ЖАМБЫЛ – ШОПАН ЕМЕС, НАҒЫЗ АҚЫН

ЖАМБЫЛ – ШОПАН ЕМЕС, НАҒЫЗ АҚЫН

ЖАМБЫЛ – ШОПАН ЕМЕС, НАҒЫЗ АҚЫН
ашық дереккөзі
422

Д. Быковтың бұра тартуының сыры неде?

Ресей өзiнiң өктемдiгiн, адамзатқа ортақ құндылықтарға мойынсұнбайтын тоңмойындығын жиi танытқан сайын, ондағы адамдардың бойындағы надандық, өзгелердi өздерiнен төмен санайтын әсiрешовинистiк андағайлап өрши түседi. Әсiресе мәдениеттi, бiлiмдi саналатын зиялы қауым өкiлдерi мұндайда отқа май құя түсудi құп көрiп, жанталаса әрекет жасайтыны өкiнiштi-ақ. Бiр таңғаларлығы, мемлекеттiк кертартпа осынау саясаттың алғашқы көрiнiсi қылаң ете салысымен Ресей БАҚ-тары да қамшы салдырмастан жортақтай жөнелетiнi жасырын емес.

Тәуелсiз мемлекеттер достастығының ортақ телеарнасы болып саналатын "Мир" телеарнасының өзi де осындайда су төгiлмес жорғадай. Ресейдегi 2012 жылғы президент сайлауы жақындаған сайын орыс адамының ерекше жаратылыс екендiгi, Ресейдiң әлемдiк держава болып қала беретiндiгi, қаласа бергендi қолдан, бермегендi жолдан алатын қауқарлы екендiгi жөнiнде сөздер мен ұрдажық пiкiрлер ұлғайып келедi. Бәлкiм, бұл В.В.Путин билiкке қайтып келсе, алдын алайық деген бақай есептен туындап жатқан жөнсiздiк шығар. Сонымен әлгi "Мирдiң" өзi де бүкiл достастық мемлекеттерi арасынан үш елдi бөлiп алғаны аңғарылады: Грузия, Қырғызстан және Қазақстан. "Новости Содружества" деген ақпараттық хабарларында осы үш мемлекеттi аямай сынап жатқаны. Аталмыш телеарнаға қарап отырсаң осы үш елден басқаның бәрiнде ғажайып өмiр қалыптасып, ас атаулы астатөк сияқты. Ал мынау үшеуi көзге шыққан сүйелдей құдды бiр. Әрине, Қазақстанның Кедендiк Одаққа кiруi Ресейдегi өресi тар, кеудемсоқ шовинистерге артық көзiр берген сынды. Олар: "Әнi, бәрiбiр бiзсiз, орыстарсыз өмiр сүре алмайтындарыңды өздерiң-ақ мойындап, монтаңдап өз ерiктерiңмен келдiңдер", – дейтiн сыңайлы. Мұндай мысалдар соңғы кездерi жиiлеп барады.

28 ақпан күнi бүкiл әлем қазақ халқының ұлы ақыны, ХХ ғасырдың Гомерi атанған Жамбыл Жабаевтың 165 жылдығын атап өттi. Мәдениетке, өнерге қатысы барлар ақын жырларының мәңгi өлмейтiндiгiне куә болып, аруағына бас идi.

Ал дәп осы күнi "Известия" газетiнде Дмитрий Быковтың "Даешь Гомера" атты шағын мақаласы жарық көрген. Өзiн жазушылар қатарына қосатын әлгi Быков ұлы ақын шығармашылығын кекетiп-мұқатып, Жамбыл мұраларына жөнсiз тiл тигiзедi. Тiптi ақынның әйгiлi "Бесiк жырын" мазақ етуге дейiн баруы арқылы жалпы қазақтың ұлттық намысына тиiп отыр. Ол Жамбылды жетпiстен асқан қойшы едi деп тiл безеп баққан. Әсiлi, бұл – жазушы Дмитрий Быковтың әбден шектен шыққандығы, нағыз көргенсiздiгi деуге болады. Өйткенi қойшы болу немесе көлiк айдаушы болу күнделiктi кәсiп қана, ал нағыз Ақын болу – Жаратушының iсi.

Осы ретте орыстың классик жазушысы Всеволод Ивановтың Жамбылдың шабыты келген сәтi туралы естелiгi ерiксiз ойға оралады. "Он сидел под юной яблонькой, над обрывом, будто нехотя перебирал струны старенькой самодельной домбры. Из-за гор показалось солнце, яркие лучи хлынули на землю. Джамбул притих, вероятно, наслаждаясь в потоке света и тепла. И вдруг запел, импровизация рождалась непринужденно. Акын уже не горбился старчески, гордо озирал окружавший его мир. И пел… Я никогда прежде не видел, каков художник в минуты творческого вдохновения. Со стороны не видел… Это великолепно!" – деп таңданған, тамсанған едi Всеволод Вячеславович. Нағыз талантты адамдар ғана теңдессiз табиғи дарынды, жүрегi жырға толы нағыз Ақынды осылай танитын болса керек.

Ал Дмитрий Быков ше?! Қайтерсiң, дүмше жазушыдан дүмбiлез сөз туады да.

Ж. БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары