"КӨТЕРIЛIП-БАСЫЛҒҢАН ЖАНАРТАУ..."
"КӨТЕРIЛIП-БАСЫЛҒҢАН ЖАНАРТАУ..."
"Ермекұлы Әлiмханның хаты
Бiздiң уақытымыз тарихи ұлы өткел дәуiрi. Бұл өткелдiң бiр жағы – адам баласын соншалық көп азап, қорлық, әдепсiздiк қинауына салған капиталдық құрылыстың дүниесi. Ол құлап шiрiп, тозып келе жатқан дүние. Өткелдiң екiншi жағы – социализм мен ортақшылдықтың iргесiне құрылған жаңа, жарық өмiр. Сол өмiрдiң жарқын дүниесi. Бұның адам баласына әкеле жатқан игiлiгi – шын теңдiк, ұлы мақсат: тап, ұлт, езушi-езiлушi дегендердi жоқ қылып, бар адам баласын теңдiк пен бiлiм, мәдениет табысының барлық жемiстерiнен толық пайдаланатын(дығы).
Осындай болумен қатар қазiргi дәуiр – тап тартысының ерекше күшейген дәуiрi болып отыр. Бұрын қарсылық жүргiзген, бүгiнде өлерiне, өшерiне жеткен тап қазiр бар күшiн, бар айласын жұмсап, не қылса да өзiнiң бұрынғы үстемдiк халiн сақтап қалуға тырысады.
Сол себептi, осындай тәрiздi ұлы өткел дәуiрiнде тап тартысының жалыны өрлеп тұрған кезде – әрбiр қоғам қызметшiлерiнiң саяси қателерi өте жауапты, өте ауыр қателер болып шығуға керек.
Ол қателердiң залалын, салмағын өте ауырлататын, сол тап тартысының қызып тұрғандығы. Және мұндай уақытта ол қатенi сенiң өзiңнiң ойыңда болмаған бағыт пен жолға пайдаланып, керегiне жаратып кететiнi де бар. Олар, төңкерiсшiл пролетариаттың асқындап өрлеп келе жатқан күштерiне жаулық ниет ойлап, алысып келе жатқан заттар болады.
Мiне, осы себептi, әрбiр адалмын деген қоғам қызметшiлерi, қоғам тартысының әр дәуiрiнде, өзiнiң қызметi қандайлық болғанын толық тексерiп, сынап отыру қажет. Егер ол еңбекшi табымен төңкерiстiң жауы боламын десе, өзi басып өткен жолдың мазмұны мен тәжiрибесiн тесiле қарап, қатты сынауға тиiс.
Мен Қазақстандағы өзiм iстеген саяси iстiң тұсында бiрқатар iрi қателiктер iстеген едiм. Қазiр де өзiмнiң сол бұрынғы қызметiмдi шынымен нық тексерiп келiп айтпақ болған сөзiм бар. Бұл сөздi айтуға хақым ғана бар демеймiн. Айтуға өзiмдi мiндеттiмiн деп санаймын.
Менiң саяси бағытым, бұрын патша заманында езiлген елдiң баласы болған соң, әрқашан өзге мәселенiң бәрiнен бұрын ұлт жайын ерекше қып жоғары ұстап, соны қалыптап асыра, көтере бағалау да болған. Оны туғызған патшаның отаршылдық саясаты. Қазақ жерiн Ресей алпауыттарына жағынамын деп отаршылдыққа аяусыз тартып әпере беруi болған. Ұлт мектептерiн тыйып, шаруа күшiн де жауша қанауы болған.
Кеңес өкiметiне деген көзқарасым негiзгi түрiнде 1920 жылы шешiлген едi. Сонда мен екi жолдың торабына келiп тiрелiп ем: бiреуi капиталшылдық жолы. Оны қостасам – жиянгершiлiктiң қожалығын сүймекпiн, олай болса отар, жарым отарды сол күйлерiнде қалдырып, артта қалған елдердiң бұдан әрi де құл бола беруiн қоштамақпын. Немесе социализмдi қостап, артта қалған отар елдерiн құлдықтан, қорлықтан арылтатын досы – осы екенiн тануыма керек болған-ды, оның үстiне Колчак қожалығын көрiп шыққан соң анық көзiм жеткенi – тартыстың түбiн шешетiн төңкерiс кезiндегi екi күштiң бiреуi болатын болды. Мұның бiрi – пролетариат, екiншiсi – байлар табы, сондықтан не пролетариат қожалығын, не байлар қожалығын таңдау керек болды.
Сонда Кеңес үкiметiнiң бетiн қостап, соның жағына шығуымның алды осымен шешiлген-дi.
Бiрақ мен қалыптанған марксшiл болмағандықтан, ұлттықтың тап көлемi деген дерттен арыла алмадым. Сол себептi қоғамдық қалыптардың өсуiндегi негiзгi-негiзгi бағыт тап тартысының бағыты болса, соны көрудiң орнына, менiң жолымда көбiнесе ұлттық жайлар көлденеңдеп, анаған сол бөгеу болып отырды. Артта қалған елдердiң алдағы елдер пролетариатымен одақтасуын негiзгi бағыт есебiнде қабылдап отырсам да – сол артта қалған елдердiң өзарасында тап тартысының қоса болуы да шарт, қажет екенiн ойламадым.
Менiң салт-сана жолындағы қателесуiмнiң тамырлары осы жерде болды. Осыдан барып күдiкшiлдiк, ырғалғыштық туды. Партия мен үкiметтiң Қазақстанда жүргiзген бiрқатар iрi iстерiне терiс қарағандықтан болды. Мысалы iрi байларды кәмпескелеу, пiшендiк пен егiстiктi қайта үлестiру, жер мәселесiн түгелiмен интернационалдық, таптық жолмен шешу сияқты iрi мәселенiң көбiне көзқарасым дұрыс болмады. Ал партия мен үкiметтiң бұл iстерi ерекше артта қалған жарым алпауыттың қолындағы қазақ ауылын социалды рекөнiстiрексеге (реконструкция – Т.Ж.) дайындау алдында қажет болған шаралар, шарттар едi.
Жасырып қажет емес, саяси қызметшiлердiң салт-сана жолындағы қатесi сiңiстi дерт сияқты күйге айналса – оның арты саяси қылмыстарға әкелмей қоймайды. Қожалық тартыста олар шығатын арналар табылмай тұрмайды. Мысалы Қазақстандағы үлкен түйiннiң бiрi – жер мәселесiн шешу болса, ол және айқын ұлттық мәселе болса, сонда менiң ұлтшылдығым осы мәселенi шешу тұсындағы менiң бағытыма айқын әсер еттi.
1925 жылы Қазақстанның Госпланының комиссияларының iстерiне қатынасып жүрiп, Қазақстанда жерге орналастырудың мөлшерлi жоспарын жасағанда мен тап жағына қарамай, ұлттық белгiсiне ғана қарап, ең алдымен қазақ халқын жерге орналастыру керек деген пiкiрдi жүргiздiм. Және қазақ халқы түгел орналасып болғанша Қазақстанда басқа қоныстандырылушылар келмесiн деген бетте болдым. Мәселенi бұлай қою, жерге орналастыру iсiн(iң) таптық мазмұнын жайдақтатумен бiрге, бұрыннан келе жатқан ұлттар арасын(ың) қажасуын да ықтиярсыз тереңдеткен болар едi.
Қазақстанда партия мен үкiметтiң жүргiзген қоғамдық-шаруашылық шарасының бiр жолы – iрi байларды кәмпескелеу болса, оған менiң көзқарасым Әлихан Бөкейханұлына жазғандарымнан көрiнедi. Ол хатта мен бұл iстiң артын өте көтерiп, терiс бағаладым. Бұндай iс шаруаға үлкен зәбiр келтiредi, ел шаруасының iргесi шайқалып, шөгiп қалады дегем. Бұл ұлтшылдық, байшылдық салт-санасының даусыз айқын белгiсi едi.
Мен Бөкейханұлын осы мәселеде ұлтшылдық бағыты үшiн алысуға (күресуге – Т.Ж.) үндеп, одақтың орталық ордасының алдына апарып осы мәселенi қою керек деп үндедiм. Мұным – өзiмнiң ұлтшылдық бағытымды (ұстанып), аймақтық басқарушы орындардың жолына қарсы тұру iсi едi.
Осы жөнiндегi тағы бiр ерекше ескерерлiк нәрсе, менiң 1927-1928 жылдарда Семейде болған асыра сiлтеушiлердi бiр жақты қарап, ұлғайта сiлтеуiм де болды. Солай сөйлеу өзге ұлтшылдардың арасындағы өзара сөздерiмде де және қазақтан шыққан ұйымсыз, сауатты қызметшiлермен сөйлесулерiмде де болды.
Ұлтшылдық қозғалысының мазмұны пролетариат қожалығы жүрiп тұрған мемлекетте, тап тартысы күшейiп тұрған уақытта – төңкерiс жауының жолы болмай тұра алмады. Өткен уақыттағы бiздiң "Алашорда" жолындағы ұлтшылдық қозғалысымыз сол жаңағы айтқан төңкерiс жауының жолы болған. Мен сол "Алашорданың" iсiне толық араласқан кiсiмiн. Кейiннен Кеңес үкiметiне қарсы арналған төңкерiс жаулығы сияқты саяси қимылдардың барлығына қаншалық сақ болып, қарсы болмақ болсам да, сонымды нық ұстамадым. Ұлтшылдық дертi болып, тапшылдық көзқарастың қырағылығы болмағандықтан, шынында оны болмады дегенiм жаңылыс, себебi менiң ұлтшылдығым да барлық өзгелердiкiндей, негiзiнде айқын, тапшыл, ұлтшылдық болған. Ол ауылдағы жарым алпауыт пен байлардың тiлеуiне бейiм ұлтшылдық болғанымен, Кеңес үкiметiне қарсы болған таптардан өз бойымды аулақтап алмадым. Төңкерiске жаулық ойлап шыққан Заки Валидов тобының iсiне қарсы мен ашық күреске шығуым керек едi. Оның орнына мен солардың төңкерiске жаулық қылған iсiне өзiм де жанасқан кiсi болып шықтым. 1920 жыл Мәскеуде сонымен кездескен жайымды түгел баяндамай-ақ, сондағы бiр ерекше жайды айтайын. Ол Валидовтың ниетiмен қарсы екендiгiмдi айқын қып сол жерде айтып берсем де, сөйлесуiмiнiң өзiн құпия әңгiме түрiнде жасадым.
1920 жылда Заки Валидовтың төңкерiске жаулық ойы мен мақсұттарының бар екенiн мен бiлiп едiм. Кеңестiк Ресейдiң саясатына ырза болмай, "Шығыстың езiлген елдерiне" шығамын, сонымен оларды бiрiктiрiп, жекелiк аламыз деген ниетi бар (болды).
Мен құпиялық түрi бар жиналыста болдым. Бiрақ Қазақстанды тағы бiр жаңа ауыртпалыққа салуға ырза емес екендiгiмдi айтсам да, сол жерде Валидовтен асып айқын бой тартып кетпедiм.
Сонымен өзiмнiң басымнан өткен тәжiрибеге қарап толық дәлелмен айтатыным, 1920 жылдың өзiнде-ақ артта қалған елдерге ең дұрыс жол – социалистiк жол мен кеңес жолы екенiн негiзiнде қабылдап алсам да, мен қателестiм. Оның себебi кiмде-кiм ұлт мәселесiн таптық, интернационалдық қозғалыспен қоспай және ұлт мәселесiне бағындырмай ұстаймын десе – ол адам ерiксiз ұлтшылдықтың құрбаны болады.
Тағы бiр үлкен адасуым – артта қалған елдердiң арасындағы төңкерiс – "шаруа қорын жалдамай болатын" төңкерiс болуы керек", – деп түсiнуiм де болған.
Мен студенттiк жылдарымда Ядринцевтiң, Потаниннiң, Шаповтардың (Сiбiр – отарланған ел ретiнде) пiкiрлерi бойынша тәрбиеленген едiм. Бұлар сияқты басқа да Сiбiрдiң төңкерiсшiл жазушылары артта қалған елдердiң тағдырына жаны ашып, көңiл бөлiп, мұндай елдiң барлығы капиталдық құрылыс бағытында болатын шаруа тұрмысындағы, салтындағы тығыз өзгерiске шыдамайды, көтере алмайды деушi едi. Сол бетпен мен социалды рекөнстiрексие дәуiрiндегi шаруашылық өзгерiстерiне үлкен қобалжумен, аса қорқумен қарап келдiм. Анығында бұным мағынасызшылдың баққаны сияқты едi. Мұнымның негiзгi себебi, шынында менiң таптық, ұлтшылдық салт-санамда болуға тиiс. Егер төңкерiс жайынан шын сөйлейтiн болсам, езiлгендердiң бостандығын шын тiлесек, капиталдық құрылыстың қалдығын шын жоямыз десек, онда қатты қимылдағанда, құрбандықтан да қорықпайтын болуымызға керек. Және бұл құрбандық негiзiнде жарым алпауыттар мен байлардың көретiн құрбандығы екенiн еске алсақ, онда ондай құрбандықтарды жолды (заңды – Т.Ж.) деу ғана керек емес, тiптi қажет деп бiлу керек.
Бұл күнде мен бұрынғы қауiп, күдiгiмнiң бәрiнiң орынсыз болғанын көрiп отырмын. Қазiр бiздiң көз алдымызға одақтың пролетариатының ұйымдасқан күшi бiрiгiп келiп, сол жеңгiзбей келген сақарада өндiрiстiң ұлы дүкендерiн орнатып отыр. Ол дүкендер техниканың ең жаңа табысы бойынша құрылған, сол далаларда шойын жол құрылысы, машина-трактор, машина-пiшендiк стансалары, совхоз, колхоз құрылып отыр. Бұлардың бәрiнде үлкен мәшинелер, үлкен жабдықтар орнап отыр. Және коллектив негiзiне құрып, жоспармен отырықшыландыру iсi жүрiп жатыр. Бұларға одақтық бюджеттен мол қаражаттар берiлiп, пұлдай, (қаражатпен – Т.Ж.) техникелерi жәрдем iстетiп отыр.
Қысқасы, Лениннiң: "Артта қалған елдер алдағы елдiң пролетариатының көмегiмен капиталдық дәуiрдi аттап өтiп, социалды дәуiрге жетедi",– деген данышпандық сөзi iске асып отыр. Осындайлық жалпы жайды, Қазақстанда Лениннiң ұлт саясатын қолдану арқылы табылған табысты ешнәрсе жоя алмайды, кемiте алмайды. Бұл ретте бай-кулактың жаулық пен өз шаруаларын шашып жоюы да және партия жолын қисайтып, Қазақстанның мал шаруасы жөнiнде терiс тәжiрибеге ауысып iстеген жергiлiктi орындардың қатесi де және де осы себептен онан соңғы жылдардың егiн шығуы нашар болғандық себебiнен туып отырған кейбiр аудандардағы азық-түлiк қиыншылығы да жаңағы ұлы табыс, ұлы құрылыстың қалпын бұза алмайды, маңызын түсiре алмайды.
Осы айтылған тұрғылардан қарағанда менiң бұрынғы қорқынышым, қаупiм, үркуiм, пролетариаттың күшiне сенбегендiк болып шықты. Ал пролетариат күшi бұл күнде шын ғажайып iс iстеп шығып отыр.
Өзiмнiң салт-санадағы қаталарым мен, соның негiзгi iстерi тұсында болған әсерлерiн түгел толық мойныма алғандықтан, ендi "Социалды Қазақстан" басқармасынан менiң осы сөздерiмдi басуды сұраймын. Мақсатым: шын толық күйде кеңес жұртшылығының алдында өзiмнiң ендiгi көзқарасымды бiлдiру. Сол жұртшылық бұрын менiң ұлтшылдық салт-санамның төңкерiске жаулық мазмұнын ашқан едi. Қазiр мен өзiмнiң бұрынғы iсiмдi қатты күйде кiнәлап, салт-сана жолындағы бұрынғы құралымды тастап, ендiгi саяси бағытымды анықтап отырмын.
Мен қазiр өзiме осы күнде Қазақстандағы социалистiк құрылыс жолында қызмет етудi ең ардақты, ең мiндеттi iс деп санаймын. Қазақстан ертедегi тарихи себептермен артта қалған жер, бұл мен туып-өскен жер, сондықтан бұның өсiп келе жатқан социалистiк құрылысының майданында адал қызмет ету менiң ендiгi борышым. Мiне, бұл жолда жандандыратын сенiм – бiздiң қазiргi тарихи дәуiрiмiзде бiрiншi рет шын, еркiн адам жолының iргесi қаланып келедi деген сенiм болады.
Осындай дүние тарихының түйiнi шешiлiп, шын қоғамдық әдiлдiк жолымен елдердiң тағдыры, барлық адам баласының (тағдыры) шешiлiп келе жатқанда және қызуы асқан тап тартысының негiзiмен шешiлiп келе жатқанда, өзiңе қай түрдегi болса да мещандық тыныштық пен жайлылықты iздеп, әлi-ақ өтiп кететiн қиыншылықтан қорғанып, тайқып шығуды – ендi бұрынғы салт-сана, күнделiк iс жөнiнде iстелген қателерiмнен артық ұятты қылмыс деп санаймын. Оның орнына жақын заманда, таптық қауымның жасалуы мүмкiн болып отырғанда және 17-шi партконференцияның қаулысы бойынша 2-бесжылдықта социализмнiң толық жүзеге шығуы мүмкiн боп отырғанда, тапсырылған жұмыстың әрбiр кезеңiнде табан таймай тартысудың сенiмi, үмiтi артпақ. Ол табыстағы басшы – тап-тартысында шыныққан социалдық құрылыстың алдыңғы әтiретi, Қазақстанның Өлкелiк партия комитетi".
Осы "Ашық хаттың" мәтiнi Голощекин мен Исаевтiң қолына тиiсiмен Ә.Ермеков пен М.Әуезовтi түрмеден шығару туралы шешiм қабылданған сияқты. Мамыр айының ортасында олар еркiндiкке босатылды. Социализмнiң осындай "қарқынды жасампаздық жеңiсiн" күмәнсiз мойындап шыққан екi дегдарды сырттағы өмiрде мүлдем басқа нәубет, халықтық қасiрет күтiп тұрды. Ә.Ермековтiң "Хатындағы":
"Қазақстанда Лениннiң ұлт саясатын қолдану арқылы табылған табысты, ешнәрсе жоя алмайды, кемiте алмайды. Бұл ретте бай-кулактың жаулық пен өз шаруаларын шашып жоюы да және партия жолын қисайтып, Қазақстанның мал шаруасы жөнiнде терiс тәжiрибеге ауысып iстеген жергiлiктi орындардың қатесi де және де осы себептен онан соңғы жылдардың егiн шығуы нашар болғандық себебiнен туып отырған кейбiр аудандардағы азық-түлiк қиыншылығы да жаңағы ұлы табыс, ұлы құрылыстың қалпын бұза алмайды, маңызын түсiре алмайды",– деген "жұбаныш сөзiнiң" кәдiмгi Кеңес Өкiметiне тән көзбояушылық екенiне көзi жетiп, "қатты өкiнедi".
Ол өзiнiң "Ашық хат" жазғанына өкiнуiнiң себебiн Ж.Бектұровқа:
"…Артынша қатты өкiндiм. Неге дейсiз ғой? Түрмеден дәл шығар алдында ОГПУ бастығы менi кабинетiне шақырып алып: "Ал ендi сiздердi босатамыз, тек ел iшiнде әлi де қиыншылық бар, ашаршылық әлi тоқтай қойған жоқ, абақтыдан шыға салып үркiп, шошып жүрмеңiздер", – деп ескерттi. Мен бұл сөздi естiп, оған ойынды-шынды: "Онда бiз әуелден-ақ, сiрә, қателеспеген екенбiз ғой", – дедiм. Сонда ОГПУ бастығы қанын iшiне тартып, сұрланып: "Бiз де қателеспеппiз ғой, қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды деушi едi, сол рас екен", – демесi бар ма. Мен жарылып кете жаздадым. Не керек, болар iс болып, хатқа қол қойылып қойды", – деп айтып берiптi.
Тура осындай өкiнiштi күйдi Сәкен Сейфуллин де басынан кешiптi. Ақынның досы Абдолла Асылбеков өзiнiң 1937 жылы 31 шiлде күнi тергеушiге берген жауабында:
"Сейфуллинмен 1934 жылы кездескенiмде ол: "Кеңес Өкiметiне қарсы күрестi дәл қазiрден бастау қажет. Тек көнтақы шенеунiк қана безерiп отыра алады, ал әрбiр саналы адам бұған көнiп, қол қусырып отыра алмайды. Бұрын қандай топтың мүшесi болғанына қарамастан, кiм өзiн қазақ халқының нағыз ұлымын деп санайды, солардың барлығы да Кеңес Өкiметiне қарсы күресте бiрiгуi тиiс. Сен екеумiз, Асылбеков жолдас, алашордашылардың кез келгенi екеуiмiзге: халық үшiн деп кеңiрдектесiп едiңдер, сол халқың қырылып жатыр-ғой десе, не деймiз?, – деп маған сұрақ қойды", – деген (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, VII том, 145-146 бет) мәлiмет бередi.
Бұрын зиялы қауымның арасында: "Тар жол, тайғақ кешуде" алашордашыларды кекетiп жазғанына өкiнiп, бұрынғы райынан қайтып, оны қайта өңдептi. Кеңес өкiметi туралы пiкiрi өзгерiптi", – делiнетiн пiкiр айтылып жүргенiмен, нақты дәлел жоқ болатын. Өзiнiң қанды көйлек досы А.Асылбековке: "Алаш азаматтарына не бетiмiздi айтамыз?",– деген мағынадағы жоғарыдағы сөзi С.Сейфуллиннiң жандүниесiнде үлкен өзгерiстер болғанын растайды.
6.
Ендi өкiндi не, өкiнбедi не, бәрiбiр екi жарым миллион қазақ аштан қырылып үлгерiп едi. Оған алысқа бармай-ақ түрменiң алдына шыққанда көз жеткiзуге болатын. Алматының түрмесiнiң алдында қырылған өлiктердi тұтқындарға жинатып, қазiргi Сайран көлiнiң жарқабағының астына апарып көмдiрген. Ол туралы сол мезгiлде осы түрмеде жатқан бiздiң әкемiздiң әңгiмесi "Өзi де – ақ, жазғаны да – ақ" атты таруда берiлген болатын.
Бұл құрбандардың әруағы алдында Алаш ардагерлерiнiң ары таза.
"Ашық хаттың" нәтижесiнде Ә.Ермеков шартты түрде сотталып, кешiрiмге ие болды. Алайда ол үнемi бақылау астында өмiр сүрдi.
Әдеби өмiрге еш қатысы болмаса да, оны қазақтың ендiгi бас идеологы – рухани көсемi деп санап, әр қадамын аңдып, тиiстi ақпар жиып отырды. ОГПУ-дiң Қазақстандағы саяси бөлiмiнiң бастығы Миронов пен орынбасары Павловтың 1933 жылы 11 қыркүйек күнi Мирзоянға құпия жолданған әдебиет майданындағы ұлтшылдық сарын туралы есептi баянхатында:
"Орыс әскери отарлаушыларының Орта Азияға басып кiруiне – татар моллаларының қыр елiн жаулап алуына ырық бердi, олар қазақ жерiне әртүрлi сенiмхатпен келген дүкеншiлермен, орыс көпестерiнiң шеркеттерiмен тiкелей байланыста болды. Молланың атын жамылып келген Орынбор, Қазан, Уфа медреселерiнiң шәкiрттерi православиелiк миссионерлiкке қарсы қару ретiнде қазақ даласына панисламизм идеясын сiңiрген алғашқы мұджаһиттер болып табылады. Олар "Мұсылманның шынайы бауырластығы" дегендi ұран ете отырып, артта қалған қазақ елiн қанады. ХХ ғасырдың басында қажыға барар жолдағы Түркия арқылы және Бұқара мен Хиуа, тағы да басқа Орта Азиядағы сауда орталықтары арқылы барлық түркi тiлдес халықтардың бiрiгуi туралы ұран тастады. Оған қазақ халқы да қосылды.
Әсiресе, 1905 жылғы революция тұсында, жаңа дыбысты әлiппеге көшу – жәдидтiк оқу жүйесiне ауысу қарсаңында пантүркизм қозғалысы ерекше жанданды. Жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ зиялылары мектептердiң төңiрегiне топтасты. Буржуазиялық-ұлтшыл топ өздерiнiң қатарын көбейту үшiн сол кезде саны бiршама молайып қалған мектеп шәкiрттерiн ықпалына алды. Жәдидтiк мектептен өткен, татарлардың жоғары оқу медреселерiн бiтiрген бұл шәкiрттер қазақтардың алғашқы буржуазиялық-ұлттық интеллигенциясының шоғырын құрады.
Бұл қозғалыс 1917 жылғы төңкерiс тұсында, буржуазиялық-ұлтшыл "Алаш" партиясы құрылған кезде өзiнiң шарықтау шегiне жеттi. Қазақстанның буржуазиялық-ұлтшыл қозғалысының қозғаушы күшi әдебиетте, буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылар мен ақындардың: Ахмет Байтұрсыновтың, Мiржақып Дулатовтың, Ғұмар Қарашевтың, Мағжан Жұмабаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Бернияз Күлеевтiң, Мұхтар Әуезовтiң т.б. шығармаларында көрiнiс тапты. Аталған негiзгi жазушылар қазақ төңкерiсiн қабылдамады, "Алаш" партиясының құрамында Кеңес Өкiметiне қарсы белсендi түрде күрестi. "Алашорда" ұйымы талқандалған соң Кеңес Өкiметiмен күрес тәсiлiн өзгерте отырып, мәдениет майданын өз қолдарында ұстауға тырысып, өздерiнiң оқу құралдары, дәрiстерi, әдеби еңбектерi арқылы жастар тәрбиесiне идеологиялық ықпал жасауға ұмтылды.
Мысалы қазiргi қазақ көркем әдебиетiндегi мына бағытты атап өтуге болады: олар – кеңестiк жастардың аз бөлiгiне әсер етiп отырған алашордашылардың қалдығы мен алашшылдар және ұлтшылдар тобы.
Ашықтан ашық алашордашылардың бiрiне және олармен байланысы барлардың қатарына ең бiрiншi Әлiмхан Ермековтi жатқызуға болады. 1) Ермеков Әлiмхан – "Алашорданың" iрi қайраткерi. Қазақ ұлтының болашағы туралы жекелеген әңгiмелесу кезiнде айтқан Ермековтiң пiкiрлерi ерекше назарға аларлықтай, ол Ермековтiң өзiнiң пантүркiстiк көзқарасын ғана бiлдiрiп қоймайды, сонымен қатар бұл идеяның ұлттық интеллигенция арасында кеңiнен тарап отырғандығын және сол топқа жататын жазушылардың шығармаларынан көрiнiс берiп отырғанын аңғаруға болады.
Ермеков ең көреген ұлтшылдар мен алашордашылардың алысты көздеген бағдарламаларын кеңейте талдайды. "Алашорданың" талқандалуының басты себебi, Ермековтiң айтуы бойынша, марксизмге қарсы қоятындай теориясының болмағандығы екен. Бөкейханов бұл тұрғыдан алғанда, "қазақ халқының өзiндiк ерекшелiгi" дегеннен басқа ештеңе ұсына алмапты. Ермековтiң айтуынша, шаруашылықты басқарудағы революциялық шаралардың есепке алынбауы "Алашорданың" құлауына әкеп соғыпты. Ермековтiң тұжырымдамасы оның өзiнiң баяндауынша: "Қазiр Кеңес Өкiметi шаруашылығының орнығуын барынша қолдап, өзiмiздiң жас мамандарымызды, өзiмiздiң интеллигенциямызды жан-жақты дайындай отырып, екiншi бесжылдықтың аяқталуын күту қажет, сөйтiп СССР-дегi таптық күрестiң босаңсуына мүмкiндiк бере отырып, сонымен қатар Түркиямен байланысты нығайтып, оның ұлы держава болуына уақыт беру керек", – екен.
Сонда, ұлттық (ұлттық) дәстүрде тәрбиеленген, сонымен қатар еуропалық мәдениеттi меңгерген, басқару қызметiнде отырған техниканы, индустрияны қолында ұстайтын интеллигенцияға, көзi ашық бұқараға ие болсақ, онда олар "Ұлы түрiк елiнiң" туы астында бiрiгуге ұмтылады",– деп мағлұмат бердi.
Мұндағы тағылған айып пен айтылған сөздерге идеологиялық-саяси астар берiп, "ұлы түрiкшiлдiк" аңсарға әкеп телiп отырғаны болмаса, бәрi де шындық. Шындық болғанда да, кез келген ұлттың алдына қойған саналы мақсаты, сара жолы. Қай ұлт парасатты интеллигенцияға зәру емес? Соған қарағанда ерекше бөлiмнiң тергеушiлерi үшiн қазақ халқының құрықтан құтылуы, өркениетке ұмтылуы қылмыс болып саналатын сияқты.
Ақиқат та содан қашық емес болатын.
"Ашық хат" пен кешiрiмнен соң да Әлiмхан Ермеков қуғын-сүргiннен құтыла алмады. Тiршiлiктiң жалына жармасқан бiр кездегi "жанартаудай көтерiлiп-басылған жiгiттiң" көрер азабы мен татар қызығы алда болатын. Сол қызық пен азапты пiкiрлессiз, дос-жарансыз жалғыз басынан кештi. Өйткенi "тәубә қылып шыққан Әлiмхан мен Мұхтар екеуi" (А.Байтұрсынов) қалған өмiрiн бiр-бiрiнен саяқ жүрiп өткiздi. Оған не себеп болды? Нақты дәп басып айту қиын. Мұхтар Әуезов өзiн "Ашық хат" жазуға көндiрiп, соның нәтижесiнде өмiрдiң де, атақ пен даңқтың да қызығын көруге бұйыртқаны үшiн Ә.Ермековке өкпе артып, көңiл сызы ретiнде ұзақ сақтауы, орынды ма демей-ақ қояйық, соның өзi мүмкiн бе едi? Қайдам. Ал бұл екi аралықта Ә.Ермеков – 1938 және 1948 жылдары он жылға екi рет кесiлiп, түрме есiгiн ашты. Олардың 1932-1938 және 1955-1961 жылдары аралығында тығыз араласып кетпесе де, оқшау пiкiр алмасуға мүмкiндiктерi болды. Бiрақ өзара тiлдеспеген. Бүтiндей ақталып шыққан "мемлекеттiк жылымық" тұсынан кейiн де Мұхтар Қарағандыға келiп жүрiп Әлiмханмен жүз көрiсудi қаламаған сыңайлы. Неге? Түсiнiксiз. Жайық Бектұров бұл туралы өзiнiң естелiгiнде:
"Ә.Ермеков бұл өкiнiштi сөзiн М.Әуезовтi мақтағысы келгендiктен айтқан жоқ. Ертедегiсiн кiм бiлсiн, Мұхаң әйгiлi жазушы атанып, Әлекең көп жыл түрме, лагерь азабын тартып елге қартайып, денсаулығынан айрылып кайтқаннан кейiн де бiр-бiрiмен ешқандай қарым-қатынас жасаған жоқ. Аралары мүлдем суып кеттi. Әлекең Мұхаңа iштей өкпелi болып та жүрдi, сөйте тұрса да жаратылысынан шыншыл, әдiлет жолынан таймайтын ол ауызекi естелiктерiнде ғұлама iнiсiнiң 1932 жылғы абақтыдан шығардағы кiсiлiгiн, ерлiгiн, азаматтығын ешбiр көлеңкесiз айтып едi. Қанша өкiнгенiмен, М.Әуезовтiң сол кезде тар қапастан шығып, үйiрге қосылғаны қазақ мәдениетi мен әдебиетi үшiн зор мәртебе болды. "Абай жолы" романы содан кейiн өмiрге келдi. Ә.Ермеков ақсақал Қарағандыда, менiң үйiмде Сәбит Мұқановпен ашық әңгiмелескенде, жоғарыдағы пiкiрдi айтты. Тiптi атақты жазушыға Ахметтi, Жүсiпбектi, Мағжанды, Мiржақыпты неге iздемейсiздер деген өкпесiн де сездiрдi. Алпысыншы жылдары оларды жоқтай қоятын ресми адамдар аз едi", – деп жазды.
Өтiрiкке жаны жат Жайық жайсаңның бұл емеурiнiнен ұлылардың психологиялық бопсасымен қоса инсандық иiрiмдер де тұспал танытады. Оған тереңдеп баруды, бiз таңдап алған әфсана жанры көтермейдi. Сондықтан да Әлiмхан Ермековтiң өзi тiкелей Жайық Бектұровқа өсиет ете қалдырған:
"Ахмет Байтұрсынов Архангельскiде айдауда жүредi, ешкiм ешқандай жұмысқа алмайды. Өмiр сүруi қиын соғады. Жас кезiнде училищеде оқығанда әртүрлi қол өнерiн үйренген екен, содан қасық, ожау, ойыншық жасап, базар маңында басына күрке тiгiп жатып, өлер-өлмес күн көредi. Ахаң осы бiр ауыр жағдайын айтып, Мәскеуде тұратын Ә.Бөкейхановқа хат жазады. Аяулы Әлихан Нұрмұхамедұлы Қызыл крест қоғамына барады. М. Горькийдiң жұбайы М.Ф.Андрееваға (дұрысы – Е.П.Пешкова – Т.Ж.) арыз айтады. Сөйтiп, Архангельскiге жетпiс доллар жiберiп, Ахаңа көмектеседi. Ақыры оны айдаудан босаттырып алады. Ахаң әуелде атылуға кесiлсе де, он жылға айыпталып, мерзiмiнен бұрын елге қайтады. Қайтып келгенде ол Ә. Бөкейхановқа бiр қолжазбасын бередi. "Бұл менiң айдауда жүргенде жазған күнделiктерiм. Сiрә, бұрынғы еңбектерiмнен құнды болуы керек, осының бiр данасын сiз бiрдеңе етiп бiр жерге сақтаңыз. Бiр данасын әйелiмнiң көрпесiнiң астарына тiктiрiп қойдым", – дептi.
Ә. Ермеков көрпенi "Стеганные одеяла" деп орысша айтты. Мен мұны өзiмше "қабымалы көрпе" деп қазақшаладым. Әлiмхан Әбеуұлы әңгiмесiн жалғастырып:
"Көрпенiң астарына тiккен қолжазба жоғалды ғой, ол көрпе түгiлi, Ахаңның қазақ болып кеткен орыс әйелiнiң де қайда ұшты-күйлi болғаны белгiсiз. Ал ана Әлихан ағасына табыс еткен қолжазбасын мұқият iздесеңiздер, табасыздар. Ол Ахаңның аманатын белгiлi шығыстанушы ғалым, академик Сергей Федорович Ольденбургке (1863-1934) табыс еттi. Ольденбург iрi ғалым. Ол түркi тiлдес елдердiң тарихын, әдебиетiн, фольклорын, мифологиясын жетiк бiлген адам. Көп уақыт Ресей және Кеңес Одағы Ғылым академиясын басқарған iрi оқымысты. Ондай кiсiнiң архивi жоғалмайды, мұқият сақталады", – дедi.
Сiрә, Ахаң өзiнiң бұл қолжазбасын Ә.Бөкейхановқа Архангельскiден елге қайтпай тұрғанда жеткiзсе керек. Бiздiң қазiргi тарихшыларымыз, әдебиетшiлерiмiз iздестiрсе, Ахаңның бүгiнгi ұрпақ бiлмейтiн бiр еңбегiн тауып та қалар едi деген ойымыз бар. Осыны ғалымдарымызға, жазушыларымызға сүйiншi сұрағандай әдейi құлаққағыс етiп отырмыз", – деген естелiгiмен "көтерiлiп-басылған жанартаудай" қайратты рух иесi туралы әфсанамызды аяқтаймыз.
Алаш идеясының ту ұстаушысы Әлiмхан Ермеков он бес жылдай тiршiлiктiң ризығын татып барып, математика профессоры ретiнде дәрiс оқып, үйлi-баранды боп, 1970 жылы Қарағанды қаласында дүниеден қайтты.
(Соңы. Басы №4,5,6,7,8 сандарда)