БӘРI – ҰСАҚ-ТҮЙЕК ӘҢГIМЕ
БӘРI – ҰСАҚ-ТҮЙЕК ӘҢГIМЕ
Сөз жоқ, бұл жиналысқа Хибратолла Досқалиев мырза үлкен дайындықпен келген. Оны Бекболат Тiлеухан бастаған бiраз депутаттарды, Бiлiм және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, Сыртқы және iшкi iстер министрлiктерiнiң, Жоғарғы прокуратураның, ҰҚК-нiң өкiлдерiн, мамандарын шақырғанынан байқауға болады. Тiптi оралмандар көп қоныстанатын ШҚО-ның, ОҚО-ның, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы облыстарының, Алматы қаласының Көшi-қон полициясының басшыларын, Көшi-қон комитетiнiң бұрынғы төрағасы Х.Әбiшев мырза да қағыс қалмапты бұл басқосудан. Мақсаты – көшi-қон саласындағы жиырма жылдан бергi қордаланған мәселелердi ортаға салып, талқылау және оны шешудiң жолдарын қарастыру. Iшкi iстер министрi С.Баймағамбетов мырза арнайы тапсырма берiптi егжей-тегжейлi пiкiрлесуге.
Өкiнiшке қарай, жиналыста сөз алған бес-алты мемлекеттен келген оралмандар өкiлдерiнiң Досан Баймолдадан басқасы тұшымды мәселе көтерудiң, өзi келген елдегi шешiмi кезек күтпей тұрған нақтылы iстер жөнiнде ұсыныс берудiң, басшыларға сұрақ қоюдың орнына естелiк не жеке басының қамын айтып, ауа жайылып кеттi. Қырғыз елiндегi қандастарымыздың атынан сөйлеген кiсi Қазақстанның Қырғызстанға берiлген гуманитарлық көмегiн сонда тұратын қазақтарға атын атап, түсiн түстеп жiберсе десе, Еуропадағылардың атынан сөз алған ағамыз өз елдерiнде қазақ тiлiн үйрететiн мектеп ашылса, мұғалiм жiберiлсе деп шiрендi. Басқаны былай қойғанда, Қырғызстанда қазақ қызығатын не қалды өзi?! Мен таң қаламын, бұрынғы Кеңес Одағының құрамынан бөлiнген елдердiң азаматтарының бәрiнде шетелге шығатын төлқұжат бар. Кейбiреуiне әуелi визаның да керегi жоқ. Бұл елдiң жазуын, тiлiн бiледi. Тiркеуге тұрудың жолы да баяғыдай. Қалаған уағында жүгiн артып, Қазақстан қайдасың деп тартып отыруы керек қой. Ал соры қайнап, құрып тұрған Қытайдағы қазақтар. Айта-айта жағымыз талды, олардың тарихи Отанына оралуы қиынның қиыны. Қызық, бiз 5-6 жылдан берi Қытайдан көшiп келетiндердiң жолын жауып қойып, көшi-қон туралы мәселе көтерiп келдiк. Бүгiн де солай болып отыр. Төлқұжат алу үшiн мұндағы бiр заңды тұлғаның туысқаншылау, не көшiрiп алу жөнiнде кепiлдiк берген шақыртуы керек. Сол туысшылау шақыртуыңыз кемiнде үш-төрт айда әрең бiтедi. Ескi жүйеден қалған әдетпен ҰҚК-тi келмеген адамды мұнда жатып, асықпай тексередi екен. Осыны бiр түсiнбей-ақ қойдық. Жiберiлген шақыртуға Қытай жағы мектеп жасындағы балаларын тiркемейдi. Төлқұжат алған күннiң өзiнде, Үрiмжiдегi Қазақстанның консулдық қызмет өтеу орнынан виза алу үшiн кемiнде бiр жыл күтесiң.
Ал көшi-қон шақыртуының елiмiз тарапынан тоқтатылғанына, жоғарыда айттық, бес-алты жыл болды. Қытайдағы қазақтардың тiлiнiң, дiнiнiң, салт-дәстүрiнiң күн санап жойылып бара жатқаны, бөлiнiп-жарылған отбасылардың бiр елде өмiр сүруi туралы халықаралық заңнаманың Қазақстан мен Қытайда аяқасты болып отырғаны, азаматтық алғысы келетiндердiң тiркеуге тұратын орын таппай сарсаңға түсетiнi сынды мәселелерден тыс, басқа да бiраз келеңсiздiктердi бiздiң тарапымыздан сөз алған көкемiз жiпке тiзiп айтқанымен, виза мен көшi-қон шақыртуын парықтай алмай шатасып кеттi. Өзi ортаға қойған iстерi жөнiнде келiп отырған құзырлы орынның өкiлдерiне, тура Хибратолла Досқалиевтың алдында сұрақ қоюы керек-ақ едi. Көшi-қон департаменттерiнiң басшыларын сөйлетуiне; кешегi Көшi-қон комитетiнiң бастығы, бүгiнгi ҚР Прокуратурасының Парламенттегi өкiлi Х. Әбiшевтен Көшi-қон шақыртуының 5-6 жылдан берi не себептi тоқтатылғаны жөнiнде ашық жауап алуына, мәселенiң басын ашуына; ҰҚК-нiң өкiлiне манағы туысқаншылау шақыртуды ескi жүйе бойынша ұзақ тексерудiң не қажетi бар екендiгiн қадап айтуға әбден болатын едi… Өйте алмады.
Құдай абиыр бергенде, СIМ-нiң Консулдық қызмет департаментiнен келген қарындасымыз Қытайдағы қазақтар және олардың Отанға оралуы жөнiнде көп кедергiнiң бар екенiн тәптiштеп айтып, Хибратолла Ермекұлының назарын аударғандай болды. Қарап отырып, Астанадан арнайы ат терлетiп келген жаңа басшының алдында қынжылып-ақ қалдық. Әйтпесе, осы көшi-қонның айналасында айтылатын, кезек күтiп тұрған мәселе дегенiңiз бұдан да мол екенiн елдiң бәрi бiледi.
Осы жиналыста сөйлейтiн адамдардың тiзiмiн ұсынған Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы екен. Оның төрағасы Талғат Мамашев ауырып қалғандығы себептi қатыспады. Қауымдастық дегеннен шығады, бiз Қазақстанға келгелi оның жөндi бiр жиналыс өткiзгенiн көрмеппiз. Үш бiрдей құрылтай шақырылды. Шешiм тапқан дәнеңе жоқ. Мұны айтсаң, бұл iшкi не сыртқы iстер саласының жұмысы деп жалт бередi. Ал бар жұмысы – Еуропа елдерiне барып доп тебу. Үкiметтiң берген ақшасына татымы жоқ кiтап шығару. Одан да сорақысы, осы кiтаптардың министрлiк белгiлеген 2000 данамен шығарылмайтыны. Тағдыры талапайға түскен Қажығұмар Шабданұлының "Қылмысынан" ақша қымқырған соң, басқа не сұрайсың?! Бұл жөнiнде Жәди Шәкен баспа бетiнде ашық жазды да. Құрылғалы 20 жылға таяу уақыттан берi бiр нақтылы бағдарлама жасап, Үкiметке бекiттiре алмаған соң, қою керек қой мұндай тiрлiктi. Қысқасы, қауымдастық қазiр нақтылы жұмыс жүргiзiп отырған бiлiксiз басшының кесiрiнен беделi төмен, белгiсiз ұйымға айналды.
Көшi-қон мәселесi – елiмiздегi өте өзектi мәселе. Ол – Қазақстанның әлем алдындағы беделiне, демографиялық өсiмге, шетелде жүрген қандастарымыздың тағдырына, үкiметiмiздiң қып-қызыл қаржысына, бiр сөзбен айтқанда, қазақ ұлтының, елiнiң болашағына тiкелей қатысты мәселе.
Министр күнде келiп жиналыс ашпайды. Ендi осындай бiр маңызды кезде, қауымдастық баяғы аяңына баспай, алдын-ала ақылдасып, әркiмнiң сөйлейтiн сөзiн сараптан өткiзiп, бiрiн-бiрi қайталамау жағын қарастырып, маңызды мәселелердiң ортаға қойылуын қадағалауы керек емес пе. Оның үстiне Қауымдастықтың бiрiншi төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi. Президент атымен байланысты орын болған соң, оның аты затына сай болуы керек қой. Алда – Дүниежүзi қазақтарының IV Құрылтайы. Анығын айту керек, Елбасымыз алдымен қауымдастықтың басшыларын реттеуi керек секiлдi. Қазiргi жағдайды бiлетiн, алыс шетелмен, өте-мөте Қытаймен қазақ елiнiң атынан тең дәрежеде сөйлесе алатын аса беделдi, көшелi адам келуi тиiс басшылыққа. Сосын көшi-қон жөнiнде нақтылы жағдайды, заң-ережелердi жетiк бiлетiн мамандар сөз алғаны жөн мұндай жиналыста. Оған жастың үлкендiгiнiң, атақтың жоғарылығының қажетi шамалы.
Ауыт МҰҚИБЕК