СИНТАКСИСТIҢ САРДАРЫ ЕДI
СИНТАКСИСТIҢ САРДАРЫ ЕДI
Ел iшi бұларды Сайрамбай әулетiнен дейдi. Кезiнде Сайрамбай ақсақал ақыл-парасатымен жұртқа қадiрлi кiсi болған. Ертеректе ауыл iшiнде өзара кикiлжiң туа қалса, сол кiсiнiң әдiл шешiмiне жүгiнсе керек. Оңтүстiк төрiнде орналасқан Бәйдiбек баба ауданының Жиенқұм жерi – бұл әулеттiң ата-баба мекенi, қазiргi тума-туыстары да сол жердiң тұрғындары.
Талғат – ақсақалдың ең кiшi баласы, кенжесi. Үлкен ағасы Киiзбай Сайрамбайұлы Ташкенттегi САГУ-дiң экономика саласын бiтiрген жоғары бiлiмдi маман ретiнде Шымкентте басшы қызметкер болған. 1934-1936 жылдары "Облселхозуправлениенiң" бастығы болып қызмет атқарған. 1937-1938 жылдары Алматы қаласында Сауда министрiнiң орынбасары болып тұрғанда, байдың баласы, "халық жауы" деп қудаланып, жапа шегiп, 1938 жылы дүниеден өткен. Екiншi ағасы Әнуар Сайрамбайұлы Алматыдағы КазПИ-дi бiтiрген жоғары бiлiмдi педагог болған. Жамбыл облысы, Сарысу ауданында ЗавРайОНО болып тұрғанда "халық жауының" iнiсi деп қудалана бастаған соң, 1939 жылы Фин соғысына өзi сұранып кетедi. Бұл қырғын 1941 жылғы Ұлы Отан соғысына ұласып, 1943 жылға дейiн өлеңмен жазылған хаттары келiп тұрады. Сол жылдан берi хабарсыз. Одан кейiнгi Нұрымбет, Ерiмбет ағалары мен әпкесi Рәзия да көзi ашық, көкiрегi ояу, орнықты кiсiлер болған. Мiне, осындай отбасында дүниеге келiп, оқу-бiлiм алуға ерекше құштарлық көрсеткен жас жеткiншек жақсы адам болуды ертеден-ақ армандап, сол жолда бар саналы өмiрiн жақсылық жолына еңбек етумен ғұмыр кештi. Жиенқұм бастауыш мектебiн тамамдағаннан соң Арыс қаласындағы мектеп-интернаттан онжылдықты ойдағыдай бiтiредi. Талғат Сайрамбайұлы оқыған-тоқығаны бар ағаларынан үлгi алып өстi, М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтын бiтiрушiлерден мемлекеттiк емтихан алу үшiн Алматыдан тiл бiлiмiнiң профессоры Мәулен Балақаев келедi. Ұстазға студент Талғат Сайрамбаевтың жауаптары ұнап, Қазақ Ғылым академиясының аспирантурасына шақырады. Сол кiсiнiң жетекшiлiгiмен 1965 жылы "Қазiргi қазақ тiлiндегi сын есiм және сан есiмдi етiстiктi сөз тiркестерi" тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, Қызылорда педагогика институтында бiрнеше жыл доцент болып, шәкiрт тәрбиелейдi. Ол 1971 жылы М. Балақаевтың ұсынысын қабыл алып, Қазақ Мемлекеттiк университетiне ауысып, әлi де түбегейлi зерттелмеген тiлдiң синтаксис саласына бiржола көңiл қояды. Кейiндеу "Қазiргi қазақ тiлiндегi күрделi сөз тiркесiнiң құрылымдық-мағыналық түрлерi" тақырыбында докторлық жұмысын қорғап, синтаксис ғылымының тамырын тереңдете түстi. Содан кейiн де қаншама ғылыми еңбектерi жарық көрдi десеңiзшi. Ұстазы М. Балақаевтың еңбегiн жалғастырып, өзi де бiрнеше ғалым шәкiрттер тәрбиелеп шығарды. Оның жетекшiлiгiмен 38 ғалым кандидаттық, 2 ғалым докторлық диссертация қорғаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң Қазақ тiлi бойынша ашылған докторлық Кеңестiң төрағасы, университеттiң Құрметтi ұстазы, асыл аға 2009 жылы 20 қарашада 73 жасында өмiрден озды. Дана халқымыз "Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейдi" деген ғой. Бүгiнде ғылымдағы қатарластары мен тәрбиелеген шәкiрттерi әрдайым еске алып, адами қасиеттерiн өзгелерге үлгi тұтуда.Синтаксис ғылымының бiлiктi маманы атақты профессор Мәулен Балақаев өмiрден озғанда түркiстандық немере iнiсi Сәдуақас Алтайұлы Балақаев елден келген. Т. Сайрамбаевты оңаша шығарып:
– Тәке, ағамның маған айтқан аманаты бар едi. "Егер олай-бұлай бола қалсам, туған жерiм Түркiстанға алып барып қоярсың" деген. Мына балалары Ерiк пен Ләйла қанша айтсам да: "Әкемiздi осы жерге қоямыз", – деп көнбей отыр. Сiз түсiндiрмесеңiз, менi тыңдар емес, – дедi. Тәкең Ерiк пен Ләйлаға әкенiң соңғы аманатын орындау парыз екенiн шым-шымдап түсiндiрдi. Алғашқыда балалары онша ырық бермегенiмен, кейiн мақұл көрген. Сөйтiп, Мәкеңдi Алматыдан Түркiстанға ғалым-шәкiрттерi Көбей Құсайынов, Өмiрзақ Айтбаев және Талғат Сайрамбаев әйгiлi тiл маманы М. Балақаевты өзi қалаған мәңгiлiк мекенiне жайғастырып қайтты. Т.Сайрамбаев дәрiсi кезiнде ара-тұра студенттерге: "Мұндайда Мәкең былай деушi едi…". "Iсмет Кеңесбаевпен жарасқан әзiл-қалжыңында үлкен мән болатын…", – деп аңыздай болған қызықты естелiктер айтып, ұстазының игi iстерiн үлгi тұтатын. Кейiндеу "Балақаев тағылымы" туралы өзi ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференцияда: "Мәулен Балақаев – тек қазақ тiл бiлiмiнде ғана емес, бүкiл түркологияда сөз тiркесi синтаксисiнiң алғашқы әрi дара көшбасшысы болды", – деп ұлықтады.Тәуелсiздiктен соң Түркiстан қаласынан Халықаралық Қазақ-түрiк университетi отау тiгiп, Т.Сайрамбаевтың бiрнеше шәкiрттерi оқытушы болып барды. Филология ғылымдарының кандидаттары Гүлiмжан Жылқыбаева мен Нағима Қошанова телефон шалып:
– Талғат аға, кафедра жанынан "Қазақ тiлi" кабинетiн ұйымдастырып, оны сiздiң есiмiңiзбен атауды ұйғарып отырмыз, – дедi. Аз ғана үнсiздiктен соң Тәкең: – Маған деген көңiлдерiңе дән ризамын. Сол кабинеттi Мәулен Балақаевтың атымен атасаңдар, қуана келiсiмiмдi берер едiм. – Ағай, сiз өз ұстазыңызды аз құрметтеп жүрген жоқсыз. Тiл ғылымында сiздiң де еңбегiңiз орасан зор. Ендi бiз де өз ұстазымызды құрметтесек асылық болмас, – дейдi шәкiрттерi. – Жоқ, шырағым, Мәулен Балақаевтың есiмiн қойғандарың жөн – деп, кесiп айтты. Кабинет солай аталды.1986 жылы 17-18 желтоқсанда Қазақ университетiнiң студенттерi алаңға шығып, Орталық Комитеттiң шешiмiне наразылықтарын бiлдiрдi. Солардың арасында филология факультетiнiң қыз-жiгiттерi де бар едi. Қарулы әскер бейбiт шеруге күш қолданып таратты. Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi университетке келiп, барлық студенттердi жауапқа алып, алаңға шыққандарын қатал жазалап жатқан.
Т. Сайрамбаев аудиторияда беттерiн үсiк шалып, тұла бойын үрей билеп отырған қыздарды көрiп: – Қыздарым-ау, кеше алаңда болып па едiңдер, – дедi. – Иә, ағай, барғанымыз рас. Ендi бiздi оқудан шығарып жiберетiн шығар. Ата-анамызға не айтарымызды бiлмей отырмыз, – дейдi студенттер. – Қазiр аналар суық сорған өң-бастарыңа қарап, "барған жоқпыз" деп қанша ақталсаңдар да алаңға шыққандарыңды бiлiп қояды. Менiң осы дәрiсiм кезiнде тез жатақханаға барып, опа-бояуларыңды жағып келiңдер, – деп алаңға шыққан бiр топ қыздарды сабақтан босатты. Сол кезде кейбiр оқытушылар студенттердi: "Алаңға неге шықтыңдар?" – деп табалап, жан алқымға алып жатқан болатын. Оларды қорғап қалудан қаймығып, өз бастарын алып қашты. Т. Сайрамбаев дәрiсiнен босатқан қыздар тез оралды. Жауапқа алушылар қанша қысым көрсетсе де қыздар бiр ауызды болып, алаңға шыққандарын мойындаған жоқ. Олар жаза қолданудан аман қалды. – Талғат аға, егер сiз бiзге жанашырлық танытпағанда жағдайымыз мүлдем басқаша болар едi. Сiзге ризашылығымыздан басқа айтарымыз жоқ, – дедi шәкiрттерi жамырай сөйлеп. Арада бiраз күн өткен соң Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi университеттегi оңтүстiк облыстан шыққан оқытушыларға қысым көрсете бастады. Жазықсыз жапа шеккендердiң бiрi болып Талғат Сайрамбаев та жұмыстан кетуге өз еркiмен арызын жазады. Бiрнеше ай жұмыссыздықтан соң Шетел тiлдерi институтына жай оқытушы болып орналасты. Екi-үш жыл солай қызмет атқарды. 1990 жылдары Ұлттық университетке ұлтжанды азамат, экономика ғылымдарының докторы, профессор К. Нәрiбаев ректор болып келген едi. Ректор филология факультетiнiң қазақ тiлi кафедрасының жағдайымен танысып, Тәкеңдi профессорлық лауазымды қызметiне қайтарып алып, жеке жаңа кафедра ашып бередi.Жоғары оқу орнына қабылдау тестiлiк жүйеге көшкенге дейiнгi кезеңде ҚазҰУ-дiң қазақ тiлi мен әдебиетiнен қабылданатын емтихандарға Тәкеңдi – Т. Сайрамбаевты көбiне төраға етiп сайлайтын. Себебi ешкiмге қиянат жасамайды, жақсы жауаптарға жақсы бағасын қойдырады. Әйтеуiр осы кiсi төраға болған жылдарда жазғы қабылдау емтиханы өз саласы бойынша тыныш әрi нәтижелi өтетiндiгiн басшылар үнемi атап айтып жүретiн.
Бiр жылғы қабылдау емтиханында бiр талапкер қыз баланың жауабы өте ерекше екенiн қарсы бөлмедегi төраға – Тәкең байқап отырады. Талапкердiң түр-түсiн, фамилиясын бiлмесе де, жауабы ерекше назар аударарлық екенiне сүйсiнiп, "бес" деген бағасын қоюға дайындалып отырады. Бiрақ әлгi талапкер алдына келмейдi. Емтихан алушы оқытушыны шақырып: "Мынадай тақырыпты айтқан оқушы қайда?" – десе, оқытушы оған төрт қойып, қайтарып жiбергенiн айтады. Ашу қысқан, әдiлетсiздiктi байқаған Тәкең "Тауып кел!" деп бұйырады. Оқытушы тауып келедi. Сонда талапкерге жылы жүзбен: "Сiз өз сұрақтарыңызды өте жақсы айттыңыз, мен естiп отырдым. Сiздiң бағаңыз төрт емес, бес", – деп қолына бес деген баға қойылған қағазды ұсынады. Талапкер бала не айтарын бiлмей, дауысы дiрiлдеп, "Рахмет" деп айтуға зорға әлi жеткендей, екi көзi жаутаңдап шығып кетедi. Емтихан бiтiп, сыртқа шығып, үйге беттей бергенде бiр ер кiсi: "Құдай бар екен! Құдай бар екен! Баламның бiлiмiн әдiл бағаладыңыз", – деп өзiне қарай жүгiре басып келе жатады. Ата-анамен сыртта сөйлесуге аса тыйым салынған кезеңде Тәкең сескенiп қалып, әлгi талапкердiң әкесiне: "Ештеңе емес, бестi мен қойған жоқпын, бестi балаңыз өз еңбегiмен алды", – деп, әкесiне баласының бiлiмi үшiн рахмет айтып жүрiп кетедi.Досы әрi әрiптесi филология ғылымдарының докторы, академик Өмiрзақ Айтбайұлы айтады:
“Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев – ғылымда да, өмiрде де үлкен мұра қалдырған, адалдықпен, пәктiкпен, тынымсыз еңбекпен отбасына да, еңбек еткен ортасына да, әрбiр шәкiртiне де сарқыла тағлым берген, әрбiр дос-жаранына қимастай тұлға бола бiлген ардақты әке, асыл ата, адал жар, адал дос және ғалым-ұстаз. Дана халқымыз: "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын", – дейдi. Осы сөз Талғат Сайрамбайұлына қатысты болады да тұрады. Досым дүниеден озғанда ойыма бiраз өлең жолдары оралып едi, соның бiр-екi шумағын айта кетейiн: Ойсырап қалды ортамыз, Қайғырды келген ағайын. Суырып жүрек, қолқаны Шерлендi көңiл сарайым. Берерi көп жан едi Көкiрегi таза, бiлiмдi. Көңiлi күлген бала едi Дос еткен елдi, iлiмдi.”Талғат Сайрамбайұлының адамдар арасындағы қарым-қатынаста болсын немесе жауапкершiлiктi жұмыс барысында болсын әруақытта ерекше қасиетi болғанын "Қайнар" университетiнiң ректоры, академик Еренғайып Омаров былай көрсетедi:
"Қазақ тiл бiлiмiнiң, синтаксис саласының өзектi мәселелерiне арналған құнды еңбектерi мен ғылыми мақалалары ғалымдар мен зерттеушiлер арасында жоғары бағаланып келдi және қай кезде де өз құндылығын жоғалтпақ емес. Келер ұрпақ ғалым еңбектерiн бiлiм көзiнiң қайнар бұлағы етiп сусындап өсерiне еш күмән жоқ. Профессор Т. Сайрамбаев – кадр дайындау мәселесiнде де өзiндiк үлесiн қоса бiлген ғалым. Ол кiсiнiң жетекшiлiгiмен көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Яғни Т. Сайрамбаевтың қамқорлығының арқасында ғылым көкжиегiне бiрнеше жас зерттеушiлер қанат қақты. Бұл да ғалымның ұлт тағдырына, ұлттық ғылымның болашағына деген жанашырлығын танытады", – дедi.Синтаксис маманы филология ғылымдарының докторы, профессор Бердiбай Шалабаев жоғарыда айтылған ойды әрi қарай былай жалғастырады:
“Т. Сайрамбаев – қазақ тiлi синтаксисiнiң iрi маманы, ол – ұстазы, қазақ тiл бiлiмiнде "Сөз тiркесi" iлiмiнiң негiзiн салушы және сөз тiркесi синтаксисiнен өзiнiң мектебiн қалыптастырған атақты ғалым, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының мүше корреспондентi Мәулен Балақаевтың iлiмiн әрi қарай дамытушы, соны жалғастырушы шәкiрттерiнiң бiрi, тiптi бiрегейi деуге болады. Тәкеңнiң ерекше қасиетi әзiлдi жақсы көретiндiгi және өзiнiң де орынды әзiлмен жүрген жерiне нұр сәулесiн төгiп жүретiндiгi көпшiлiктiң есiнен шыға қойған жоқ.”Талғат Сайрамбайұлының тағы бiр адамдық парасаты мен өз iсiне шексiз берiлгендiгi, биiк деңгейдегi жауапкершiлiгi жайлы шәкiртi филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы:
– Оннан аса жеке монографиялары, көптеген оқулықтар мен оқу құралдары, қосымша авторлықпен шыққан еңбектерi, сөздiктер мен пән бағдарламалары, одан басқасы ғылыми мақалалар болып табылатын жалпы саны 230-дан аса еңбектiң авторы болу – маңдайға бiткен бақ. Қазақ тiлi синтаксисi, оның iшiнде сөз тiркесi синтаксисiн танығың келсе, осы ғалым iзденiстерiн серiк ет. Жай сөйлемнiң теориясын меңгеруде ғалым еңбектерi көмектеседi. Жалпы, Талғат ағам – тасқа басылған еңбектерiмен ғана емес, қазiргi студенттерге дәрiс беруiмен де тәнтi еткен ғалым. Ғалым аудиторияға енгеннен қағазға үңiлiп оқып шығу жоқ. Оның тақта алдында қақиып тұрып алуын да көрмейсiң. Қазiргi айтып жүрген оқытушы-студент байланысын көргiң келсе, Т. Сайрамбаев дәрiсiн тыңда. Қолы бор жұғындысынан ағарған профессорды көз алдыңа елестет. Бұл – тек қана Т. Сайрамбаев. "Сүлей" сөзiн Т. Сайрамбаевқа бағыштадық. Мәселен ғалымның сөз тiркесiнен басталған ғылыми iзденiсi құрмалас сөйлеммен тиянақталып жатыр және бұл – көптеген iзденiстiң, күндiз-түнгi көз майын тауысудың жемiсi. Мұндай жеке салалық әмбебаптыққа тек Т. Сайрамбаев ие. Ғалым зерттеулерiне көз жiберсең, сөз тiркесi iлiмiмен сусындап, жай сөйлемдiк құрылыммен тыныстайсың.Талғат Сайрамбайұлының синтаксисте ерекше атап өтер еңбегiнiң бiрiн әрiптесi филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдан Момынова былай жалғастырады:
“Талғат ағамыз сөйлемнiң тұрлаулы мүшелерiнiң ерекшелiктерiн талдауға арналған монографиясы арқылы синтаксистiң тағы да бiр күрделi мәселесiнiң күрмеуiн шешiп, ғылыми түрде нақтылап бердi. Ғалым синтаксис пен морфологияның тоғысар тұсынан сөз қозғап, сөз таптарының сөйлемге мүше болудағы ерекшелiктерiн айқындауға, мағыналық өзгерiстерiн көрсетудiң ғылыми негiздерiн жасауға күш салған-ды. Сөйлем мүшелерiнiң жасалу жолдарын айқындауда да морфология мен синтаксистi ұштастыра зерттеу барысында жақсы нәтижелерге қол жеткiздi, қазақ тiл бiлiмiндегi өзiндiк орны бар зерттеушi ретiнде танылады”, – десе, келесi әрiптесi филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекова: “Талғат ағаның ғылымда өзiндiк қолтаңбасы болды. Халық арасында "Профессор Мәулен Балақаевтың сенiмдi шәкiртi" деген құрметтi атаққа ие болуының өзi көп нәрсенi аңғартқандай. Сөз тiркесi мәселесi төңiрегiнде әркiмнiң өзiндiк көзқарасына қарамастан, М. Балақаев iлiмiн жалғастырушы ғалым, әруағын қадiрлейтiн мұрагер шәкiрт ретiндегi бейнесi әрдайым биiк тұрушы едi. Ағай синтаксис саласындағы даулы мәселелерге қатысты өзiндiк пiкiр ұстанған ғалым және ғылыми әдептен аттаған емес. Өзгенiң пiкiрiн де сыйлайтын, өз пiкiрiн де сыйлата алатын. Сөз тiркесi мен жай сөйлем синтаксисiне қатысты айтқан құнды теориялық тұжырымдарда үлкен iзденiстердiң iзi жататын. Әсiресе күрделi сөз тiркестерiнiң табиғатын танытудағы еңбегi қазiргi қазақ тiл бiлiмi мен түркiтануда да өзiндiк орны бар зерттеу едi.”Қазақ-Британ университетiнiң профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жанат Дәулетбекова ұстазы жайлы былай дейдi:
“Ұстаздық жолда Талғат ағаны басқалардан ерекше биiктетiп тұратын қасиеттерi көп едi. Аға сабақтың бiр минутын да ысырап етпей, қағазға қарап жалықтырмай, барынша қарапайым тiлмен, бiрақ жан-тәнiмен сабақ түсiндiретiн. Сабаққа студенттердi толық қатыстырып, тiл заңдылығының қорытындысын көбiне студенттердiң өзiне айтқызуға әкелетiн әдiс-тәсiлдердi өте тиiмдi қолданатын. Қарым-қатынаста студентпен тең дәрежеде тiл табысып, жастарды түсiнуге, кешiруге даяр тұратын. Ең бастысы, ғылымның қиын да, тылсым сырын жеңiл меңгеруге, оны игеруге, еркiн қолдануға толық мүмкiндiк тудыратын. Ағаның адамгершiлiгi жөнiндегi ой-пiкiрлер де ұшан-теңiз. …Талғат аға, жолыңыз бөлек, жөнiңiз өзгеше жан едiңiз. Сiзден дәрiс алған қазақ елiнiң түкпiр-түкпiрiндегi шәкiрттерiңiзге қазақ тiл бiлiмi грамматикасын, оның синтаксис саласын мейлiнше құштарлықпен, ерекше сүйiспеншiлiкпен, небiр әдiс-тәсiлмен жан салып түсiндiрген ұстаздық жолыңыз әрқайсысының жүрегiнде мәңгi қалатыны анық.”Талғат Сайрамбайұлын мәңгiлiк тұрағына орналастырғанда өмiрде кездейсоқ ешнәрсе болмайтыны байқалғандай болды. Ағаға арналған ас "Алтын адам" мейрамханасында берiлдi. Шын мәнiндегi Алтын адам екенiн Ол өз ортасына тағы бiр дәлелдеп, соңғы сапарына алаңдамай кетiп бара жатқандай болып едi.
Келешекте iзденушiлер мен студенттердiң игiлiгiне жарасын деп ғылымға қадам басқан күннен жинаған қазақ тiл бiлiмiне, тюркологияға және жалпы тiл бiлiмiне байланысты аса құнды қомақты кiтапханасын отбасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiне сыйлады. Тәкең дүниеден өткеннен кейiн жұбайы педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент К.Шаймерденова ғылыми еңбектерiнiң басты-бастыларын жинақтап, топтастырып, "Арыс" баспасына тапсырды. "Қазақ ғылымының озық үлгiлерi" атты мегажобаның аясында 2010 жылы "Қазақ тiл бiлiмiнiң мәселелерi. Сөз тiркесi" атты көлемдi еңбегi және ғалымды еске алуға арналған "Ұстаздың жан жылуы" атты кiтап шәкiрттерiне, оқырмандарға жол тартты. Сөз соңын Т. Сайрамбайұлының шәкiртi "Қазақ тiлi мен әдебиетi" журналының редакторы, ақын Зернебек Шiлдебаевтың сөзiмен қорытындыласақ: Қалдырып синтаксисте iзiңiздi, Жемiске толтырдыңыз күзiңiздi. Жетелеп ғалым еткен шәкiрттерiң Ұстаз-әке санайды өзiңiздi.Көлбай Адырбекұлы