ӘЛЕМ БАЙЛАРЫНЫҢ БИЫЛҒЫ ТIЗIМI

ӘЛЕМ БАЙЛАРЫНЫҢ БИЫЛҒЫ ТIЗIМI

ӘЛЕМ БАЙЛАРЫНЫҢ БИЫЛҒЫ ТIЗIМI
ашық дереккөзі
200

Биыл 29-рет миллиардерлер тiзiмiн жасаған Forbes журналы қалтасы қалың қазақстандық бестiктi атады. Бiрнеше жылдан берi қалың көпшiлiк үшiн аталған басылым арқылы "жүзтанысқа" айналған байлардың қатарынан биыл да қазақ байларының жаңа есiмдерiн байқамадық.

1982 жылдың 12 қыркүйегiнде америкалық Forbes журналы АҚШ-тағы ең бай 400 азаматтың тiзiмiн жасады. Бiр-ақ сәтте сенсацияға айналған осы үрдiс арада қанша уақыт өтсе де, жыл сайын жалғасып келедi. Алғашқыда тек Американы қамтыған тiзiмге бүгiнде бүкiл әлемнiң байлары тартылған. Байлықтарын әлемге жайып салған журналға әп дегенде наразы болғандар да бар. Мәселен 1983 жылы 600 млн. долларымен ең бай адамдардың бiрi ретiнде танылған техастық мұнай магнаты Кеннет Дэвис 1983 жылы Forbes журналының үстiнен сотқа шағымданып, алдағы уақытта тiзiмдi жариялауға тыйым салуды талап еткен. Алайда федералдық сот Дэвид О.Белью оның шағымын қанағаттандырмай тастады. Сот шешiмiнде Белью: "Бiздiң ұлттық байлығымыздың қомақты бөлiгi Forbes тiзiмiндегi адамдардың қолында. Ақша дегенiмiз – билiк. Мол байлыққа ие азаматтар елдегi саяси, экономикалық, әлеуметтiк жағдайға ықпал ететiндiктен, америкалық қоғам олардың кiм екенiн бiлуге құқылы", – дептi.

Сонымен, 2011 жылғы тiзiм бойынша жер шарының ең бай адамы – мексикалық телекоммуникациялық магнат Карлос Слим Эллу. Бiр жыл iшiнде байлығын 20 млрд. долларға көбейткен оның жалпы қоры 74 млрд. долларға тең. Екiншi орында тұрған – Microsoft негiзiн қалаушы Билл Гейтс. Бiрнеше жыл қатарынан байлардың алдыңғы легiнде келе жатқан Билл Гейтс былтырдан берi ақшасын 3 млрд. долларға өсiрiп, 56 млрд. долларға жеткiзген. Үшiншi орында – америкалық инвестор Уоррен Баффет (50 млрд. доллар). Сарапшылар пiкiрiнше, соңғы жылдары миллиардтаған долларын қайырымдылық қорына жұмсауды дәстүрге айналдырған Гейтс бiрiншi орыннан қағылып келедi.

Тiзiмге тартылғандардың жалпы саны – 1210, ал олардың жалпы қаражат жиынтығы – 4,5 трлн. доллар. Бұл – Еуропадағы ең бай елдердiң бiрi Германияның ЖIӨ-нен де көп.

Биылғы тiзiмге iлiккен байлар қатарында 5 қазақстандық бар. "Қазақмыс" компаниясының басшысы Владимир Ким, кәсiпкер Алиджон Ибрагимов, Н.Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуi Тимур Құлыбаев, банкир Нұржан Сұбханбердин. Таратып айтар болсақ, Ким мырза 2010 жылы 3,7 млрд. долларға бағаланған байлығын 4,7 миллиардқа жеткiзiп, тiзiмнiң 233-орнына көтерiлген. Рейтингтiң 297-орнына жайғасқан Алиджон Ибрагимовтың "қалтасында" 3,7 миллиард доллар бар. Өзбекстанда туылған 57 жастағы кәсiпкердiң былтырғы байлығы 3,3 миллиард доллар болатын. Тағы бiр жайт, 297-орында тұрған Алиджон мырзаның жанында қазақстандықтарға жақсы таныс Патох Шодиев пен Александр Машкевич тұр. Алайда байлықтары 3,7 млрд. долларға бағаланған екеудiң тұрғылықты мекенi Бельгия мен Израиль деп көрсетiлген. 1953 жылы Өзбекстанда туылған Шодиев бүгiнде Лондонда тұрып жатыр. Еңбек жолын "Сырдаринская правда" газетiнде корректорлықтан бастаған Шодиев бiрнеше жылдан берi миллиардерлер тiзiмiнен шет қалған емес. Ал Қырғызстанда туылған Машкевич 1995 жылы Қазақстанға көшiп келiп, аз ғана уақыттың iшiнде елiмiздiң ең бай кәсiпкерлерiнiң бiрiне айналды. 938-орындағы Динара мен Тимур Құлыбаевтардың әрқайсысы 1,3 млрд. долларға ие. Былтыр 880-орында тұрған ерлi-зайыптылар 2,2 млрд. долларды теңдей бөлiскен едi. Бүгiнде Тимур Құлыбаев "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасының орынбасары. Сонымен қатар олар елiмiздегi ең iрi банктердiң бiрi – Халық банкi акциясының бақылау пакетiне ие. Ал 1140-орында тұрған Казкоммерцбанктiң басты акционерлерiнiң бiрi әрi директорлар кеңесiнiң төрағасы Нұржан Сұбханбердиннiң қордағы қаражаты 1 млрд. долларға тең. Былтыр 880-орынға көтерiлген банкирдiң байлығы 1,1 млрд. болатын. Айтпақшы, 2010 жылы алғашқы бестiктi түйiндеген үндiс Лакшми Миттал алтыншы орынға ығысқан.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары