"КӨК САНДЫҚТА" – ЕКI ТIЛ
"КӨК САНДЫҚТА" – ЕКI ТIЛ
21 ақпанда Халықаралық туған тiл күнi әлемде кеңiнен аталып өттi. Яғни бұл күнi әлемдегi әрбiр ұлт өкiлi өзiнiң туған тiлiне құрмет көрсеттi. Тәуелсiздiгiмiзге 20 жыл толса да, бiздiң әлi күнге туған тiлiмiздi тұғырына қондыра алмай жүрген жайымыз бар. Қазақ тiлi әлi де есiктен сығалап, төрге оза алмай келедi. Бұл – ащы болса да, шындық. Ал туған тiлдiң қоғамда кең етек жаюына ақпарат құралдарының ерекше ықпал ететiнi жасырын емес. Әсiресе күнi бойы көзiмiздiң жауын алып, санамызды улайтын көк сандықтың бұл ретте орны басым.
ХХ ғасырдың озық техникасы – теледидарға бұл күнде түрлi анықтама беремiз. Теледидар – идеология құралы. Теледидар – ойды бүкпесiз жеткiзетiн ашық алаң. Теледидар бала үшiн ана мен әкенiң орнын басар тәрбиешi болып отырғаны да бұлтартпас шындық. Түптеп келгенде, теледидар тiл үйретушi құрал десек, асылық айтпаспыз, сiрә. Көптеген зерттеулерге қарағанда, адам күнiне кем дегенде 3-4 сағатын теледидар алдында өткiзедi екен. Бұл дегенiңiз – әрбiрiмiз 3-4 сағат iшiнде көк сандықтан тәлiм-тәрбие алып, санамызға түрлi ақпаратты сiңiремiз деген сөз. Спутник арқылы берiлетiн алпауыт елдердiң алып арналарының түрлi бағдарламаларына төтеп берiп, қазақ көрерменiнiң назары үшiн күресiп жүрген телеарналарымыз да өз әлдерiнше күн сайын жаңа бағдарлама ұсынады. Бұрын-соңды құлағымыз шалып, көзiмiз көрмеген шоу-бағдарламаларда бұл күнде шек жоқ. Аты да, заты да шетелдiкi болғандықтан мұхит асып, осы шоулардың лицензиясын сатып алып жүрмiз.
Бiрақ қазiр көк сандықтағы қайсыбiр бағдарламаның екi тiлде жүргiзiлетiнiн аңғарасыз. Отандық телеарналар бағдарламаларының барлық көрерменге түсiнiктi болуы үшiн жаңа бiр "айланы" ойлап тапқандай. Бүгiнде телебағдарлама орыс тiлiнде жүргiзiлсе, жүргiзушiнiң аузынан шыққан әрбiр сөз экранның төменгi жағындағы жүгiртпе жол арқылы қазақ тiлiне лезде тәржiмаланады, ал бағдарлама қазақ тiлiнде жүргiзiлсе сәйкесiнше әрбiр сөз орыс тiлiне аударылады. Ендi көк жәшiктегi телебағдарламалардың қазақ тiлiндегi мән-мағынасын бiлу үшiн жүгiртпе жолдан көз алмайтын күн туды. Бұл 50х50 ұстанымының жаңа түрi болса керек. Мұнда тұрған бәлендей ағаттық жоқ. Бiрақ кейде жүргiзушiнiң сөзi мен жүгiртпе жолдағы тәржiма бiр-бiрiне мүлдем сәйкес келмей жатады. Сол сәтте не жүргiзушiге, не жүгiртпе жолға сенерiңдi бiлмей дал боласың. Десек те мұндай олқылықты ескерiп жатқан телеарналар жоқ сияқты.
Жүгiртпе жолды қажет етпейтiн бағдарламалар да бар. Ондай бағдарламалардың 50 пайызы қазақ тiлiнде, қалған 50 пайызы орыс тiлiнде жүргiзiледi. Мұндай телеөнiмдi "қостiлдi бағдарламалар" деп айдарладық. Ендi "арбаны да сындырмай, өгiздi де өлтiрмейтiн" "қос тiлдi" телебағдарламаларға кезек берсек. "Хабар" телеарнасының "Iске сәт" таңғы бағдарламасы күн сайын таңертеңгi жетiден онға дейiн көрерменмен қауышады. Бағдарлама орыс және қазақ тiлдерiнде жүргiзiледi. Сәйкесiнше "Iске сәттiң" әрбiр айдары да қостiлдi. Әрине елiмiзде мемлекет құрушы қазақ ұлтымен қатар, орыстiлдi көрермендердiң де саны басым. Сондықтан қайсыбiр бағдарлама жалпыға бiрдей түсiнiктi болу керек. Бiрақ "Iске сәттiң" жүргiзушiлерiнiң шалақазақша (немесе шалаорысша – Ә.Б.) айтқан сөзi мен акцентiн байқаған кезде бағдарламаның бiрыңғай не орыс тiлiнде, не қазақ тiлiнде жүргiзiлгенi жөн-ау дейсiз ерiксiз. Шалғай елдi мекендерде тұратын көрермен үшiн мұндай бағдарламаның қызықты бола қоюы да екiталай.
"Қазақстан" телеарнасы жаңа маусымда жаңа телехикая түсiрдi. Елiмiзде тұңғыш рет ситком жанрында түсiрiлген "Айналайын" телехикаясы бұл күнде көрерменiне екiншi маусымын ұсынуда. Телехикая шалақазақ көрерменге ой тастау үшiн түсiрiлгендей. Олай дейтiнiмiз "Айналайынның" желiсi бойынша қалада өскен бала алдымен ауылға барып, ата-әжесiнен туған тiлiн үйренедi. Осыны көрiп, көңiлiмiз бiраз марқайып қалғанын жасырмаймыз. Дегенмен телехикаяның екiншi маусымында ауылдағы ағайын қаладағы өмiрге қанығады. Яғни қаланың шалақазақша ортасына тап болады. Қазақша, орысшаны араластырып сөйлеп, қаланың қазақылықтан ада ортасына бейiмделедi. Бiр қарағанда телехикая қоғамның бүгiнгi дертiн дөп басып тұрғандай. Алайда "Айналайындағы" әрбiр кейiпкердiң қажет жерiнде де, қажет емес жерiнде де қос тiлде былдырлауы оғаштау көрiнетiн сияқты. Елiмiзде жаңа жанрда түсiрiлген телехикаяны әрбiр отбасы тайлы-таяғымен отырып тамашалайды. Жас ұрпақтың көк сандықтан берiлетiн кез келген ақпаратты тiкелей қабылдап, соған елiктейтiнi тағы анық. Мәселен елiктеудiң салдарынан бұл күнде жат менталитеттi санасына құятын жастар көбейдi. Телехикая кейпiкерлерiнiң қазақша-орысшаны араластырып сөйлейтiнiн жастар өздерiне сын ретiнде емес, қайта осынымыз дұрыс деп қабылдаса қайтпекпiз. Туған тiлдiң қадiрiн жете түсiндiре алмай отырған мына күнде, шалақазақша сөйлеген жасқа: "Неге бұлай iстейсiң" – деп тап берсеңiз, ол: "Несi бар, "Айналайынның" кейiпкерлерi де солай сөйлейдi ғой. Алдымен соларға тыйым салып көрiңiз" – деп жауап қатса ше? Әлбетте олай болуы екiталай. Дегенмен "сақтықта қорлық жоқ" дейдi халық даналығы. Отандық телеарналардың шоу немесе телехикаяны ұсынарда "Қазақ жастары өзiн бағдарламадан көрiп, ұялсын" дейтiнi қисынға келмейтiн сияқты.
Елiмiзде бүлдiршiндерге арналған телебағдарламалар көбейiп келедi. Тiптi балаларға арнап "Балапан" телеарнасын да аштық. Ұрпағымыздың өзiмiздiң төл өнiмiмiзге қанық болғаны дұрыс-ақ. "Қазақстан" телеарнасы әр жексенбi сайын кiшкентай көрермендерге "Толағай" отбасылық сайысын ұсынады. Қызықты әрi тартысты бағдарлама бүлдiршiндердiң көңiлiн ә дегеннен баурап алды. Қазақ тiлiнде "Толағай" деп аталатын бағдарлама "қос тiлдi бағдарламалардың" тiзiмiнде. Бiр қызығы, бағдарламаға қатысушы отбасылардың бiраз бөлiгi таза қазақтiлдi жанұялар. Қатысушылардың ресми тiлге шорқақтығын жүргiзушiлердiң орыс тiлiнде қойған сұрағына отбасы мүшелерiнiң жауап беру барысында тосылатындығынан оңай аңғаруға болады. Осындай сәттерде "әттеген-ай" дейсiң ерiксiз…
"Көңiлдi тапқырлар клубының" түлектерi отандық телеарналарға тың бағдарламаларды әкелдi. Әзiлдiң түбiн түсiретiн жiгiттер қазақ телевизиясына жаңа леппен келдi десек, әсте қателеспеймiз. Бұл да Батыстың телеарналарына төтеп берудiң тағы бiр жолы болар, шамасы. "Ел арнадан" "Ашық поштаны" көремiз кейде. Бағдарламаны Құмар, Дастан, Дәурен есiмдi қазақ "КТК"-сының майталмандары жүргiзедi. Ресей асып, орыстарды таңғалдырған "квншiлер" "Ашық поштаны" қос тiлде жүргiзедi. Бағдарламаға қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары қонаққа келедi. "Ашық поштаны" көре отырып, тағы да өкiнiштен "аһ" ұрдық. Бағдарламаға келген қонақтардың денi қазақ әншiлерi. Кейде жүргiзушiлердiң орыс тiлiндегi сұрағына олар да қысылып, қымтырылып зорға дегенде орыс тiлiнде жауап бередi. "Ашық поштаның" басым бөлiгi ресми тiлде өтетiнi – тағы бiр өкiнiш.
Жақында ғана елiмiзде өткен Ақ Азиада көпшiлiктiң жадында ұзаққа сақталатыны анық. Ел болып, жұдырықша жұмылып осы доданың сәттi өтуiне ат салыстық. Өз елiмiзде спортшыларымыздың мерейi үстем болды. VII-шi Қысқы Азия ойындарының көркiн қыздырған да телеарналар екенi айтпаса түсiнiктi. Азиаданың кезiнде телеарналарымыз бiрқатар шоуларды көрермен назарына ұсынды. Байрақты бәсеке осылайша қалың бұқараға насихатталған едi. Алайда Азиада арналған барлық телеөнiм тағы да қос тiлде жүргiзiлдi. Дүбiрлi доданың ашылу салтанатында әншi, тележүргiзушi Мадина Сәдуақасова мен спорт комментаторы Диас Ахметшәрiп "шала орысшасымен" көрерменнiң езуiне күлкi ұялатса, "Қазақстан" телеарнасы ұсынған "Ирби" ток-шоуында Мадина қызымыз баяғы "жорғасына" тағы да басқан. Осыдан-ақ тележұлдыздарымыздың қостiлдi телеөнiмге аса дайын еместiгiн оңай аңғарасың.
Бiздiң елден өзге ешбiр мемлекетте телеарналар қос тiлде сөйлемейдi. Көршiлес Өзбекстан, Тәжiкстан, Татарстан, тiптi Ресейдiң тәжiрибесi сөзiмiздiң айқын дәлелi болса керек. Аталған елдерде де өзге ұлттың өкiлдерi өмiр сүредi. Теледидар ХХI ғасырдың басты тәрбиешiсi һәм үгiттеушiсi екенiн әлдеқашан ұқса керек, олар басқа ұлттың емес, алдымен өз ұлтының сойылын соғады. Себебi бiрiншi кезекте болашақ ұрпақты ойлайды. Ал бiздегi жағдай – мынау. Жақында "Хит тв" телеарнасы "жұлдыздарға" қос тiлде сөйлеу жөнiнде сауал тастаған болатын. Сонда бiр әншiмiз: "кейде орысша да, қазақша да сөйлейсiң. Бiрақ көбiне таза қазақша сөйлеуге тырысамын", – деген едi. Жалпы ресми тiл мен мемлекеттiк тiлдi араластырып сөйлейтiн қазақ жастарының дүбара әрекетi көзге түрпiдей тиедi екен.
Осы тұста тағы бiр шындықтың бетiн ашқан дұрыс. Теледидар арқылы көңiлiн аулап жүрген қазақстандық орыстардың көбi қазақша тiл сындыру жағынан анау-мынау қазақтарды он орап алады. Сонда отандық телеарналар кiм үшiн жанталасап жүр? Шын мәнiнде ойланатын сұрақ…
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ