ӘЛЕУМЕТТIК НЫСАНДАРДЫҢ ҚАУIПСIЗДIГI ҚАНДАЙ?
ӘЛЕУМЕТТIК НЫСАНДАРДЫҢ ҚАУIПСIЗДIГI ҚАНДАЙ?
Соңғы кезде пайдалануға берiлген жаңа ғимараттарда төтенше жағдайлар мен оқиғалар жиi орын алатыны байқалуда. Жақында ғана Алматы облысы, Еңбекшiқазақ ауданы, Есiк қаласындағы ауруханада болған жарылыстан екi адамның өмiрi қиылды. Түрлi дене жарақатын алған үшiншi адам жансақтау бөлiмiне жеткiзiлген. Құзырлы органдар жарылыстың неден болғанын жасырып отыр.
Пайдалануға берiлгелi тұрған ауруханада беймәлiм жарылғыш зат қайдан шықты? Бұл сауалға басын қатырып жатқан құқық қорғаушылар алдын-ала болжам ұсынып, құрылғының қолдан жасалуы мүмкiн екендiгiн алға тартуда. Олардың айтуынша, қолдан жасалған жарылғыш заттың қуаты 50 грамм тротилға тең. Өкiнiштiсi сол, төтенше жағдай әлi пайдалануға берiлмеген ғимараттың үшiншi қабатында болған. Абырой болғанда, жаңа нысанда көп адам да болмапты. Алайда күштi жарылыстан "Строй Импекс-Астана" және "Альтаир" құрылыс фирмаларының 20 және 23 жасар екi жұмысшысы оқиға орнында мерт болып, сол уақытта аурухана ғимаратында болған тағы бiр бойжеткен ауыр халде аудандық ауруханаға жеткiзiлдi. Сот-медициналық сараптама тағайындап, оқиғаның ақ-қарасын анықтауға кiрiскен Еңбекшiқазақ аудандық Iшкi iстер басқармасының бастығы Бақытжан Қасқаров: "Еңбекшiқазақ ауданының кезекшi бөлiмiне наурыздың 13-i күнi түнгi сағат үш жарымда хабар түстi. Анықталғаны – жаңадан салынып жатқан аурухана бөлiмiнде жарылыс болған", – дейдi. Ал Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментiнiң жедел кезекшiсi М.Әденов: "Оқиға орнынан белгiсiз зат зақымдаған матрац және ұялы телефон табылды. Ауруханаға жеткiзiлген үшiншi адам жарылған заттың сынықтарынан жарақаттанған, 2-3 дәрежедегi травмалық шок алған адам ауыр халде болғандықтан, сұрақ-жауап алу мүмкiн болмады. Оқиғаға қатысты зерттеу жалғасып жатыр", – дегендi жеткiздi. Бiр қызығы, тәртiп сақшылары үшiн бойжеткеннiң жаңа ғимаратқа қалай кiргенi де жұмбақ. Қазiр осы iс бойынша қылмыстық iс қозғалып, тергеу амалдары басталып кеттi. Жарылыстан аман қалған бойжеткен қазiр аудандық аурухананың жансақтау бөлiмiнде. Оның қол-аяғы бiрнеше жерден сынған. Алайда қолдағы бар ақпаратты жасырып-жапқысы келген аурухана дәрiгерлерi алғашында қандай да бiр мағлұмат беруден бас тартып, бұл оқиғадан хабарсыз екенiн айтқан. Iле-шала бас дәрiгердiң орынбасары Махмұд Абдуллаев науқасқа операция жасалғанын, жағдайының ауыр халде екенiн мәлiмдеуге мәжбүр болған.
Дәл осы iспеттес оқиғалар бiр бұл ғана емес, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде тiркелгенi жұрттың есiнде. Бiз бұған дейiн Алматы қаласының бiр мектебiнен гранатаның табылғанын және жарылғыш заттың бiлiм мекемесiнде қайдан пайда болғандығы туралы мектеп ұжымының да хабарсыз екендiгiн жазғанбыз. Ал былтыр жаңа оқу жылының басында Өскеменде алғашқы қоңырауын салтанатпен өткiзген Президент мектебi жабылып қалғаны тағы бар. 500 оқушыға арналған зәулiм ғимарат пайдалануға толық дайын емес күйде берiлген. Сорақысы сол, мектептiң сыртқы құрылысы тұрмақ, сынып бөлмелерi бала оқытуға сай болмай шықты. Ал былтыр Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық кентiндегi жаңадан салынған мектептiң, үйдiң шатыры шайқалып, желге ұшқан. Бiр қызығы, осы ауылдағы бұрыннан келе жатқан ғимараттар мен жеке үйлердiң бiрде-бiреуiнiң шатыры мiзбақпаған көрiнедi. Жергiлiктi атқарушы билiк бұл оқиғаларды төтенше жағдайға жатқызып, мемлекеттiң қаржысымен қайта тұрғызса да, жылдағы жағдай осы көрiнедi. Ауыл тұрғындары мұның табиғат апаты еместiгiн айта келе, құрылыстың сапасыз салынғанын, мемлекет тарапынан қадағалаудың болмауы мен жергiлiктi атқамiнерлердiң көз қысты, бармақ бастымен құрылысты қабылдап алуынан туындаған жағдай екендiгiне ашынады. Ол ол ма, тура осындай оқиға Оңтүстiк Қазақстан облысында да орын алған. Облыс аумағында қатты тұрған желдiң салдарынан тұрғын үйлер мен бiрқатар ғимараттар бүлiнген. Күштi жел Түлкiбас ауданының бiрқатар мектептерi мен Леңгiр қаласындағы бiр бiлiм ұясының шатырына нұқсан келтiрген. Шығыс Қазақстан облысының Семей, Өскемен қалаларында да есiгiн айқара ашқанына көп бола қоймаған бiлiм мекемелерi де осы жағдайды бастан кешiп, халықты әбiгерге салған-ды.
Бiр өкiнiштiсi, осы iспеттес оқиғаның денi "100 мектеп, 100 аурухана" мемлекеттiк бағдарламасы аясында пайдалануға берiлген бiлiм ошақтары мен ауруханаларда тiркелiп отыр. Небәрi екi-үш жылдың iшiнде ел игiлiгiне тапсырылған нысандардан аз уақытта ақаудың шығып жатқанын қалай түсiнемiз? Бiлуiмiзше, елiмiздегi бiлiм ошақтарының көпшiлiгi негiзiн сонау 1960 жылдардың ортасынан бергi уақытта қалаған. Сол ғимараттардың қызмет етiп тұрғанына 40-50 жылдың шамасы болса да, әлi де мiз бақпай тұр. Ал "100 мектеп, 100 аурухана" мемлекеттiк бағдарламасы арқылы салынған әлеуметтiк нысандар "үп" еткен желдiң ысқырығына да шыдамайтын сияқты. Сәл ғана самалға шатыры ұшып жатқан мектептер мен ауруханалар осында бiлiм алатын оқушылар және науқастардың өмiрiне қауiп төндiрмейдi дей алмайсыз. Бүгiн шатыры ұшқан нысанның ертең қабырғасының құламасына кiм кепiл?! Жапониядағы аса қуатты зiлзала бұл елдегi ғимараттардың көпшiлiгiнiң аса сапалы салынғанын көрсеттi. Ал бiздiң елдегi биiк ғимараттардың көбiнiң қауiпсiздiгi күмән туғызады. Қауiпсiздiктi қалай қамтамасыз етемiз?
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ