ЖЕТIК БАҒДАРЛАМА – ЖЕТIЛГЕН ЭКОНОМИКАНЫҢ КIЛТI
ЖЕТIК БАҒДАРЛАМА – ЖЕТIЛГЕН ЭКОНОМИКАНЫҢ КIЛТI
Бүгiнде егемендi елiмiздiң мәртебесiн көтерiп, мерейiн асырған жетiстiктер мен ортақ табыс толағай. Қазақстанның тәуелсiздiк алған жылдардан берi қарай мемлекет мүддесi мен ел игiлiгi үшiн жасаған ауқымды iс-шаралары дүниежүзiнде үлгiге алынып отырғанын айтуымыз керек. Болашақтың еншiсiнде де бағыт-бағдары айқын қыруар iстер бар, бiрақ елiмiз жүрiп өткен сүрлеуге үңiлмей өту жаңсақтық болар. Әлемдiк қаржы дағдарысының дүниежүзi мемлекеттерiн шарпыған жалыны Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Сондықтан дағдарыстан кейiнгi экономиканың бас көтерiп, нық қадаммен алға басуы – негiзгi мiндет. Және мемлекетiмiздiң әлеуетiн арттырып, дамыған елдермен иық теңестiруге мүмкiндiк беретiн жағдаят.
Үкiметтiң Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын қадағалау агенттiгiмен жыл басында маңызды мiндеттердi белгiлеп алуы экономикалық тұрғыдан өте тиiмдi болғанын бiлiктi экономикалық сарапшылар мен зерттеушiлер баса айтуда. Өзара үйлесiмдi жұмыс iстеудiң нәтижесiнде Қазақстан дағдарыс салдарын еңсерiп, бүгiнде дағдарыстан кейiнгi даму жолын түбегейлi айқындады.
2011 жылы Үкiмет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын қадағалау агенттiгiнiң жүргiзетiн экономикалық саясаты ең алдымен Қазақстан экономикасының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға бағытталмақшы.
Сондай-ақ Үдемелi индустриалық-инновациялық даму жөнiндегi мемлекеттiк бағдарлама шеңберiнде экономиканы әртараптандыруға бағытталған бағдарламалар басты назарға алынады. 2011 жылы Индустрияландыру бағдарламасын iске асыру шеңберiнде экономиканың қайта өңдеу секторларына және елдiң инфрақұрылымын дамытуға iшкi және сыртқы инвестициялық ресурстарын пайдалану мүмкiндiгiнше қолға алынып, Индустрияландыру картасы шеңберiнде жаңа индустриялық және инновациялық жобалар қосымша iске қосылады. Сонымен қатар экономикалық саясаттың басты талабы жұмыспен қамтудың тұрақтылығын және халық табысының өсуiн қамтамасыз етуге бағытталады. Мiне, жыл басында алға қойылған осынау мiндеттер бiртiндеп жүзеге асуда.
Дағдарыстан кейiнгi кәсiпорындарды сауықтыру және қалпына келтiру
Әлемдiк экономикадағы қаржылық дағдарыс салдары бәсекеге қабiлеттi кәсiпорындардың елеулi бөлiгiнiң болашағына балта шапты десек қателеспеймiз. Бүкiләлемдiк дағдарыстан кейiн кәсiпорындар облигациялық қарыздары мен несиенi өтеу және беру бойынша бiршама iркiлiске ұшырады. Ол өз кезегiнде кредиторлар қызметi мен салықтық мiндеттердi өтеуде айтарлықтай кесiрiн тигiзiп отыр. Негiзiнен банк активтерiнiң төмендеуi нақты өнiм көлемiнiң артып, шығынның көбеюiне әкеледi, сондай-ақ капиталға қысым артып, нәтижесiнде экономиканың нақты салаларын қаржыландыру iркiлетiнi мәлiм. Мұның өзi экономикалық өсiмнiң төмендеуiне әкеп соқтырады. Әлемдiк тәжiрибеге жат емес бұл құбылыстар әр мемлекетте қылаң берiп келедi. Жергiлiктi билiк экономикалық өсiмдi бәсеңдетiп алмас үшiн түрлi шараларға барып, түрлi елдерде мемлекеттiк бағдарламалар жеделдете қабылдануда.
Осындай тоқыраулардың алдын алу мақсатында "Нұр Отан" ХДП-ның ХIII съезiнде қаржы саласындағы негiзгi проблемалар кеңiнен талқыланды. Съезде қаржы саласында топтасқан түйткiлдердi жедел, әрi оң шешу ҚР Үкiметi мен Ұлттық банкке және Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды бақылау және реттеу агенттiгiне тапсырылды. Бiрақ бұл жолғы бағдарлама бүтiндей бiр онжылдықты қамтымайды, керiсiнше 5 жылдың iшiнде нәтижесiн көрсететiн болады. ҚР Үкiметi мәжiлiсiнде Қаржы министрi Болат Жәмiшев: "2011 жылдан 2016 жылға дейiнгi республикалық бюджет бағдарламаның (кәсiпорындарды дағдарыстан кейiнгi қалпына келтiру) қаржыландыру көзi болады. Бiз 2011 жылға 8,8 млрд. теңге қажет деп жоспарлап отырмыз", – деп хабарлады.
Экономиканы ауқымды жаңғырту мен қоғамды жаңартуға қатысу елiмiз үшiн үлкен саяси сынақ болғалы тұр. Бұл мiндеттi шешуге екi қырынан келу қажет. Бiрiншiден, бәсекеге қабiлеттi кәсiпорындарға сауығуға қол ұшын беру керек. Жаңа бағдарламада қарызы 4,5 миллиард теңгеден асатын кәсiпорындарға мемлекеттiк қолдау қарастырылуы көзделген. Бүгiнде қарызы осы сомадан төмен кәсiпорындар үшiн "Бизнестiң жол картасы-2020" бағдарламасында кәсiпорындарды сауықтырудың басқа да тетiктерi қарастырылып отыр. Десе де, бағдарламаға елдегi кәсiпорындар жаппай қатысады деу қате, тек 30-50-ге жуық нысан сауықтыруға тапсырыс бере алады. Ал бағдарламаның нәтижесi 2016 жылы бақыланады. Бағдарламаға қатысушы кәсiпорындардың қолданыстағы жұмыс орындарының кемiнде 70 пайызын сақтау басты назарға алынуда.
Ал екiншi саты – қаржылық жүйенi сауықтыру. Дағдарыс тұсында банктердiң кредиттiк портфелiнiң нашарлағаны белгiлi. Сондықтан да Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын орындауға ықпал етуге және IЖӨ өсiмi кем дегенде 30 пайызды құрауға тиiс.
Сонымен қаржылық жүйенi қайта қалпына келтiру үшiн қолға алынған жұмыстардың бiрi – несиелiк портфелдi пайдалану. Қаржы жүйесiн сауықтыру үшiн кредиттiк портфель сапасын сауықтыруға, Қазақстан экономикасына кредит берудiң тұрақты өсуiн қамтамасыз ететiн ең үздiк халықаралық тәжiрибеге сәйкес меншiктi капиталдың жеткiлiктi болуы жөнiндегi талаптарды жақсартуға бағытталған шаралар кешенi қабылданатын болады. Яғни кәсiпорындардың капиталының жеткiлiктi болуы үшiн әлемдiк тәжiрибе қолданылып отыр, ол өз кезегiнде Қазақстан экономикасын несие арқылы қаржыландырудың өсуiне жетелейдi. Мемлекет тарапынан қолға алынған қайта қалпына келтiру және сауықтыру бағдарламасы – уақытша iске асырылатын шара. Мәселен кәсiпорындар өсу стратегиясына жеткенге дейiн Үкiметтен көмек алу құқығына ие. Сондықтан да аталмыш бағдарламаға қатысу шектелiп, 2011 жылы тапсырыстар қабылдануы тиiс. Бұл бағдарламаға қатысып, төлем қабiлетiн қалпына келтiрген кәсiпорындар "Өнiмдiлiк – 2020" бағдарламасына және 2010-2014 жылдарға белгiленген Үдемелi индустриалық-инновациялық бағдарламаға қатыса алады.
Өнiмдiлiгi ақсап тұрған кәсiпорындар үшiн бұл бағдарлама таптырмас мүмкiндiк. Сол себептi де iрi және орта кәсiпкерлiктiң субъектiлерi бағдарламаға өз еркiмен қатыса алады. Десе де мемлекеттiк жәрдемге тек белгiленген мерзiмде бiр нәтижеге қол жеткiзетiн кәсiпорындар ғана ие болады. Бiр айта кететiн жайт, ҚР 2006 жылы қабылданған "Жеке кәсiпкерлiк туралы" Заңына сәйкес бағдарламаға кен өндiрiсi мен алкоголь және темекi өндiретiн кәсiпорындар ұсыныс бере алмайды.
Қаржылық ұйымдармен қаржыландыру туралы келiсiм 4 миллиард 500 миллион теңге шамасында қабылдануы тиiс.
Экономикалық жағдайдың сараптамасы
Дағдарыс жағдайында елдегi өндiрiс орындары қаржылай көмекке мұқтаж болды. Осы тұста мемлекет қол ұшын созды. Атап айтсақ, екiншi деңгейлi банктерге, шағын және орта кәсiпкерлiкке, сондай-ақ құрылыс саласындағы компанияларға қаржылай көмек бердi. Себебi дәп осы салалар халықтың әлеуметтiк әл-ауқаты мен мүддесi үшiн қызмет етедi. Дағдарысқа дейiнгi жағдайды қайта қалыптастыру үшiн республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлiнiп отырғаны айқын.
Бүгiнде жаңа жұмыс орнын ашу және қазiргi жұмыс күшiн сақтап қалу, шикiзаттық емес саладағы аймақтық кәсiпкерлiктi қолдау мақсатында "Бизнестiң жол картасы – 2020" бағдарламасы жұмыс iстеп келедi. Оған сәйкес банктiң сыйақысын тағайындау арқылы шағын және орта кәсiпкерлiкке субсидия беру мына бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
жаңа бизнес-бастамаларды қолдау;
кәсiпкерлiк секторды сауықтыру;
экспортқа бағдарланған өндiрiстердi қолдау бағыттары бойынша банктiң сыйақы ставкасын субсидиялау арқылы шағын және орта бизнес субъектiлерiне қолдау көрсетiледi.
Қалыптасқан ахуал банктерге бұрын мемлекет көрсеткен қолдауға қарамастан олардың несие қоржынына, сондай-ақ облигациялық қарыздарға қызмет көрсетуге және салық мiндеттемелерiн орындауға терiс әсер етуi мүмкiн. Бұл кәсiпорындардың көпшiлiгiнiң Қазақстан экономикасы үшiн маңызды мәнi бар екенiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасын Үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаны iске асыруға қатысатынын атап өткен жөн.
Дүниежүзiлiк тәжiрибеге сүйенсек, қаржы-экономикалық дағдарыс салдарын жоюда мемлекеттiң қомақты қаржы бөлiп, қолдау көрсетуi жиi кездеседi. Мәселен 2001 жылы Түркияда орын алған экономикалық дағдарыс 1990 жылдардағы жағдайдан өте ауыр болды. Түркия экономикасын сұлатып түсiрдi десе де болады. Нәтижесiнде мемлекет 21 жеке меншiк банкке интервенция жасап, 4 iрi мемлекеттiк банктi қайта құрылымдады. Бұл iстердi атқару үшiн қыруар қаржы жұмсалды. Түркия үкiметi реформа қабылдар тұста түрiк лирасы девальвацияға ұшырап, шетелдiк валютамен қарызы бар корпорациялар күрделi жағдайға тап болды.
Мәселенiң оңтайлы шешiмiн табуда түрiк мемлекетi ерiктi қайта құрылымдауға жол бердi. 2001 жылы қайта құрылымдаудың ерiктi бағдарламасы қабылданып, бұл – Стамбұл әдiсi деп аталды. Ол өз кезегiнде Лондон әдiсiне сүйендi. Осы тәсiл Шығыс Азиядағы дағдарыс салдарын жоюға бағытталғанмен қазына мен қаржы министрлiгiнiң көмегiн қажетсiнгенiн айта кетуiмiз керек.
Жоғарыда айтылғандардың негiзiнде үздiк әлемдiк тәжiрибенi ескере отырып, Қазақстанның орта және iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын кәсiпорындардың төлем қабiлеттiлiгiн және жұмыс орындарын сақтау мақсатында оларға қолдау көрсеткен жөн.
Бағдарлама мақсаты
Бағдарламаның негiзгi мақсаты – бәсекеге қабiлеттi кәсiпорындардың төлем қабiлетiн сауықтыру және неғұрлым көп жұмыс орнын сақтап қалу. Бағдарламаны жүзеге асыруда кәсiпкерлiк саланы сауықтыруға қолдау көрсету негiзгi үш тараптан жасалады:
1. кредиторлар жәрдемi
2. кәсiпорын иелерi тарапынан қолдау
3. мемлекеттiк қолдау.
Мемлекеттiң қатысуындағы заңды тұлғалар, ұлттық басқару холдингтерi, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және олар бақылайтын заңды тұлғалар, сол сияқты шетелдердiң қатысуындағы заңды тұлғалар бағдарламаға қатысушы бола алмайды. Аталған критерийлер бойынша iрiктеуден өткен кәсiпорындар кәсiпорынның сауықтыру жоспарын әзiрлеу үшiн кредиторлар комитетi таңдаған консультанттарды жалдайды. Үкiмет тарапынан консультанттар қызметi құнының 50 пайыз мөлшерiн қоса қаржыландыру жүзеге асырылады. Бiрақ ол бiр қатысушыға 35 миллион теңгеден аспауы тиiс.
Бизнес ахуалды жақсарту
Экономиканың шикiзаттық емес секторына (өнеркәсiп, ауылшаруашылық өнiмдерiн өңдеу, қызметтер) отандық және шетелдiк инвестициялар кемiнде 30 пайызға артады.
IЖӨ-ге тiкелей шетелдiк инвестициялардың үлесi он пайыздық пунктке ұлғаяды.
IЖӨ-дегi шағын және орта бизнестiң үлесi 7-10 пайызға артады.
Бағдарламаны жүзеге асыру сатылары
Дағдарыстан кейiнгi кәсiпорынды сауықтыру және қайта қалпына келтiру үш саты бойынша жүзеге асады:
Бiрiншi және екiншi саты – 2011 жылға жүктелiп отыр.
Бiрiншi сатыда алдын ала iрiктеу жүргiзiледi.
Екiншi сатыда сауықтыру жоспары қаралады және бағдарламаға қатысушылар iрiктеледi.
Үшiншi саты 2011 және 2016 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Үшiншi сатыда бағдарлама iске қосылып, өз жұмысына кiрiседi.
Республикалық бюджет 2016 жылға дейiн қаржыландыру көзiне айналады. Бiрақ бағдарламаға қатысушылардың барлығы кiрiстiрiлуi тиiс және сауықтыру жоспары кем дегенде 5 жылда аяқталуы шарт. Барлық шығын 145,404 миллиард теңгенi құрауы мүмкiн. Бағдарламаға қатысушы бәсекеге қабiлеттi кәсiпорындардың төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiру – негiзгi мiндет. Индикаторлардың 2016 жылға дейiнгi сандық көрсеткiштерi кейiннен Бағдарламаға толықтырулар енгiзе отырып, Бағдарламаның екiншi кезеңiн iске асыру нәтижелерi бойынша анықталатын болады.
Қазақстанның жалпы жағдайы
Кез келген мемлекеттiң арқауы, тынысы – оның жетiлген экономикасы. Онсыз қоғамның жай-күйi жараспасы анық. Елiмiздiң осы жолда жиырма жыл бойы жинақталған күш-жiгерi мен тәжiрибесi ортаға салынды. Мемлекет мүддесi үшiн атқарылған еңбектiң нәтижесiнде жалпы iшкi өнiм өсiмi 2010 жылы – 7 пайыз, өнеркәсiп өндiрiсi – 10 пайыз, ал өңдеу өнеркәсiбi – 19 пайыз мөлшердi құрады. Осы тұрғыда мемлекет арқауына айналған экономиканың негiзгi тiрегi – елдiң өнеркәсiбi екенiн атап кеткен жөн. Ұлттық әл-ауқат деңгейi жөнiнен әлем мемлекеттерiнiң рейтингiсiнде Қазақстан өткен жылы 26 сатыға iлгерiлеп, 110 ел арасынан 56-орынға табан тiредi.
Өнеркәсiп өнiмдiлiгiн арттыру арқылы iшкi нарықпен қатар экспорттық әлеуеттi де көтеру алға қойған мiндеттердiң маңызды саласы. Елiмiзде 152 кәсiпорынды iске қосу арқылы өткен жылы 24 мың тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы алғанда 800-ге жуық өнеркәсiп өз жұмысын бастап кеттi. Соның iшiнде химиялық және жеңiл өнеркәсiптi қайта қалпына келтiрiп, одан әрi дөңгелетiп әкету мәселелерi қолға алынып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу саласында елiмiз үлкен серпiлiс жасады. Десе де экономикасы шарықтай дамып келе жатқан мемлекет үшiн осы көрсеткiшпен саябырсу, әрине өкiнiштi жайт болар едi. Сол себептi 2014 жылға дейiн ел экономикасында түбегейлi бетбұрыс жасап, алға қадам басу бүгiннен бастап басты назарға алынып отыр. Мәселен алға қойған негiзгi жоспардың бiрi – құны 8,1 триллион теңгенi құрайтын 294 инвестициялық жобаны жүзеге асыру. Бүгiнде жұмысқа кiрiсiп кеткен экономикалық өсiмдi құрайтын салалардағы құрылымдық бетбұрыс – алғашқы индустриялық бесжылдықтың жемiсi. Болашақта экономиканың шикiзаттан тыс саласына құйылатын отандық және шетелдiк инвестиция 30 пайызға өседi деп жоспарлануда. Қолға алынған осынау маңызды бағдарлама елiмiздегi iрi және орта кәсiпорындардың өнiмдiлiгiн арттырып, Қазақстан экономикасын дамытуда өз үлесiн қосады. Аталмыш бағдарламалар – әлемдiк дағдарыс қыспағын еңсерiп, елiмiздiң экономикасы берiк, өркендi мемлекетке айналуы үшiн қолданылған игi шара. Тәуелсiздiк жемiсi мен бүгiнгi қол жеткiзген табысты баянды ету – басты мақсат.
Ақниет ОСПАНБАЙ