ЕГЕМЕН ЕЛДIҢ «ЕРКIН» ДIНI
ЕГЕМЕН ЕЛДIҢ «ЕРКIН» ДIНI
Адамзат санасының ерекше бiр түрi ретiнде дiн қоғамның саяси жүйесiнiң сипатына байланысты бiрде күшейiп, бiрде әлсiреп, кейде кемерiнен шығып, кейде жуасып талай ғасырды артқа тастады. Жер бетiнде пенденiң барында әлi талай асулардан өтер. Өйткенi адам дiнсiз өмiр сүре алмаса, дiнге де адамсыз өмiр жоқ. Мемлекетке қатысты да осыны айтуға болады.
Кешегi Кеңестiк кезеңде дiн қудалауға түсiп, атеистiк (құдайға сенбеушiлiк) идеология, "дiн – апиын" деген тұжырым үстемдiк еттi. Жаңа кеңестiк заманды қолдаушылар "құдайсыздар қоғамын" (общество безбожников) құрып, өздерi соның белсендi мүшесi болуға тырысты. Бұл кейiн белсендi атеистiк ұйымдарға айналып, жер-жерлерде дiнге қарсы үгiт-насихат майданы ашылып, мыңдаған дәрiстер оқылып, кинофильмдер көрсетiлдi. Талай дiн иелерi қудалауға түсiп, айдалып, атылды. Тiптi бiр заманда ата-бабасы дiн ұстағандар жаппай қудаланды. Талай мешiттер құлатылып, кейбiрi мәдени ескерткiштiң озық үлгiсi болғанына қарамай басқа мақсаттарға пайдаланылып, тiптi мал қора етiлдi. Мұның барлығы адамның өзiне сенiмiн жоғалтты. Оның орнына кеңес көсемдерiн соншалықты асқақтатып, оған теңеу таба алмай, соған мәңгiлiктей сендiруге, ақырында жеке басқа табындыруға алып келдiк. "Сталин қайда болса, жеңiс сонда" деген өлең жаттадық. Күн көсем о дүниелiк болғаннан кейiн "Партия қайда болса, жеңiс сонда" деп өзгертiп әндеттiк. Алайда мұның барлығы бекершiлiк болып шықты. Ар-ождан бостандығын елемеу, адамның өзiне өзiнiң сенiмiн жоғалту – 70 жыл өмiр сүрген Кеңес Одағының ыдырауына алып келген әлеуметтiк факторлардың бiрi болғанына бүгiн көзiмiз жетiп отыр.
Ғасырлар күткен Тәуелсiздiк қоғамымызда дiннiң қайта жаңаруы мен жаңғыруына жол ашты. Елiмiздiң ең алғашқы құжаты – "Қазақ ССР Мемлекеттiк егемендiгi туралы" Декларацияда республика территориясында тұратын азаматтардың дiни нанымына, Қазақ ССР Конституциясы шеңберiнде жұмыс iстейтiн дiни ұйымдардың мемлекет және қоғам өмiрiне қатысуы үшiн тең құқыққа ие болуға кепiлдiк берiлдi. Ал 1992 жылдың 15 каңтарында қабылданған "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Заң Қазақстан Республикасының әрбiр адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылатынын таныды. Дiни бiрлестiктер қызметi құқықтық жағынан реттелдi. Азаматтардың дiнге көзқарасына қарай олардың құқықтарын тiкелей немесе жанамалап шектеу немесе қандай да бiр артықшылықтар белгiлеу немесе соған байланысты өшпендiлiк пен жеккөрушiлiк туғызу, не азаматтардың сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ қайсы бiр дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке әкелiп соғады деп атап көрсетiлдi.
1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабының бiрiншi тармағында "Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар" деп тайға таңба басқандай айқын жазылды. Сондай-ақ бұл құқықтық норманы жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы мiндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиiс екендiгi айтылды.
Мұның барлығы тәуелсiз мемлекетiмiздiң дiн саласындағы бетбұрысын айқындаған, елiмiздегi дiни кеңiстiктiң оңалуына игi әсер еткен алғашқы құқықтық қағидалар едi. Бұл әркiмнiң өзiнiң дiнге көзқарасын дербес айқындауға, ұстануға немесе ұстанбауға еркiндiк бердi. Дiнге деген көзқарас түбегейлi өзгерiп, халқымыз адамзат өркенiнiң, рухани байлығының бiр көзi – дәстүрлi дiнiмен қайта қауышты. Дiнге сенушiлер көбейiп, дiни бiрлестiктердiң саны артты. Мешiттер көбейiп, ол имандылық пен iзгiлiктiң орнына айналды. 1990 жылы Қазақстанда 671 қана дiни бiрлестiктер болса, қазiр ол 6 есеге көбейiп, 4000-нан асты. Соңғы 200 жылдай патшалық Ресейдiң отарында, кеңестiк қыспақта болып, теперiш көрген осы аймақтың ежелден жалғыз иесi – қазақтың дәстүрлi исламдық дiни бiрлестiктерi 46-дан 2337-ге өстi. Көптеген дiни мектептер ашылды. Бiрқатар жастар шетел дiни оқу орындарында бiлiм алуда. Қажылыққа барушылық дәстүрге айналды.
Жинақтай айтқанда, қазiргi қолданыстағы заңдық қағидалар егемен елдiң, қоғамымыздың өтпелi кезеңiндегi дiнiне қатысты бiрсыпыра принциптi мәселелердi шештi. Бұған дау жоқ. Бiрақ қоғамның дамуы бұл мәселелердiң жетiмсiз екенiн де көрсетiп отыр. Тәуелсiздiктiң елең-алаңында қабылданған Заңның осал тұстарын, жаңа заманда жан-жағымызға қарамай, ашық қоғам құрамыз деген әлi пiсiп жетiлмеген iзгi ниетiмiздi жаһандану кеселдерi тиiмдi пайдаланып, елiмiзге сырттан түрлi ағымдарды қаптатып жiбердi. Тiптi дәстүрлi ислам дiнiнiң өзi түрлi ағымдарға бөлiнiп, оларды қалталы кiсiлер монополиялауға ұмтылуда. Көкейлерiнде билiк мансабы жоқ емес.
Ежелден дәстүрлi екi дiнмен келе жатқан Қазақстанның тәуелсiздiк жылдары көп конфессиялар, көпдiндiлiкке бой ұру бүгiнгi зиялы қауымды ойландырмайды емес, ойландырады. 200 жылдай патшалық Ресейдiң отарында, кейiн тоталитарлық кеңестiк қыспақта болудың нәтижесiнде қоғамымызда орын алған ұлтсыздық сананың көрiнiстерiнен толық арыла алмай, тiптi рухани дiңгегiмiз – тiл кеңiстiгiнде тұтастыққа жетпей, сонан соң өзiмiз дәстүрлi дiнiмiздi әлi толыққанды танып-бiлмей отырғанда, тәуелсiз ел ретiнде әлi қабырғамыз қатая қоймаған кезде 70-тен астам әртүрлi ағым-секталарды бiрiктiрiп отырған 10-ға тарта дiни ұйымдардың елiмiздiң бiрлiгiне, мемлекетiмiздiң ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруi мүмкiн деп толғану негiзсiз емес.
Бiз қай мәселеде болса да халықаралық стандарт деп жабыса кетемiз. Әсiресе АҚШ тәжiрибесiне үйiрмiз. Дiн саласында да осылай болып тұр. Әйтпесе протестантизмге есiктi ашып қоюды қалай түсiнуге болады. Халықаралық құбылыстарды сыйлау керек. Бiрақ аса сақтықпен, сын көзiмен қарап, елiмiздiң тарихи, ұлттық ерекшелiгiн, халқымыздың сан ғасырлық қалыптасқан болмысын заман талабына сәйкес жаңғырта отырып, қабылдау дұрыс болар едi. Өйткенi бiз қанша АҚШ-қа ұмтылсақ та американдық бола алмаспыз, бәлкiм оның қажетi де бола қоймас.
Қазiр республикадағы 70 пайыздай (оның iшiнде 63 пайыз қазақ) мұсылмандардың 2337 дiни бiрлестiктерi болса, ал адамдар саны белгiсiз протестантизм бағытын ұстанатындардың 40-тан астам әртүрлi ағымдарының 1189 ұйымы бар. Бұл бүкiл республикадағы дiни бiрлестiктердiң 30 пайыздайын құрап отыр. Сонан соң республикада тiркелiп, заңды түрде қызметiне рұқсат етiлген барлық 357 миссионерлердiң 307-сi – католиктер мен протестанттардың өкiлдерi. Олар қазақ елiнiң шектен тыс "демократияшылдығын" ұтымды игерiп, басқа елдерге қарағанда бiздегi дiни бiрлестiктердi тiркеу рәсiмдерiнiң жеңiлдiгiн пайдаланып, миссионерлiк iс-қимылдарды кең көлемде әрi белсендi жүзеге асырып келедi. Әртүрлi ағым-секталардың миссионерлiк әрекеттерi, олардың уағызына елтiп жүрген үлкен-кiшiлерiмiз туралы бұқаралық ақпарат құралдары, оның iшiнде "Жас Алаш", "Түркiстан" газеттерiнде, жергiлiктi және дiни басылымдарда нақты мысалдармен барынша ащы жазып келедi, бiрақ бұған құлақ асатын әзiр ешкiм болмай отыр. Қоғамдық пiкiрмен санасу – халықтың пiкiрiмен санасу, ал халық – мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы. Бiздiң Ата заңымызда да осылай жазылған.
Атап айтқанда, әңгiме 1992 жылы қабылданған "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Заңға осы кезге дейiн бiрнеше өзгерiстер енгiзiлгенiмен, негiзгi принциптi мәселелер шешiлмей келе жатқанында болып отыр. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн бiрер мысал келтiре кетейiк. Алдымен миссионерлiк қызмет туралы. Заңның "Миссионерлiк қызмет" деген 4-1-бабында былай делiнген: "Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар (бұдан әрi – миссионер) Қазақстан Республикасының аумағында миссионерлiк қызметтi уәкiлеттi органда есептiк тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады". Ал "миссионер" деген сөзге шетел сөздiгiнде (Словарь иностранных слов) мынандай түсiнiктеме берiлген: "Миссионер – лицо, занимающееся распространением религии среди населения с иным вероисповедением; как правило миссионер выполняет функции идеологической экспанции". Қолданыстағы Заңның негiзгi ұғымдарға арналған 1-1-бабының екiншi тармақшасында "миссионерлiк қызмет – өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын дiни бiрлестiктердiң жарғылық ережелерiнде жоқ дiни сенiмдi дiни ағартушылық қызмет арқылы уағыздау және тарату" деп жазылған. Өздерiңiз көрiп отырғандай, бұл жерде екi мәселе бар. Бiрiншi – бiздiң елiмiзде дәстүрлi емес дiндердi насихаттауға кең жол ашу. Бұл қандай қажеттiлiктен туды? Екiншiден, мұндай жұмысты Қазақстан Республикасының азаматы болмағандар да атқара бередi. Сонда Қазақстан кiм болса соның, қандай дiн болса соны уағыздай беретiн, сөйтiп халқымыздың ежелгi дiнiне iрiткi салуға еркiндiк берiп қоятын елге айналғаны ма? Әлде бұл Конституцияда көрсетiлген идеологиялық әралуандылыққа жата ма? Қалай ойласақ та, бұл бiздiң ұлттық мүддемiзге әсте сай келмейдi. Газет беттерiндегi материалдарға қарағанда, миссионерлiк қызметтi жергiлiктi халықтың бiр де бiрi қолдамайды. Олай болатын болса, соны тықпалаудың билiкке қаншалықты керегi бар?! Дiни алауыздықтың талай елдiң күлiн көкке ұшырғанын көрiп-бiлiп отырып, әсiресе сырттан келген дiндердiң соншалық ағым-секталарға бөлiнуiне заңдық тұрғыда жол бергенiмiздi ұрпақ кешiре алмауы мүмкiн.
Украина, Ресей және Белоруссия елдерiнiң заңдарында миссионерлiк қызмет жоқ. Бұл қызмет Қазақстан мен Қырғызстанға ғана аса қажет көрiнедi. Сонда соңғы екi ел ТМД кеңiстiгiндегi ең "демократияшыл" ел болғандары ғой? Ал көршi елдегi оқиғаларға бұл миссионерлiк қызметтiң де әсерi болмай отыр деп айта алмаймын. Менiң бiлетiнiм, бәлкiм қателесермiн, лайым солай болсын, мұның түбi бiзде де еш жақсылыққа апармайды. Кәрi тарих дiнге бөлiну нәтижесiнде болған әртүрлi қақтығыстарды жақсы бiледi. Ондай келеңсiз көрiнiстердi мерзiмдi баспасөздерден де оқып отырмыз.
Бiздiң Заңымыздың тағы бiр осалдығына екiншi мысалды Заңның "Дiни бiрлестiктердi тiркеу" атты 9-баптан табуға болады. Онда республикада дiни бiрлестiктер кемiнде кәмелетке толған 10 азаматтың (белгiлеген – Ә.Б.) бастамашылығымен құрыла бередi. Қай елдiң азаматы екенi, оның республикада қанша жыл тұруы керектiгi айтылмаған. Заңда мұндай екi ұшты мәселелер болмауға тиiстi. Ал Ресей Федерациясының "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Заңының 9-бабында Ресейде ең кемi 15 жыл тұрған азаматтар ғана дiни бiрлестiктердiң құрылтайшысы бола алады. Ал Беларусь Республикасының "Ар-ождан бостандығы және дiни ұйымдар туралы" Заңында дiни қауымдастықты құру туралы ұсынысты жиырмадан кем емес республиканың тұрақты азаматтары жасайды.
Мұндай кемшiлiктер бiздiң қоғамда неге орын алып отыр дегенде бiр мәселенi айта кеткен артық болмас. Ол қазiргi демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет орнатуды мақсат етiп отырған тәуелсiз елiмiздiң дiнге қатысты ұстанымдарының толық және айқын еместiгiнен туындап отыр. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарындағы саясаткерлер мен дiнтанушылардың көзқарастарындағы кейбiр қайшылықтар, жақында шыққан "Дiнтану" пәнi туралы оқу құралына айтылып жатқан сындардың негiзi бiздiң мемлекетiмiздiң дiнге, оның iшiнде өзiн құраушы болып отырған қазақ ұлтының ежелгi дiнi – исламға қатысты да принциптi тұжырымдарының жоқтығы. Осы бағыттарда iргелi еңбектерге де зәрумiз. Жоғарыда айтылған Ресей Федерациясының дiн туралы Заңы "Ресей тарихындағы, оның қалыптасуы мен дамуындағы православиенiң ерекше рөлiн мойындай отырып" деген сөздерден басталса, бiздiң заңымызда ислам жөнiнде бiр ауыз сөз жоқ. Бұл да сөзiмiзге дәлел бола алады.
Дiннiң мемлекеттен, мемлекеттiң дiннен бөлек болуы керектiгiн кезiнде Алаш көсемi Әлихан Бөкейхан де көтерген болатын. Ол 1917 жылғы 23 желтоқсанда жарияланған "Мен кадет партиясынан неге шықтым?" деген мақаласында бұл партиядан шығуының себебiн дiннiң мемлекеттен бөлек болуына қатысты кадеттiктермен тiл табыса алмағанын айтқан едi. Алайда ұлы ұстаз дiндi мемлекеттен бөлу керек дегенде, бiздiң қоғамда да мемлекет дiннен бөлiнген дегенiмiзде де екеуiнiң арасына қытай қорғаны салынсын деген ойда ешкiм болмаған шығар. Осы тұжырымдардың мағынасын толығырақ аша түскен жөн сияқты. Ислам дiнiнiң еркiн дами алмай жатқанының бiр себебi де – бiздiң мемлекетiмiздiң халқымыздың ежелден дiнiне деген ұстанымын айқындай алмай отырғандығында.
Тағы бiр мәселе туралы айта кетсек. ТМД елдерiнiң конституцияларын салыстыра отырып, мынандай жайды аңғардық. Православие дiнiндегi Ресей, Украина, Беларусь елдерiнiң Негiзгi заңдарында "зайырлы мемлекет" деген ұғымдар атап көрсетiлмеген. Ал Қазақстан, Қырғызстан, Түркiменстан, Өзбекстан, Тәжiкстан елдерiнiң осы сипаттағы құжаттарында мiндеттi түрде мемлекеттiң зайырлы екендiгi жазылған. Сонда мұсылман елдерi басқаларға қарағанда "зайырлылау" болғаны ма? Мен осы сөздiң төркiнiне де күдiкпен қараймын.
Қалай ойласақ та, дiнсiз мемлекет те, мемлекетсiз дiн де жоқ. Шынайы дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы, тәуелсiздiгiмiздiң тұғырлы бола түсуi, ұлтымыздың бiрлiгi, бүкiл қазақстандықтардың түсiнiстiгi мен келiсiмдi тiрлiгi. Сол себептi екi тараптың бiрiгiп әрекет етер кеңiстiгiн, оның құқықтық механизмдерiн айқындай түскен жөн. Бұл бағытта iзгiлiк пен имандылықтың, ұлттық иммунитеттi күшейтудiң рухани арқауы болып келе жатқан халқымыздың дәстүрлi дiнi исламға лайықты орын берiлуi қажет. Әлемдiк тәжiрибеде мемлекет ең бiрiншi өзiн құраушы ұлттың тұтаса түсуiне, оның тарихи санасын, дәстүрлерi мен мәдениетiн дамытуға көмектеспей отыра алмайды. Бұл – ең бiрiншi елiмiздегi халықтың негiзiн құрап отырған қазақтың тағдыры.
Сонан соң дiннiң ешбiрiне басымдық бермеймiз деген жалаң құқықтық қағиданы мен дұрыс дей алмаймын. Бәлкiм мен қателесермiн. Елiмiздегi мемлекет құраушы ұлттың дiнiне басымдық беруде бiздiң қолымызды кiм қағады. Әншейiнде барлығымыз ислам дiнiн “Ол бiздiң мәдениетiмiз, рухани өзегiмiз т.т.” деп жаппай мақтаймыз. Ал заңға келгенде бiз ислам дiнiне басымдық бере алмаймыз деп шалқаямыз. Осы дұрыс бола қояр ма екен. Тереңiрек ойлану қажет сияқты.
Бүгiнгi күнi дiн жөнiнде жаңа заң керек деген уәж көп айтыла бастады. Шынын айтсақ, кештеу қозғалып жатырмыз. Бүгiнгi қалыптасқан дiндiк қатынастарды заңдық жағынан жетiлдiре түсу, елiмiздi мекен еткен этностардың ұлтаралық келiсiмiне нұқсан келтiретiн ағым-секталар мен миссионерлер қызметiне тыйым салу, дәстүрлi дiндерге көзқарасты заман талабына сай кеңейте түсу керек-ақ болып тұр. Әсiресе мемлекет пен дiни мекемелердiң арасындағы қарым-қатынасты құқықтық реттеудi жолға қою қажет.
Жаңа заң елiмiздегi дiннiң халықтың рухани, мәдени және мемлекеттiк дәстүрлердi қалыптастырудағы ықпалын күшейтуге бағытталып, әсiресе дәстүрлi дiндердегi халықтардың тату-тәттi өмiр сүруге ықпалын арттыра түсетiндей болуы керек. Әсiлi заң әдiлеттiлiгiмен, бұқара халықтың мүддесiн көздеуiмен құнды болмақ. Сонда ғана иесiмен қайта қауышқан еркiн дiннiң рухани күшi, халыққа да, мемлекетке де берерi арта түспек. Заң кеңiстiгiндегi демократия деген осы.
Әбдiжәлел БӘКIР, саяси ғылымдарының докторы, ҚазГЗУ профессоры