"КЕЛЕШЕКТЕ ЛАТЫН ӘЛIПБИIНЕ КӨШУДI ОЙЛАСТЫРҒАН ЖӨН"
"КЕЛЕШЕКТЕ ЛАТЫН ӘЛIПБИIНЕ КӨШУДI ОЙЛАСТЫРҒАН ЖӨН"
Өткен аптада Елбасы Нұрсұлан Назарбаев Оңтүстiк Қазақстан облысында ресми iс-сапармен болды. Қасиеттi жұма күнi мемлекет басшысы Түркiстан қаласына барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне тәу еттi. Бұдан кейiн өткен жылы Тәуелсiздiк күнiнде пайдалануға берiлген мәдени-тарихи орталықтың жұмысымен танысты. Облыс қазынасынан бөлiнген 645 миллион теңгеге салынған, қазақ халқының, оның iшiнде қазақ хандығының тарихынан сыр шертетiн мол мұра, әсем дизайндық үлгiмен безендiрiлген орталыққа Елбасы тәнтi болып, осындай игi iстi қолға алған азаматтарға ризашылығын бiлдiрдi.
Ер Түрiктiң бесiгi атанған мекенде Елбасы зиялы қауым өкiлдерiмен кездесу өткiзiп, "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы емiн-еркiн әңгiме жасады. "Қазқайтажаңғырту" РМК директоры Қанат Тұяқбаев Әзiрет Сұлтан қорық-мұражайын қайта жаңғырту жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, бұдан бөлек оңтүстiк өлкесiнде 89 тарихи-мәдени ескерткiш қайта жаңартудан өткен. Ал Халықаралық Түркi академиясының президентi Шәкiр Ыбыраев Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы аясында мамыр айында Астанада түркi халықтарының ғылыми-конференциясы өткiзiлетiнiн мәлiм еттi. Ол сондай-ақ туысқан халықтардың ғалымдарымен бiрлесiп жұмыс iстеу нәтижесiнде түркi мұрасына қатысты 40-тан астам монографиялық еңбек табылғанын, олардың ендi 4 тiлде жарық көретiнiн айтты.
Мәдениеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Базарбек Атығаев "Қазақтың 1000 күйi", "Қазақтың 1000 әнi" жобаларының жасалуы мен ұлт мәдениетiне қосқан үлесi жайында сөз қозғады.
– Жүздеген томдықтар жарық көрдi, мыңдаған ғылыми-зерттеу еңбектер жарияланды. Бағдарлама арқасында ұшан-теңiз мәдени мұрамыз жүйелендi, бiрiзге түсе бастады. Мен "Жәдiгер" дәстүрлi өнердi қолдау" қоғамдық қорында жұмыс iстеймiн. Бiз де бiраз шаруалар атқардық. Қазақ iшiнде сақталып қалған екi күйшiлiк мектеп – шертпе күй мен төкпе күй дәстүрлерiн насихаттайтын және құсбегiлiк өнер мен тарихи-танымдық тақырыптағы көркемсуреттi, деректi фильмдер түсiрдiк, – дедi ол.
"Қазақ энциклопедиясы" баспасының директоры Бауыржан Жақып 2003 жылдан бастау алған "Мәдени мұра" бағдарламасының арқасында 500-ге жуық аталыммен 1500 кiтап жарық көргенiн баяндады.
Абайтану институтының директоры, белгiлi ғалым Мекемтас Мырзахметов "Мәдени мұраның" арқасында жүргiзiлiп жатқан жұмыстарға жоғары баға берiп, Елбасыға осы бағдарлама аясында жарық көрген "Қазыналы Оңтүстiк" кiтабының 20 томын сыйға тартты. Ал белгiлi жазушы, "Алаш" сыйлығының иегерi Мархабат Байғұт тiл мәселесiне тоқталды. Ол елiмiздегi қазақтiлдi мектептердiң үлесi 80 пайызға жеткенiн атап өтiп, ендi мемлекеттiк қызметкерлерден ана тiлiн жетiк меңгерудi талап ету және көркем әдебиетiмiздi дәрiптеу мақсатында кiтаптарды жоғары деңгейде басып шығару туралы Президентке өзiнiң ұсыныстарын бiлдiрдi.
– "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында тарихымызды түгендеп, мәдениетiмiздi жөнге келтiрiп, келер ұрпаққа қалдыратын мол мұра жинақтадық. Осының барлығы ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына деген тарту болса керек. Аталған бағдарламаға мемлекет қоржынынан 12 миллиард теңге бөлiндi. Нәтижесiнде қыруар тiрлiк атқарылды. Төл тарихымыздың бар-жоғы түгенделiп, жыртығы жамалды. Ендiгi мәселе – қазақ тiлiн дамыту. Келешекте латын әлiпбиiне көшудi ойластырған жөн. Қорықпастан, асықпастан ойланып барып қадам жасағанымыз абзал болар. Iргемiздегi өзбек, түркiмен ағайындарымыз да латын әрпiне көштi. Бiз де ертерек қамданғанымыз абзал. Екiншi мәселе – дiн. Аллаға шүкiр дiнiмiз – Ислам. Пайғамбарымыз – Мұхаммед. Десек те бүгiнде ислам дiнiнiң де түрлi ағымдары өмiрге келiп жатыр. Солардан жастарымыздың сақтанғаны жөн. Үшiншi мәселе – өркениет. Өркениеттi ел болуымыз үшiн бiздiң жастарымыз патриоттық, яғни отансүйгiштiк сезiммен тәрбиеленуi тиiс. Ол үшiн ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы жоғары деңгейде насихатталып, жастарға қазақтың арғы-бергi тарихын терең оқыту қажет. Сонда ғана қазақ елiнiң келешегi кемел, болашағы баянды болады, – дедi Елбасы.
Оңтүстiк Қазақстан облысына жасаған сапары барысында Елбасы сондай-ақ түйетауық өсiрудi қолға алған Ордабасы ауданындағы "Ордабасы құс" ЖШС-нiң және араб шейхы Халифа Бин Зайда әл-Нахайана атындағы қордың қаржысымен салынған 120 орындық №4 перинаталдық орталықтың жұмысымен танысты.
Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ