«ӘЙЕЛДIҢ ҰЛЫ МИССИЯСЫ – ҰРПАҚ ӘКЕЛУ», – дейдi география ғылымдарының докторы, профессор Әлия БЕЙСЕНОВА
«ӘЙЕЛДIҢ ҰЛЫ МИССИЯСЫ – ҰРПАҚ ӘКЕЛУ», – дейдi география ғылымдарының докторы, профессор Әлия БЕЙСЕНОВА
Иә, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигi, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың "География және экологиядан ғылыми-әдiстемелiк орталығының" меңгерушiсi, өзiнiң бүкiл саналы ғұмырын ғылымға, оның iшiнде ұлттық тәрбиенi де ғылым дәрежесiнде сүйреп келе жатқан ғалым-педагог Әлия Бейсеновамен әңгiме де осы ұлттық тәрбие, ұлттық үрдiс жайында өрбiдi.
– Сiздiң педагогикадағы, әсiресе бүгiнде өзектi мәселелердiң бiрiне айналған экология саласындағы ғылыми еңбектерiңiздi де жақсы бiлемiз. Дегенмен бүгiнгi әңгiме ұлттық тәрбие, оның iшiнде отбасы, ошақ қасынан басталатын ұрпақ тәрбиесi жайында болса деген ниет бар.
– Халықтық педагогика мәселесi, жастар тәрбиесi – жалпы ұлттық тәрбиенiң iшiнде ең күрделiсi және қиыны. Оны ұзақ жылдар жоғарғы мектепте сабақ бере жүрiп, жастарды тәрбиелеу iсiне атсалысқан бiздер жақсы бiлемiз. Ал тәрбиенiң отбасынан басталатынын бiзден де бұрынғылар шегелеп айтып кеткен. Ұлттық тәрбиенiң бiр баламасы бүлдiршiн қыздарымыз екенiн түйсiнсек, бұл ретте айтар сыр да, сын да жетерлiк.
1960 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогика институтында қызмет iстеген бiр топ ұстаз-педагог бiрiгiп "Кел, қыздар, сырласайық" деген клуб ұйымдастырдық. Қыздардың бiлiктi маман ғана емес, тәрбиелi, болашақ ана болуы қажеттiгiне мән берген едiк. Әрбiр қыздың жүрiс-тұрысын, киiм киiну, құрбы-құрдастарымен, айналасымен қарым-қатынасы – бәрi де арнайы бiлiм берумен бiрге, бiз оларға дүниеқорлықтан, рушылдықтан, жершiлдiктен гөрi ұлт татулығын, адамгершiлiк қасиеттерiн көбiрек айтып, бойларына сiңiре отырып, тәрбие өзегiне айналдырдық. Қырық жылдай қызмет iстеген осы клуб кезiнде өте пайдалы қызмет атқарды деп ойлаймын.
Әрине, қоғам да, өмiр де, адам да бiр қалыпта тұрмайды. Бүгiнгi қызға Жiбек бол, Баян бол, Қарашаш бол деп талап қоюға да болмайды. Сондай қазақ қыздарының бойындағы ұлттық әдептiлiктi, сұлулықты, мiнездiлiктi сақтап жаңғырта бiлуде, жастарға жаңа заманауи бiлiм беруде, рухани өсудi ұлттық әдет-салтпен ұштастыра бiлуде еңбектенбей жатқан жоқпыз. Ұлттық тәрбие сол бүлдiршiн қыздарымыздан басталатыны – әр қоғамда да, әр заманда да алдымыздан шығып отыратын тiрлiк. Ұлттық әдет-ғұрыпты, салт-сананы халықтық педагогика деп танып, соны бүгiнгi ғылым қағидаларымен байланыстыра дамыту, оны насихаттау – ғылымның үлкен мiндетi. Оны ұлт тiлiмен тығыз жүргiзу қажет. Өйткенi ұлттық боямасыз таза тәрбие бүкiл бiр мемлекеттi құрайтынын ескерсек, ана тiлiмiздiң де қадiр-қасиетi өз-өзiнен айшықталып шыға келедi. Сондықтан да қазақ қыз баласын бесiктен белi шықпай жатып ұлтжандылыққа, мейiрiмдiлiкке, ең бастысы ертеңгi күнi бiр әулеттiң анасы болуға бейiмдеп, жауапкершiлiкке сүйене отырып тәрбиелейдi.
Адамның табиғатын, психологиясын терең бiлу үшiн өткен тарихты жақсы бiлу керек. Өткендi бiлмей бүгiнгiмен ғана, күнделiктi өмiрмен жұмыс жасау өте қиын. Мен архивте көп отырдым, Омбының, Ленинградтың архивтерiнде болдым. Сонда кез келген ғылыми деректiң тамыры ұлттық үрдiске келiп тiреледi екен.
"Балапан" бағдарламасы тек қана балабақша, аналарға жағдай жасаумен бiрге, ұлттық тәрбиенi ана сүтiмен дарыту, балапан шағынан өз ана тiлiне, шешендiкке, ұлттық тiлiн бiлуге туылғаннан сiңiру керек дегеннен шығып отыр ғой.
Қыз балалардың тәрбиесiне мән бере отырып, қыздардың алғырлығы, бiлiмдiлiгi, ерекшелiгiн де естен шығармауымыз керек. Ол ең бастысы ер-азаматының қас-қабағына, одан өрбитiн ұрпақтың болашағына бiрден-бiр жауапты жан екенiн сезiнiп өсуi керек. Қоғам да соған жағдай жасай бiлуi қажет.
Ал қазақ қыздары ер-азаматының көлеңкесiнде жүрiп-ақ отбасының дұрыс қалыптасуына, бала тәрбиесiн мойнына ала жүрiп, осындай қызметтерден де шет қалып жатқан жоқ. Дәрiгерлердiң, мұғалiмдердiң 80-90 пайызы қыз-келiншектер екенiн ойласақ, осы бiр ойымызды растай түсемiз.
Дегенмен баспасөзде күнде болмаса да жазылып жатқан жаһанданудың арқасында бiздiң қыздарымыздың, жалпы бiздiң қазақ халқының елiктегiш қасиеттерге тым-тым бой алдыратыны көңiлге көлеңке түсiрiп-ақ келедi. Қазiр бiз Батыс Еуропаны сән жағынан, жалаңаштану жағынан басып оздық. Ал қыздың көркi де, бағы да оң жағында. Ал бүгiнгi қыздар неге үшiншi, төртiншi әйел болуға келiсiп жатыр. Қазақта " Ортақ өгiзден оңаша бұзау артық" деген мақал бар. Екiншi, үшiншiлер жүрген жерде махаббат та, ешқандай сезiм де жоқ. Үлкен жүректен туындайтын сыйластық, мейiрiм болмаған жерде дүниеге келген ұрпақ та сапасыз, шала туылып жатады. Толыққанды отбасы дей алмаймын. Оған әлеуметтiк жағдаймен қатар, экологияның да әсерi баршылық.
Отбасын шектеу, жоспарлау дегендердi де осылар шығарған. Өзiмшiлдiк өрiс алған заман. Бұрын қазақ қыздарында ондай өркөкiректiк болмаған. Әрине, сұлу, ерке, тәкаппар болған.
– Гендерлiк саясатқа қарай ауысып бара жатқан сияқтымыз…
– Жалпы, өз басым осы гендерлiк саясатқа қарсымын. Өйткенi әйел өзiмшiлдiкке, отбасындағы билiктi қойып, қызметқұмарлыққа, билiкке араласуға белсендi. Ер-азаматтардың шалбарын тартып кидiк, көлiгiн тартып мiндiк… Қыздарымыз осындай қасиеттiң арқасында мектеп табалдырығында жүрiп екiқабат болып қалады, күйеуге тимей, ақ босағасын аттамай жатып бала туып жатады. Неге? Өйткенi осының бәрi батыстық тәрбиенiң, батыстық өзiмшiлдiктiң жаулап алғанын көрсетедi. Бүгiнде жасыратыны жоқ, егер алатын жiгiтiне өзiнiң қыз болып аппақ арымен қосылғаннан гөрi, "бұзылып" барып тию сәнге айналды. Ондай болмаған жағдайда "ол артта қалған, жiгiт қарамайтын" қыздардың тобынан саналады. Бұл не масқара?!
Ұлттық дәстүр мен үрдiстi дұрыс жолға қоймай, ұлттық мемлекет те қалыптаспайды.
Қазақ халқының өсiп-өнуi үшiн еңбек ету керек, жұмыс iстеу керек. Ол үшiн жас отбасыларына, өмiрге келiп жатқан нәрестелерге қамқорлықты күшейту қажет. Ал қазiргiдей жағдайда ол мүмкiн де емес. Елбасының ұстанып отырған саясаты дұрыс, дегенмен оны орындаушылар жетесiне жете қоймағандықтан әлi де атқарар жұмыстар жеткiлiктi. Мәселен қазақ жастары, студенттердi алайық. Күндiз оқуында, түнде мейрамханаларда жұмыс жасайды. Ал түнгi сауықшылардың бүлдiршiндей үлбiреп тұрған қыздарымызға дөрекi қалжыңдар айтып қана қоймай, ана жерi, мына жерiне қол жүгiртiп, анайы қылықтар көрсетпесiне кiм кепiл?! Бұл онсыз да қаржыдан қиналып, ата-ананың мойнына масыл болып отырған кейбiр жеңiл мiнездi қыздарымызға керi әсерiн тигiзiп жатқан әрекеттер.
Қыз тағдыры – ел тағдыры! Адам жанын табиғаттың тылсым сырымен неге байланыстырамыз, ол – өмiрбақи жұмбақ, ашылмаған әлем. Сол сияқты қыздың жан-дүниесi де ашық-шашық жүрiстi, қалай болса солай киiнудi қаламауы керек. Соншалықты құпия әлем әлдеқайда қызықты, әлдеқайда таңсық емес пе?! Жер тағдыры, ел тағдырымен байланыстырып қана қараған кезде ұлтымыз өседi, саналы ұрпақ жалғасады. Осындай жағдайларды қарастыра келе, бiз жастарымызды, әсiресе ауыл балаларын тегiн оқыту жөнiнде үкiметке ұсыныс жасадық, қандай шешiм қабылданарын кiм бiледi. Дегенмен елiмiз бай ғой, сол бағасыз байлықты осы жағына көбiрек жұмсаған дұрыс болар едi.
Ал қазақ қыздары – өте алғыр, қабiлеттi. Қоғам дұрыс қалыптасқан жерде олардың қарым-қабiлетiн мұндай оспадарлық, терiс қылықтардан гөрi пайдалы, саналы iстерге бұру қажет. Қазақ қыздары кез келген тығырықтан шыға да алады, кез келген дүниенi шыр үйiрiп әкете де алады. Тек дұрыс бағыт-бағдар қажет. Өзiңiз көрiп жүрсiз, бүгiнде билiк басында қаншама қазақ қыздары ер-азаматтармен бiрдей бiлек сыбана ел тағдырына араласып отыр. Өте көркем, сауатты, көзi ашық, көкiрегi ояу. Өзiмiздi қойып шетелдерде қызмет атқарып келген қыз-келiншектерiмiз қаншама?! Қай елде, қай жерде жүрсе де, қазақтың ұлттық тәрбиесiнiң ерекше екенiн, қазақ деген ұлттың өте қабiлеттi, ешкiмдi, ешкiмнiң тiлiн де жатсынбай алғыр екендiгiне таңданыс бiлдiрiп, қадiр тұтатынын талайлардан естiп те, көрiп те жүрмiз.
Соншалықты талантты бола тұра, қыздарымыздың терiс қылықтарына, терiс жолға да тез түсiп кететiн ерме, көрсеқызарлығына таң қалмасқа, iшiң ашымасқа болмайды. Қыз – табиғаттай сұлу, ақылды, үйдiң еркесi, сәуле шашып тұратын шамшырағы, сонымен бiрге ол болашақ келiн, ана! Қазiр бәйбiше деген сөздiң де қадiр-қасиетi қашты. Кез келген әйел бәйбiше бола алмайды!
Қыз Жiбек, Баянның сұлулығы, тәкаппарлығы, ал батыр қыздарымыздың сол сұлулықты, көркемдiктi, еркiндiктi ерлiкке ұластырғаны аз ба? Қазақтың бұлбұлы Күләштiң сiңлiсiмен бiрге оқыдым, құрбы болдым. Сондықтан да Күләш, Шараларды көрiп өстiм. Дәл солардай отбасына, қазақ өнерiне құрбан болған қазақ қыздарын көрмеппiн. Бүгiн таңғы асымды iшiп отырып радиодан бiр ән естiдiм: "Қимасыңды қайда қалдырдың…" дейдi. Бұл не сөз, жарығым-ау, ол не деген сөз?! Қыз бойжетсе, ертең орны бос қалады-ау деп, отбасының ең қимас жаны болған қазақ қызы емес пе едiк?! Менiң түсiнiгiм бойынша, қыз баланың бойтұмары да, қызғыштай қорғайтын қимасы да – оның абыройы емес пе едi?!
Жалпы, қай заманда да өзiнен гөрi ер-азаматын жоғары қойып, соның абырой-атағы үшiн өмiрiн құрбан етуге баратын қазақ әйелдерiнiң тағдыры алабөтен ғой. Ал қазiр қазақ қыздарын ойыншыққа айналдырып алдық. Қазақтың ақын-жазушылары жырлаған "қаламқас, қиғаш қас, қолаң шаштар" қайда?! Жасандылыққа көп бой алдырамыз. Шетелдiң неше түрлi бояусымақтары шамалы ғана уақыттан соң керiсiнше әсер етiп жатады. Сол бояуларға кеткен қаржыларды есептемегенде, небiр көркем қыздарымыздың табиғи сұлулығын, көркемдiгiн, тiптi сол қырғын бояу арқылы тәттiлiгiн де көз алдымызда жоғалтып жатқанымызды бiлемiз бе? Елiктегiшпiз. Қазiр қаламызда басын байлауышпен бүркеп алған бойжеткендер жетерлiк. Ал қазақ қай заманда қыз баланың басына орамал байлаған. Ол деген сөз келесi бiр ауылға, келесi бiр жұртқа келiн болып түскенiнiң белгiсi iспеттi емес пе?!
Менiң анам Қараөткелде iрi байдың қызы болған. Сонда атқа қонғанда ыңғайлы болуы үшiн кездеме етiк пен кебiс киiп, бешпентпен жүрген. Ауыз әдебиетiндегi аңыз-дастандарда айтылған қыз-келiншектердiң соңы да сол бiздiң шешелерiмiз болды. Қазiр ше? Осындай ұлттық дәстүрiмiздi жалғастыруымыз қажет. Жер тағдыры, ел тағдыры, тiл тағдырын қыз тағдырынан бөле-жаруға болмайды. Қыздың тәрбиелiлiгi тек қана келiн боп аттаған босағасын ғана емес, дүйiм жұрттың көсегесiн де көгертетiнiн түсiнетiн кез әлдеқайда жеттi. Ер-азаматынан жалақысы көп, қызметi жоғары менменшiл қыздарымыз арамызда жоқ емес. Қызметтiң буымен жiгiттердi менсiнбеудiң кесiрiнен не жар, не ана бола алмай жүргендерi қаншама? Әйел үйдiң киесi болса, еркек үйдiң иесi болған замандарда да қазақ әйелдерi ешкiмнен кем болмаған. Ал еркек жүрген жерде шайтан жоламайтынын дiни насихатта да, шариғат жолында да керемет айтылғанын бүгiнгi қыз-келiншектер ұғына қоймас. Осыдан қорқу керек. Босағадан аттаған екенсiң, сол отбасының ер-азаматынан бастап, ұрпағы түгiл, ауыл-аймағы үшiн де құрбандыққа бару керек. Алтын босаға дегенiмiздiң өзi осындай жанкештi тiрлiктен, ол тiрлiктi қайнатып отыратын әйел тәрбиесiне байланысты айтылған ғой. Аналық мейiрiм тек ұрпағыңа ғана емес, ең алдымен өзiңнiң азаматыңа қажеттiгiн сезiнген әйел-жар ғана отбасының, отағасының ғана емес, бүкiл рулы-елдiң анасына айналады. Сондықтан да гендерлiк саясатты мемлекеттiк билiкте болмаса, отбасы тәрбиесiне, әсiресе ерлi-зайыптыларға қатысын өз басым қабылдай алмаймын. Қазақ ұғымында еркек пен әйелдi қай кезде теңестiрген, қайдағы тепе-теңдiк. Бұл деген – еркегiңнiң жағасына жабысу деген сөз!
Әйелдiң мiндетi ұрпақ әкелу, заманға лайық тәрбиелеу. Өресi биiк, зиялы ғалымның тоқ етер сөзi де, әңгiмесiнiң нүктесi де осы болды.
Иә, академиктiң бүгiнгi қазақи тәрбие, ұлттық педагогиканы, әсiресе қыз балалардың тәрбиесiнен бөлiп қарай алмайтыны, отбасы тәрбиесiнiң ер-азаматтан, яғни әкенi қадiрлеуден бастау алатынын қадап айтқан пiкiрлерiне қосылмауға болмайды. Әңгiмешiл ғалымның әлi де айтары мол, география-экология ғылымдарымен айналыса жүрiп, халықтық тәрбиенi де есiнен шығармай, осынау жолда үздiксiз жасап келе жатқан еңбегiне табыс тiлеуден басқа не айтарсыз?!
Таңсұлу Алдабергенқызы