КYН САЙЫН ҚЫРЫҚ ШАҚАЛАҚ ...АСТАНАЛЫҚ БОЛАДЫ

КYН САЙЫН ҚЫРЫҚ ШАҚАЛАҚ ...АСТАНАЛЫҚ БОЛАДЫ

КYН САЙЫН ҚЫРЫҚ ШАҚАЛАҚ ...АСТАНАЛЫҚ БОЛАДЫ
ашық дереккөзі
216

Астананың ел өмiрiндегi орны бөлек. Кеше ғана дүбiрлеп өткен Азиаданың өзi бұрын-соңды болмаған үрдiстi бастап, екi қалаға жарылғанда, ең әуелi Астананың абыройын асқақтатуды мансұқ етiп едi. Обалы не керек, Астана Азиаданың ашылу салтанатын айшықты ұйымдастыра бiлдi, сыннан сүрiнбей өттi.

Астана шынымен де Алаштың абыройына айналды.

Ендi Астана демографиялық өсуде, экономикалық дамуда, ұлттық нышанды қалыпқа енгiзуде басқа аймақтардың алдында болса ләзiм.

Демография демекшi, елордада күнiне қырық нәресте дүниеге келедi екен. Былтыр 17 000 астаналық шақалақ дүние есiгiн ашқан. Бiрақ осы балалардың бәрiн балабақшамен, мектеппен қамтамасыз етуде қиындықтар бар. Ай амес, апта емес, күн сайын өсiп жатқан қаланың әлеуметтiк мұқтаждықтары үшiн биылғы жылы елордада мектепке дейiнгi балаларға арналған 8775 баланы орналастыратын 27 мекеме ашылмақ. Орта бiлiм беретiн үш мектеп жыл соңына дейiн пайдалануға берiлiп, тағы бес мектептiң алғашқы кiрпiшi қаланады.

Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов кешегi аптада 1500-дей қала тұрғыны алдында есеп берiп, әлеуметтiк мәселелердi көп күттiрмей шешуге уәде бердi. Әкiмнiң айтуынша, "Қала тұрғындарымен осылайша ауызба-ауыз сөйлесуге теңесетiн ештеңе жоқ". Шындығында, әкiм өз баяндамасын оқып болған соң, оған түрлi мәселелердi қаузаған өткiр сұрақтар қойылды. Кездесу барысында 46 сұраққа жауап берген Иманғали Тасмағамбетов сол мезетте жазбаша жазылған тағы 150 адамның сұрағына жақын арада жауап беруге уәде еттi.

Қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң айтуынша, Астана елдiң аграрлық орталығынан индустриялық мегаполиске айнала бастады. "Астана – халқымыз үшiн тәуелсiздiк пен өсiп-өркендеудiң алтын тұғыры. Президенттiң перзентiндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегi ғана сiңген жоқ. Қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәндi, дәулетiн әлдi еткен бас сәулетшiсi де мемлекет басшысы болды. Сондықтан да Елбасы мен Елорда – егiз ұғым. Уақыттан оза шапқан бүгiнгi Астана – тұтас елiмiздiң ертеңге деген үкiлi үмiтi мен сенiмiнiң көрiнiсi. Арманы мен тiлегiнiң кепiлi. Сондықтан Бас қалаға деген талап та, талғам да қашанда жоғары. Бұл орайда, оның үдесiнен шығып, үлгiлi үлгерiм көрсету өңiрлерге өнеге болып отырған Астанамызға қойылар басты талап. Бұл – бiз арқалаған зор жауапкершiлiк. Олай болса, мiндет те, мүдде де баршамызға ортақ болмақ. Ең бастысы – межелеген мақсаттар айқын. Бiздiң қарымды қаламыз бен әз халқымыз үшiн де, ордалы Отанымыз үшiн де ерекше маңызға ие басты ұстаным да осы", – дедi әкiм.

Астанада көп шу болған үлескерлер мәселесiн әкiм қысқа қайырды. "Мемлекет есебiнен екi-үш бiрдей пәтердi өндiрiп алғысы келетiндердiң бұл ниетi жүзеге аспайды" дедi ол. Осы мәселеге орай аштық жариялаған кiсiлердiң iшiнде Астанада және басқа қалаларда бiрнеше үйi бар азаматтар бар екенiн айтқан әкiм олардың кейбiрiнiң аты-жөнiн де атап бердi. "Олардың бiр-бiр пәтерiн мемлекет есебiнен салып беремiз, ал қалған үйлерiн ақшаларын қымқырып кеткен алаяқтардан сұрасын", – дедi әкiм. "Сiздер заңды тұлғамен келiсiм-шарт жасастыңыздар, ол сiздердi алдап кеттi. Келiсiм-шарт жасау кезiнде мемлекет сiздерге ешқандай кепiлдiк берген емес", – дедi әкiм. Дегенмен үлескерлер мәселесiн жыл соңына дейiн шешуге уәде бердi.

Астана қаласында бүгiнде тұрғын үй тапшылығы 5 млн. шаршы метрден асады екен. 2010 жылдың дерегiне сәйкес, Астанада жыл сайын 1 млн. 382 мың шаршы метр үй салынады. Былтыр баспанаға мұқтаждарға мемлекеттiк қордан 1025 пәтер берiлген.

Жалпы мемлекеттiк қордан үй алуға кезекке тұрған баспанасыздар саны 19 085-ке жеткен. Олар төрт топтан тұрады: Отан соғысы ардагерлерi, мүгедектер, әлеуметтiк жағынан қамсыздандырылмаған азаматтар, бюджет қызметкерлерi, сондай-ақ меншiгiндегi жалғыз баспанасы апатты жағдайға ұшырағандар.

Соңғы кезде Астанадағы дүкендер мен базарларда орынсыз қымбатшылықтың қанат жаюының себебiн әкiм бөлшек сауда иелерiнiң арам ниетiнен көредi. Залда отырған базарлар мен супермаркет директорларына қаратып Иманғали Тасмағамбетов: "Бiз сiздердiң мекемелерiңiздегi бағаларды қатаң қадағалауға қоямыз", – дедi.

2010 жылы аймақтық жалпы өнiм 7 пайызға өсiп, 1 трлн. 470 млрд. теңгеге жеткен. Елорда аумағындағы өнеркәсiп өндiрiсi 9 пайызға артып, 111 млрд. теңгенi құраған. Ал өңдеу саласында өндiрiсте 18,4 пайыздық өсiм бар. Негiзгi капиталға салынған инвестиция көлемi 391 млрд. теңгеге жеткен, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 23 млрд. теңгеге артық.

"Өткен жыл елiмiз үшiн де, Елордамыз үшiн де толайым табыстарға толы болды. Бұл орайда, мақсатты межелер бағынды, алқымды асулар алынды деп нық сенiммен айта аламыз. Ынтымағы ырысына жарасқан, татулығы тiрлiгiне жалғасқан елiмiздi бүгiнде әлем жұртшылығы бейбiтшiлiк пен тұрақты дамудың мекенi деп бiледi. Бұған негiз жоқ емес. Мемлекетiмiз Еуропадағы Қауiпсiздiк және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық мiндетiн жемiстi аяқтады. ОБСЕ Саммитiн абыроймен өткiзiп, Астана декларациясын қабылдады. Бұл орайда, әсiресе Елордамызға артылған сенiм мен мiндет салмақты болды. Мұнда келген шетел қонақтарының барлығы да Астанамыздың арайлы ажарына сүйсiндi. Ынтымақты – ұран, татулықты – ту еткен Қазақстан халқының қонақжай көңiлi мен бейбiт пейiлiне зор бағасын бердi. Мұның барлығы да ең алдымен Ұлт көшбасшысы – ел Президентiнiң жүргiзiп келе жатқан сындарлы саясатының жарқын жемiсi, көреген көсемдiгiнiң көрiнiсi", – дедi Иманғали Тасмағамбетов.

Әкiммен кездесуге жиналған халықтың көпшiлiгi әкiмшiлiк жұмысы жайлы жылы лебiз айтып жатты. "Әкiмшiлiктiң жұмысына "бес" деген баға қоямыз" дегендер де болды.

Астана қаласының әкiмi өз есебiнде қызықты деректерге де көңiл аударды. Мысалы 1997 жылдан берi, яғни Астананың жаңа тарихы басталған кезден берi елордадағы мұғалiмдер "армиясы" 1116-ға, ал дәрiгерлер қатары 640-қа көбейген екен. Бұл – елорданың әлеуметтiк бейнесiнiң өзгерiске түсуiнiң бiр көрiнiсi.

Астананың Тәуелсiздiктiң 20-жылдығына арнаған өз сыйы бар. Жыл соңына дейiн елордада Оқушылар сарайы, Опера және балет театры, жаңа темiр жол вокзалы, Тарих мұражайы, Телерадиокешен, ағылшын үлгiсiндегi Хейли Берри мектебi, Орталық мешiт салынбақ.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары