БҰЛ КҮННIҢ СӘНI – ҰЛТТЫҚ КИIМ
БҰЛ КҮННIҢ СӘНI – ҰЛТТЫҚ КИIМ
Жыл басы – Наурыз мерекесiне де санаулы күндер қалды. Жыл құсындай сағынысып көрiсетiн бұл мерекеге деген жұртшылықтың ықыласы тiптен керемет. Шығыстың осынау Жаңа жыл мерекесiн қызықты өткiзуге соңғы он шақты жылда бiршама тәжiрибе жинақтала бастады. Алайда ойласып шешер, көп болып кеңесiп пiшер олқы тұсымыз да жоқ емес.
Наурыз ұлттық мереке болғандықтан осы тойда бiркелкi ұлттық киiм киiп шықсақ, қандай ғанибет?! Өйткенi қазақтың киiмiн талғаммен әрi қонымды етiп кие бiлсек, мәдениетi жоғары моданың отаны деген елдердiң киiм үлгiсiнен бiр кем емес. Сондықтан ұлттық киiм үлгiлерiн қалпынан айнытпай тiгiп, ұлттық мерекемiзде киiп шығып, насихаттай бiлгенiмiздiң ешқандай да сөкеттiгi жоқ шығар. Олай болса тарихымыз бен мәденитiмiздiң талғамымыздың белгiсiндей ұлттық киiмдi көздiң қарашығындай сақтау, ғасыр тереңiнен сыр толғайтын үлгiлерiне қиянат жасамау, келiстiрiп тiгiп кие бiлу – баршамыздың парызымыз. Мұны тәптiштей айтып отырған себебiмiз, жыл сайынғы Наурыз мерекесiнде өзiмiздiң ұлттық киiмiмiздi таба алмай, тани алмай, әйтеуiр оюмен әдiптелген шапан мен тақияны киiп шыға салуға мәжбүр болып жүргенiмiз жасырын емес.
Сондай-ақ Наурыз мерекесiнде ағаш отырғызу мен көшелердi, үйлердiң айналасын тазалауды да қолға алу керек-ақ. Наурыз сайын шағын аудандар мен көшелер арасында тазалық үшiн шаралар өткiзiлсе, үйлер үлгiлi ұсталар едi, көше, аулалары таза болар едi. Ал тазалық – денсаулық кепiлi екенi айтпаса да белгiлi.
Тағы бiр ескерер жай, бүгiнде көптеген қазақ қыздары ұлттық тағамдарды жасай алмайды. Олай дейтiн себебiмiз – әр елдiң ұлттық тағам даярлау технологиясында көптеген өзгешелiктер бар ғой. Мәселен қазақ бұрын бiр сүттiң өзiнен қанша тағам жасаушы едi: қатық, айран, балқаймақ, құрт, уыз, ақ iрiмшiк, сары iрiмшiк, сүзбе, тұз құрт, егежей, сықпа, сiрке, қымыз, шұбат, томыртқы… Сол сияқты еттен, ұннан, жемiстен қаншама тамақтың түрлерiң дайындаушы едi. Наурызкөженiң қойдың басы мен сүр ет салып пiсiрiлуi – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жас тағамымен (сүт, ақ) қауышудың мәнiсiн бiлдiредi. Ал наурыз көженi тоя iшу "жыл бойына тоқшылық болсын" деген ұғымға саяды. Әдетте Наурыз түрi қасиеттi дәмнен алыс сапарда жүрген адамдарға, қадiрмендi ақсақалдарға сыбаға сақталады.
"Наурыз айы туғанда
Той болушы едi бұл маңда.
Сақталушы едi сыбаға
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда" – деп ақиық ақынымыз М.Мақатаев бекер жырламаған.
Қазiр наурызкөженi де жөндеп пiсiре алмайтын қыз-келiншектерiмiздiң осы жағын ойлағандары жөн. Өйткенi ұлттың рухани саулығын сақтау үшiн ана тiлiң қандай қажет болса, тән саулығын сақтау үшiн ұлттық тағамды тұтынудың маңызы соншалықты. Осы ретте дастарқанымызда ұлттық тағамымыздың мол болғаны жөн дер едiк.
Сондай-ақ, кейбiр қыз-келiншектерiмiздiң киiз үй тiгудiң өзiне шорқақ екенiн де жыл сайынғы Наурыз мейрамына дайындық барысында байқап та, көрiп те жүрмiз. Әрине, салт-дәстүрдi қайта жаңғыртып жатқан уақытта жастарымызға осының бәрiн үйретуiмiз қажет-ақ.
Наурыз мейрамында тiгiлген киiз үйлерге "комиссия" келедi деп ешкiмдi кiргiзбей немесе үйдiң iшiне сол "комиссия" мүшелерiн толтырып, есiктi iшiнен жауып алатын да жағымсыз әдеттерiмiз әлi қалмай келедi.
Әдетте Наурыз күнi адамдар бақай есеп, пендешiлiк атаулыдан тазарып, ар-ұжданы алдында арылуы керек. "Ұлық күнi алдыңа келсе, атаңның құнын кеш", "Жақсылыққа жақсылық – жай адамның iсi, жамандыққа жақсылық – ер жiгiттiң iсi", "Таспен атқанды – аспен ат" секiлдi нақылдарды өзек етiп, ту көтерген билер, ақсақалдар ат құйрығын кесiсiп, араға жiк түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бiр дастарқаннан дәм татырып, табыстырған, осылайша ел бiрлiгiн күшейткен.
Үйелменiн тентiретiп жiбергендердi қайта қосып, жалғыз-жарым жетiмдердi үйлендiрiп, жеке отау қылған. "Сүйекке таңба, бетке шiркеу болмасын" деп кембағал, мүгедектердi жақын-туыстарының қарауына арнайы мiндеттеп тапсырған.
Алайда дастарқанға қойылатын ұлттық жетi түрлi тағам қатарына сегiзiншi түрi етiп арақ-шарапты да араластыра қоюды әлi де ұмытпай келемiз. Бұл мереке – араққа сылқия тойып алып, көше ортасында қисаңдап жүретiн мереке емес. Керiсiнше ел-жұрттың көңiлi тоқ, қайғысы бiр сәтке ұмытылып, әзiл-қалжың, күлкiсiмен, ән-би, өзге де ұлттық ойындар салтымен ерекше тойланатын мереке. Алтыбақан басында жастар түнiмен дәстүрлi ойындар ойнайды, айтысады. Бұл кеште айтылмаған ән, тартылмаған күй, танылмаған шешен қалмайды. "Наурыз-бата", Наурыз-тiлек" секiлдi ұлттық әдет – ғұрыптар дәрiптеледi.
Күн мен Түн – Ақ пен Қара теңеледi деймiз. Суық пен жылы да итжығыс түсiп жатады. Бәрi тең. Демек бұл – қазақ жерiнде бiр атаның баласындай тату-тәттi ғұмыр кешкен 130-дан астам ұлт өкiлдерiнiң де теңдiгi күнi. Бiр-бiрiмен ынтымақ жарастырар, төс түйiстiрiп, қауышар кез. Қазақстан – бiртұтас ел. Яғни барша ұлт – бiр ұлыс. Ендеше Ұлыс күнiндегi ұлы мұрат та – ортақ.
Иә, Наурыз мерекесiн қай деңгейде тойлағанымыз жөн? Бiз мереке қарсаңында өз ойларымызды қысқаша ортаға салдық.
Болат ШАЙМАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегерi