КIМ КIМНЕН ҰРЛАП ЖYР?

КIМ КIМНЕН ҰРЛАП ЖYР?

КIМ КIМНЕН ҰРЛАП ЖYР?
ашық дереккөзі
375

Әнiн даулаған композиторлар

Осыдан бiрер апта бұрын алматылық композиторлар Мұратхан Егiнбаев пен Марат Iлиясов белгiлi композитор Алтынбек Қоразбаевты сотқа берген едi. Оның басты себебi Қазақстанның Халық әртiсi Алтынбек Қоразбаев жиендiк жасап, екеуiнiң әндерiн ұрлап жүрген көрiнедi.

Мұратхан Егiнбаевтiң пiкiрiне қарағанда, "Аңсағаным ауылым" әнiн 1978 жылы жазған екен. "Сол әндi қазiр Алтынбек Қоразбаев "Қызым саған айтамын" деген атаумен ел арасында шырқап жүр", – дегендi айтады әнiн даулаушы Мұратхан Егiнбаев. Ал Марат Iлиясовтың "Сарыарқа сазы" әнi де қолды болып, Алтынбек Қоразбаевтың атымен түрлi байқауларда шырқалып, жүлделi орындарды иемденiп жүр екен. "Арада бiр жыл өткеннен кейiн Астананың он жылдық тойы қарсаңында Астана туралы әндер конкурсында сол "Сарыарқа" деген ән екiншi мәрте лауреат болды. Өкiнiшке қарай бұл жолы әннiң авторы мен емес, Алтынбек Қоразабев болып шықты. Бiрақ ән – менiкi. Бiр жыл бұрын ол менiң атыма тiркелген", – дейдi Марат Iлиясов.

Бұл даудың қайдан шыққанын бiлгiмiз келiп, Алтынбек Қоразбаевқа бiрер сауал тастаған едiк.

– “Әнiмдi ұрлады” деген сөз қайдан шықты? Бұған дейiн айтылмай келiп, аяқ астынан олардың әнiн даулауының бiр сыры бар ма?

– "Қазақтың жауы – қазақ" деп бекер айтпайды. Менiң абыройым бар, атағым бар, ел бiлетiн адаммын деп ойлаймын өзiмдi. Атамның қанымен, ананың сүтiмен, Алланың күшiмен келген бойымда қуатым бар, талантым бар адаммын. Сонау 60 жылдары Жамбыл облысының музыка училищесiне өнер iздеп бардық. Асфальт көрмеген, күйсандықтан хабары жоқ қазақпын. Содан 1967 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның табалдырығын аттадым. Консерватория қабырғасында жүрiп, ауылдан келген бала бiр емес, екi бiрдей факультеттi қатар бiтiрдi. Бiреуi – домбыра, екiншiсi – дирижерлiк. Ән жазу қабiлетiм бала кезiмнен болды. Бiрақ ол кездегi шығарған әндерiмдi ұялшақтық па, қарапайымдылық па, еш жерде жариялағам жоқ. Консерваторияны 1973 жылы тәмамдаған соң, Жамбыл облысына, туған жерiме қайта оралдым. Менiң ең жұлдызды әндерiм туған жерiмде шықты. Бұл жайында мен туралы жазылған естелiктерде айтылған да болатын. "Әгугай, домбыра", "Сырғалым" сияқты әндерiмдi алғаш сонда жүрiп жаздым. 1974-75 жылдары шықты. Бұдан кейiн де талай әндер қатар-қатар дүниеге келдi. Сонда жүрiп, өзiмнiң жұлдызды әнiм деп есептейтiн "Сағындым Кенен атамды" әнiм дүниеге келдi. Сол жылдары "Қара кемпiр" толғауым шықты. Бұл толғау Жеңiстiң 40 жылдық мерейтойына арналып жазылды. Сол әндерiм шыққаннан кейiн, үлкен ағаларым менi Алматыға шақыртты. Алматыға келген соң, бiраз жылдар Сүйiнбай атындағы филармонияны басқардым. Алматыға келгеннен кейiн "Қара шал", "Қара бала" яғни "Бозторғай", "Қара пима" сияқты толғауларым бiрiнен кейiн бiрi дүниеге келiп жатты. "Қара кемпiр" шыққаннан кейiн "Қазақ әдебиетi" газетiнде "Қоразбаев деген кiм? Мынадай гүл жайнаған уақытта неге жылаңқы әндер жазады?" деген пiкiрлер де шықты. Бiрақ барлығының аузына құм құйған, үлкен жүректi ақынымыз Хамит Ерғалиев болды. Хамит ақын "Қазақ әдебиетi" газетiне "Қара кемпiр" толғауы – "Елiм-айдан" кейiнгi қазақтың екiншi қайғысы" деп жазды. Рас, заманның түзу уақытында "Қара шал" мен "Қара баланың" қайғысы бәрiмiзге ауыр тиген едi. "Қара шал" шыққаннан кейiн маған қаншама хаттар келдi. "Қара шалды" тыңдағаннан кейiн, әке-шешелерiмiздi Қарттар үйiне апармайтын болдық, ата-аналарымыздың қас-қабағына жақсы қарайтын болдық" деген хаттар легi толастаған жоқ. "Қара пима" әнi шыққан соң, республиканың түкпiр-түкпiрiнен қаншама хаттар келдi. Ол хаттарда да: "Алтеке, сiздiң әнiңiзден кейiн арақ дейтiн әзәзiлден арылдық" деген сарындағы сөздер жазылған. Мiне, бұл әндер – менiң мақтанышым. Осы әндерiммен қазақ халқына, елiме титтей болса да, себебiмдi тигiзсем, менде басқа арман бар ма?

Ал сенiң сауалыңа келер болсақ, баспасөз-мәслихатын ұйымдастырып, елдi шулатып жүрген Марат Iлиясов – менiң өзiмнiң шәкiртiм. Консерваторияны бiтiрген жылы ағасы Қозы Iлиясов Маратты қолынан жетектеп, маған әкелiп табыстаған болатын. Чайковский атындағы музыка мектебiне де өзiм түсiрiп кеткен едiм. Әкесiн де жақсы танимын. Әкесiнiң iнiлерiмен де әлi күнге дейiн жақсы араласып тұрам. Сол өзiм қолұшын берген азамат өзiме қарсы шапты. Бұл Марат Iлиясов мәдениет институтын бiтiргеннен кейiн де маған келдi. Жұмысқа алып, бiр-екi ай жұмыс iстегеннен кейiн, өз өтiнiшi бойынша жұмыстан шығып, Алматыға кеттi. Өзiнiң сұхбаттарында да: "Алтынбек ағаға рахмет, ешкiм танымайтын кезiмде маған жәрдемiн бердi", – деп айтып жүрдi. Осыны өзi дәлелдейдi деп ойлаймын.

2004 жылы Жамбыл облысында iссапармен жүргем. Қасымда Тұңғышбай Жаманқұлов бар. Екеумiз концерттiк бағдарламамен жүргенбiз. Маған бiр телефон қоңырауы түстi. Ұмытпасам, қыркүйек айы ғой деймiн. Марат Iлиясов екен. "Аға, сiзден бiр үлкен өтiнiшiм бар. Мемлекеттiк сыйлыққа өзiмдi ұсынсам ба деген едiм. Соған бiр үлкен композитордан, Халық әртiсiнен қолхат керек екен, соны жазып бере аласыз ба?", – дедi. Мен ойланбастан: "Айналайын, iнiм! Сен менiң шәкiртiмсiң, iнiмсiң. Жазып берем" дедiм. Жазып, қолымды қойып, Астанаға жiбердiм. Сол кезде қасымда отырған Тұңғышбай Жаманқұлов: "Алтеке, сол Мемлекеттiк сыйлыққа неге өзiңдi ұсынбайсың?", – дедi. "Мен әзiр дайын емеспiн" деп едiм, "Алтеке, сенiң өтетiн кезiң келдi. Жасың да келдi. Марат әлi жас бала. Сен бағыңды сынап көр", – дедi. Тұңғышбайдың айтуымен Алматыға келген соң, құжаттарымды әзiрлеп, өткiзiп жiбердiм. Менi ұсынған музыка қайраткерлер одағы. Ермек Серкебаев ағам. Мемлекеттiк комиссияның құрамында лауазымды 25 адам бар екен. Олардың қатарында өңшең мықтылар: Айман Мұсаходжаева, Жәния Әубәкiрова, Қадыр Мырза Әлi, Тұманбай Молдағалиев, Қаршыға Ахмедияров сияқты тарландарымыз бар. Олардың бәрi менi таниды, мен олардың бәрiн танимын. Солардың бiреуiне барып, ештеңе деп айтқан жоқпын. Өнерде, спортта жолдан қамқоршы болу дұрыс емес. Ешқайсысына да қолқа салғам жоқ. Сол жолы менiң бағым жанып, Мемлекеттiк сыйлықты алдым. Өкiнiшке қарай Марат Iлиясов бiрiншi турдан өте алмай қалды. Сол жолы Мараттың туған ағасы құттықтады, Марат хабарласқан жоқ. Мен оған ренжiгем де жоқ. Содан екi жылдан кейiн, Марат қайта хабарласып, тағы пiкiр жазып беруiмдi өтiндi. Мен көңiлiмде ешнәрсе жоқ, тағы да қол қойып бердiм.

Ал әнге келер болсақ, 2003 жылы болу керек, әлi есiмде Көкшетау қаласының өңiрiнде, Шортанды көлiнiң жағасында Елбасымен кездесу өттi. Үлкен өнерпаздар Елбасының алдында ән айтты. Сол жерде "МузАРТ" триосы "Үш қоңыр" әнiн орындады. Елбасы әнге үлкен баға берiп, екi-үш рет орындатты. Сосын менi шақырып алып: "Алтынбек iнiм, мына әнiң халық әнiне ұқсайтын жақсы туынды болып шығыпты. Бүкiл ел айтып жатыр. Менiң саған тапсырыс бергiм келiп отыр. Оны адамгершiлiк тапсырыс деп есепте. Мен саған тапсырысым, қазақтың кең жазира сары даласы Сарыарқаға арнап ән жазайық", – дедi. 2005 жылы әндi дайындап шықтым. Әндi ең бiрiншi рет Ермек Елгезеков деген азамат бар, соның студиясына апарып, "МузАРТ" триосына жаздырттым. Әндi "МузАРТ" триосының орындауында ең бiрiншi тыңдаған, халық қалаулысы Бекболат Тiлеухан болды. 2005 жылдың желтоқсан айы болатын. "МузАРТ" триосының бұл әндi орындауға қолдары тимеген соң, мен оны "Бәйтерек" тобына апарып, дискiмдi тастап кеттiм. Ол жiгiттер дискiнi алып қалып, "Бұл әндi Астананың он жылдығына арнап, шығарамыз", – дедi. Бұл – менiң бiрiншi куәм. Екiншi жағдайды айтып берейiн. 2006 жылдың басында "МузАРТ" триосының продюсерi Арман Бексұлтан менiң домбырамен орындауымда әлгi әндi компьютерге жазып алыпты. Адамды адам алдауы мүмкiн, ал компьютердi ешкiм алдай алмайды. Компьютерде тайға таңба басқандай, қалып қойыпты. Марат Iлиясов қасындағы домбыраның не екенiн бiлмейтiн, қанша iшегi барынан хабарсыз адамдарымен барып, менiң әнiмдi өткенде сынға салды ғой, компьютерден тыңдасын. 2007 жылы күз айларында "Елiм менiң" байқауының төрағасы болдым. Марат шығып, "Сарыарқа сазы" деген бiр ән орындады. Соның бiр пайызы, яғни алты тактiсi менiң әнiме ұқсайды екен. Мен оны қасымдағыларға айтып едiм, "Төраға өзiңсiң ғой. Өзiң шеш" дедi. Марат ол кезде еш жерде жұмыс iстемейтiн. Соған жаным ашыды да, "қойшы кете берсiн" дедiм. Марат азамат болса, жүрегi нәзiк композитор болса, менiң алдымнан бiр рет өту керек едi. "Аға, мына жерi ұқсап кетiптi" деуi керек едi. Бiр рет те келген жоқ. Тым болмаса, телефон қоңырауын соққан да жоқ. Содан әндi өткiзiп жiбердiм. Сол кезде жiбермей қойсам, менiң құқығым бар едi. Көңiлiне тимейiн дедiм. 2008 жылы "Бәйтерек" тобы әндi дайындап, Астананың он жылдығында орындап шықты. Ән жақсы шықты.

Содан кейiн өткен жылы, яғни 2010 жылы бiр тiлдей қағаз жiберiп, менi шақыртты. Онда ән туралы ештеңе айтылмаған. Бардым. Барсам, Егiнбаев жоқ, Марат отыр екен. Екi әндi салыстырып шықты. Шынында да, ұқсайтын жерi бар екен. Кезiнде Шәмшi Қалдаяқовқа "Сiздiң мына әнiңiз, халықтың бiр әнiне ұқсайды екен", – дегенде, "Ой, Аллам-ай, мен қандай қуаныштымын. Менiң әнiм халқымның әнiне ұқсап жатқаны қандай жақсы" – деген екен. Мұқағалидың өзi: "Күпi киген қазақтың қара өлеңiн, шекпен жауып өзiне қайтарамын" деген жоқ па? Егiнбаевтiң айтып отырған әнi сонау сексенiншi жылдары шықты. Егiнбаев тiркеуге отырыпты. Мен жасатқам жоқ. Жасатпаймын да. Керек болса, өздерi тауып алсын. Жекеменшiк авторлық құқықты анықтайтын орындар толып жатыр. Арым таза. Мен ұрлайтын болсам, Егiнбаев пен Iлиясовтан ұрламаймын. Ұрласам, Мұқан Төлебаевтан, Нұрғиса Тiлендиевтен немесе халық композиторларының миллион әндерiнiң бiрiнен ұрлар едiм ғой. Екi корифей Ермек Серкебаев пен Бибiгүл Ахметқызы менi қолдап хабарласып жатыр. Бибiгүл Ахметқызы тiптi: "Алтынбек-ау, бұл не сұмдық? Қазақтың әнiнiң отыз пайызы бiр-бiрiне ұқсап жатады ғой. Бұл әр мемлекеттiң дүниежүзiлiк тәжiрибесiнде бар", – деп жатыр. Мұны Мараттың бiлiмсiздiгi, Егiнбаевтiң сауатсыздығы дер едiм. Композиторлар одағының шығарған бағасы маған керек емес. Егiнбаевтiң әнi менiң әнiме табиғи жағынан ұқсас шығар, екеуi бiр-бiрiнен аумайды деп айта алмаймын. Менi сотқа шақырып жатыр. Тiптi бiреу хабарласып, "қорғаушы аласыз ба?", – дейдi. Мен не қылмыскермiн бе? Мен неге қорғаушы алуым керек? Менiң бiр тиын кiнәм болмаса, мен неге қорғаушы алуым керек?!

P.S. Алтынбек Қоразбаевтың айтар пiкiрi осындай. Марат Iлиясов пен Мұратхан Егiнбаев әнiн сот арқылы қайтарып алуды көздеп отыр. Өткен аптада осы даудың төңiрегiнде Алматы қаласының Медеу аудандық сотында алғашқы тыңдалымы болып өттi. Ендiгi сот отырысы 25 ақпанда өтпек. Ол күнi де композиторлар тағы келiсе алмайтын болса, судья сот процесi басталатын күндi белгiлейтiн болады. Сот қандай үкiм айтады? Оның бәрi келешектiң әңгiмесi. Композиторлардың арасындағы дау қалай шешiледi, оны алдағы нөмiрлерiмiзде айта жатармыз.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары