоршаған ортаны дұрыс бояуында (буалдыр көзбен емес!) көремiз, кез келген қазақтың отбасында ынтымақ, береке мен татулық орнап, қатындар мен балалардың бақыты ашылары сөзсiз. Егер бәрiмiз тiзе қоссақ, тек сол ыдысына ғана сыйып тұратын Тажалдың, тiптi Iбiлiстiң кесiрiнен жыл сайын өмiрден мезгiлсiз кетiп жататын талай қазақтың ғұмырын сақтап қалатынымыз да айдан анық. Сонымен бiрге елiмiздi мекен етiп жатқан талай диаспора өкiлдерiне оң өнеге көрсетiлер едi…

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары