АЛАШТЫҢ ҮНI – “ЖАС АЛАШ”

АЛАШТЫҢ ҮНI – “ЖАС АЛАШ”

АЛАШТЫҢ ҮНI – “ЖАС АЛАШ”
ашық дереккөзі
1091

"Жас Алашқа" – 90 жыл! Қазақтың қабырғалы газетiнде ұлтымыздың маңдайына бiткен асылдары мен ардақтылары қызмет еттi. "Жас Алаш" арқылы елiне танылды, қаламгерлерiмiз қазақы сөздiң мәйегiн "Жас Алаштан" бойына сiңiрдi. "Күпi киген қазақтың қара өлеңiн, шекпен жауып қайтарған" Мұқағали сынды қазақ қаламгерлерi қазақтың қара сөзiнен басылым бетiнде бал тамызды. Қазақтың қара сөзiнiң ошағы болған "Жас Алаш" қазақ қаламгерлерiнiң ордасына айналған бiрден-бiр жастар басылымы болғанын ешкiм жоққа шығара алмайды. Қазақтың қалам ұстаған арда азаматтары "Жас Алаштың" шеберханасына айналған Шерағаңның шекпенiнен, Бердiқұловтың мектебiнен өттi. Бүгiнде есiмдерi елге белгiлi болған қаламгерлердiң көбi "Жас Алаштан" қанат қағып шыққандарын мақтана әңгiмеге қосады… Қазақ қаламгерлерiнiң ұшқан ұясына айналған "Жас Алашта" әр жылдары еңбек еткен жазушы, публицист, қалам қайраткерi ағаларымыздың басылым жөнiнде айтары да көп.

– Сiздiң кезiңiздегi "Жас Алаш" қандай ерекшелiгiмен есте қалды?

Кәдiрбек СЕГIЗБАЕВ, жазушы:

– Қазiргi қазақ қаламгерлерiнiң көбi өткен ғасырдың 50-70 жылдарындағы жастар газетi "Лениншiл жас" (қазiргi "Жас Алаш") мектебiнен тәлiм алып шыққандар десем, қателеспеймiн. Ол кезде қазiргiдей емес, газет-журналдардың саны да аз болатын. Коммунистiк партияның, одан қалса, Комсомол орталық комитетiнiң қатаң бақылауында болатын бұл басылымдар. Сәл жаза бассаң, жазасы дайын тұрады. Мен сол газетте жүрген кезiмде кезекшi болып отырып, Комсомол комитетiнiң хатшысы Дезиров дегеннiң аты-жөнi Дезилов болып, қате жазылып кетiптi. Сол үшiн газет редакторы Шерағаң, белгiлi қаламгер Шерхан Мұртаза Комсомол орталық комитетiне шақырылып, бiраз сөгiс естiсе керек. Ол кiсi редакцияға оралысымен, дереу жиналыс шақырып, аса беделдi адамның аты-жөнiнен қате жiбергенiм үшiн, маған сөгiс жариялады. Жиналыстан көңiл ортайып шыққаннан кейiн, бес-он минуттан соң, он шақты жiгiт үпiр-шүпiр отыратын кабинетiмiзге кiрген редактордың: "Кел, Кәдеке, қол күрестiрейiк" дегенi бар. Мұны айтып отырғаным, сол кездегi жастар қызмет iстейтiн редакциядағы атмосфераның жастарға ғана тән болатыны. Жаңағы өкпе-наз, ренiш те сол сәтте жуылып-шайылып кеткендей. Басқасын айтпағанда, "Қой өсiрсең, мал өсiр, табысы оның көл-көсiр" деп ұрандатқан, Қазақстандағы қой санын 50 млн.-ға жеткiземiз деп жалаулатқан кезеңде жылқы, түйе сияқты қазақтың жанына пара-пар түлiктердiң өзi халық жауларына айналған бiр кезең болатын.

Соған қарамастан, жылқы-түйе түлiктерi туралы там-тұмдап болса да, материалдар жарияланып тұратын. Сол тұста марқұм Оралхан Бөкейдiң "Бура", менiң "Бала бура" атты әңгiмелерiмiз қатар жазылып, екеуiн де редакторға алып бардық. Шәкең: "Ой, жiгiттер-ау, қазiргi саясатты бiлмейсiңдер ме? Екеуiн де жарыстырып, қатар берсек, жақсы болар едi. Бiрақ Мәскеуден бастап, Алматыға дейiнгi басшылар түйе түлiгiнен түгелдей түңiлiп отырған кезде, бұл мәселеге саясатты араластыратындарын бiлмейсiңдер ме?" – дедi. Себебi екi әңгiменiң де түйiнi түйе түлiгiне араша сұрау сияқты болатын. Оралханның әңгiмесi "Лениншiл жаста" басылды, менiң әңгiмемдi Шерағаңның өзi қолдап, "Жұлдыз" журналына шығарды.

Ол кезде негiзiнен бөлiм басшыларынан тұратын редакцияның алқа мүшелерi болатын. Онда Қалдарбек Найманбаев, Сәбит Жиреншин, Еркiнбай Әкiмқұлов, Баймұлда Мусин, Таупиық Сарбақанов, Бекмырза Баймұханов, Әнес Сараев, Оразбек Сәрсенбаев сынды бөлiм меңгерушiлерi бар. Әр аптаның дүйсенбi күнi сол редакция алқа мүшелерiнiң кеңейтiлген мәжiлiсi, газет тiлiмен айтқанда, лездеме өтетiн. Онда апта iшiнде қандай жақсы материалдар жарық көрдi, қайсысы көңiл толтырмайды деген мәселелер талқыланатын едi.

Шерағаң басқа жұмысқа ауысып, орнына Сейдахмет Бердiқұлов ағамыз келгеннен кейiн де, газетке бiраз жаңалық ала келдi. Сол лездемеде аптаның чемпион мақаласын белгiлеп, ол бiр апта бойы, алдыңғы орынға iлiнедi және оны жазған журналистке жиырма сом көлемiнде сыйақы берiледi. Оралханымыз бар, Кәрiбай Ахметбеков, Ақселеу Сейдiмбеков, Қуанышбай Құрманғали, Серiк Әбдiрайымов, Ахат Жақсыбай, Төлен Қаупынбаев сияқты жас журналистер редакциядағы беделiмiздi көтеру үшiн және жиырма сом сыйақыға ие болу үшiн "чемпион мақала" жазуға барымызды салатын едiк. Газет оқылатындай деңгейде жақсы шығу үшiн әртүрлi айдарлар болатын. Әртүрлi проблемалық мақалалар бiр бөлек, мораль тақырыбына арналған мақалалар бiр бөлек, тағы сол сияқты сын-фельетондарға жиi оралатын едiк. Бұлар ғана емес, хабардан бастап, очерк-суреттеме, әңгiме-өлең сияқты жұрт оқитын дүниелер жиi жарық көретiн. Оқушыларға, студент жастарға арналған "Өркен", "Арай" сияқты арнаулы беттер берiлiп тұратын. "ХХ ғасыр. Халықтар. Әдет-ғұрыптар", "Шартарап" сияқты танымдық, жұрт қызыға оқитын аударма мақалалар да апта сайын берiлетiн.

Ең бiр мақтанатымыз, ол кезде "Лениншiл жастың" таралымы 350 мыңға дейiн өскен едi. Әрине "С.Қ" сияқты партиялық газеттер партия мүшелерiне мiндеттеп жаздыртса да, ерiктi түрде жазылатын "Лениншiл жастың" таралым жөнiнен шалғайына жете алмайтын. Газет жастар басылымы деп аталса да, әр қойшының қонышында, жұмысшы-шаруаның қойнында жүрер едi. Оның үстiне, ол кезде почта қызметiнде де iркiлiс болмайтын. Әр басылым ең шалғай деген аудандар мен ауылдарға екi-үш күннiң iшiнде жетер едi. Газет беделiн арттыра түсу үшiн бүкiл одақ көлемiнде Шыңғыс Айтматовтың атағын шығарған алғашқы шығармаларының бiрi "Жәмила" повесi де тұңғыш рет "Лениншiл жас" газетiнде аударылып басылды. Сол сияқты Расул Гамзатовтың, Мұстай Кәрiмнiң шығармалары "Лениншiл жас" арқылы таныстырылған.

Ол кезде жайлы пәтерде тұратын журналистер тым сирек едi. Жастардың барлығы дерлiк пәтер жалдап тұрып жатса да, кешке жиналып алып, думандату, "кiм не жазып жүр?" деген мәселелердi талқылау жиi болатын. Мұның өзi де жастыққа тән кезеңдер екен. Ол кезеңдер бұл кезде көзден бұлбұл ұшқан естелiкке айналды. Жоғарыда айтқанымдай, сол кезде пәтерден пәтерге көшiп жүрген жастар бүгiнде танымал қаламгерге айналды. Бiразы ортамыздан оралмас сапарға аттанып та кеттi. Газет беделiн өсiруге барымызды салсақ, газет те бiздi өсiрдi. Қазақы сөздiң қадiрiн бiлудi үйреттi. Сонымен қатар ұлтты сүю, ұлттың рухын жоғары ұстау деген патриоттық қасиеттi де бойымызға бiржола сiңiргендей.

"Жас Алаш" – "Лениншiл жастың" заңды жалғасы. Ұлт рухын биiктету, ең алдымен қазақтың қамын жеу жағынан сол замандағы "Лениншiл жас" ұстаған бағыт-бағдарды жалғастырып келедi. Тiптi бұл қасиет тәуелсiздiк алып, басылымның аты өзгерген жылдардан берi қарай, айқынырақ, батылырақ көрiне түскендей. Ең бастысы, өзiмiз өмiр сүрiп отырған қоғамдағы әдiлдiк, тазалық, шындық жолын ұстаудан жаңылмай келе жатқаны қуантады.

Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ, публицист:

– 1969 жылы ҚазМУ-дiң филология факультетiнiң 5-шi курсында оқып жүрген кезiмде "Лениншiл жас" газетiне қызметке келiп, сол басылымнан 1989 жылдың соңында ғана "Ана тiлi" газетiнiң ашылуына байланысты әзер кетiппiн. Бәлкiм, көп жұртқа бұл соншама ұзақ мерзiм боп көрiнер. Ал өз басым үшiн ол қас-қағым сәтте өте шыққан бiр мезеттей-ақ боп сезiледi. Тарихы сонау 1921 жылдан басталып, аты замана тезiне байланысты әртүрлi аталғанымен, "Жас Алаш" қазақтың талай-талай жұрналшы ұрпағының үздiк ұстаханасына, жампоз бапкерiне айналудан бiр танған жоқ. Жастар газетiнiң әртүрлi тосын өрiстерге еркiн шыға алатын мүмкiндiгi, қилы-қилы iзденiстерге қаймықпай бара алатын бұла мiнезi, көркем сөздiң озық үрдiстерi мен машықтарына бейiл шығармашылық ерекшелiгi оған әуелден-ақ тән болды. Жастар газетiнiң ең бiр дүрiлдеген, 300 мыңдық қалың оқырманы бар шағы – өткен ғасырдың жетпiсiншi, сексенiншi жылдарына дөп келдi. Алдындағы алпысыншы жылдарда Шерхан Мұртаза секiлдi ұлы редактор негiзiн салған дүбiрлi жұрналшылық өнер бәйгесiн сергек санаткер Сейдахмет Бердiқұлұлы сынды ұлы редактор одан әрi өрiстетiп әкеткен, жастар газетiнiң киiздей тұтасқан қазақ оқырманының тiлек-талабымен үйлескен, өзара тығыз байланыс құрған жылдары едi бұл. "Жас Алаш" сол әмiргершiлiк заманда қатаң түрде қадағаланған шектеулерге қарамастан, ұлтымыздың жоғалып кетпей сақталып қалуы, бұлдырсыз болашағы үшiн қажет деп табылатын кез келген мәселенi орайын тауып жеткiзудi, қиын да болса қисынын келтiрiп қозғап отыруды мақсат тұтты. Алаш жұртының рухани, ұлттық танымының iргелi бiр шаңырағы, керек кезiнде, арнаулы тарих, өнер, этнография, педагогика, ж.т.б. басылымдар атқаруға тиiс жұмыстарды да шамасы келгенше иығымен қоса көтеретiн нағыз ұлт жаршысы болуға ұмтылды. Оны басқа басылымдардан бөлектетiп, талай жыл бойы халықтың сүйiктi газетi ретiнде танытып келген жайт та, мiне осындай ерекшелiктерден бастау алды деп бiлемiн.

Ол жылдарда "Жас Алашта" мақаласы, өлеңi мен әңгiмесi жарық көрген адам сол күнi бүкiл қазақ оқырманына танымал боп шыға келетiн. Себебi жастар газетiн жаздырып алмайтын үй сирек едi. Егер газеттiң әр санын үш адам оқиды дейтiн жабайы есепке салғанның өзiнде, оны әр күн сайын миллиондай адам оқи алатын. Оны iссапарларда болған кездерiмiзде анық байқайтынбыз. Сенiң газет бетiнде қандай мақалаларың жарық көргенiн өзiңнен бетер анық бiлетiн, қай жұрналшының не жазып жүргенiн, газетке шыққан әртүрлi мақалаларға пiкiрлерiн жосылтып айтып отыратын оқырмандар жиi ұшырасатын. Редакцияға күн сайын қап-қап хат келiп жататын. Сол хаттармен бiрге қаламының қарымы бар қабiлеттi жастардың туындылары жететiн. Олардың талпыныстарына газет тарапынан қолдау бiлдiрiлiп, жазғандары жарық көретiн. Жастар басылымымен тығыз байланыс құрған олардың талайы, болашақта өздерi де "Жас Алаштың" ұстаханасында шыңдалған бесаспап жұрналшыларға айналатын.

Нұртөре ЖҮСIП,"Айқын" газетiнiң Бас редакторы:

1. "Жас Алаш" жаңашылдығымен, еркiндiгiмен, ерекше батылдығымен есте қалды.

2. "Жас Алаш" ұлттық, мемлекеттiк мәселелердi көтерудегi тегеурiнiмен есте қалды.

3. "Жас Алаш" халықшыл, сыршыл, ұйымшыл басылым ретiнде есте қалды.

Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, "Жас Алаш" газетiнiң Бас редакторы:

– Газеттi ерекшелейтiн нәрсе, ол – әр кезеңнiң өз болмысы және соған сәйкес шығармашылық ұжымның ұстанатын бағыты. "Жас Алаш" бүгiнгi әлеуеттiң шынайы бет-бейнесiн таныту үшiн өзiнiң батылдығы мен өткiрлiгiнен, турашылдығы мен ақиқатшылдығынан ауытқыған емес. Қайта сол қасиеттерiн барынша аша түстi. Билiктiң қысымы, жеке тұлғалардың атағы мен беделi шындықты жазуымызға тосқауыл бола алмайды. Ұлттық, мемлекеттiк, халықтық мүдде бәрiнен жоғары тұрсын. Бiздiң ұстанатын түп қазығымыз осы.

Сыбайластық, екiжүздiлiк, сатылғыштық, жемқорлық, жағымпаздық, жандайшаптық сияқты дерттерi дендеген бүгiнгi қоғамда "Жас Алашқа" тайсақтау жараспайды. Алмас кездiктей сол кесел-кесапаттарды кесiп түсу, кесек сөйлеу қажет. "Жас Алаштың" дәлелдi, айқын және салмақты сөзiнiң мысы басады. Қолдан құдай жасап жүргендердiң, адамдарды құлшылыққа итермелегендердiң құтын қашырады. Шындықты тұмшалап, қазiргi тiршiлiктi әсiре әспеттеп, боямалайтындар "Жас Алашты" қатты жек көредi. Олар сөйте қалады екен деп, жұмсаратын, жалпақшешей болатын "Жас Алаш" жоқ.

Басылымның да, оның журналистерiнiң де басына төнген қатер көп. Бiз одан жасқанбаймыз. "Жас Алашты" ерекшелейтiн тағы бiр жайт – қалың оқырманның, халықтың оған деген сенiмiнiң еселеп артқандығы. Отаншыл, ұлтшыл зиялы қауымның газет бетiнде өзiнiң ащы да ақиқат, ойлантарлық сөзiн көбiрек айта бастағаны да сол ерекшелiктiң бiрi. Саясатпен қоса экономика, қаржы, әлеумет салаларын бiлiктiлiкпен саралап, талдап жазатын мақалалар көбейдi. Қашандағыдай газет бетiнде оқырманның мұң-мұқтажы, талап-тiлегi, көзқарасы мен пiкiрi кеңiнен қамтылады. Халықтық газеттiң өзiндiк дәстүрлi бұл ерекшелiгi ешқашан өзгермейдi.

Жүсiпбек ҚОРҒАСБЕК, "Жасөркен" ЖШС Бас директоры:

– "Жас Алаш" деген газеттiң атын естiгенде тоқталып, ойланып қалмайтын сауатты қазақ кемде-кем шығар. Бұл газет қандай жолға түсiп барады, шынында да ойланып қаласың. Ұлтпен бiрге жасап келе жатқан басылым болғаннан кейiн, оған бiздiң бейтарап қарауымыз мүмкiн емес. Келiссек те, келiспесек те алып оқимыз. Қазақтың жоғалтпауға тиiстi бiр газетi – осы "Жас Алаш".

Бұл өзi және тағдырлы газет. Ұлтпен бiрге өстi, ұлтпен бiрге мұңайды, ұлтпен бiрге қайғырды. Ең бiр шиеленiскен күрделi шағында мен бас болдым. Соған қарамай объективтi болуға күш салдым. "Журналист саясатшы болмауы керек" деген ұстанымды ұстандым. Бұл бiрақ күрескер болмау керек деген сөз емес.

"Жас Алашта" әуел бастан қалыптасқан редакторлық мектеп бар. Ол жерге дайын кадр келмейдi. Сондықтан бас редактор қаласын-қаламасын ұстаз болмаса болмайды. Мен осы мiндеттi адалынан атқардым ғой деп ойлаймын өзiмше. Құр жазуды ғана үйретпейсiң, мiнез-құлқына да ықпал етесiң.

"Салауатты өмiр сүрейiк" деп өздерiң жазасыңдар да, өздерiң дұрыстап тыныстап-тынықпайсыңдар" дейтiнмiн. Сөйтiп үлкен-кiшiмiз түгел аптасына екi рет футбол ойнап, бассейнге жүзуге баратынбыз. Қыста Шымбұлақ жаққа шықсақ, жазда Ыстықкөлге барамыз. Көлсайға барамыз, Қапшағайға барамыз, Шарын шатқалын аралаймыз мысалы.

Жазушы Кәдiрбек Сегiзбаевтың мәшiнке басып отырған қызды "бұршақ қуырып жатқандай" деп суреттейтiнi бар. Сол сияқты "Жас Алаштың" журналистерi аса еңбекқор едi. Таңертең алты бет алдыңда аппақ болып жатады, кейде содан зәрең ұшады. Бiр қарасаң, тiлшiлер компьютердi тесiп жiбере жаздап, жарыса жаза жөнеледi. Түс ауа, кешке қарай, кейде түнде де әлгi мақалалар алты бетке сықаса орналасып жатады.

Айналамыздағы өмiр бөлек, бiз бөлек болғамыз жоқ. "Жас Алаштың" тiлшiлерi бiр жолы таңға дейiн ұйықтаған жоқ. Түнiмен қала аралап, шамы жарқырап тұрған жердiң бәрiн адақтап шығып, "Ұйықтамайтын Алматы" деген қызық мақала жазды. Мұндай мысалдар көп ендi. Тiлшiлерiмiздiң тыным таппайтыны газет бетiнен көрiнiп тұратын. Сондайда бiзбен соттасып жүрген бiреулер өздерi ұялып, қымсынып, жерге қарап қалатындай көрiнетiн.

Ойдағыдай шықпай қалған жобаларымыз да болды. Бiрнеше тiлшiмiздi алыс ауылдағы жағдайы жоқ үйлерде бiр-екi күн болып, түнеп те қайтыңдар деп жiбергенбiз. Не iшедi, не киедi, қандай көрпе жамылып ұйықтайды, ол үйлердегi шиеттей бала-шағаның халi нешiк, бiлiп қайтыңдар дегенбiз. Сол жоба дұрыс шықпады. Десе де сол қатарлы қызық тақырыптарымыз оқырманның есiнде шығар, қайталап қайтем оны. "Шалбай шошқа тағалап жүр ме?" деген сияқты ащы тақырыптар көп болды ғой әйтпесе. Камал Ормантаевтан бастап, белсендi деген зиялы қауым сала құлаш тiзiммен "Жас Алаштың" бетiнде жүретiн. Не iстеу керек, "Жас Алашты" қорғау керек, "Жас Алаш" жабылып қалмау керек дейтiн.

Бiр жолы министрлердiң бәрiн қойдай тiзiп, сұхбат алайық дедiк. Хабарлассақ, көбiнiң қолы тимейдi. Содан бiз онда орынды бос қалдырамыз да, сол жерге осы араға пәленшенiң сұхбаты басылуы керек едi деп жазамыз дедiк. "Жас Алаштың" беделi ғой, ақыры бәрi тiзiлiп сұхбат бердi. Бiр жас министр ғана кешiгiп қалды, "жауабым дайын, бiрақ әкеме оқытып алайын" дептi. Сөйтсек әкесi "Жас Алаштың" жанкүйерi екен. Оған да түсiнiстiкпен қарадық қой.

Наурызда Достық пен Абай көшелерiнiң қиылысындағы Абайдың ескерткiшiн жуғанбыз. Күнде жаңа бiрдеңе ойлап тапқымыз келедi. Нөмiр дайындалатын күндердегi жұмысымыздың қарқынын Жұлдыз бен Шыңғыстың қан қысымымен өлшейтiн тәрiздi едiк. Жұлдыз демекшi, Роза Қараева, Айгүл Аханбай, Талғат Ешенұлы, тағы қайсылары, әйтеуiр әрқайсысы басқа жұмысқа ауысқанда орындары омсырайып қалатын. Оны айтып отырғаным…

Бiр күнi Жанарбек Әшiмжан, Сәкен Сыбанбай, Есей Жеңiс үшеуi бiрдей кетiп қалды. "Қазiр өлетiн уақыт емес" демекшi, ол дәл солар кететiн уақыт емес едi. Және оқиға екi кештiң арасында апақ-сапақта болды. Келесi нөмiрдi қалай толтырам, Алтекеңе не деймiн?! Жауырын жер иiскедi деген осы шығар. Талма тұстан тиген соққы есеңгiретiп-ақ тастады.

Бiрақ қарап отыруға болмайды, әр-әр жердегi демократиялық көзқарастағы талантты журналистерге телефон шалдық. Қали Сәрсенбай, Әмiрхан Меңдеке, Жұлдыз Әбдiлда бар, бiз бәрiбiр мықты едiк. Ертесiне деуге де болады, "Жас Алашта" "Хабардан" келген Мұхтар Жанұзақұлы, "Айқыннан" келген Шадияр Өстемiрұлы, тағы бiр-екi "сен тұр, мен атайын" жiгiттер отырды.

Кейде жекелеген азаматтардың адамшылық қасиеттерi де ұжымды ұйытып ұстап тұрады. Фототiлшi Асылхан Әбдiрайым мен карикатурашы Ғалым Смағұлдың жүрген жерi ешқашан көңiлсiз болған емес. Шыңғыс Мұқан мен Ерiк Рақымды да салмайтын жерiмiз жоқ, олар да қайтпайды. Сәлима мен Гүлзат бар, әйтеуiр ортамыз сол жолы да ортайған жоқ. Сондағы Алтынбектiң оңаша кездесуде разы болып, миығынан күлiп отырғаны әлi есiмнен кетпейдi.

"Жас Алаш" маған дейiн ондай болды, менен кейiн мұндай болды дегендi мен өмiрi айтпаймын. Бiрақ бұрынғысы да, кейiнгiсi де менiң тұсымдағы кезге ұқсамайды. Әрқайсысының да бағындырған өз биiгi бар. Десе де сабақтастық үзiлген жоқ, үзiлмеуi керек.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары