ОРАЛ ӨҢIРIНДЕГI ӨЗГЕРIСТЕР

ОРАЛ ӨҢIРIНДЕГI ӨЗГЕРIСТЕР

ОРАЛ ӨҢIРIНДЕГI ӨЗГЕРIСТЕР
ашық дереккөзі
273

Қаз-үйрегi қаңқылдап…

Бүгiнде "қаз-үйрек" десе, сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы Жәнiбек ауданының Күйгенкөл ауылы ерiксiз есiме түседi. Сол ауылда талай жыл тұрған нағашымның кемпiрi, Әмина әжемiз қырғын қаз-үйрек ұстаған-ды. Жиырма шақты тауығын есептемегеннiң өзiнде. Әжемiз құсына жем шашып, жүнiн жұлып, мамық жинаудан әсте қолы босамайтын. Шелек-шелек сүттiң жанында тау-тау ақ жұмыртқа үйiлген табақшалар тұратыны әлi көз алдымда…

ПАЙДАСЫ ОНЫҢ КӨЛ-КӨСIР…

Тауық, үйрек, қаз және күркетауық. Бiр Жаратушымыз бiзге нәсiп еткен осы құстарды ғасырлар бойы адамзат қажетiне пайдаланып келедi. Құс дегенiмiз – диеталық ет, жұмыртқа, май, мамық және қауырсын. Басқа жануарлардың етiмен салыстырғанда, құс етi-жеңсiк тағам, ағзаға жеңiл де жедел сiңедi. Сары ауруға ұшырағандарға тауық етiн ғана жеуге рұқсат етiлетiнi сондықтан. Ал қаздың майы болса, үсiк пен күйiкке тамаша ем. Күркетауықтың етi қатты аурудан әлсiреп қалғандарға жеуге ұсынылып жүр. Жұмыртқаның жәйiне келсек, мынадай дерек бар. Бiр тауық жұмыртқасының қуаты 100 грамм жылқы немесе сиыр, қой етiне пара пар. Үйректiң жұмыртқасының қуаты одан да артықтау.

Әдетте тауықтың жұмыртқасы тұрмайтын ас дастарқаны кемде кем. Дүкенде сатылмағанымен, үйрек жұмыртқасын жейтiндер де аз емес. Ал қаздың жұмыртқасы тым аз болғандықтан, ол тек балапан басуға қажет. Күркетауықтың отаны – Америка құрлығы. Еуропаға осыдан 500 жыл бұрын әкелiнген. Рас, бiзде онша саны көп болмағанмен, жекелердiң ауласында өсiрiлуде. Сондай-ақ Облыстық ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы Қали Ақонның айтуынша, сонау жылдары өңiрiмiзде тiптi түйеқұс ұстап, өсiруге ынта бiлдiргендер табылыпты. Алайда бiзге белгiсiз себептермен ол iс алға баса қоймаса керек.

ЖАЛПЫ САНЫ – 956 МЫҢ

2011 жылдың 1 қаңтарына шаққанда, өңiрiмiзде тауығы мен үйрегi, қазы, күркетауығы бар 956 мың құс есепке алынған. Әрине, олардың басым көпшiлiгi – тауықтар. Құстың жалпы саны былтырғымен салыстырғанда, тек екi пайызға ғана өсiптi. Оған себеп – екi жыл бойы қуаңшылық болып, құс жемiнiң тапшы әрi қымбаттап кетуi. Негiзiнен құс Орал қаласының аумағында, Зеленов, Теректi және басқа солтүстiк аудандарда көп өсiрiлуде.

Осы қанаттылардың қай-қайсысының да әлемде оншақты түрi бар. Соның тек Қазақстанда, соның iшiнде өңiрiмiзде өсiрiлетiн түрлерiне ерекше тоқталған жөн. Мәселен тауықтар еттiлi және жұмыртқалы болып, екiге бөлiнедi. "Бройлер 6", "Гибро 6", "п-46" түрiне жататын тауықтардың әрқайсысы күштi күтiм болса, 1-1,9 келi таза ет беретiн көрiнедi. "Алатау" атты тауықтың түрi жылына 250-260, егер жемi, орны, суы өзара келiссе, 300 дана жұмыртқа бередi екен. Үйректiң iшiнен әлемге танымалысы-Бейжiң үйрегi. Семiрткенде, оның салмағы 3,2 келi тартады. "Медеу", "Темп" сынды түрлерi жылына 185-200 дана жұмыртқа тауып, 3,2 келi таза ет алынады. Үйрек – тез семiретiн құс. Бiздiң Жайық өңiрi үйрек-қаз өсiруге мейлiнше қолайлы. Баптап-күтсе, қаздың кез келген түрiнен жылына 2,5-3,5 келi, дәмдi де жұмсақ ет өндiруге мүмкiндiк мол. Үй құстарының iшiндегi ең үлкенi және күштiсi – күркетауық арнайы, бағылса, әрбiреуiнiң 19-20 келi салмақ тартатыны ғаламтор деректерiнен белгiлi.

ЕКЕУ БОЛСА ДА, ЕНШIСI ҮЛКЕН

Өңiрiмiзде қазiр халықты жұмыртқа және тауық етiмен қамтамасыз ететiн екi кәсiпорын жұмыс iстейдi. Оның бiреуi – ежелден қалыптасқан орны мен дәстүрi бар "Орал құс фабрикасы" ЖШС-i болса, екiншiсi – таяу жылдарда ғана қанатын кең жайған "Ақас" Агрофирмасы" ЖШС-i. Алдыңғысы Орал қаласының iргесiндегi Бортау аймағында орналасқан. Кеңес өкiметiнiң тұсында алаңсыз күнбе күн өнiм шығарған фабрика кейiн қысылтаяң заманда тұралап қалды. Тек соңғы он жылда аяғынан тiк тұрып, өзiнiң өндiрiстiк қуаты мен материалдық базасын жыл өткен сайын кеңейтiп келедi. Фабриканың өндiрiстiк қуаты жылына 54 млн. дана жұмыртқа мен 150 тонна тауық етiн өндiруге негiзделген. Былтыр 330 мың құсы бар кәсiпорын 65 млн. 500 мың дана жұмыртқа және 248 тонна тауық етiн өндiрiп, тұтынушыларға ұсыныпты. Бұл өндiрiс орны замауи немiс технологиясымен жабдықталған, осында екi жүзге тарта адам еңбек етедi. Бүкiл еңбек үдерiмдерiнiң бәрi механикаландырылған өндiрiс орны құрама жемдi көбiне Ақсай қаласы мен Желаев ауылындағы астық өнiмдерi кәсiпорындарынан алып жүр. Балық ұны Атыраудан алынса, ағуыз-дәрумендiк минералдық құрамалар Ресейден тасылуда. 140 мың бас тауығы бар екiншi ЖШС былтыр 15 млн. 400 мың дана жұмыртқа өндiрiп, облысымыздағы осы нарықта үкiлi орнын меншiктедi. "Нарық" демекшi, бiзде тауық етi мен жұмыртқаға сұраныс ешқашан төмендеген жоқ, төмендеуi де мүмкiн емес. “–Өңiрiмiздiң құс өсiрушiлерiнiң қалыпты да қарқынды еңбегiнiң нәтижесiнде, – дейдi Қали Ақон, – Құс етi және жұмыртқамен облысты былай қойғанда, көршiлес Атырау, Маңғыстау аймағын толығымен және ақтөбелiктердiң сұранысын iшiнара өтеп отырмыз. Күнi кешеге дейiн бiзге құс етi мен жұмыртқа негiзiнен Ресейден әкелiнсе, бүгiнде ондай тәуелдiлiктiң ауылы алыста қалды. Медициналық көрсеткiш бойынша әр адам жылына 139 жұмыртқа жеуi тиiс. Мiне, осы тұрғыдан алғанда, бiз облыс тұрғындарының қажеттiлiгiн артығымен өтеп отырмыз…”

ТҮЙIН

Былтыр Қазақстан Республикасының Үкiметi агроөнеркәсiптiк кешендi дамытуға арналған бес жылдық салалық бағдарламаны бекiттi. Соның iшiнде басқалармен қатар 2015 жылы ел iшiндегi құс етiне сұраныстың 70 пайызын отандық өнiммен алмастыру мiндетi де қойылып отыр. Бұл бағыттағы оң нышандар жеткiлiктi. Мәселен кезiнде тоқтап қалған 14 құс фабрикасының жұмысы жанданып, елiмiз бойынша жаңадан 8 өндiрiс орны iске қосылды. Демек келешекте дүкендер сөресiнен ешқашанда "Буштың сирағын" көрмейтiнiмiзге, тек отандық өнiмдi тұтынарымызға сенiм мол.

Серiк Ықсанғали

Орал қаласы

Адамзат ықылым заманнан берi жабайы қаз-үйрек және өзге құстарды аулап, тамағын асыраған. Ал саятшылықпен айналысқан қазақтың сал-серiлерi: Ақан, Бiржан және басқа да өнер иелерi үшiн құс ату күнкөрiстiң қамы емес, демалыстың бiр түрiне ұқсаса керек.

Серіктес жаңалықтары