“БЕРСЕҢ — ҚОЛЫҢНАН, БЕРМЕСЕҢ – ЖОЛЫҢНАН”

“БЕРСЕҢ — ҚОЛЫҢНАН, БЕРМЕСЕҢ – ЖОЛЫҢНАН”

“БЕРСЕҢ — ҚОЛЫҢНАН, БЕРМЕСЕҢ – ЖОЛЫҢНАН”
ашық дереккөзі
1055

Қырғызстанда қылмыстық топтардың зорлық-зомбылығы осындай

Қырғыз билiгi жаңа жылдан бастап қылмысқа және ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күрестi белсендi түрде жүргiзе бастады.

Жаңадан құрылған Қырғыз Республикасының қорғаныс кеңесiнiң 22 қаңтарда өткен мәжiлiсiнде президент Роза Отынбаева өлкенiң қауiпсiздiк және құқық қорғау органдарына мемлекеттiң iшкi қауiпсiздiгiн нығайту үшiн ұйымдасқан қылмыстық топтарға күрестi пәрмендi жүргiзу туралы тапсырма берген болатын. Содан бергi уақытта президент республиканың шығыс және оңтүстiк облыстарына iссапармен барып, бiрнеше алқалы жиындарды өткiздi, соның бәрiнде де қылмысқа қарсы күрес мәселесi күн тәртiбiнен түскен жоқ. Әсiресе бұл мәселе оның Ыстықкөл облысына барған сапарында күн тәртiбiне баса қойылды.

Ыстықкөл және оған шектес Нарын облысының құқық қорғау органдары және облыс белсендiлерiмен өткiзiлген жиында екi мәселе – қылмысқа және экстремизмге қарсы күрестiң шаралары талқыланды.

Ресми мәлiметке сәйкес, өткен жылы республика аумағында 35 мың қылмыс тiркелген, оның 3 мыңы Ыстықкөл облысының, 700-i Нарын облысының үлесiне тиедi. Жалпы ауыр және өте ауыр қылмыс жасау 50 пайызға артқан. Жеке адамдарға қарсы ұйымдастырылған қылмыстық әрекеттер көбейген. Мұндай қылмыстың түрi бойынша Ыстықкөлде 300-ден астам, Нарында 100-ге жақын фактiлер тiркелген. Ыстықкөл облысында ұйымдасқан қылмыстық топтар жасаған қылмыстар алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр 4 есе өскен. Ыстықкөл облысында қылмыскер топтар "Үйлестiру кеңесi" дегендi құрып, жергiлiктi билiк органдарында және бай санаторийлерде өз позициясын бекемдеп алуға уағдаласқан. "Бұл осылай жалғаса берсе, ертең қылмыстық топтар облыс әкiмдерiн, басқа да жетекшiлердi тағайындайды. Қылмысқа қарсы күрес құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық деңгейдегi мемлекеттiк билiктiң және мекемелердiң, қоғамның мiндетi болуға тиiс. Мәселе турасынан қойылып отыр, бiз оларды жоқ етемiз, не олар бiзге ертең қалай өмiр сүрудi таңа бастайды", – деп мемлекет басшысы мұндай келеңсiз көрiнiстерге қынжылысын бiлдiрдi.

Осы жиналыста көптен берi ыстықкөлдiктердiң көкейiне көк тастай батып келген рэкет мәселесi президенттiң сөзiнде ашықтан-ашық айтылды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың курорттық мекемелерге салған салығының көлемi мемлекеттiк салықтардан кем түспейтiнi сөз болды. Президент халықаралық деңгейде мәнiсi бар Ыстықкөл демалыс аймағында қылмыстың күшеюi шетелдiк инвесторлардың және шет өлкелерден келуi мүмкiн демалушылардың көңiлдерiн мүлде суытып тастайтынын естен шығармау керектiгiн баса белгiледi. Сондай-ақ ол мемлекеттiк автоинспекция қызметкерлерiнiң жөнсiз жорықтарына тоқталып, көршi туысқан елдерден, оның iшiнде Қазақстаннан өздерiнiң көлiктерiмен келген демалушыларға МАИ қызметкерлерiнiң қоқан-лоққысын айыптады. "Оның орнына жол қырсығының алдын алумен айналысыңдар, өткен жылы Ыстықкөл облысында 400-ге жақын жол апаты болып, жүзден астам адам қазаға ұшыраған", – дедi Президент жол қауiпсiздiгiнiң қызметкерлерiне.

Осы жиналыстың барысында республика Ұлттық қауiпсiздiгi мемлекеттiк комитетiнiң төрағасы Кеңешбек Дүйшебаев: "Президенттiң тапсырмаларын атқаруға кiрiстiк, егер екi айдың iшiнде мұны атқара алмасақ, күшiмiздi көрсетпесек және қоғамды қылмыскерден тазаламасақ, бiздiң құнымыз бiр тиын", – деп өз мойындарына толағай жүк артты. Әрине көптiң тiлегi: "Сондай болса, қане шiркiн!".

Iшкi iстер министрлiгiнiң мәлiметiне сүйенсек, Қырғызстанда 326 мүшесi бар 4 iрi қылмыстық топ бар. Өткен жылы олардың 67 мүшесi, яғни бестен бiрi ұсталған. Бұдан бiрнеше күн бұрын Бiшкектiң Свердлов аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң жаңа ғимараттарының бiрi пайдаланылуға берiлгенде, Қырғызстанның Iшкi iстер министрi Зарылбек Рысалиев соңғы он күннiң iшiнде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 34 белсендi мүшесi тұтқындалғанын, олардың қылмыстары дәлелденгендiгiн, iстiң сотқа өткерiлiп жатқанын мәлiмдедi. Сонымен бiрге қайтадан құрылған Ұйымдасқан қылмыспен күресу бойынша бас басқармалық (ҰҚКББ) ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргiзудi өз қолына алған. Басқарманы заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету үшiн Үкiметтiң резервтiк қорынан 4 миллион 750 мың сом бөлiнбекшi. Одан тыс басқарма қызметкерлерiнiң айлықтары үшiн бюджеттен 40 миллион сом қаралуда. Министр басқарма бастығының қазiргi айлық еңбекақысын да көпшiлiкке жариялап жiбердi. Небары – 4500 сом екен. Тiптi қауiпсiздiк комитетiнiң және қаржы полициясы жүргiзушiсiнiң айлығы одан жоғары – 5700 сом болып шықты. Министр ҰҚКББ-ы қызметкерлерiнiң айлығы жыл аяғына дейiн басқа да күш түзiлiстерiнiң қызметкерлерiнiң еңбекақысына теңесетiнiне уәде бердi. Сондай-ақ бас милиционер қызметкерлерiнiң үлкендерiнiң кiшiлерiнен пара алуын үзiлдi-кесiлдi тоқтатуды талап еттi. "Егер бастықтарың мәжбүрлесе, күндiз болсын, түн жарымында болсын, маған, тiптi үйiме дейiн келiп бiлдiрiңдер. Менiң есiгiм бәрiңе ашық", – дедi З. Рысалев милиция қызметкерлерiне.

Өткен жаздағы парламенттiк сайлауға әзiрлiк кезiнде бiр топ саяси партиялар "Бiз парламентке келсек, қылмыстық топтарға аяусыз қарсы күрес жариялаймыз, оларды жоямыз",– деген асқақ ұрандармен шыққан. Солардың бiрi қазiр Парламентте азшылық фракцияны еншiлеп қалған "Атамекен" партиясы. Бұл партияның депутаттары 39 баптан тұратын ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресудiң заң жобасын әзiрлеп жатыр. Жоғарғы Кеңештiң депутаты, партияның лидерi Өмiрбек Текебаев жаңа заңның жобасы туралы былай дейдi: "Бұл заң жобасы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестiң басталғанын аңғартады. Сонымен бiрге бiз Қылмыс кодексiне өзгерiстердi кiргiзудi ұсынып отырмыз дәлiрек айтқанда, қылмыстық идеологияны насихаттағаны және ұйымдасқан қылмыстық топтарды құрғаны үшiн жазалар қаралады. Мен "паханмын", "смотрящиймiн", "черныймын" деген адамдар осы сөзi үшiн-ақ үш жылға қамауға алынады. Ал ендi мүшелерi 2-3 адамнан асқан ұйымдасқан топты құрғандарды 10 жылға дейiн түрмеге қамау, "криминалдық авторитетпiн" дегендердi 10 жылдан арыға жазалау қарастырылады".

Осы жаңа заңды қабыл алудың бастамашысы "Атамекен" партиясынан Жоғарғы Кеңешке депутат Тұрат Мадылбеков қазiргi Парламентте қылмыстық топтардың мүшелерi бар деп есептейдi. "Қырғыздар "қой ақсағымен мың" дейдi емес пе. Соның айғағындай, парламент те сондай адамдармен толықталып тұр. Әлбетте, бұл өкiнiштi көрiнiс", – дедi ол.

Парламент тарихына көз жүгiртсек, А.Ақаевтың тұсында Баяман Эркинбаев, Қ.Бакиевтың тұсында Тынычбек Акматбаев деген "қылмыстық топтарға қатысы бар деп айтылып жүрген" Жоғарғы Кеңештiң депутаттары болған. Баяман Эркинбаев Бiшкекте, күндiз "белгiсiз бiреулердiң" атқан оғынан қаза тапса, Тынычбек Акматбаев түрменi аралап көру үшiн барғанда, сол жерде қылмыскерлердiң қолынан жан тәсiлiм еткен. Орнына оның iнiсi, жалпы жұрттың аузында "қылмыс дүниесiндегi беделдi лидер" деп аталған, өз округының сайлаушылары және туысқандарының айтуы бойынша "әдiлдiк жолындағы күрескер" Рыспек Акматбаев сайланған. Рыспек Үкiмет үйiнiң алдына көп адамдарды жинап, киiз үйлердi тiгiп, Президент Қ.Бакиевтi, үкiмет басшысы Феликс Құловты ағасының өлiмiне байланысты алаңға сөйлесуге шақырған. Сонда Президенттiң өзi шығып сөйлескен едi. Р. Акматбаев заңды түрде депутаттық мандатқа ие болуға бiрнеше күн қалғанда, кешқұрым мешiтке намаз оқуға барған жерiнен жалдамалы кiсi өлтiрушiлердiң автоматпен атқан оғынан мерт болған.

"Қылмысқа қарсы күрес мерзiмi аяқталғанда тоқтап қалатын науқандық жұмыс емес, бұл бiздiң түпкiлiктi мақсатты iсiмiз. Мұны ақырына шығарамыз. Владимир Высоцкийдiң әлгiбiр кинофильмде айтқанындай, "Ұры түрмеде отыруы тиiс", – дедi, 9 ақпанда қырғыздың басты телеарналарына берген сұхбатында премьер-министр Алмазбек Атамбаев. Әрине үкiмет басшысы "ұры" деп жай ұрыны емес, "заңдағы ұрыны" айтты.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары