ӘЙЕЛ – ЕРДIҢ, ЕЛДIҢ ТАҒДЫРЫ
ӘЙЕЛ – ЕРДIҢ, ЕЛДIҢ ТАҒДЫРЫ
"Бiз әлемдi билеймiз, ал бiздi әйелдер билейдi" деген бiр Еркектiң сөзi бар. Бұл сөздi бiреулер Наполеонға, бiреулер басқаға телидi. Ал бiз бiлетiн ұлы корсикандықтың тура өзi айтқан сөзi мынау: "Әйелдiң билеп-төстеуiне ерiк берген еркек – не еркек емес, не әйел емес, әншейiн бiр бейшара".
Осыны айтқан Наполеонның басына – тәж, астына – тақ бұйырған даңқты да жорықты жылдарында бiр әйелдiң орны ерекше болған көрiнедi. Ол – Жозефина Богарне – әйгiлi француз революциясынан кейiн гильотинада басы шабылған генерал Богарненiң жесiрi. Осы келiншекке үйленгеннен кейiн-ақ Наполеонның тасы бiрден өрге домалайды. Үйлену тойы өтiсiмен көп ұзамай-ақ жиырма бес жасар жiгiт, кешегi бригада генералы, Италия армиясының қолбасшысы дәрежесiне бiр-ақ секiредi. Содан соң… жеңiстен – жеңiс, өрлеуден – өрлеу! Бүкiл Еуропаны тiтiренткен сәттi жорықтар. Барлық жерде жығылмаған, қисаймаған Франция туы. Бүкiл жұрттың, барша елдiң аузында – тек император Наполеон – Құдай болмаса адам тiзе бүктiрмес Бонапарт. Сөйтiп 1809 жылға дейiн бiр шыңнан бiр шыңға көтерiлген Наполеонның бұдан кейiн күрт құлдырау кезеңi басталып кетедi. Сол жылы Жозефинамен айрылысқан ол келесi жылы Австрия императорының қызы Мария-Луизаға үйленген едi.
Бұл некеден соң арада екi жыл өтпей жатып оның лавр жапырақты жеңiмпаз армиясы Ресейден басына шұлғау орап қайтады. Осы масқара жеңiлiс оны алдымен тақтан таюға, сосын Парижден кетуге мәжбүр етедi. Бұдан соң қанша бас көтерсе де еңсе көтере алмай, ақыры Әулие Елена аралынан бiр-ақ шығып, сонда көз жұмады.
Қалай десек те, Наполеон өмiрiнiң ең мәндi де сәндi, жеңiстi де жемiстi жылдары – оның Жозефинамен бiрге өткiзген 14-15 жылына дөп келедi деп топшылайды наполеонтанушы ғалымдар мен психологтар. Неге психологтар? Олардың айтуынша, шынайы махаббат, бiреудi өлiп-өшiп сүю – ер азаматтың бойындағы бар асыл қасиеттi оятып, шабытын шалқытып, ақыл-парасатын арттырып, талантын шыңдап, жүрегiне жiгер, жанына жалын, тәнiне күш-қайрат берсе керек.
Әйел – ердiң бақыты деген осы болар! Бiрақ бақыт құсын қонғанда емес, ұшқанда ғана бiлетiнiң (Б.Момышұлы) өкiнiштi-ақ…
"Ұшқанда" дегенде еске түседi, әйел – ердiң бақыты ғана емес, соры да болар кезi бар. Бұған орыс ақыны Александр Блок өмiрi куә.
Блоктың өте сүйiп үйленген жары – Дмитрий Менделеевтiң қызы Люба болған. Ақынның ең тамаша классикалық шығармалары осы әйелмен отасқан жылдары дүниеге келедi. Сосын сол Люба орыстың тағы бiр талантты ақыны, Блоктың досы Андрей Белыймен қол ұстасып кете барады да, Саша жалғыз қалады. Сөйтiп ол тағдырдың сұмдық тәлкегiне түседi. Бұдан кейiн мәндi ештеме жаза алмайды. Қатты iшкiлiкке салынып, ақыры үлкен күйзелiс үстiнде көз жұмады. "Ғашықтық мәселесiнде өте абай бол, балам. Сүйген адамың сенi шырқатып шыңға да шығарады, шырқыратып шыңырауға да құлатады" деп шығыс ғұламаларының бiрi, ойшыл Кабус өз баласына осындайды сезiп-бiлiп айтса керек.
Осындай бiр көңiлсiз жайды қазақ ақыны Нарманбет Орманбетов те кешкен. "Елуге келем бе, келмеймiн бе" дегендей мағынадағы өлеңi үшiн оның әйелi Мәлике "осы өлең жазам деп-ақ сен басыңа өлiм тiлеп бiттiң" деп ашу үстiнде Нарманбеттiң ғұмыр бойы жазған-сызғандарын отқа лақтырған ғой. Бұған аса күйiнген ақын үш күн терiс қарап жатып алып, ақыры:
Топпен барып бас қостым,
Топ таппады мiнiмдi.
Мәликемен бас қосқан
Итке берсiн күнiмдi, – деп әзер бас көтерген дейдi естелiктердiң бiрiнде.
Менiңше, бұл жерде Мәликенi де жазғыру қиын. Оның бар "жазығы" – Құдай қосқан қосағын "анау жаққа" ертерек жiбермеймiн дегенi де.
Абайға дейiнгiлердi бiлмеймiн, нағыз сүйген жар бақытына кенелгендер деп кейiнгi Сәбит Мұқанов, Жүсiпбек Елебеков, Кәукен Кенжетаев, Мұхтар Мағауиндердi айтады. Олардың шығармашылық, өнер жолында талай жемiстiң дәмiн татуына сол ағалардың үйiндегi асыл апаларымыздың көп әсерi болғандай.
Қалай десек те, кiмдi айтсақ та, ер мен елдiң тағдырында әйел затының ерекше орын алатыны рас. Бұны қазақтың мақал-мәтелдерiнен артық айтқан ешкiм жоқ шығар. Сол маржан сөздiң бiрi де бiрегейi:
"Үйдiң жақсысы – ағашынан,
Жiгiттiң жақсысы – нағашыдан".
Осы орайда ойыма ақын iнiм Әмiрхан Балқыбектiң бiр сөзi түседi. "Егер – дейдi ол, – еврей халқы сияқты қазақтар да баланың ұлтын ана жағынан есептесе, Шыңғыс ханның қазақ екенiн дәлелдеп осыншама алаөкпе болмас едiк-ау!". Астарында "әттеген-айы" бар әдемi сөз. Оның ненi тұспалдап отырғаны белгiлi: Шыңғыс ханның шешесi – бүгiнде Қазақ деген одақтың бiр мүшесi болып отырған, кешегi түркi тайпалардың бiрi – Қоңыраттың Әуелүн деген қызы ғой. Бұны аз десеңiз, сол ұлы Қағанның әйелi – Бөрте де – Қоңырат. Одан Жошы туса, ол ұлан-байтақ қазақ ұлысына билiк жүргiзсе, одан қаншама ұрпақ тарап, олар да ғасырлар бойы ел тiзгiнiн ұстаса – Шыңғыстың да, Жошының да бiзге қандай жаттығы бар. Оларды жат емес жақын еткен – алдымен бiздiң апаларымыз емес пе. Мiне – нағашы жақтың, шеше жақтың Сыйы!
Ендi ыңғайды ұлы Абайға бұрайық.
XVIII ғасырдағы әйгiлi Еңсегей бойлы Есiмхан хан қатаған Тұрсын ханды өлтiргенде, оның Айбике, Нұрбике, Қызданбике деген үш қызы Арқадағы қалың Қаракесек iшiндегi Шаншар Бұлбұлұлына бұйырады. Осы үш қыздан тараған кейiнгi ұрпақтардың бiрi – Ұлжан апамыз, бiрi – Дiлдә шешемiз делiнедi ауызекi деректерде. Ал Ұлжан – Абайдың шешесi, Дiлдә – оның үлкен әйелi. Демек Ұлы Абайдың бойында хан әулетiнiң де қаны болған ғой.
Негiзiнен көп ұғымды ылайлайтын – еркектердiң өзiмшiлдiгi секiлдi. Әйтпесе жаман туғанның бәрiн "жатырдан" көрмес едi олар…
Әсiлi, "Шешесiне қарап қызын ал" деген сөзде көп мән бар. Ана бойына бiтетiн асыл қасиеттiң басы – қанмен келер тектiлiкте. Тектiлiк көргендiлiкпен сабақтасады да, одан әрi дәстүр болып жалғасады. Осы үш категориядан нәр алған анадан "анау-мынау" бала туа ма! Мұндай ананың ұрпақ тәрбиесi де осал бола қойсын ба!..
Ойды одан әрi өрбiтсек, әйел тұлғасы тiптен биiктей түседi: ол бiр еркектiң, бiр отбасының, бiр әулеттiң ғана емес, тұтастай бiр ұлттың ғұмырын алға жалғастырады. Неткен ұлы миссия! Әйел-ана көтерген неткен ауыр, қандай абыройлы жүк десеңшi бұл!
Ұлттың ұлттық сипатын анықтайтын бiр белгiсi – салт-дәстүрi болса, соның бүкiл қара жұмысын атқаратын кiмдер? Әйел заты! Шiлдехана, тұсаукесер, тiлашар, торқалы той, топырақты өлiм сәттерiн көз алдыңызға елестетiп көрiңiз. Бiр бұрышта жөн-жоралғы айтып, не iстеп-не қоятынды түсiндiрiп отыратын кимешектi кемпiрден бастап, дастарқан маңындағы әйелдер мен қазан басындағы қыз-келiншектерге дейiн… бiр дамыл тапқанын байқадыңыз ба?! Неткен жансiрiлiк десеңiзшi! Өстiп жүрiп олар ұлт болашағы үшiн қандай ұлы жұмыс iстеп жатқандарын өздерi де бiлмейдi.
Ұлттың ұлттық сипатын анықтайтын тағы бiр белгiсi – тiлi болса, оның түпқазығы, бар тетiктi ұстап тұрар ұстыны – Ана екенiн мойындамасқа лаж жоқ. Бұл орайда ұлттық тiлiн "Ана тiлi" деп атаған қазақ қандай данышпан деп таң қаласың. Ең қарапайым мысал: үйде отағасының қандай тiлде сөйлейтiнi бәлендей рөл атқара қоймас, ал отанасы ана тiлiнен махрұм болса, ол үйден ана тiлiнде сөйлейтiн баланы күтпей-ақ қойыңыз!
Осыншама ұлан-байтақ жердi алып жатқан қазақтың қай қонысына барсаң да тiл айырмашылығы шамалы – бiзде диалект деген жоқтың қасы. Неге? Не себеп? Бәрi де әйел затының арқасы. "Балаң ақылды болсын десең, әйелдi алыстан ал" деген де кеңес бар. Жетi атасына дейiн қыз алыспауды ұстанған қазақ болашақ келiндi үй iргесiнен гөрi қаны алыс рудан, алыстау жерден түсiрген. Ал келiн келген жерiне жасау-жабдығымен бiрге өскен ортасының тiлiн, дiлiн, тұрмыс-тiршiлiктегi машықтанған әдет-салтын қоса әкелген. Бұны бейнелi түрде айтсақ, бал арасы көктемде бiр гүлден бiр гүлге қонып, жемiс ағаштарын қалай ұрықтандырса, әйел заты да қазақ тiлiн солай ұрықтандырып, түрлендiрiп отырған. Және осының нәтижесiнде бүкiл қазақтың қаны да мидай араласып, бiр-бiрiмен құда-жегжат, нағашы-жиен болып, бәрi бiрдей қарға тамырлы қазаққа айналған ғой. Бұны баяғы заман десеңiз, кеңестiк кезең мен бүгiнге дейiн Алматыға оқу iздеп келген қыздарымыз қазақ жерiнiң қай түкпiрiне келiн болып бармаған!.. Алатаудан – Қаратауға… Ұлытау мен Көкшетауға… Атырау мен Маңғыстауға!… Олай болса, бәрiмiздi туыс еткен, бiр-бiрiмiздi ағайын-бауыр еткен қыздарымызға мың тағзым демеймiз бе!
"Ел боламын десең бесiгiңдi түзе" десек, сол бесiктi тербетiп отырған – айналайын Ана емес пе! Сол үшiн де Ана атаулыға және мың тағзым!
Дидахмет Әшiмханұлы