“ҚАЛА” СӨЗI ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

“ҚАЛА” СӨЗI ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

“ҚАЛА” СӨЗI ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
ашық дереккөзі
1363
Мәдениет атауының шығу төркiнi
 

Сөзiмiздi "Қала" және "Мәдениет" деген екi атаудың мәнiне тоқталудан бастайық. Қала – белгiлi бiр затты жасау үшiн, өзге бiр заттарды реттеп қалап шығу деген сөз. Яғни үйдi шымнан, қамыстан, ағаштан, қыштан, кесектен, кiрпiштен, тастан темiр-бетоннан, әйнектен қалап жасау. Бертiн келе етiстiктiң бұйрық райындағы "Қала" сөзi зат есiмге айналып, жоғарыдағыдай заттардан қаланып жасалған орасан көп үйлердiң үлкен жиынтығы "Қала" атауына ие болған.

Ал мәдениет – араб сөзi. Бiр қызығы, оның да түп төркiнi "Қала" атауынан келiп шығыпты. "Қала" сөзiнiң арабша аудармасы "Мадина" деп аталады . Ал қазақша "Мәдениет" сөзiнiң арабша аталымы "Мадинааят" – екi сөзден құралған. "Мадина" және "аят". Мадина – қала болса, аят – өмiр деген сөз. Демек "Қала өмiрi" деген ұғым болып шықты. Бiз өзiмiздiң қазақ тiлiнiң үндестiк заңына сәйкес мадинааятты "мәдениет" деп өз ықпалымызға үйлестiрiп алғанбыз. Нұртас Оңдасынов құрастырып 1969 жылы "Қазақстан" баспасынан шыққан "Арабша-қазақша түсiндiрме сөздiктiң" 157-бетiнде арабша "Мәдени" сөзi қазақша "Қалада тұрушы" деп аударылып берiлген. "Қала", "Мәдениет" деген атауларға негiзгi құжаттық ғылыми басылымдарда қандай анықтамалар бергенiне тоқтала кетейiк. Алдымен "Қала" атауы түсiндiрме сөздiкте "Қала – ир, зат есiм. Әкiмшiлiк, сауда-саттық, өнеркәсiп орталығы, iрi елдi пункт; шаһар, кент" делiнген. ("Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгi". "Ғылым" баспасы, Алматы, 1980. 580-бет.) Ал елдiмекендi қала дәрежесiне көтеретiн басты белгi – халық санының өсуi болып есептеледi. Қала атын алу үшiн тұрғындарының саны ең кемiнде 8000 болуы керек. Ал облыстық қала дәрежесi халқы 50000-нан асқан, өнеркәсiп пен әкiмшiлiк орталықтарына, жол тораптары бар қалаларға берiледi. "Мәдениет" атауының мәнi: "Адамдардың өмiрi мен iс-әрекетiн ұйымдастыру тәсiлiнен, сондай-ақ олардың материалдық және рухани байлықты жасауынан көрiнетiн қоғам мен адамның белгiлi тарихи даму дәрежесi" делiнген. (ҚСЭ.1975. Алматы. 544-бет.) Қала мәдениетi туралы өз ұғымымызды қарапайым түсiнiктi тiлмен қысқаша баяндар болсақ: қала үйлерiнiң көптiгi, көп қабаттылығы, сәулеттi сәндiлiгi, көшелерiнiң кең, түзу, реттiлiгi, драма, опера, балет, кино, жастар театрларының болуы, мәдениет сарайлары, клуб, цирк, стадион, бассейндерi болуы керек. Сондай-ақ көлiктерiнiң тәртiп, ережелердi сақтауы, қала тұрғындарының өзара сыпайы қарым-қатынастары, сөз мәнерлерi, киiм сәнi, өздерiн ұстауы. Үйiнiң iшiн ғана емес, айналасын, көшесiн, тiптi бүкiл қаланы қоқыстандырмай, тазалыққа жауапты болуы, мiне осылардың бәрiнiң тұрғындардың өзi арқылы ерекше қатаң сақталуы – қала мәдениетiн қалыптастырады. Әр адамның жеке басының мәдениетi, әр үйдiң, отбасының мәдениетi, көше мәдениетi, көпшiлiк жиындағы қауымдық мәдениет, қоғамдық көлiк мәдениетi, тiл мәдениетi, қонақ күту мәдениетi, той өткiзу мәдениетi, сатушы мәдениетi, тұтынушы мәдениетi деген сияқты ұғымдар да бар. Сауд Арабиясында Медине дейтiн қала бар. Шұратты өңiрге орналасқан. (Суы, оты мол жайылымды жер). Халқы – 72 мың (1974). Қала тұрғындары саудамен және қажылыққа барғандарға қызмет етумен, бау-бақша өсiрумен шұғылданады. Мединенiң қай уақытта салынғаны белгiсiз. Ежелгi заманда Ясриб (Ятриб), ал ертедегi орта ғасырда Мадина деп аталған. (Ол арабша «қала» деген сөз). 622 жылы Меккеден Мединеге ислам дiнiнiң негiзiн салушы Мұхаммед көшiп келдi. Мұнда мұсылман қауымы Умма құрылды. VII ғасырдан бастап Медине исламның қасиеттi екi қаласының (Меккемен бiрге) бiрi саналады. 632-656 жылдары Араб халифатының астанасы. Х ғасырдан Египетте билiк құрған әулеттерге тәуелдi. Ал 1517 жылы түрiктер Египеттi жаулап алғаннан кейiн Медине 1919 жылға дейiн Осман империясының құрамында болды. 1919 жылдан 1924 жылға дейiн Хиджаз корольдiгiнiң, ал 1924 жылдан Сауд Арабиясының құрамына кiрдi. Медине алғашқыда тас қорғанмен қоршалған, 4 қақпасы бар бекiнiс қала болды. Қала құрылысы бiр-бiрiн қиып жатқан негiзгi екi көшенiң бойына шоғырланған. Бiрте-бiрте қала аумағы ұлғайып, қақпа саны 8-ге жетедi. Тұрғын үйлерi 1-3 қабатты жергiлiктi үлгiмен салынады. Мұсылман әлемiнiң қажылық жасар қасиеттi Мекке – қаласымен Медине – әлi де қатар аталады. Мекке әкiмшiлiк орталық болса, Медине мәдени орталық. Ал мәдениет сөзiнiң түп-төркiнi осы Медине (Мадина) қаласымен тығыз байланысты. Мұсылман дүниесiне мәдениет осы Медине қаласынан тараған. Мұндай егiз қалалар дүниежүзiнiң өркениеттi, iрi мемлекеттерiнiң бiразында баршылық. Мәселен Ресейде Мәскеу – Петроград, Қытайда Бейжiң – Шаңхай, Америкада Вашингтон – Нью-Йорк, т.б. Бұл қалалардың бiрi – әкiмшiлiк орталық болса, екiншiсi – мәдени орталық. Тәуелсiздiк алғалы берi мұндай егiз қала бiзде, Қазақстанда да барлыққа келдi. Бұрын Алматы әкiмшiлiк орталық болып тұрған кезде Қазақстанның мәдени орталығы ретiнде қай қаланы ерекше атап айта алар едiк, жақын деп Талдықорғанды ма, Алаштың орталығы болған деп Семейдi ме, әлде түркi дүниесiнiң және дiннiң орталығы деп Түркiстанды ма немесе астана болған едi деп Қызылорданы ма? Жоқ, бiр де бiрiн даралап жiп таға алмас едiк. Мiне, ендi Астананы Қазақстанның әкiмшiлiк орталығы деп, Алматыны мәдени орталық деп айтатынымыз ақылға да, әлемдiк қалыптасқан дағдыға да сыйымды. Сөйтiп бiз бұл жағынан да әкiмшiлiк және мәдени орталығы бар алдыңғы қатарлы елге айналдық. Сонымен тiлiмiзге араб сөзiнен енген "Мәдениет" атауының түп-төркiнi Мадина қаласының атымен байланысты болып, "Мадина қаласының өмiрi, Мадина тұрғындарының ұстаным-қағидалары" деген ұғымды бередi. Сөйтiп Арабияның мәдениетiнiң қайнар бұлағы Мадина қаласы болса, бiздiң Қазақстанның мәдени орталық мәртебесiне ие өнер-бiлiм ошағы Алматы қаласы болып отыр. Алматы қаласының да тарихына қысқаша тоқталайық, Алматының 2500 жылдық тарихы бар. Алматы қаласы тұрған жердi ежелден қазақ ұлтын құраған тайпалар мекен еткен. Iле Алатауының етегiндегi Алмату қаласы туралы алғашқы жазба деректер Рашид әд-Диннiң шығармаларында кездеседi. Бабыр Шыңғысхан шапқыншылығынан қираған Алмалық, Алмату қалалары туралы жазады. Археологиялық зерттеулер қазiргi Алматының орнында ертеректе сақтар, кейiнiрек үйсiн, орта ғасырда дулат тайпалары өмiр кешкен елдiмекендер мен қалашықтар Алмалық пен Алмату қалалары болғандығын дәлелдеп отыр. Бұл қалалардың қираған құрылыстарын 1251-59 жылдары Француз королi Людовик IХ-ның елшiсi және Қытай саяхатшысы Чжан Дэ өз көздерiмен көргендiктерiн жазған. Алмату қаласының аты жазылған күмiс ақшалар, сақтардың 25 барыс бейнесiмен безендiрiлген "Жетiсу құрбандық табағы", ғажайып "Қарғалы диядемасы" бұл жердiң мыңдаған жылдық тарихы бар өркениеттi өлкенiң орталығы болғанын көрсетедi. Жартылай отырықшы қазақтар иемденетiн сол елдi мекенге Қазақстанның Ресейге қосылуына байланысты 1854 жылы Заилийск, кейiн Верный бекiнiсi салынды. 1867 жылы Жетiсу облысы құрылып, соның орталығы болды. 1918 жылы мұнда Кеңес Өкiметi орнады. 1921 жылы бұл қалаға Халық комиссары Ораз Жандосовтың табанды қайраткерлiгi арқасында өзiнiң ежелгi Алматы аты қайтарылды. Ол 1927 жылы Қазақстанның астанасы болып жарияланды. Қаланың жедел қарқынмен дамуына Түрксiб темiр жолының салынуы үлкен әсер еттi. 1941-45 соғыс жылдары Алматыға Ресейден 30-дан астам кәсiпорын, киностудиялар көшiрiлдi. Атақты режиссер, әртiстер келдi. Олардың да Алматы мәдениетiнiң, өнерiнiң өсуiне игi әсерi болды. Кеңес Одағы Коммунистiк партиясы Орталық комитетiнiң саяси бюросының мүшесi, Қазақстан Компартиясының бiрiншi хатшысы Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған кезде Алматы ерекше өстi. Жаңа заманға лайық қала орталығындағы және тау етегiндегi үкiмет үйлерi, қазақтың Ғылым академиясының орталық ғимараты, оның он екi ғылыми зерттеу институттарының мекемелерi, мәдениет сарайы, неке сарайы, спорт сарайы, оқушылар сарайы, үлкендер және жастар театрлары, оқу орындарының жаңғыртылуы, ҚазМУ қалашығының салынуы, ұлттық көпшiлiк кiтапхана, "Алматы", 26 қабат "Қазақстан" қонақ үйлерi, офицерлер үйi, стадион, цирк, түрлi әмбебап дүкендерi, базарлар, мұражай, мейрамханалар, "Саяхат", "Сайран" автовокзалдары, қаланың бүкiл батысын алып жатқан төрт "Ақсай", екi "Жетiсу", "Алмагүл" шағын аудандары, әлемнiң әртүрлi моншаларының басын қосқан алып "Арасан", қазiргi Достық даңғылы деп аталатын қаланың ұзына бойына созылған бүкiл бiр көшенiң зәулiм үйлерiмен бiрге жаңадан қайта салынуы, Көктөбеге көтерiлетiн аспалы жол, Көктөбедегi "Ауыл" демалыс орны, тау қойнауларындағы санаториялар, теледидар ғимараттары, антенналары, Алматының төрiндегi әлемге әйгiлi мұз айдыны Медеу спорт кешенiнiң салынуы, оған шын мәнiнде тау қопарылған мәңгiлiк бөгет қойылуы, Алматының етегiнде Қапшағай қаласы салынып, Қапшағай теңiзi орнауы, қаланы қақ бөлiп жатқан Алматы каналы т.б. Алматыны ерекше көркейтiп, әлемдiк биiкке көтердi. Бүгiнгi мәдени орталыққа айналуына жан-жақты түбегейлi негiз қаланды. Осындай ұлт көсемiнiң ешқандай жазықсыз кенеттен орнынан алынуы, өзi де шегiне жетiп тырсылдап жарылуға шақ тұрған бодандық бұғауының сетiней бастауына әкелiп соқты. Осы Алматыда 1986 жылы желтоқсанда әкiмшiл-әмiршiл билiкке қарсы қазақ жастарының Желтоқсан көтерiлiсi бұрқ еттi. Ол Кеңес өкiметiнiң iргетасын бiрiншi болып шайқалтып, өзге республикалардағы көтерiлiстерге жол ашты. 1991 жылы 16 желтоқсанда Алматыда Қазақстанның тәуелсiздiгi жарияланды. Тұңғыш президентi Н.Ә. Назарбаев сайланды. Сол жылы 21 желтоқсанда Алматыда Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы ТМД дүниеге келдi. 1992 жылы тағы да осы Алматыда дүниежүзi қазақтарының тұңғыш құрылтайы болып өттi. Сөйтiп Алматы Қазақстан мемлекетi тәуелсiздiгiнiң алтын бесiгi болды. 1997 жылы Қазақстанның орталығы Астанаға көшуiне байланысты Алматы Қазақстанның мәдени орталығы мәртебесiне ие болды. Алматы мәдени орталық деген осы атына сай Қазақстанның өзге қалаларына үлгi болумен қоса, дүниежүзi мемлекеттерiнiң мәдени орталықтарымен иық тiресе жарысқа түсiп, алдыңғы қатардан көрiнуге үнемi ұмтылуда. 2011 жылдың басында қыстық Азиада өттi. Жақын болашақта дүниежүзiлiк олимпиадалар өтуiне қолайлы жағдайлар жасалып келедi. Қоршаған таулы-орманды көркем табиғаты, күннен күнге көркейген өркениетi күллi әлемдiк туристiк қала болуына жол ашуда.
Оразақын АСҚАР

Серіктес жаңалықтары