ҰЛЫС МЕРЕКЕСIН ҰЛЫҚТАУ – ПАРЫЗ

ҰЛЫС МЕРЕКЕСIН ҰЛЫҚТАУ – ПАРЫЗ

ҰЛЫС МЕРЕКЕСIН ҰЛЫҚТАУ – ПАРЫЗ
ашық дереккөзі
321

Наурыз нақыштары "менмұндалап" тұр ма?

Наурыз – күн мен түннiң теңелiп, табиғаттың ерекше бiр түрге бөленiп, жаңаратын кезi. Наурыз – ел-жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен шығып, бiр-бiрiмен құшақ жайып, емен-жарқын табысатын айы. Наурыз – табиғат атаулының тiрiлiп, өмiрге жаңа құлшыныспен қадам басатын шағы.

Қазақтың төл Жаңа жылы – Наурыз мерекесi. Өкiнiшке қарай, санада қалған сарқыншақ шығар, Қазақ баласының жаңа жылды әлi күнге григориандық жыл санау бойынша тойлап жүргенi жасырын емес. Желтоқсанның соңғы күндерi дастарқанды толтыру, сыйлық сатып алу қамымен әрi-берi сапырылысқан жұрттан аяқ алып жүре алмайсыз. Ол ол ма, қала көшелерi мен ойын-сауық орындары бiр, бiр жарым ай бұрын жылтырақтарын iлiп, шыршасын жағып, қызу дайындыққа көшетiнiн көз көрiп жүр. Олар бұл әрекетiмен жұрттың санасын ерте бастан улай түсiп, жаңа жылды ұмыттырмауға дем беретiнi сөзсiз. Есесiне ұлық мейрам – Құрбан айт пен Тәуелсiздiк мерекесi үнемi шырша мен от-шашудың тасасында ғана қалып қойып жүр. Бұл туралы баспасөз бетiнде талай мәрте жазылып та, айтылып та жүр. Тәуелсiздiктiң ақ таңының атқанына 20 жыл толса да, кеңестiк кезеңнiң мерекелерiн тойлаудан жалықпайтынымыз жанға батады. Әзiрге дүйiм халық григориандық жаңа жылдың жат елдiң мейрамы екенiн iштей мойындаса да, оны санадан сызып тастау үшiн сiлкiнер емес. Бұл мәселе тiптi жоғары билiктiң тармағында жүргендердiң қаперiне де iлiнбейтiндей. Бiр әрiптесiм "Бiз Ұлыстың ұлы күнi Наурыз бен Тәуелсiздiк күнiн өз деңгейiнде қашан атап өтемiз? Қала мен қала көшелерiнiң ең ұлық мейрамдарды өзектен теуiп, жаттың жаңа жылына кiрiсiп кетуiне не себеп?" деген сауалды Алматы қаласы әкiмшiлiгiнiң лауазымды қызметкерiне қойғанда, "Сiздер ештеңе түсiнбейсiздер. Бiз әуелi экономикамызды көтерiп алуымыз керек. Әлгiндей жайттарға содан кейiн ғана келуге болады…" деп қолын бiр сiлтептi. Егер қазақ ұлтының ту бастағы асқақ арманы – Тәуелсiздiктi бағалауға келгенде шенеунiктер дәл осылай көткеншектеп, кейiнге қарай тартыншақтап жатса, басқаға не жорық?

Егер Өзбекстан, Тәжiкстан сияқты ұлттық құндылықтарды көздiң қарашығындай дәрiптей бiлсек, Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мейрамын расымен өз деңгейiнде атап өтетiн бе едiк, кiм бiлсiн?! Бәрi де өз қолымызда. Ниет болса, аттай 20 жылдың iшiнде Тәуелсiздiк күнiн де, Наурыз мерекесiн де ұлттық мейрам ретiнде жас ұрпақтың бойына, санасына әлдеқашан сiңiретiн едiк қой! Ғасырлар қойнауынан бастау алған ежелгi салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың сақталуы үшiн қарапайым халықтың ғана атсалысқаны жеткiлiксiз. Оған елдi басқарып отырған барша лауазымды тұлғалардың қолдауы мен табандылығы керек. Сонда ғана Жаңа жылды 1 қаңтарда емес, Ұлыстың ұлы күнiнде қарсы алатын күн де туады! Дегенмен осыдан үш-төрт жыл бұрынғы уақытпен салыстыра қарасақ, қаңтарда Жаңа жылды дүркiретiп атап өтiп жатқан отбасыны аз кездестiретiнiңiзге сенiмдiмiз. Әрине, солай болуы тиiс те.

Қазiр тәубе, Наурыз мейрамы – айтулы мерекенiң бiрi. Бұл күндерi қазақ халқы ресми түрде демалысқа шығып, үш күн бойы ағайын-туыстың үйiн аралап, бiр-бiрiмен жылы шыраймен көрiседi. Қазанда тәттi наурыз көже пiсiп, бала-шаға мәре-сәре болады. Жастар жағы әннен шашу шашып, думанды қыздыра түседi. Қыз қуу, көкпар, бәйге, ақсүйек, сақина салу секiлдi қазақтың ұлттық ойындары қайта жаңғырып, келешек ұрпақтың кемелдене түсуiне септiгiн тигiзедi.

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНIНДЕ НЕ СЫЙЛАЙСЫЗ?

Григориандық күнтiзбе бойынша келетiн Жаңа жылға лайықталған сыйлықтар да, әсем суретпен көркемделген құттықтау ашықхаттары (открыткалары) да көп. Тiптi безендiрiлуi жағынан көздiң жауын аларлық ашықхаттың түр-түрiн кез келген дүкеннiң сөресiнен кездестiре аласыз. Әрi қазақ және орыс тiлiндегi өлең шумақтарымен өрiлген құттықтаудың жаныңызға жақынын таңдауға мүмкiндiгiңiз бар. Ал дәл осындай әдемi ашықхаттардың Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мейрамына арналып шығарылғаны бар ма? Бар болса, қандай? Бiз төл Жаңа жылымыз – Наурыз мерекесi қарсаңында ұлттық нақышпен әрленген құттықтау ашықхаттарын iздеп, бiрнеше дүкенге бас сұқтық. Алайда сөреде самсап тұрған құттықтау ашықхатының iшiнен Наурыз мейрамына арналғаны көзге iлiкпедi. Барының өзiнде тек орыс тiлiнде "С праздником Весны!" деп жазылған. Дүкен сатушысынан "Наурыз мейрамының ашықхаттары неге жоқ?" деп сұрағанымызда, "Желтоқсан айының соңында Жаңа жылдың құттықтау ашықхатын көп саттық. Тiптi оқушылар, студенттер, қарапайым адамдардың өзi бес-алтаудан талап әкеттi. Ал Наурыз мейрамына лайықталған ашықхатқа сұраныс аз. Сондықтан да тапсырыс бере бермеймiз. Егер қажет деп тапсаңыз, бiз тауар жеткiзушiлерге тапсырыс жiберемiз" дедi қипақтап. Ендiгi бiр дүкен қожайыны "Бiзде бары осы. Сенесiз бе, осы дүкендi ашқалы берi сiз сияқты Наурыз мерекесiнiң ашықхатын iздеген адам көрмедiм. Ешкiм сұрамайды да" дегенде ұнжырғам түсiп кеттi. Түрлi ойға шомдым. Расында да, Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығында жаңа жылымыз – Наурыз мерекесiне орайластырылған құттықтау ашықхаттарына жарымағанымыз ба?! Әлде халық тарапынан ұлттық мейрамға деген бетбұрыстың болмай отырғаны ма? Сан алуан сауал сан-саққа жетелейдi. Бәлкiм баспалар ұлттық бояумен көмкерiлген ашықхаттар шығарып жатқанмен, оны сатып алушылар аз шығар. Бiз осы тұрғыда құттықтау ашықхаттарын шығаруда өзiндiк үлесi бар "Өнер" баспасының дүкенiне де ат iзiн салдық. Тек аталмыш баспадан ғана ұлттық бояумен нақышталған Наурыз мерекесiнiң құттықтау ашықхатының екi түрiн кезiктiрдiк. Оның өзi 1000 данамен ғана жарық көрiптi. "Өнер" баспасы директорының орынбасары Қарлығаш Оспанова: "Негiзi қазақтар ашықхатқа құмар емес. Санамыздың бәрi орысшаланып кеткен. Арнайы дүкендер тапсырыс берейiн десе, өтпейдi деп ойлайды. Кейбiр ұлтжанды азаматтар: "Ұлыстың ұлы күнiне арнап неге қазақша құттықтау ашықхаттарын шығармайсыздар?!" деп хабарласып жатады. Бiз бұл мәселенi баяғыдан бiлемiз. Мәселен орыстар мерейтойға арнап "Папе", "Маме", "Сестре" деп шығарады ғой. Осының бәрi намысымызға тиiп, ашықхаттың бәрiн қазақша шығаруға тырыстық. Ал наурызға байланысты әдемi ашықхаттың екi түрiнiң әрқайсысын 1000 данадан шығарып едiк, өтпей жатыр. Кейбiр қызметкерлер: "Мүмкiн Наурыз мерекесiне арналған құттықтау сөздiң астына орыс тiлiнде де жазармыз" дейдi. Неге бiз орыс тiлiнде жазуымыз керек? Бiз – қазақпыз ғой. Наурыз – қазақтың жаңа жылы" деп күйiп-пiсемiн. Ол ашықхаттар биыл сатылмаса, келесi жылы өтiп кетедi. Халық алады. Тұра берсiн деймiн. Жұрт бiрден-бiр құттықтау ашықхатын, шақыру билетiн шығаратын "Өнер" баспасының барын да бiлмейдi. Жарнамамыз жоқ. Жақында жоғары оқу орындарына хабарласып, "Наурыз мейрамына арналған құттықтау ашықхатын алсаңыздаршы" десем, проректорлардың өзi "Қазiр Наурыз мейрамымен кiм кiмдi құттықтайды?" деп отыр. Неге бiз ұлттық мейрамымызда әсем киiмiмiздi киiп, бауырсағымызды, наурызкөжемiздi пiсiрiп, бiр-бiрiмiздi құттықтамаймыз?!" – дейдi.

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНДА ЖЕҢIЛДIК ЖАСАЛА МА?

Кейбiр iрi сауда үйлерi мен дүкендерiнде барлық тауар түрi арнайы жеңiлдiкпен сатылымға шығады. Бұл жеңiлдiк әсiресе, желтоқсан айының басынан қаңтардың соңына дейiн, яғни жат жұрттың жаңа жылына арналып жасалады. Жұрттың тиiмдi бағамен киiм-кешек сатып алып, мәре-сәре болатын кезi де осы. Мұнымен қоса Алматы қаласындағы тұрмыстық тауарлар сататын iрi дүкен желiлерi де үйге қажеттi заттарды айтарлықтай арзан бағамен саудалайды немесе несиеге бередi. Олар тiптi осы аралықта адамдардың бiр-бiрiне сыйлық жасайтынын миға сiңiрiп алған сияқты. Ал дәл осындай жеңiлдiктiң түрi Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мейрамының алдында жасалып жатыр ма? Мұны да нысанамызға алып көрдiк. Бiлуiмiзше, Алматы қаласындағы iрi сауда орындары бәсекеге орай, жеңiлдiк акциясын жалғастырып келедi. Бiрi былтырғы жылдың желтоқсанынан берi үзбей келсе, келесiсi қаңтардан бастаған. Бәлкiм бұл тауардың дүкенде ұзақ уақыт тұрып қалуына да байланысты туындаған шешiм шығар, кiм бiлсiн?! Бiр белгiлiсi, "Sulpak", "Metro", "Планета электроники" атымен әйгiлi сауда желiлерi тұрмысқа керектi заттарға 21-23 наурыз аралығында жеңiлдiк акциясын ұйымдастырыпты. Арнайы Ұлыстың ұлы күнi үшiн! Бұл да болса төл жаңа жылымызды елеп-ескерудiң үлгiсi болар деп қуанып қалдық.

P.S. Қалай десек те, Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мейрамын насихаттауға келгенде кемшiн тұстарымыз жетерлiк. Әлi күнге жат жұрттың мерекелерiн атап өтуге келгенде iшкен асымызды жерге қоюға даярмыз. Бодандық бұғауынан сытылып шыққанымызға 20 жыл толса да, төл жаңа жылымыз – Наурыз мерекесiн Қазақ елi болып дүркiретiп тойлай алмай келемiз. Ол үшiн ұлттық намыс, мықты жiгер, батыл қадам керек сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары