БАҚПАСАҢ, БАЛА КЕТЕР
БАҚПАСАҢ, БАЛА КЕТЕР
"Тәртiптiң ең тамаша мектебi – отбасы". Бұл сөзге ешкiмнiң дауы жоқ. Балаға тәрбиенiң 90 пайызы бес жасына дейiн берiледi екен. Алайда бүгiнгi күннiң "заманауи" ата-аналарының басым көпшiлiгi тәрбие мектебiнiң ұстазы болуға уақыт таба алмай жүр. Ата-аналар баласын материалдық жағынан қамтамасыз етемiн деп жүрiп, сәбиге өмiрлiк азық болатын тәлiм-тәрбие беруге мүкiндiктерi аз. Осылайша қоғамда бала күтушiлерге деген сұраныстың артуы өмiр шындығына айналды.
"Бала бағу" бизнесiнiң дамуына негiзгi себеп – балабақшалардың әлi де болса аздығы және қымбаттығы. Балабақшаның iшектей созылған кезегiн күтуге ата-аналардың шыдамы жете бермейдi. Сабырын сары майдай сақтап жүргенде баласының мектепке баратын уақыты да таяп қалуы әбден мүмкiн. Осыдан келiп балабақшаның таусылмайтын жырын естiмеудiң жалғыз емiн жасайды. Қалтасы қалың болмаса да бала күтушi жалдап, оған бала тәрбиелеу құқығын бередi.
"Заманына қарай – заңы, орманына қарай – аңы". Соңғы жылдары бала тәрбиелеу мамандығы сұранысқа ие болып отырғандықтан, оны игергiсi келетiндер саны да күрт өстi. Алайда бала күтушiлерге бала тәрбиесiн сенiп тапсыра аламыз ба? Ұлтымыздың ертеңгi тiзгiнiн ұстаушылар қандай тәрбие алуда? Жалдамалы бала күтушiлердiң денi – өрiмдей жас қыздар. Басым көпшiлiгiнiң бұл салада тәжiрибесi жоқ. Балаға "өз тiлiңмен сөйлеме, өз тiлiмен сөйленi" ескерiп жатқандары аз. Жас сәбидiң 5 жасқа дейiн өмiрлiк мiнезi қалыптасатынын, сондықтан да оған дұрыс тәлiм беру керектiгi көптеген бала бағушылардың негiзгi ұстанымы емес. Мәселен 5 жасқа дейiн берiлетiн тәрбиенiң қайнар көзiн бала қайдан iздейдi? Бiлсем, көрсем деген бала қызығушылығына олар жауап бере ала ма? Бала қызығушылығын қоя тұрып, кейбiр бала күтушiлердiң бұл кәсiпке тек оңай табыс табу көзi ретiнде қарайтыны жанды ауыртады.
Сәбилер ересек адамдарға қарағанда үлкен күтiмдi қажет етедi. Ана болу – жауапкершiлiгi "бiр атанға жүк болатындай" салмағы бар қасиеттi "мамандық". Бұл "мамандықты" игеру үшiн өмiрлiк тәжiрибе де жеткiлiксiз. Ал орта жолдан балаға өз анасындай қамқорлық танытатын бала бағушылар көп дегенге сене қою қиын. Жалдамалы бала күтушi мен ананың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Олардың балаға беретiн тәрбиесiн де салыстыра алмаймыз.
Ата-ана бала үшiн тәрбие баспалдағын құрушы, сол баспалдақпен жетелеушi болу керек екенiн жақсы бiлгенiмiзбен, бүгiнгi заман талабына бағынбасқа шара жоқ. Балабақша тапшылығы төңiрегiндегi әңгiмелерге нүкте қоюға тым ерте сияқты. Елiмiзде 100 орынға лайықталған балабақшада 140-150 бала тәрбиеленiп жатқан жағдайлар да кездесiп жатқан жайы бар. Айта берсең бiтпейтiн мәселенiң түйiнi бала бағушыларды жалдау арқылы шешiлiп жатыр. Бiрақ балабақшаға барып жүрген бала мен бала күтушi тәрбиелеп жатқан бала мiнезiнде бiршама айырмашылық байқалады. Әрине, көп бала арасында өсiп жатқан сәби өзiмшiлдiктiң, бұйығы тұйықтықтың не екенiн бiлмей өссе, өз үйiндегi кiшiгiрiм "балабақшада" тәрбие алатын сәбилер мiнезiне бiртоғалық, тұйықтық, өзiмшiлдiк жақын болады екен. Баланың кiшкентай кезiнен бастап, айналасындағылармен араласып, құрдастарымен бiрге ойнауға, онымен санасуға үйренуi жас психологияның дұрыс қалыптасуында ең маңызды рөлге ие болады. Не десек те, баланың балабақша мен ата-ана тәрбиесiн қатар көрiп өскенiнен артық байлық жоқ.
Балабақшаға 1 баланың орнына 3-4 бала үмiткер болып кезекке тұрады. Демек, жақын арада бала бағушылардың қызметiне жүгiнушiлер саны азаймайды. Осы тұста бала күтушiлерге деген қажеттiлiктiң тууына байланысты оларды дайындайтын арнайы орталықтар ашу мәселесi өзектiлiкке ие болып тұр. Баланы тамақтандырудың, оған жасалатын күтiмнiң жолдарын бiлетiн, бала тәрбиесiнен хабардар мамандар даярлауды бүгiнгi күннiң басты талабы десек те болады. Сәбилер алдындағы жауапкершiлiгiмiз зор. А.Макаренконың сөзiмен тұздықтайтын болсақ, "Бала сiздiң ғана қуанышыңыз емес екендiгiн, сол үшiн елiмiздiң алдында жауап беретiнiңiздi әрдайым естен шығармауыңыз керек".
Барлық бала күтушiлер қызметiне күдiкпен қарау әбестiк болар… Бiрақ… Бала бағушылардың ата-аналар орнын толтыра алмайтыны ұрпақ тәрбиесiн ақсатпай ма?
Гүлназ САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ