Қазақ хандығының құрылғанына – 555 жыл
Қазақ хандығының құрылғанына – 555 жыл
Тарих тағылымнан тұрады,қисынға бағынады,шындыққа шәк келтiруге қорқады.
Бiздерде бұл қағидат әлдеқашан құрдымға айналған. Мысалы қазақ мемлекеттiгiн көне түркiден бастағысы келетiндер бар. Бiз оған қуанамыз, әрине әйтсе де түркiлiк тектен тек қазақ шықпаған ғой… Қырғыздар, қарақалпақтар, өзбектер, ұйғырлар, түрiктер қайда қалады?!
Алтын Орда дәуiрiнен бастағысы келетiндер де бар. Оған да "ләббай" дер едiк,оны Бату құрды емес пе?! Бiздiң ғұлама ғалымдарымыз Керей мен Жәнiбектiң Ақ Орда, Көк Орда емес, Әбiлхайыр дейтiн хан 40 жыл билеп-төстеген(1428-1468 жылдар аралығы) Дештi-Қыпшақ мемлекетiнен бөлiнгенiн ұмыта беретiнi ақылға сыймайды.
Тағы да Керей мен Жәнiбек бөлiнiп көше салысымен дүние дөңгеленiп жүре бергендей көрiнедi. Олар тiптi қазақ жерiнiң, орысша айтқанда, моңғол шапқыншылығы кезiнде "оккупацияға" ұшырағанын, алып аймақта мүйiзi қарағайдай үш алып мемлекет өмiр сүргенiн бiлмейтiнi санаға қорқыныш ұялатады.
Мұхаммед Хайдар жазған "Тарих-и-Рашидидi" қазақтың төл тарихы деп танитындарды көргенде тiлiң байланады. Әлгiге ол "Моголстан"дейтiн мемлекеттiң, "Рәшид" дейтiн ханның тарихы деп те айта алмайсың. Рас, қазақ хандығы туралы бiрқатар дерек бар, әйтсе де ол бiздiң халықтың сөзiн сөйлемейдi.
Тарих кiтабын жазушылар "қазақ" сөзiнiң шығу тегiн, этимологиясын дұрыс талдамайды. Оның басты себебi сол "этнос" пен "халық" боп қалыптасудың ара-жiгiне ой жүгiртпейдi. Сөздiң формалануы "қас" пен "сақтан" тұратынын бiлгiсi де келмейдi. Оны қайта орыс шығыстанушылары қалмақтардың тiл қолданысындағы "хасақ" атауынан дер кезiнде байқап қалып, (мысалы Левшин. "Қырғыз-қайсақ Ордасының тарихы") "қайсақ" деп жазып жүрдi. Бұл атауыш сөзбен белгiлi болғандар аралары аса қашық емес дәуiрлерде "Запарожье Сечьi", сондай-ақ Донда (Тоң) "казактар" қауымдастығын құрды. Бұл әскерилендiрiлген орта болатын. "Батыр, ержүрек, қазiргi тiлмен айтқанда, "Ер азығы мен бөрi азығы жолда" дегендер едi. Әбiлхайыр хан басқарған Дештi-Қыпшақтан бөлiнiп шыққандар да өздерiн "қазақтармыз" деп бiлдi. Бiр айырмашылығы – "казактарды" атамандар басқарғандықтан этнос қалпында қалды да, сұлтандар бастаған "қазақтар" өз алдына мемлекет құра алды.
Уағында жарты әлемдi жаулаған Әмiр Темiрдiң қашан өз мемлекетiн құрғанша "ҚАЗАҚ" атанғанын көп жұрт бiле бермейдi. Оны әлем әдебиетiнен, тарихынан, шежiресiнен сүзiп "ТЕМIРЛАН" атты кiтап жазған ағылшын жазушысы Гарольд Лэмб байқап қалған. Мiне, оқып көрелiк: "В конце шестилетного периода большинство тюркских ханов присягнули на верность Тимуру. Вначале его называли "КАЗАХОМ", бродящим войном, который не остается на одном месте более чем сутки. Этим словом, сохранившимся до сегодняшнего дня, называют обитателей тех же степей" (Гарольд ЛЭМБ. "Тамерлан: правитель и полководец". Москва. Центрополиграф, 2002 г. стр. 90)
Шын мәнiнде Қазақ мемлекетiн құруда, қалыптастыруда Керей мен Жәнiбектей ешкiмге ауыр салмақ түскен емес. Олар "жоқтан бар жасады". Олар бүгiнгi тiлмен айтқанда, Моголстан мемлекетiне "пәтершi"(квартирант) болатын. Бұл қос данышпан – тарихта қаз-қатар отырып бiр мемлекеттi басқарған ұлы тұлғалар. Жер-әлемде оған дейiн де,одан кейiн де "екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды" дегендей мұндай көрiнiс болған емес, болмайды да…
Керейдiң жасы да, жолы да үлкен болған. Азан шақырып қойған аты – Шахкерей. Ал Жәнiбек болса оған дейiн де ел басқарған тұғырлы тұлға болса да, "Үлкен хандықты" ағасына берiп, өзi "Кiшi хандықты" таңдаған. Осындай ұлағатты iстерi үшiн халқы "Әз Жәнiбек" атандырған. Оны бiздiң бiрқатар ғалымдарымыз Алтын Ордалық Жәнiбекпен шатастырады. Тiптi бiлместiктен Сарайшыққа апарып жерлей салады. Солай дегенде қазақ хандығының шекарасы Жәнiбек хан дүниеден өткенде Шу бойында болғанын, тiптi Түркiстанға тек Еңсегей бойлы Ер Есiмнiң кезiнде орныққанын естерiне алғысы келмейдi.Ол уақта Сарайшықтың Ноғайлы Ордасына қарап тұрғанын жорта бiлгiсi де келмейдi.
Тағы бiр үлкен қателiк Керей мен Жәнiбек басқарған ұлы көштiң қай аймақтан бастау алатындығын бiлмегендiктен туындайды. Мысалы шежiренiң "майын iштiк" дейтiндер әңгiмесiн "Сыр бойынан, қара күзде…" деп бастай бередi. "Сенi көлден айырған, лашын құстың тепкiнi, менi елден айырған хан Жәңгiрдiң екпiнi" деп Махамбет ақын зарлағандай, оларды Әбiлхайыр ханның тарихтың 1446 жылдары Сыр бойынан, Сығанақтан түре қуып тастағанын, содан бiржолата батысқа ауғанын бiлмеуi мүмкiн емес қой деп ойланасың. Ең болмаса Асан Қайғының "Ойылда кеңес қылмадың, Жемде кеңес қылмадың. Еңкейiп келдiң тар жерге…" дейтiн толғау түйiндерiне неге көз жүгiртпедi екен дейсiң ақырында…
Шындап келгенде, 1456 жылдың жазында Сыр бойындағы Көк-Қашан түбiндегi алапат айқасқа Керей мен Жәнiбек бастаған қосын қатыспаған. Сол себептен де сыртпен сырғақтай отырып, қарт Қаратаудың қазiргi Тайқоңыр, Таңбалытас тұсымен Шу бойына құлаған. Қуғын шықса Бетпақ арқылы Ұлытауға тартпақ болуы да мүмкiн…
Осы арада ескере кететiн тағы бiр нәрсе бар, ол "Қазақ хандығының" пайда болуына эпицентрлiк роль атқарған оғыз жұрты туралы әңгiме. "Алпамыс батыр" жырын оқыған әрбiр азамат Гүлбаршын сұлуды ұшыратады. Қалмақтың Үз-Темiр тайшысы мен Әбiлхайыр хан дәл осы Гүлбаршын сұлу жерленген "Көк Кесене" маңында ұшырасады. Дәл осы арада Әбiлхайырдың басынан бақ құсы ұшады. Баласын кепiлдiкке берiп, өз басы Сығанақтың қамалына тығылып әзер аман қалады. Бұл туралы "Тарих-и Абу-л-Хайр-хан" кiтабында мынадай жолдар бар: "ӘБIЛХАЙЫР ХАННЫҢ ӘСКЕРЛЕРI МЕН ҮЗ-ТЕМIР ТАЙШЫ БАСҚАРҒАН ОЙРАТТАРДЫҢ ШАЙҚАСЫ КӨК-ҚАШАН ТҮБIНДЕ 1456-1457 ЖЫЛЫ БОЛДЫ". Бұл деректi "Тауарих-и-гузида-ий-нусрат наме" де қуаттайды (Қараңыз: "Қазақ ССР тарихы", 5 томдықтың 2-томы. 188-бет. 1983 жыл).
Иә, дәл осы мезгiл қазақ қанының дүр сiлкiнуiне сәйкес келедi. Қансыраған, жаралы жыртқыштай Әбiлхайырдың соңдарынан қуа шықпайтынына көзi жетедi. Сөйтiп олар қазақ мемлекетiнiң "Рубиконы" Қарт Қаратаудан 1456 жылдың күзiнде басып өтiп қазiргi ел аузындағы "Таңбалытасқа" былай деп хат қалдырады. "ҚЫПШАҚ, НАЙМАН, АЛШЫН, АРҒЫН, ҚАРАКЕСЕК, ҮЙСIН, ТАБЫН, ИЛЛАХИ КАР РӘСИГЕ ҺАМИША ХАЙА РАХМЕТ ҚЫЛ СЕН АЛТАУЫН" (АУДАРМАСЫ БЫЛАЙ: "ҚЫПШАҚ, НАЙМАН, АЛШЫН, АРҒЫН, ҚАРАКЕСЕК, ҮЙСIН, ТАБЫН, О, ИЕМ, ҮМIТIНЕ ЖЕТУ ҮШIН ОСЫ АЛТАУЫНА РАХМЕТIҢДI БЕРЕ КӨР". Арабша мәтiнiн тапқан Л.И.Кузнецов. Аударушы Х.Бекхожин. (Записки Семипалатинского отдела русского географического общества. Вып. ХVI. 1927) Мақалаға кiргiзген Әлкей Марғұлан. "Тамғалы тас сыры" "Қазақ тарихы" журналы. 1993-3. 29-30 беттер)
Мұнан Сыр бойын жайлаған руларды таба алмаймыз. Мысалы бұл жазбада қоңыраттар, қаңлылар жоқ.
Тағы бiр есте болатын нәрсе, Махмұт ибн Уәли Әбiлхайырды 1468 жылы, "тышқан" жылы қайтыс болды деп көрсетедi. Қазiргi белгiлi ғалым-археолог, қазақ хандығын зерттеушi Мәдияр Елеуұлы Керей мен Жәнiбектiң Ұлы көшi "тышқан" жылы "қара күзде басталған" деп жер-көкке жар салып жүр
Шығыс күнтiзбесiнде 12 жыл болады. "Тышқан" болса да жылдың басы. Екiншi жылдың басы келу үшiн тағы 12 жыл өтуi шарт. Сонда 1468 жылы "тышқанда" Әбiлқайыр дүниеден өтсе, Мәдияр Елеуұлы Керей мен Жәнiбектiң Ұлы көшi "тышқан жылы, қара күзде" деп жазса, ол тарихтың 1456 жылы болмай ма?!
Тағы бiр есте болатын нәрсе, белгiлi ғалым Берекет Кәрiбаев "Қазақ тарихы" журналының 1995 жылғы 4-санындағы (23-бет) "Қазақ хандығының құрылуы" атты мақаласында Үз-Темiр тайшы мен Әбiлхайыр ханның арасындағы қақтығыс 1457 жылы болды деп төрелiк бередi. Мiне, оқып көрелiк: "1457 жылы Сығанақ қаласы түбiнде Әбiлхайыр ханның қалмақтардың көсемi Үз-Темiр тайшыдан жеңiлуi (Бұны ол Масуд ибн Осман Кухистанидiң"Тарих-и Абу-л Хайр-хани" кiтабына сүйендiм деп айтады). (Материалы по истории Казахских ханов ХV-ХVII вв.А.158-160 беттер) (бұдан былай МИКХ деп көрсетiледi) деп ескертедi.
Бiрақ Берекет Кәрiбаев мырза одан көп ертерек, яғни 1993 жылы "Қазақ тарихы" журналындағы "Қоғамдық-тарихи дамудың нәтижесi" атты мақаласында басқаша пiкiр айтқанын ұмытып қалады. Ол онда былай деген едi: "Бiздiң ойымызша, Т.И.Сұлтановтың ұсынып отырған пiкiрi сенiмдiрек және оның көрсетiп отырған уақыты шындыққа сай. Бiрақ Т.И.Сұлтанов Қазақ хандығының құрылған уақытын 1458-60 жылдар аралығы деп дәл ашып айтпайды.
Бiрақ Берекет Кәрiбаев бұл жылдардың қайсысына тоқталарын бiлмейдi.
"Шынында да Қазақ хандығы 1458-60 жылдар аралығында пайда болды, бiрақ осы үш жылдың қай жылына тоқталу қажеттiгi әлi белгiсiз болып отыр"
"Осы жерде ескерте кету керек, 1457 жылы Керей мен Жәнiбек сұлтандар әлi Әбiлхайырдан бөлiнбеген едi"(34-бет).
Дәл сол сөзiнен артынша айнып: "…және осы жеңiстен кейiн (дұрысы "жеңiлiс" болар) Керей мен Жәнiбек сұлтандардың Әбiлхайыр хандығынан бөлiнiп, Моголстанға кетуi…"деп жiбередi. (Бұл ендi Берекеттiң өз жазуынша 1457 жыл)
Жарайды "кетсiн", онда олар бiр жыл бойына не iстеген?!
Сөйте бергенде ол тағы құбылып, бiр "жаңалық" ашады: "Дәл осы тұста, яғни 1458 жылы Керей мен Жәнiбек сұлтандар Әбiлхайырдан бөлiнiп, Моголстанға келедi" (37 бет).
"Осылайша Әбiлқайыр хандығының iшкi саяси өмiрiн қарастыру арқылы ғана бiз Қазақ хандығының 1457 жылдан кейiн пайда болғанын анықтадық дей аламыз" деп, "Қазақ хандығы ХV ғасырдың орта тұсындағы шытырман саяси оқиғалар мен процесстердiң нәтижесiнде 1458 жылы дүниеге осылай келген едi"(37-бет)-деп көрсетедi де, орта мектепке жазған оқулығында қайтадан айнып, бiр жыл кейiн шегiнiп 1457 жылға табан тiрейдi. Себебi оның ойынша "шайқас" сол жылы болған ғой…
Ал ендi, бiз пақырдың сөз етерi, "Қазақ хандығының" құрылуы, орнығуы емес, "Ұлы көштiң" басталу кезеңiн айқындау екенiн баса айтқымыз келiп отыр. Себебi әрбiр азаматтың қолында екi құжат болады. Бiрiншiсi – "Туу туралы куәлiк". Оны берген сәтте сәби жөргекте не боларын бiлмей қызылшақа күйде шырылдап жатады. Екiншi құжат кәмелет жасқа толғанда берiледi, әйтсе де ол "Туу туралы куәлiктi" негiзге алады. Ал ендi бiздiң iздестiрiп жатқанымыз Қазақ хандығының "Туу туралы куәлiгi", яғни Керей мен Жәнiбек бастаған Ұлы көш…
Ендi осыны анықтауға тырысқан, тарихтың 1456 жылын Ұлы көштiң басталуы деп мойындаған тұлғалардың, ғалымдардың, тарихшылардың тiзiмiн, жазбасын беремiз:
1. 1983 жылы жарық көрген "Қазақ ССР тарихы". 5 томдықтың 2-шi томы. Вильяминов-Зернов, Абусейiтова А.А., Мойсеев В.А., Әлкей Марғұлан т.б. Қазақ хандығының басталуын 1456 жыл деп көрсетедi. (188-бет)
2. Қазақ ССР энциклопедиясы, Оңтүстiк Қазақстан энциклопедиясы "Қазақ хандығы шамамен 1456-1847 жылдар аралығында өмiр сүрдi" деп көрсетедi.
3. Ақын, шежiрешi Шәкәрiм Құдайбердiұлы "Қазақ хандығы, Керей мен Жәнiбек көшi тiптi 1455 жылы басталды" деп жазды.
4. Алаштың ардағы Мұхамеджан Тынышбаев 1923 жылы Ташкент қаласынан жарық көрген "Сана" журналында "Түрiк-моңғол тарихы" атты еңбегiн жариялап, оны "1. Ең ескi заманнан бастап 1456 жылға шейiн". (Өзбек-қазақ айырылған жыл) деп бөлiмге бөледi.
5. 1964 жылы жарық көрген "Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары" топтама кiтабына "Мұхаммед Хайдар Дулати" атты зерттеу мақаласын жазған академик Әлкей Марғұлан осы 1456 жылды бiрнеше мәрте шегелей айтады.
6. Дәл осы кiтапқа "Қадырғали Қосынұлы Жалайри" атты еңбегiн бастырған ғалым Қадырбек Жүнiсбаев та осы 1456 жылға тоқталады.
7. 1987 жылы Қытайда, Шыңжаңда шыққан "Қазақтың көне тарихы" кiтабында да сол жақтың ғалымдары дәл осы 1456 жылға тоқталады.
8. Қойшығара Салғараұлы "Хандар кестесi" кiтабында 1456 жылға ойып тұрып орын бередi. Бiрнеше мақалалар жазады.
9. Осы 1456 жылды Мұхтар Мағауин өзiнiң "Қазақ тарихының әлiппесi", "Қазақ хандарының ғұмырнамасы" атты кiтаптарында толықтай талдады.
10. 1456 жыл "Әй, заман-ай, заман-ай", "Бес ғасыр жырлайды" кiтабында да көрсетiлген. (Құрастырушы Мұхтар Мағауин)
11. Белгiлi философ ғалым, сенатор Ғарифолла Есiм 2003 жылдың 20 маусымында "Қазақ әдебиетi" газетiнде осы 1456 жыл туралы арнайы тоқталады.
11. Қазақстан Республикасы Ата Заңының авторларының бiрi, академик Сұлтан Сартаев "Ненi көкседiк, неге жеттiк" деп аталатын мақаласында ("Егемен Қазақстан", 2004.21.12) осы 1456 жылды толық қолдайтынын бiлдiрдi.
12. "Түркi халықтарының тарихы" деп аталатын Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi жоғарғы оқу орындарының студенттерiне оқу құралы ретiнде ұсынған Керейхан Аманжоловтың оқулығы да осы 1456 жылды дұрыс деп табады. (Алматы. "Бiлiм", 2002 жыл)
13. Орта мектепте оқытылатын тарихи оқулықтарда да 1456 жыл анық көрсетiлген. (8-сынып. авторы Д.Бабаев. "Қазақстан тарихы")
14. "Ана тiлi" апталығы 1996 жылы арнайы бет арнап, календарь-күнтiзбе де басып шығарды. "1456 жыл – Қазақ Ордасы шаңырақ көтердi" деп жазды.
15. "Қазақстан" мемлекеттiк телеарнасы 1456 жыл – Керей мен Жәнiбекке ерген Ұлы Көштiң басталуы деп бiрнеше мәрте көрсеттi.
16. Тарих ғылымының докторы Сәбит Жолдасов "Шежiрелi Оңтүстiк" кiтабының "Оңтүстiк өңiрiне қатысты оқиғалардың хронологиялық көрсеткiшiнде" "1456-1466 жж, Керей мен Жәнiбек Қазақ хандығын құрды" деп анықтама бердi.(215-бет) "Қазақпарат" баспасы. Алматы. 2002 жыл.
17. Жетiсулық шежiрешi Тәңiрберген Қалилаханов өзiнiң "Қазақнама" (Алматы. 2006) атты кiтабының 87-бетiнде осы 1456 жылды дұрыс көредi.
18. Республикалық "Түркiстан" газетi 2011 жылы 20 қаңтар күнгi №3 санында бiрiншi бетке "Қазақ хандығына – 555 жыл!" айдарымен "Әз Жәнiбек пен Керейдi қалай ұлықтап жүрмiз?!" деп дабыл қақты.
19. Республикалық "Шәмшi" журналы да осы мақаланың авторы Жарылқасын Боранбайдың "Қара шаңырақ қалған жұрт" атты кiтабының негiзiнде осы тақырыпқа арналған мақалалар сериясын жарыққа шығаруға даярлап жатыр.
20. Аса көрнектi ғалым Ақселеу Сейдiмбек 1456 жылды Қазақ хандығының бастапқы кезеңi ретiнде өзiнiң жазған еңбектерiнде атап өтiп отырды.
21. Созақ ауданы әкiмшiлiгi демеушiлiк жасап, "Қара шаңырақ қалған жұрт" деген кiтап шығарылды.Онда 1456 жыл нақты көрсетiлдi.
22. Созақ ауданы орталығындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте тарих пәнiнiң мұғалiмдерiнiң қатысуымен 1996 жылы "Қазақ хандығының 540 жылдығы аталып өттi. 2006 жылы Керей мен Жәнiбекке 550 жылдығына орай ескерткiш-монументтiң құрылысы басталды.
23. 2009 жылы Астана қаласында Керей мен Жәнiбекке еңселi ескерткiш тұрғызылды. Халықтың оларға деген ынта-жiгерi оянды.
24. Алматы қаласы. Көркемсуреттi тарихы" "Қазақ энциклопедиясы", Алматы, 2009. Бас редакторы Б.Ө.Жақып. Құрастырушы К.Саркенова. Кiтап "Мәдени мұра" мемлекеттiк бағдарламасы аясында Алматы әкiмдiгiнiң қолдауымен шығарылған. Бұл кiтаптың 66-бетiнде "Қазақ мемлекетiнiң бас хандары"(15-18 ғасырлар) деген кесте берiлген.Ол былай басталады: "ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТI.1456 ЖЫЛЫ ЖӘНIБЕК СҰЛТАН, КЕРЕЙ СҰЛТАН IРГЕСIН ҚАЛАДЫ. ШУ, ҚОЗЫБАСЫ. КЕРЕЙ 1456-1473 ЖЫЛДАР, ЖӘНIБЕК 1473-1480, БҰРЫНДЫҚ 1480-1503… деп кете бередi.
25. Қытай ғалымы,ұлы мемлекеттiң барлық архивiн сүзiп шыққан ханзулық Хун Тау дейтiн тарихшы "Қазақ хандықтарының қысқаша тарихы" дейтiн кiтап жазып бастырды.
Қытайлар Керей мен Жәнiбек туралы не дейдi екен, соны оқып көрелiк:
"ХV ғасырдың 60-ыншы жылдарында өзбек хандығына Әбiлқайыр билiк жүргiзген кезде(1428-1468 жылға дейiн) билiк басындағы топтардың жағында ұлық таластарына орай өзара қырқысқан соғыс туылып, қалың малшы қауымдарды торғайдай тоздырды.
1456 ЖЫЛЫ КЕРЕЙ МЕН ЖӘНIБЕК СҰЛТАНДАР ӘБIЛҚАЙЫР ХАННЫҢ ТIЗЕ БАТЫРУЫНА ТӨЗЕ АЛМАЙ ЕЛIН БАСТАП Моголстанға, яғни кейiнгi Шыңжиянға қашып келдi. Ол кезде Шыңжияң ауданына Шыңғыс ханның екiншi ұлы Шағатайдың ұрпағы Есенбұға үстемдiк ететiн. Ол өзбек ханымен жау едi. Ол Керей мен Жәнiбектi Шығысына әкеп қоныстандырып, қарсы жақты дәрменсiз етпек болды. Сол себептi ол өзiне қарасты жердiң Шығыс бөлiгiн, яғни Шу, Талас, Жетiсу өңiрiн оларға бердi. Өзбек хандығынан қол үзген осы малшы халық "қазақтар" деп аталды".
Әзiрге Керей мен Жәнiбекке Оңтүстiк Қазақстан облысы, Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда зәулiм ескерткiш-монумент 2007 жылы 14 желтоқсанда ел Тәуелсiздiгiнiң 15 жылдығы қарсаңында қойылды. Ендi 2010 жылы Астана қаласынан бой көтерiп отыр.
Осыған қарағанда "Қазақ хандығы", болмаса "Керей мен Жәнiбектану" көшi дұрыс бағытпен қозғала бастаған сыңайлы. Бiз осыған қуанамыз, қуаттаймыз. "Түркiстан" газетiнiң "ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА-555 ЖЫЛ!" деп жаһанға жар салғанын шын жүректен құптаймыз.
Жарылқасын БОРАНБАЙ, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесi, "Қазақ хандығы" қоғамдық Қорының төрағасы