БЫЛТЫР ОҢТҮСТIКТЕ 189 77 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ
БЫЛТЫР ОҢТҮСТIКТЕ 189 77 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ
Мемлекеттiк саясаттың басты бағыты – халықтың әлеуметтiк әл-ауқатын жақсарту. Оңтүстiк Қазақстан облысында осы салада айтарлықтай iлгерiлеушiлiктер бар. Әуелi статистикалық деректердi келтiрейiк. Былтыр оңтүстiкте 189 77 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздықтың деңгейi алдыңғы жылмен салыстырғанда бiршама төмендеп, ол 67,7 мың адамды құрап отыр. Әлеуметтiк жағынан аз қамтамасыз етiлген отбасылардың саны соңғы бiр жылда 22 пайызға төмендеп, 25 300 адамды құраған.
Дегенмен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының бастығы Мұхит Әлiнiң сөзiне сенсек, кейбiр атқамiнерлер халықты жұмыспен қамту үшiн қаралған бюджеттiң қаржысын басқа салаға жұмсап жiберген. Сонымен қатар, жекеменшiк кәсiпорындарда еңбек етiп жүрген азаматтардың табыстарында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Мысалы Сайрам ауданында орташа жалақы 68 380 теңгенi құраса, Қазығұрт пен Мақтаарал аудандарында бұл көрсеткiш 30-33 мың теңгеден аспай тұр. Әлеуметтiк сала мамандардың пiкiрiнше, жергiлiктi атқарушы билiк белсендiлiк таныта бiлсе, көп мәселенi шешуге болады. Мәселен Сайрам аудандық әкiмдiгi азаматтардың еңбек құқығы мен кепiлдiктерiн қамтамасыз ету мақсатында 290 кәсiпорынмен меморандум түзiп, нәтижесiнде жұмысшылардың жалақысы анағұрлым өскен. Ал 300 мың халқы бар Мақтаарал ауданында дәл осындай меморандумға тартылған кәсiпорындардың саны 35-тi құраса, Қазығұрт ауданында 13-ке әрең жетiптi.
– Әлеуметтiк маңызы бар мұндай тиiмдi құжаттар өз деңгейiнде түзiлетiн болса, орташа жалақы өсiп қана қоймай, жұмыс күшiн пайдалану тиiмдiлiгi де арта түсер едi, – дейдi Мұхит Әлi.
Жалақының төмендiгi өз алдына, сол азын-аулақ айлығын уақтылы ала алмай сергелдеңге түскендер де жоқ емес. 2010 жылдың басында облыста жалақы қарыздары 200 миллион теңге көлемiнде болса, қазiр ол 64 миллион теңгеге дейiн төмендеген. Алайда Кентаудағы жағдай күрт керi кетiп отыр. Мұндағы төрт iрi кәсiпорында жалақы қарызы азаюдың орнына арта түсiп, 52,7 миллион теңгенi құраған.
Мұхит Әлiнiң дерегiне сенсек, облыста әлеуметтiк көмек алушылардың үштен бiр бөлiгi – жұмысқа жарамды азаматтар. Солай бола тұра олардың үлесiн азайту бағытында жұмыс жүргiзiлмейдi. Мүгедектердi оңалту iсiнде де кемшiлiктер шаш етектен. Облыста мүгедектерге арнап бюджеттен бөлiнетiн қаржы көлемi жылдан-жылға ұлғайып келедi. Солай бола тұра мүгедектерге сауықтыру орындарына берiлiп жатқан жолдамалар тым аз. Былтыр Ордабасы ауданында – 10, Қазығұрт пен Шардара аудандарында небәрi – 4 жолдама берiлсе, кентаулық мүгедек жандарға бiрде-бiр жолдама бұйырмапты.
Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ